Депутаттар портреті. Дәулет Мұқаев. «Тазша бала»

Әкімдер мен министрлердің портретін «сызған» соң, депутаттардың да бет-бейнесін қағазға түсіріп, жүздеріне «қалам тигізіп» қоймасақ, болмайтын сияқты. Өйткені «Мені неғып жазбадыңдар?» деп дау көтермесе де, «кескіндеме өнерінің» кейіпкері болуға өздері сұранып тұратын депутаттар аз емес. Біз солардың арасынан ертегі кейіпкеріне ұқсастау, сәл еркелеу, есесіне ерекше епті Дәулет Мұқаевты таңдап алып, NEGE-нің «саяси-сәулет өнері» шеберханасына «сүйреп» кіргіздік.
Тазша мен телпек
Әфсананың айтпағын ұқпайтындар мен асфальтта өскендер Тазшаның түбірі – таз екен деп ойлайды. Ал шындығында, мүлде олай емес. Тазша бала – қазақтың күлдіргі тұрмыс-салт ертегілеріндегі басты кейіпкер. Тазша бала туралы аңыз-ертегілерді жұрт ішек-сілесі қатып отырып оқиды. Өйткені Тазша – тапқыр, өйткені Тазша – бәле. Басына түскен қиын-қыстау кезеңдердің бәрінен ақыл-парасаты арқылы аман өтеді. Оны айтасыз, өзі шұлығы тесілген кедей болса да, көпке болысады, жұртқа жәрдем береді. Жуандар мен байларды алдап-арбап, күлкіге қалдырады, халықтың кеткен есесін әпереді. Оны өзге баладан бөлектеп тұратын бір ғана киімі бар. Ол – басындағы телпегі. Егер сол телпегін сыпырып алсаңыз, Тазша Тазша емес, көп жүгірмектің бірі болып қалар еді. Сондықтан шығар, ертегі біткеннің бәрінде Тазша бала ылғи күн жеп, өңі кеткен жаман телпегін тастамайды. Басқаша айтсақ, халық оны сол киімі арқылы танып, «Еее, өзіміздің Тазшекең келе жатыр екен ғой» деп мәз болады.
Енді осының бәрін біздің кейіпкеріміздің білген-білмегені белгісіз. Анығы, Мәжілістің есігін айқара ашып, салтанатты Ант беру рәсіміне кіргенде Дәулет Мұқаев басына оюлы тақия киіп барды. Тақия мен телпек – бір киім. Заман жылдар өтсе де, формасы мен жасалу үлгісі өзгермеген.

Жоғарыда айтқанымыздай, әфсананың айтпағын ұқпайтындар мен асфальтта өскендер Мұқаевтың мұнысын хайпқа теңеді. Ал ертегі жастанып өскен қарапайым жұрт Тазша бала тіріліп келгендей қуанды. «Елдің есесін әперетін әфсана кейіпкері біздің де маңдайымызға жазылған екен» деп жақсылыққа жорыды. Өйткені өзге мәжілісмендермен салыстырғанда, бала десең – бала. Тазша десең, телпегі әнеки! Бірақ неге екенін қайдам, Дәулет Мұқаев байырғының Тазшасына бірде ұқсаса, бірде ұқсамай қалып жатыр. Бұл – заманның азғаны ма, әлде Тазшадан қалған дәстүрдің тозғаны ма? Мұны енді сөздің ретіне қарай алдағы бөлімдерде қозғайтын боламыз.
«Өзіміздің бала»
Тазша баланың қай жерде туғаны мен қай рудан тарағаны туралы тарихи дерек жоқ. Ал біздің Дәулет Мұқаев – Семейден. Біздің дейтініміз, Мәжілістегі ең жас депутат Мәжіліске «Хабардан» барды. Ал «Хабарға» барғаны – 2010 жылы. 1992 жылдың 4 мамырында өмірге келіп, жуырда ғана 33 жасын қарсы алған кейіпкеріміз ол кезде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 2-курс студенті болатын. Оқып жатқаны – «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы болса да, журналистикаға тастай батып, судай сіңді. «ХХІ ғасыр көшбасшысы» зияткерлік сайысына сарапшы болып барған ол осы бағдарламаның редакторы болып қалды. «EL ARNA» мен «Хабардың» арасында шауып жүріп, «Оян, қазақ!» бағдарламасының редакторы, «Бағыт» айдарының авторы әрі жүргізушісі болды. Арасында «Balapan» телеарнасына да соғып, «Dara bala» жобасына атсалысты.
