19 Маусым 19:16
...

«Иманың тасып бара жатса, кимешек ки!» – Өнер өкілдері депутаттар көтерген мәселеге қалай қарайды?

ІІМ
Фото: Коллаж NEGE

Сенатта бет-жүзді жауып тұратын киімдерге тыйым салу туралы заңнамаға түзетулер енгізу мәселесі талқыланып жатыр. ІІМ-де бұл бастаманы қолдайтын кейіп танытты. Мәселен, ведомство басшысы Ержан Сәденов «Бұл – депутаттардың бастамасы. Біз қолдаймыз. Өйткені бұл бірінші кезекте қауіпсіздікке бағытталған. Егер жасыратын түгі болмаса, бетті жауып не керек?» – деген еді.

Дегенмен, қоғамда бұл бастамаға қатысты түрлі пікір бар. Бірі билікті қолдаса, енді бірі адам құқығының тапталатынын айтуда. Тілшіміз осы қоғамдық әрі мәдени маңызы бар мәселе төңірегінде ел алдында жүрген азаматтарға хабарласып, ойларын ортаға салып көрдік.

Гүлшат ТҰТОВА, актриса: 

Тұмшаланып жүру арабтарға жарасады

Т
Г.Тұтованың инстаграм парақшасынан

– 2007 жылы Дубайға барғанда беті басын тұмшалап жүру арабтардың өздеріне өте жарасымды екенін ұғындым. Ал елге келгенде, солай киініп жүргендердің сұлбасы өте оғаш әрі жараспайтын көрінді. Иманың тасып бара жатса, кимешек киіп те жүруге болады ғой. Басқа ұлттың дәстүрін қайталаудың қажеті қанша?!

Мысалы, кезінде шошқаның етін жедік, егемендік алған соң одан ештеңе ұтпасымызды ұғындық. Хиджапта сол сияқты мәселе. Дәстүріңді сақтамасаң, ұлтыңды сақтап қалу қиын. Мен бет-ажарымды бүркеп алып, «қазақпын» десем, кім қабылдайды. Ал иман әркімнің өз жүрегінде деп ойлаймын. Қазір әлемде соғыс көбейіп барады, солардың артында тұмшаланғандар тұрған жоқ па деген де қорқыныш бар. Сондықтан билік мінберіндегі азаматтардың көтеріп жатқан бұл мәселесін қолдаймын. Бет-жүзіміз ашық, бір-бірімізге тіке қарайықшы!

Назерке ЖАРТЫН, продюсер:

Ниқаб деген дүниені құптамаймын

Ж
Н.Жартынның инстаграм парақшасынан

– Асыл дінімізде әуретті жерлерді жауып жүру керек екені анық айтылады ғой. Яғни, тысқа шыққанда сол жерлеріңді қымтап жүруге тиіссің. Өз басым орамалда жүрсем де ниқаб деген дүниені құптамаймын.

Біріншіден, біз – конституцияға бағынатын зайырлы мемлекетпіз. Ал қолдарына қолғап киіп, беттерін жауып тастағандарды көрсем өзім де қорқамын, себебі, ішінде жасырынған әйел ме, еркек пе, білмейсің. Өз басым діннен де, қоғамнан да алыстамайтын дәрежеде киінуге тырысамын.

Айдар ТҰРҒАМБЕК, әнші: 

Бетті бүркеу – үлкен мәселе

Т
instagram.com/aidar_turgambek

– Дін жолында жүрсем де бұл мәселе дұрыс, не бұрыс деп ешқандай пәтуа айта алмаймын. Себебі, менің құзырымдағы дүние емес. Оның жөнін Діни басқармадан сұраған дұрыс болар. Өйткені бетті бүркеу – үлкен мәселе.

Құрмаш МАХАН, әнші: 

Менің әйелім, әпке-қарындастарым, бәрі – хиджапта

М
astanatv.kz

– Дұрыс не бұрыс деп біреудің хақысына кіре алмаймын. Дегенмен, бір білетінім, АҚШ болсын, басқа болсын, дамыған елдер мұндай нәрсеге қалыпты жағдай ретінде қарайды. Киімде тұрған ештеңе жоқ қой. Мысалы, біреулер жалаңаш жүреді. Бірақ қарап отырсақ, оларға ешкім тиісіп жатқан жоқ. Сол сияқты жабыну да әркімнің құқығы деп ойлаймын. Ешкімнің таңдауына қарсы шыққым келмеді.

Мыслы, менің әйелім, әпке-қарындастарым, бәрі – хиджапта. Күйеуі үшін иманын қорғап жүр. Бірақ ниқаб деген дүние сырттан келген үрдіс. Өз басым араб мемлекеттеріндегі әйелдердің неге солай бет ауызын тұмшалайтынын жіті түсінбейді екем. Ал егер тарихи және географиялық тұрғысынан алар болсақ, бізге жат нәрсе екені анық.

Бізде хиджаб баяғыдан бар ғой, мысалы кезінде әжелеріміз, жеңгелеріміз кимешек киген. Беті ғана ашық тұрған. Қыз-келіншектеріміз шашы, мойыны, кеудесі ,білегі, балтырын көрсетпеген. Мен солай ойлаймын.