Еркін НҰРАЗХАН: Шаржды пайдаланып, интрига жасауға әрекеттенгендер болды

Карикатурашы, ҚР Мәдениет қайраткері Еркін НҰРАЗХАННЫҢ қаламына арқау болмаған тұлға кемде-кем. Ол салған шарждар астарлы, мағыналы. Кейде езуге күлкі әкеледі, кейде терең ойға батырады.
NEGE тілшісі карикатура тарланын әңгімеге тартқан еді.
– Еркін Ибрагимұлы, карикатура екінің бірі батылы жетіп, бара бермейтін өнер ғой. Сізге бұл қасиет кімнен дарыды?
– Сурет салу – Құдайдың берген қабілеті. Бала кезден салдым. Үйірмеге қатыстым. Жыл сайын мектептегі көрмені құр жібермеймін. Мұны мектеп директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі Базархан ГАЛИЕВ те байқап жүреді екен. Ол үздіктерге Өскеменнен, Алматыдан сурет салуға қажетті құралдар – бояу қарындаш, гуаш әкеліп сыйлық жасайтын.
9 сыныпқа келгенде №1 суретші болдым. Бірақ өзім әдебиетші мамандығына дайындалып жүрдім. Мектеп бітірген соң екі жыл Байқоңырда әскерде болдым. Ол жақта да «Сквозняк» қабырға газетін шығару маған жүктелді.
Жанымдағы жігіттердің шаржын салам ғой. Біреуі турникке тартыла алмайды, біреуі ұйқтап қала береді. Соларды әжуалап салатын едім.
Негізі бұл өнер анамнан келген сияқты. Қолы бос отырмай, көрпе тігіп, құрақ жасайтын. Ою орналастыру, тепе-теңдік сақтау деген де білмейтін адамға қиын ғой.
Сонымен не керек, мектеп бітірген соң төрт жылдан кейін Алматыдағы Көркем-сурет училищесіне түстім. Үздік бітірген екі студенттің біріне Мәскеуге, маған Ленинградқа оқуға жолдама берді. Анам науқастанып, бара алмадым. Сол 1978 жылы Т.Жүргенов атындағы институт ашылып жатқан, соған түстім.
– Сіз әу бастан шарж салуға бейімделдіңіз бе?
– Сатиралық сурет сала бастадым. Театр режиссері, суретші Николай АКИМОВТЫҢ 2 томдық кітабы қолыма түсті. Іші тола режиссерлер мен актерлерге арналған шарж екен.
Үшінші курста оқып жүргенде Мұзафар ӘЛІМБАЕВ «Балдырғанға» шақырды. «Ой, аға, балаларға арнап қалай саламын?» деп едім, «Сенің жұмыстарың ұнап жүр. Үйреніп кетесің» деді. Ол кезде жалақы – 175 сом. Оған қосымша қаламақы береді. Ал жоғары оқу орны оқытушыларының жалақысы – 145. Одан бөлек «Қазақ әдебиеті» газетіне шарждарым шығады. Айына екі рет айлық, екі рет қаламақы аламын. Қалта тола ақша. Кейде ерініп басқа суретшілерге, оқытушыларыма тапсырыс беретінмін. «Балдырғанда» ақын Сұлтан ҚАЛИЕВ жауапты хатшы еді. Ол соның өзінде «Еркін, сен ақшаны жек көресің ғой деймін. Неге сурет салмайсың?» деп ренжитін. Күндізгі бөлімде оқып жүріп, жұмыс істеп, әйтеуір 8 жыл дегенде бітірдім.
– «Қазақ әдебиеті» газетіне салатын шарждарға алдын ала редактор Шерхан МҰРТАЗАНЫҢ өзі тапсырма беретін бе еді? Ең алғаш кімнің шаржын салдыңыз?
– Жаспыз, шабыт, энергия тасып тұрған кез. Оның үстіне «Шерағаның сенімін ақтау керек» деген ой тұратын. Және сол шақта «Қазақ әдебиетін» шарж үшін сатып алатындар көп еді. Бұл да оқырман тартудың әдісі.