2015-2017 жылдары әл-Фараби атындағы қазақ Ұлттық университетінің «Менеджмент және маркетинг» кафедрасында оқытушылық жасағанын қоспасақ, Дәулет Мұқаевтың негізі қызметі «Хабардың» маңынан ұзаған жоқ. Мәжілістің мандатына ие болатын 2023 жылы «Хабар» арнасындағы «Баспанаға бағыт», «Бизнеске бағыт», «Әрекет» бағдарламаларының авторы және жүргізушісі еді. Яғни, Дәулет Мұқаевтың әрекетіне құдай берекет берді десек, болатын шығар.

Парламенттің қос палатасында журналистерден бір қауым ел бар екенін білесіз. Оларды қандай да бір критерийлер бойынша жіктеу қиын. Бірақ билікшіл арнадан Сенатқа барған Бибігүл Жексенбай, оппозиция мен билікшіл басылымдар арасында жүріп сенатор болған Нұртөре Жүсіп және «биліктің жауы» атанған «Дат» жобасынан Мәжіліске бір-ақ секірген Ермұрат Бапиды үш төбе деп есептесек, қалғандарын осы ыңғайға қарай, іріктеп жіберуге болатын секілді.
Алайда кімді кімге қосып, кімді кімге «жапсырсаңыз» да, Дәулет Мұқаевтың журналист атаулының бәрін «аузына ұрып» жіберетін бір ерекшелігі бар. Өйткені бұл кісі – сөздің мәнін ұғатын журналист қана емес, тиын санауды білетін экономист. Ал экономист дегеніңіз, парламентке өте керек маман. Депутат кезінде уақыт тауып оқып алған «экономика» мамандығы бойынша PhD докторы деген мәртебесінен бұрын кейіпкеріміз экономика ғылымының магистрі деген ғылыми дәрежеге ие еді. Магистр не мандытады дегендер қателелесті. Дәулет Мұқаев тиын санап, теңге құрауға шебер болып шықты. Міне, осы жерде кейіпкеріміздің тағы бір қыры ашылады.
Дәулет қалай Dauletten-ді?
Білетіндер, Дәулет Мұқаевты блогерлер буынынан «өніп шыққан жауқазын», әлеуметтік желі арқылы ауадан ақша жасайтын пысықтардың бірі деседі. Бірақ бұл мәселенің анық-қанығына сәлден кейін тоқталамыз. Депутаттың алғашқы табысы қай кезде түсе бастағанын өзінен артық ешкім білмейді. Сондықтан өзінің дегеніне де орын бермесек, сырттан қараған адамға бұра тартқандай көрінуміз мүмкін. Сонымен Дәулет не дейді? «...4-сыныпта оқып жүргенде 2-3-сынып балаларына сабақ беретінмін. Сол кезде бір үйден 200 теңге алатынмын».
Көрдіңіз, бұл жерде өрескел ештеңе жоқ. Еті тірі баланың білім сатқаны – айып емес. Бірақ кейіпкеріміз мұнымен тоқтап қалмаған. Оқушы кезінде шемішке мен шыбын улайтын дәрі сатқан. 11-сыныпты бітірген соң, ұялы телефон мен батарея қуаттағыш сатып, азын-аулақ табыс тапқан. Бұл енді қазір екінің бірі істеп жүрген тірлік. Алайда батарея қуаттағыш сатып, бизнесте «қуат алып» алып кеткен адам тапшы. Сол себептен, Мұқаевтың блогер ретіндегі бет-бейнесіне де бір үңіліп қоюға тура келеді.
