Мектепке арналған жер сатылды: Маминнің не қатысы бар?
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек елдегі екінші деңгейлі банктердің жұмысын қатаң сынға алды.
Астана, NEGE. Оның айтуынша, мемлекеттен қолдау алған екінші деңгейлі банктерді алған қаражатты бюджетке дереу қайтаруға міндеттеу керек.
Депутаттың сөзінше, қазір мемлекет ел бюджетіне қажет 4,5 трлн қаражатты халықаралық қаржы институттарынан қарыз алып, жауып жатыр. Алайда, бұл шығын банктердің есебінен жабылуы тиіс.
«Біз бұл қаражатты оларға 10 жыл бұрын бердік, әлі күнге дейін банктер оны бөлшектеп қайтарып келеді. Міне, статистикаға қараңыздар: Alatau City Bank – 950 млрд теңге, Bank RBK – 176 млрд теңге, Еуразиялық банк – 150 млрд теңге, Нұрбанк – 46 млрд теңге қарыз. Ал біз оларға бұл қарызды 2045 жылға дейін өтеуге мүмкіндік бердік» – деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.
Айтуынша, банктерге қарызды қайтару бойынша мұндай жеңілдетілген жағдай жасау – банк жүйесінің жауапсыздығын арттырады.
«Олар біздің қарызды тиын-тиындап жаппақ па? Егер қарыз алушы қарапайым азамат болса, оған мұндай жағдай мүлде жасалмас еді! Елде дағдарыс, ақша жоқ! Бұл банктермен "церемония" жасаудың қажеті жоқ, оларды ақшаны дәл қазір қайтаруға міндеттеу керек», – деді депутат.
Сонымен қатар ол банктердің жер телімдерін заңсыз ұстап отырғанын да айтты. Заң бойынша, егер банк алған жерді алты ай ішінде игермесе, ол жер мемлекет меншігіне қайтарылуы тиіс. Алайда, депутат бұл норманың іс жүзінде орындалмай отырғанына наразы.
«Мемлекет жерді қайта алып қоймау үшін, банктер ол жерлерді жасырын түрде «Проблемалық несиелер қоры» АҚ-ға өткізіп жібереді, ал қор кейін оларды жеке тұлғаларға сауда арқылы сатады. Бұл – Жер кодексіндегі шектеулер мен тыйымдарды айналып өтетін қулық әдісі. Мысалы, Халық банктің кепілінде 2 153 жер телімі бар, жалпы ауданы – 2 млн 589 мың 887 гектар, құны – 166 млрд 884 млн теңге. Ал Проблемалық несиелер қорында 1 298 жер телімі, ауданы – 1 млн 159 мың гектар, құны – 53 млрд 126 млн теңге», – деді Бақытжан Базарбек.
Депутаттың айтуынша, 2020 жылы Асқар Мамин қол қойған хаттамада Алматыдағы мектеп, аурухана, балабақша салуға арналған 383 гектар жер Проблемалық несиелер қорында «тұрып» қалған, бірақ кейін құрылыс компанияларына сатылған. Ал, Жер кодексінің 94-бабына сәйкес, бұл жердің кем дегенде 3 млн гектары мемлекетке қайтарылуы тиіс.