1982 жылы Ғабиден МҰСТАФИН, Оралхан БӨКЕЙ, Асқар СҮЛЕЙМЕНОВТІ салдым. Әу баста «Ұнамай қала ма екен?» деген ой болды. Бірақ жазушы Шерхан МҰРТАЗА «Сенің жұмысың шарж салу, қалғанына өзім жауап берем» дейтін. Содан кейін де көп уайымдамайтын едім.
Ал шын мәнінде, алғаш салған шарждарымда қатты кетіп қалыппын. Мен Ғабиден МҰСТАФИНДІ өмірде тек жиналыстарда сырттай, сосын телеарнадан ғана көріп, ойша салдым. Басын кішірейтіп, бетін үлкейтіп жіберіппін. Негізі ол кісінің маңдайы жазық, басы үлкен екен. «Қап, ақсақалға қиянат жасаған екенмін» деген ой талайға дейін мазалады. Мұзафар ӘЛІМБАЕВ, Қасым ҚАЙСЕНОВ, Ғабит МҮСІРЕПОВ, Оралхан БӨКЕЙ, Ақселеу СЕЙДІМБЕКОВ, Мұхтар ШАХАНОВТЫ бірнеше рет салдым. Сырбай МӘУЛЕНОВТІ де солай. Мені көрсе құшақтап «Менің суретімді салу үшін туғансың» дейтін еді.
Белгілі драматург Қалтай МҰХАМЕДЖАНОВПЕН де осы өнер жақындастырды. «Заман Қазақстан» газеті тарап, «Түркістан» газеті ашылайын деп жатыр екен. Логотипіне байқау жариялапты. Атына сай етіп, тайқазанға келтіріп, араб әріптерімен жаздым. Қалтай ағаға ұнап, сол лотогипті қабылдады. Аты-жөнімді сұрап, таныса келе:
«Әлгі шарж салатын сен екенсің ғой. Ойпырм-ой, бір күні «Қазақ әдебиетін» ашып қалсам, үлкен мұрын тұр екен. Бұл кімнің мұрны екен?» деп қарасам, өзімдікі екен», – деп күлгені бар.
Сөйтіп, мені жұмысқа қабылдады. Мақала да жаздым. «Еркіннің жазғаны – біз үшін олжа. Сен енді қосмекенді адамсың. Сенің карикатураң бір беттік мақаланың жүгін көтеріп тұрады» деді. Сәтті сурет жарияланған күні кабинетке арнайы келіп, «Кімді меңзегеніңді ұқтым» деп қолымды қысып, риза болғанын білдіретін. Кейін 50 жасымда ақын Мұзафар ӘЛІМБАЕВ «Қазақ әдебиетіне» «Карикатураның королі» деген мақала жазды.
– Сізге «менің шаржымды салшы» дейтіндер де көп болған дейді ғой.
– Зайсаннан шыққан Әубәкір НІЛІБАЕВ деген ақын болды. Сол кісі кездескен сайын «Менің шаржымды қашан саласың?» дейтін. Үндістанның Джавахарлал Неру атындағы сыйлығына ие болды. Ол кезде бұл халықаралық сыйлықты жазушы Әнуар ӘЛІМЖАНОВ қана алған.
Шаржда Әубәкір Нілібаевқа үндінің киімін кигізіп, бұтын шидей қылып, көзін бақырайтып қойыппын. Түрі тура шегірткенің айғырындай болып шықты. Телефон соғып, «Аға, «Қазақ әдебиетіне» шаржыңыз шықты» деп едім, «Қай санына шықты? Қазір киоскіге барамын» деп қуанып қалды. Бір күн өтті, екінші, үшінші күн өтті. Әубәкір ағам үнсіз. Сосын өзім қайта хабарлассам, дауысы пәс. Ұнамай қалғанын бірден білдім.
Жазушы Өтебай ҚАНАХИН «Мәдениет және тұрмыста» жұмыс істеп жүрген кез. Бәріміз бір ғимараттамыз. Соғысқа қатысқан кісі, үнемі кеудесін тік ұстап жүретін. Ол кісі де «Менің суретімді қашан саласың?» деп қолқалайтын. Өңкей атақтылар шығып жатыр. Бұл бір жағынан жарнама болды ғой. Уәде еткендей шаржын салдым. Не жақсы, не жаман деген жоқ.