Ашық дереккөздерге қарағанда, «Dauletten» қайырымдылық қоры 2020 жылы құрылған. Мұқтаж жандарға көмек беру мен білімді жастарға қолдау көрсетуді көздеген Қордың ең бір маңызды бағыты – баспана тұғын. Баспана десең, пәтер жағалаған қазақ есінен адасып қала жаздайды. Қорлардың есеп-қисабы тексеріле бастаған соңғы уақытта жарлы-жақыбайды баспанамен жарылқаған «Asarume», «Елге көмек» секілді қайырымдылық қорларының «мүлтігі шығып» қалғаны белгілі. Бірер жыл бұрын «Балғынбектен баспана» жобасының да тұмсығы тасқа тиген. Өйткені мұндай қорлар мұқтаж жандарға баспананы халықтың есебінен, яғни жұртшылықтың жиып берген ақшасына сатып әпереді. Бірақ оның есеп-қисабын өздері ғана біледі. Қазақстан бойынша әр аймақтағы мұқтаж жандарға 79 баспана сыйлаған Dauletten қорының да қарекеті осыған ұқсас.

Дегенмен Dauletten порталындағы есепке сенсек, бұл қор 2024 жылға дейін 1 миллиард 81 миллион 894 мың теңгеге қайырымдылық жасаған көрінеді. Kompra сенімділік қызметінің дерегіне қарағанда, Қор осы аралықта 15 миллион теңгеге жуық салық төлеген.
Дегенмен бұл Дәулет Мұқаев қор құрғанша қарап жүрді дегенді білдірмейді. Естеріңізде болса, епті блогердің өз оқырмандары арасында 10 мың теңгеден жиып, пәтер ойнатқан кездері болған. Мұндай тірліктің қызығын, әртүрлі қымбат бұйымдар мен автокөлік, шетелге жолдама секілді жүлделерге ұтыс тігіп, лоторея ойнатқан «өнер жұлдыздары» жақсы білсе керек. Ал Дәулет Мұқаев Мәжіліске барғанда, «Центр журналистских расследований» порталы кейіпкеріміздің бизнес-сабақтарының құнын көрсетіп, мынадай деректер келтірген:
«Баспанаға бағыт» (10 мың теңге); «Декретке миллионмен» (10 мың теңге); «Отбасылық қаржылық сауат» (9 мың теңге); Профориентациялық курс IT Sauat (шамамен 5 мың теңге); «Грантты кәсіпкер» (50 мың теңге); «Басынан баста акционер бол» (60 мың теңге); «SMM-ді басынан баста»(12 мың теңге); «Жилстройға жина / жинама» (5 мың теңге); «Ерлерге арналған қаржылық сауат» (7 мың теңге).
«Декреттің секреті» және сөредегі ішкиім
Дәулет Мұқаевтың бизнес-сабақтарының кейбір қызықты тұстарына бойламас бұрын депутаттың үйіне экскурция жасап жіберген дұрыс. Алайда ол үшін Астанаға шабылу шарт емес. Жуырда ғана өзі әлеуметтік желідегі парақшасына әдемі бір видео салып, елді елеңдетіп қойды. Әлгі бейнежазбада телефонының камерасын қосқан депутат жатын бөлмесіне барып, былай дейді: «Ақтарсақ ақтарайық деп па. Мынау үш полка дейміз, суырма дейміз. Біріншісінде, менде мәйкілер жатады. Екіншісін толық ашпай-ақ қояйын, ішкиімдер, үшіншісінде – нәскилер».
Екінші суырманы ғана жартылай ашып, қатталып жиналған лыпасының шетін ғана көрсетті демесеңіз, мәйкісі мен шұлықтарын көз алдыңызға ап-айқын тартады. Ал енді мұның көпшілікке не қажеті бар? Депутаттан біреу «іш киіміңді көрсетші» деп сұрады ма? Әлгі бейнежазбаның аяғында бұ кісі бүй дейді: «…Бәрі таза, мұның бәрін тазалап, жуып қоятын Пончик қой».
Пончиктің мысық, не күшік емес, әйелі екені анық. Демек депутаттың әйелі өзінен де пысық екен деп ой түюімізге болатын сияқты. Алайда мәжілісменнің осы бейнежазбаны не үшін көпке көрсеткені бәрібір жұмбақ болып қалды. Сондықтан жұртшылық тағы да депутатты сынауға көшті. «Нәскиі мен түрсиінен басқа мақтанатын нәрсесі болмаса, енді қайтеді?», «Ұят-ай, мұны депутат деп кім айтады?» десті. Осы кезде бір оқырман мынадай қызық болжам жасап, диагноз қойды: «Мұны ауыраяқ әйелдердің іш киімінде сақталған ақшаның киесі ұрған!».
Бұл не деген сөз? «Дәл осы», «себебі мынау» деп көрсетуден аулақпыз. Бірақ шамамыз жеткенше, біз де жорамал жасап көруімізге болатын секілді. Биыл наурыз айында жүктілік пен босану төлемдерін шамадан тыс рәсімдеген 113 әйелдің ісіне байланысты 16 қылмыстық іс қозғалды. Мұны басқа емес, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова айтты. Оның сөзіне қарағанда, жүктілік пен босану төлемдерінің сомасын ұлғайтудың әдісін үйрететін консультациялық қызметтер көбейген...

Енді түсіндіңіз бе? Дәулет Мұқаевтың да «Декретке миллионмен» дейтін бизнес сабағы болғанын жоғарыда айттық. Қай сабағынан қанша адамның дәріс алғаны белгісіз, кейбір деректер бойынша, Дәулет Мұқаевтың ақылы курстарынан 100 мыңнан 300 мыңға дейінгі адам бағыт-бағдар алған. Сонда «Миллионмен декреткенің» соңы «Декреттен – түрмеге» болуы мүмкін бе? Осы сауалдың аяғы «Мұқаевты жауапқа тарту керек» деген талапқа ұласты. Ал депутат не деді? «2 сағаттық видео сабағымда бір емес, 7 рет «өтірік ИП ашпаңыздар» деп ескерткенмін. Сабағыма қатысқандар не айтқанымның бәрін түсініп отыр. Заңды жұмыс істейсіз бе, заңды табысыңыз бар ма – декретке миллионмен шыға бересіз», – деді.
Енді жоғарыдағы «диагноз» мәселесіне келейік. «Декретке миллионмен шыға бересіз» деген сөз талай әйелдің жанына жылу беріп, көңіліне желік бітіргені даусыз. Бірақ осы сөзді есту үшін олар күйеуінен жасырып, ышқырына тығып жүрген 5-10 теңгесін ақылы сабаққа құйғаны анық. Ақырында не болды? Біреулері миллион алды да, енді біреулері алған миллиондарын кері құсып, жалаңбұт қалды. Депутат іш киімін елге көрсетіп, бейжазба жариялағанда, қу тілді оқырманның ойына осы мәселе оралған сияқты. Ал енді бұл жерден Тазша баланың «тірлігіне» ұқсас бірдеңе байқала ма, байқалмай ма? Оны екшеуді оқырманның өз еншісіне қалдырамыз.
Мұқаев енді бала сүндеттесе...
Дәулет Мұқаевтың бір жақсы қасиеті – өзге әріптестері секілді, дүниені тындырған адам құсап, мұрнынан сүрлігіп жүрмейді. Қай кезде де өзін сергек ұстайды. Басқа депутаттар жұмыстан кейін төсекке құлағанда, кейіпкеріміз қайшысын «қайрап алып», тұсау кесуге шығады. Тіпті «оптом кесемін» деп жарнама жасап, желідегі жұртты құйындай үйіреді. «Сәуір айындағы «оптом» тұсаукесерге 50-ден артық бала 12 минутта толып қалды. Үлгергендер үлгерді», – деді ол әнеукүні. Ал сонда үлгіре алмағандар не істейді? Не істеуші еді, сәуірде үлгермегендер мамырдағы «оптом кесуге» жазылады. Мамырдан қалғандарға маусым бар. Тұсау кесу осылай жалғаса береді.
Өзінің айтуынша, бұл кісі 2015 жылдан бері 3600 баланың тұсауын кесіп, қадамына сәттілік тілеген екен. Бұл түсінген адамға – қайталанбайтын рекорд. Әрі не істесе де, түбіне дейін жеткізетін адам үшін тәубе айтып, тоқтауға болатын меже. Бірақ Мұқаевтың тоқтайтын түрі жоқ. Тоқтағаныңыз не, өткенде қызды-қыздымен нәрестені қойып, көп балалы ананың да тұсауын кесіп жіберді. «Мен әйгілі тұсаукесерші ретінде айтайын, негізі дап-дардай адамның тұсауын кесу – дәстүрімізге жат» демеді. Өзі сұрап тұрған соң, 38 жастағы әйелдің алдына отыра қалып, «бырт еткізіп» кесті де тастады.