Көрдің бе, адам біреуге күледі, бірақ өзінің қандай боп шығатынын білмейді. Сөйтеді де, қабылдай алмайды. Бірақ шыққысы кеп тұрады.
– Сізге жатып кеп ренжіген ақын-жазушылар болды ма?
– Сол кезде редакцияға телефон шалып, пікірін айтатындар көп еді. Бірақ ұқсатпай қойсам да, жазушы Ғабиден МҰСТАФИН олай етпеді. Мәдениетті кісілер ғой. Естуімше, араласатын құрдастары бір-біріне айтып, күліп қана қойыпты. Кейін ақын, жазушы Әбу СӘРСЕНБАЕВҚА арнап салғанда шашын бұйрабас қылғам. Ол кісі де «Еркін мені меринос қой жасапты» деп күліпті.
Батыр Бауыржан МОМЫШҰЛЫ «Бір алқаштың суретін салыпты ғой» деп мырс етіпті. Сондай классик тұлғаларды салған соң, кейінгі буынға қатты тиісіп жатсам да, аса ренжи қоймайтын.
Жазушы Кәдірбек СЕГІЗБАЕВ «Әй, бауырым, сен ағаңды не істеп қойғансың? Мұржадан шыққан мысықтай қылыпсың ғой» деген. «Ой, аға, неге олай дейсіз? Жұрт мақтап жатыр ғой» деп жуып-шайып едім, «Қайдам, бұл достық әзіл емес, қастық әзіл ғой» дегені бар. Қалжыңдады ма, расында ұнамай қалды ма, айыра алмадым.
Сол кезде Оралхан БӨКЕЙ, Сағат ӘШІМБАЕВ, Кәдірбек СЕГІЗБАЕВ үшеуін салғам. Өзі де қоңыр өңді кісі ғой, бәлкім бояуын қалыңдатып жібердім бе, білмеймін. Содан этнограф-жазушы Ақселеу СЕЙДІМБЕК екеуі дос еді. «Ой, Еркін, сен анау Кәдірбекті қатырыпсың-ей» деп арқамнан қаққан. «Керісінше, ол кісіге ұнамай қалыпты» деп едім, «Ол саған не үшін ренжиді, алдымен сондай болғаны үшін өзіне ренжісін» деп қарқылдап күлгені есімде.
– Демек, танымалдардың шаржын салып, етене жақын араласып та кеттіңіз бе? Әсіресе, Асқар Сүлейменов сізді іш тартып, іні тұтқан екен...
– Жазушылар одағына барсам, алдымнан жазушы, әдебиет сыншысы Асқар СҮЛЕЙМЕНОВ шыға келді. Амандастым. Үстінде ақ плащы бар. Аяғын қайшылап басып, тоқтай қалып «Сен кімсің?» дегендей бетіме бажырая қарады. Мені танымайды ғой. «Асқар аға, өткенде сізге шарж салған едім» дедім қипақтап. «Сол сен бе едің?!» деп қолымды қайта алып, «Мені мыстан кемпірге ұқсатып қойыпсың. Амал қанша, ұқсап тұрсақ» деп күлді. «Сен мені қайтесің? Мені халық танымайды ғой. Одан да Мұхтар ШАХАНОВ сияқты «знаменитыйларды» салсаңшы» деді әзіл-шыны аралас.
Асекеңмен таныстығым осылай басталды. Кейін ол кісінің суретін 6-7 мәрте салыппын. Өзі ерекше адам ғой. Тек жақсы симпатиямен ғана салдым. Кейде жақсы көретін адамды сала бергің келеді. Әр салғанда әртүрлі шығады. Алдыңғы жұмыста ойыңнан шықпай, жетпей қалған жерін толықтыра түсесің.