Мұны көрген көпшіліктің Дәулет Мұқаевты жаппай сынағаны белгілі. Тіпті «тұсау кескенін көрдік, енді бала сүндеттесе жарасар еді» деп мұқатқандар да болды. Бірақ бұл жерде күлетін ештеңе жоқ. Табысты арттырып, танымалдықты үдету үшін ештеңеден тайынбайтын жандарға бәкісін жанып алып, «шертіп-шертіп» жіберу түк емес. Дегенмен біздің кейіпкеріміз мұндайға ешқашан бармайды. Себебі зырылдаған заманның «алдына шығып» алғандар үшін бірер сағат «мыжып отыратын» шаруа қол емес. Оның үстіне, сүндеттеудің ертеңгі жауапкершілігі мен тастай талаптары оптом кесуге ешқашан көнбейді.
Сондықтан Дәулет Мұқаевтың өзі жақсы білетін «салада» жүре бергені де жөн сияқты. Дәл осы мәселеге келгенде, кейіпкеріміздің бұл қызметті тегін көрсететінін де ескерте кетейік. «Мен ставка қоймаймын» деді, өзі өткен жолы. Бірақ «не берсе де, алмаймын» деген жоқ. Демек ала жіпті қырқып отыру – үстіңнен ақша жаудырмаса да, азды-көпті шығыныңды жабуы керек. Бастысы, шыбынның дәрісін сатқаннан әлдеқайда оңай әрі тиімді екеніне күмәніңіз жоқ шығар…
Өлшеуіші жоқ өренің әңгімесі
Тұзы жеңіл ме, әйтеуір Дәулет Мұқаев әртүрлі даулы мәселенің ортасына түсіп қалады. Мемлекет қаржысына түсірілген фильмдерді сынап, Мәжілістен мәселе көтеріп еді, қарсылыққа тап болды. «Время патриотов» фильмінің продюсері Акбар Құрманбаев депутатқа «сөзіңе жауап бер» деп, талап қойды. Бір кезде өзі жұмыс істеп кеткен «EL ARNA-ға» барып, бағдарламаға қатысып еді, Зейнеп Ахметовадан сөз естіді. Неге? «Атамыздың тікесінен тік тұрған суретінің басын ойып, бір әйел адам сол жерге басын сұғып тұр. Оған айналасындағылар тырқылдап күліп, мәз болып отыр. Бұл не деген бассыздық, не деген тексіздік?!», – деді Бауыржан Момышұлының келіні. Енді бұған Дәулет Мұқаевтың не қатысы бар?
Зейнеп апамыздың сөзіне қарағанда, «тесіктен басын сұққан әйел» – өмірі «тыныш жүрмейтін» Тұрсынбек Қабатовтың әйелі екен де, тырқылдап күліп отырғандардың ішінде Дәулет Мұқаев та бар екен. «Ет сасыса – тұз себеді, тұз сасыса, не себеді» демекші, депутаттың сиқы осы болса, одан не үміт, не қайыр?», – деді күйінген апамыз.
Міне, кейіпкеріміздің Тазша балаға ұқсамай қалған бір кезі – осы. Өйткені тапқыр Тазша әдетте байлар мен уәзірлердің масқарасын шығарып, қарапайым халықты күлкіге кенелтетінін жоғарыда айттық қой. Ал біздің кейіпкеріміз керісінше, батыр атамызды күлкіге айналдырған әулекі топтың қатарына қосылып кетті. Бұл енді неден? Біреулер «өренің таяздығы» деген баға берді. Енді біреулер «өреден жұрдай екен» деп ашынды. Әркімнің әрқалай тон пішуіне басты себеп сол ғой, өрені өлшейтін «сызғыш» әлі табылған жоқ. Табылса, депутаттарға сын айтқыш халық сайлауға түскелі жүрген кандидаттарды көшеден ұстап алып, «өресін өлшеп» жібермес пе еді...