Шығармашылық үйіне жазушы досым Дидахмет ӘШІМХАНҰЛЫН іздеп барғам. Сөмкеме «анау-мынаудың» түр-түрін салып алдым. Досым жоқ екен, басым салбырап төмен түсіп келе жатсам, фойеде Асқар СҮЛЕЙМЕНОВ аяқты айқастырып қойып, біреумен телефонмен сөйлесіп отыр екен. Жақын келіп, амандастым. «Еркінжан, созақтықтардың мұрнын созайын деп келдің бе?» деп бір күліп алды.
Анадай жерде жазушы Тәкен ӘЛІМҚҰЛОВ шахмат ойнап отыр. Сосын «Асеке, менде бірдеңе бар еді. Не істейміз?» деп сыбырлап едім, «жүр» деп екінші қабаттағы бөлмесіне көтерілдік.
Күйтабақты қосып, әзірбайжан ба, түркіменнің бе әнін ойнатты. Содан күй туралы төгілсін кеп. Бүкіл түркітілдес елдердің күйінің тарихын айтып берді. Білімділігіне, тереңдігіне таң қалдым. Бір кезде кабинетке жазушы, аудармашы Сайымжан ЕРКЕБАЕВ кіріп келді. Ол кісі үнемі қызарып жүретін. Екеуі құрдас екен. Асекең маған сұраулы жүзбен «Сен есектің тайқарын көріп пе едің?» деді. «Білмеймін аға, біздің жақта есек жоқ қой» дедім сасқанымнан. «Онда көріп ал, сол алдыңда тұр» дегені Сайымжан ағаны меңзеп. Ал күлкі қыссын мені. Ол кісі үндемесе де, одан әрі қып-қызыл болып кетті. Әңгіменің ауанын басқа жаққа бұрғым кеп «Сізге қайсысын құяйын» деп едім, тағы да Асекең «Оған ақты қайтесің қор қылып, қызылынан құй» деді.
Асекеңнің тілі ащы екен, шағып сөйлейтін. Түсінген адам кешіреді, түсінбегені ренжіп қалуы мүмкін. Асекең өмірден өтетін жылы «Мәдениет және тұрмыс» журналында жұмыс істеді. Түскі ас уақыты. Дәлізде көріп қалдым. «Жүр, шай ішейік» деді. Кабинетіне кірдік. Ол кісінің ыдыстары да әдемі екен. Бәрі бір-бірімен үйлесіп тұр. Бір кезде әр елдің дизайнына қатысты мағлұматтар айта жөнелді. Іштей «мына кісінің білмейтіні жоқ екен» деп қоямын. Екеуміз енді «ішіп» үйреніп қалдық қой. «Аға, бірдеңе әкелейін бе?» деп едім, қалтасынан 100 сомын шығарып берді. «Жоқ, керек емес» деп бәйек болдым. «Әй, алсаңшы» деп қоймады.
Дереу қарама-қарсы беттегі Көк базарға барып келдім. Ортамызға ақын Абзал БӨКЕН бастаған үш жігіт қосыла кетті. «Менің Қазақстанда жалғыз сыншым бар, ол – Еркін» деді Асекең. Сонда өзінен басқа сыншыны мойындамайтынын да сол сөзі арқылы білдіргендей болды.
– Сізге әдеби ортада жүргеніңіздің өзі көп пайдасын тигізіпті ғой...
– Шынында, бала кезден әдебиетті оқығаным, кейіпкерлерін танығаным, осы шығармашылық ортада жүргенім әсер етті. Араласатын достарымның бәрі – жазушылар, журналистер. Шарж салып отырғанда сол тұлға туралы ақпаратың, танымың болса, суреттен көрініп тұрады. Обьектіні білу керек. Сондықтан да кейбір суретші сыртқы түрін ғана салып қоюы мүмкін.
– «Мына кісінің шаржын сала алмай қалдым-ау» деген әттеген-айыңыз бар ма?
– Мүмкіндігінше салдым. Бірақ салып, жоғалып кеткен суреттеріме ішім ашиды. «Ара» журналының тапсырмасымен Әбіш КЕКІЛБАЕВТЫҢ шаржын керемет қылып салдым. Басына батырдың дулығасын кигізгем. Өзіме қатты ұнаған. Сол суретті уақытында ала алмап едім, жоғалып кетті.
Содан кейін Бердібек СОҚПАҚБАЕВТЫҢ шығармасына арналған шарж салдым. «Балдырғанға» шықты. Ол кісі кеп танысып, алғысын айтып, «Ара» журналына шаржымды сұрап жатыр, соны сен салсаң» деді. «Жарайды» деп кезекті демалысыма ауылға кетсем, тамыз айында Бердібек аға қайтыс болды деген хабар естідім. Ал «Балдырғанға» салғаным көрмеде тұр.
Шарждың жағымды және жағымсыз түрі бар. Жағымдыны жақсы көріп саласың. Ал әсіресе саяси тұлғаларды сынап саласың.
Ақын Жарасқан ӘБДІРАШ екеуміз «Әзілің жарассаны» шығардық. Ол эпиграмманы бұрқыратып жазды. Сол үшін 17 жыл жұмыс істеген «Жұлдыз» журналынан кетті. Жазушылар одағының бірінші хатшысы Қалдарбек НАЙМАНБАЕВ туралы эпиграмманы оңдырмай жазған. Содан «Жұлдызды» тоқтатып, арест қылды. Сол кезде ел журналды іздеп жүріп оқыды. Кейін кітапқа шықты.
Жарасқан өңірлерде тұратын ақын, жазушыларды біледі, мен көбін танымаймын. Бірнеше фотосын тауып бер десем, құжатқа түскен суретін әкеп тұр. Амал жоқ, қиналып салдым. Кейін қарасам, кейбірі ұқсамай қалған. Сол жұмыстарыма көңілім толмады. Осындай әттеген-айлар болды.
– Саяси тұлғалар демекші, үкімет басшыларын да, министрлерді де салдыңыз ғой. Сізге басқа да редакциялардан тапсырыс жиі түсетін бе еді?
– Бірде «Централ Азиа монитор» газетінің тапсырысы бойынша кезінде «Нұр Отанда» төраға орынбасары, министр, ректор болған Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВТЫ салдым. «Жығылғанға жұдырық» демекші, редакция шаржға қосымша өткір сөз жазып қойыпты. Сөйтсем, Бигелді ҒАБДУЛИН оны жақтырмайды екен. Жұмағұлов хабарласып, «Мынаны қалай түсінеміз?» десе, «Қалай түсінгің келеді, солай түсін» депті. Бірақ маған хабарласпады.
Мұндай жерде пендешілікке жол бермеу керек. Жау тауып алу өте оңай. Одан кейін «Егемен Қазақстан» газеті «Бізге шарж берсеңізші» деген соң, өтінішті жерге қалдырмадым. Мықты графика суретші Исатай ИСАБАЕВТЫҢ суретін салсам, оның да астына «удай» сөз жазып қойыпты. Мені көргенде қатты ренжіді. Ол кісінің суретке емес, астындағы сөзге ренжігенін білдім.
Шаржды пайдаланып, қару етіп, интрига жасауға әрекеттенгендер болды. Қазір саясаттағыларды салмайтын болдым. Көбі жаңа. Министрлердің аты-жөнін жаттап үлгергенше ауысып кетеді. Ара-тұра әртістерді, әзілкештерді салып жүрмін.
– Карикатура өнерінде шәкірттеріңіз бар ма?
– Танымал карикатурашы Ғалым СМАҒҰЛҰЛЫ алғашқы салғандарын көрсетіп, кеңес сұрайтын. Бүгінде халықаралық деңгейге шығып, байқауларда жеңіске жетіп жүр. Егер ол мені ұстазым десе, ол да шәкірт. Нұржан ТАЗАБЕКОВ, Мейрамбек ҚИТАНОВ, Қайрат ЖАЙЫРБЕКОВ те ұстаз тұтады.
Карикатурада аз штрихпен көп нәрсе айтылуы тиіс. Адам бір қарағанда тез қабылдау керек. Астарлы образ болуы қажет. Егер қайтадан мамандық таңдау керек болса, тағы да суретші болар едім. Бірақ шарж, карикатура ғана емес, неге Әбілхан ҚАСТЕЕВ сияқты картиналар салуға машықтанбадым екен деген ой келеді.
– Сұхбатыңызға рақмет!