Дегенмен Дәулет Мұқаевтың айтқан сөз, көтерген мәселесінің бәрі нашар екен деген ой тумауы керек. Кейіпкеріміз өресінің өрде тұрғанын дәлелдейтін бір маңызды мәселені өткенде әлеуметтік желіде көтерді. Ас беру кезіндегі ысырапты сөз етіп, «Адам өлімі бизнеске айналды» деді. Ал мұны өтірік деп кім айта алады? Ешкім де айта алмайды. Ащы, бірақ нағыз шындық осы. Әсіресе «Ысыраптың алдын алу неге мешіттерден басталмайды?!» деген орынды сауалы тура ондыққа ұрды. «Дәулет мықты айтыпты», «Дәулет қатырып айтыпты» деп ел-жұрт осы тақырыпты талқылап жүргенде, Дәулет Мұқаев тағы бір шұғыл хабар жеткізіп, «Сара Алпысқызы өмірден өтті» деп көпке көңіл айтты. Шын ба, өтірік пе деп жаңалық іздеп шарқ ұрған бұрынғы әріптестері енді депутаттың алдына келді. Бұл кезде Алпысқызының аман екенін экс-президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай айтып тастаған. Бірақ жұрт Үкібайдан гөрі Мұқаевқа көбірек сенді. Еш жалықпай жатын бөлмесінен де видео жариялайтын депутат Шамалғаннан да бір бейнежазба жіберетін шығар деп күтті. Ал Мұқаев басын салбыратып, былай деді: «Парақшамды көмекші балалар жүргізеді. Басқа да әлеуметтік желілерде сол кісінің өлімі жайлы тараған еді. Мүмкін, соны көшіріп салған болар. Мен емес, көмекші балалар салды. Дәл осы дүниеге қатысты мен кешірім сұраймын».
Түсінген кісіге мұның өзі әжептәуір көрегендік. Егер «Көмекшілерім қателесті, менен кешірім сұрады. Осыған разы болыңыздар» десе, не істер едік? Әңгіменің ашығы, ештеңе де істей алмас едік. Әйтсе де, дәл осы сәтте кейіпкеріміздің тапқыр Тазшаға қатты ұқсағанын өзгелер ұқпаса да, біз жақсы аңғардық. Мәселе – кешірімнің кімнен сұралғанында. Аңғал қазақтың әрқайсысы «депутат Дәулет Мұқаев менен кешірім сұрады» деп ұқты. Ал Назарбаевтар әулеті «Жаңа Қазақстанның» жас депутаты бізден кешірім сұрады» деп түсінді. Қысқасы, Дәулет Мұқаев бір оқпен екі қоян атып алып, қателігінің өзін жетістікке айналдырып жіберді.
Түйін: Біреу жақтырып, біреу жақтырмаса да, Дәулет Мұқаевтың жұрт болып мойындауымызға тұратын бір еңбегі бар. 2021 жылы бұл кісі Африкадағы Гамбия халқына құдық қаздырып берген. Танымал блогер сол кезде «Оларға көмектесу – біздің азаматтық парызымыз» деген-ді. Әп-бәрекелді деп қуанғандар бертінде өзгерді. Өйткені блогердің бизнес-сабақтары одан бұрын басталғанын ескергендер «Қазақ әйелдерінің ышқырындағы ақшадан Африкада бұлақ ақты» деп қыжыртты.
Бірақ онда тұрған не бар? Дәулет Мұқаев ешкімнің ақшасын тартып алған жоқ, ешкімнің ышқырына қол салған жоқ. Оқытты – алды, үйренді – берді. Тек бір ғана әттеген-ай болған секілді. Ақыры жер түбінен құдық қаздырған соң, бұйрабас балалардың да оптом тұсауын кесіп, бастарына бір-бір телпек кигізіп кетуі керек еді. Ол не үшін керек? Не үшін керегіңіз не, мәдени салада әлемді жаулау дегеніңіз осы емес пе? Телпек киіп, Тазшаны танығандар ертең қазақты танымайды дейсіз бе?!
Сансызбай Нұрбаба.