29 Қыркүйек 15:33
...

Соғыстан кейінгі соғыс: Репарация тарихи әділдік пе, әлде саяси құрал ма?

Өтемақы
Фото: Коллаж NEGE

Репарация деген не? Репарация туралы жазбас бұрын осы сұраққа қысқы әрі толымды жауап тауып алған жөн. Репарация ұғымының түп төркіні латынның reparatio – «қайта қалпына келтіру» деген сөзінен шыққан. Яғни материалдық-құқықтық жауапкершіліктің бір түрі. Көпке түсінікті тілмен айтсақ, бір мемлекеттің екінші бір мемлекетке жасаған қиянатының, әскери шабуылының ақшалай немесе басқалай өтеуі, зиянның орнын толтыруы, қираған қалаларын қалпына келтіруі, тағы да басқа мәжбүрлі іс-әрекет.

Репарацияны немістер қалай көтерді?

Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Германия 1919 жылғы Версаль шарты бойынша «репарация қамытын» мойнына мықтап киді. Халықаралық қауымдастық Германияны ауыр қаржылық репарацияға міндеттеді. Репарацияның құны 269 млрд алтын марка деп белгіленді. Бұл дегеніңіз, сол кезде 100 мың тонна алтынның құнына пара-пар еді. Жиырмасыншы жылдардағы экономикалық дағдарыстан қалжыраған немістер мұнша көлемдегі репарацияны төлей алмайтыны анық еді. Репарациялық комиссия кейін оның көлемін 132 млрд маркаға дейін төмендетті. Сол тұста Германия билігі қиыннан жол тауып кетті, АҚШ-тан және тағы біраз елден қыруар қарыз алды. Кейін бұл қарыздың көп бөлігін инфляция жеп қойды. Міне, осылайша Германия репарациядан өзгенің ақшасымен құтылды.

Ал екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі репарация мәселесі 1945 жылы алдымен Ялта конференциясында, одан кейін Потсдам конференциясында нақтыланды. Репарация өтеуі ретінде Совет одағы Германияның шығыс аймағын оккупациялады және Германияның Болгария, Финляндия, Румыния, Мажарстан, Шығыс Аустриядағы активтерін иеленді. Ал АҚШ пен Ұлыбритания Германияның батыс аймағын басып қалды.

Репарация
У.Черчилль, Ф.Рузвельт және И.Сталин Ялта конференциясында. Фото: ғаламтордан

Сол тұста Шығыс Германиядан Совет одағына тасылмаған дүние қалмаған шығар, сірә. Қолма-қол ақша, алтын бұйымдар мен қымбат картиналарды айтпағаннның өзінде, 60 мың рояль, 460 мың радиоқабылдағыш, 190 мың кілем, 940 мың түрлі жиһаз, 265 мың сағат, әйелдер мен ерлердің 1,2 млн пальтосы, 1 млн бас киім, 186 вагон шарап, тағы да басқа дүние-мүлік лек-легімен шекара асты. Мұның бәрі репарация есебінен болды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Совет одағының шенді-шекпенділері осылайша бір жырғап қалған еді.

Тағы бір мысал мынау: Ресейдің Кемерово қаласындағы химиялық заттар өндіретін «Азот» зауыты немістің «Шварцкопф» (Schwarzkopf) компаниясы 1947 жылы шығарған компрессорын әлі күнге дейін пайдаланып келе жатыр екен.

ГДР-ден репарация алу 1954 жылы Совет одағы мен Польша Халық Республикасы арасындағы біріккен келісімнен соң тоқтаған болатын. Алайда 2019 жылы Польша Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Варшаваға келтірілген зиянның өтеуі ретінде 900 млд доллар репарация талап ететінін айтқан, бірақ Польша билігі талабын ресми мінберден мәлімдеген жоқ.

Жапондардың қырық екі жылдық сергелдеңі

2022 жылдың наурызында Жапоня 42 жыл бойы Қытайға төлеп келген «Даму үшін ресми көмек» деп аталатын көмегін тоқтатты.

Жапония Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі департаменті мен Жапонияның халықаралық ынтымақтастық жөніндегі ұйымының (JICA) деректеріне қарағанда, 42 жыл ішінде Жапония Қытайға жалпы көлемі шамамен 3 трлн 316 млрд 500 млн иен болатын төмен пайызды ұзақмерзімді қарыз беріпті. Бұған қоса, Қытайға шамамен 157 млрд 600 млн иен көлемінде «қайтарымсыз қаржылай көмек» түрінде тегін қолдау көрсетілген.

Бұдан бөлек, «техникалық көмек» деп аталатын жобамен жапон тілі оқытушыларын Қытайға жіберу және басқа да шаралар арқылы шамамен 185 млрд 800 млн иен бөлінген. Осылайша, Жапонияның «Дамуға ресми көмек» аясындағы репарациясының жалпы көлемі шамамен 3 трлн 660 млрд иенге жеткен.

Бұл «көмектің» мәнісі мынада: 1972 жылы 29 қыркүйекте Қытай мен Жапония үкіметтері біріккен коммюникеге қол қойып, жапондар Қытайға 1937 жылы кезекті рет басып кіргенде үзіліп қалған дипломатиялық байланысты қайта жалғады. Келісім бойынша ҚХР материктегі және аралдағы (Хайнань мен Тайван) бірден-бір билік деп мойындалды. Әне-міне соғысады деп күткен Жапония мен Қытай осылай бейбіт келісімге келді.

Коммюникеде Қытай әскери репарация талабынан бас тартатыны атап көрсетілді. Оның орнына Жапония өз агрессиясы үшін кінәсін ішінара мойындап, былай деп мәлімдеді: «Жапония соғыста қытай халқына тигізген ауыр зардаптары үшін жауапкершілікті терең сезінеді және бұл үшін өзін аяусыз айыптайды».

Репарация
Фото: ғаламтордан

Жапонияның Қытайға берген триллиондаған иен қарыздары мен қайтарымсыз көмегінің шын аты репарация екенін көпшілік біледі. Десе де, тараптар сол ауыр атаудан қайтып, бейбіт келісімге келіп, алапат соғысты тоқтата білді. Соның нәтижесінде Қытай экономикасы қарыштап дамып, бүгінгі күнге жетуіне сеп болғаны анық. Ал жапондар бір кездері қытайларға көрсеткен агрессияның зардабын экономикалық тұрғыдан тартудай-ақ тартты. Өйткені олар қытайдан бөлек, Оңтүстік Корея мен Филиппинге де репарация төледі.

«Құмдағы дауыл» қалай басталды?

2021 жылы желтоқсанда Ирак билігі 1990-1991 жылдары Кувейт аумағына әскери күшпен басып кіргені үшін репарацияны толық төлеп біткенін мәлімдеді.

«Кувейт мемлекетіне репарациялық төлемдердің соңғы траншы – 44 млн доллар аударылды. Осылайша, Ирак БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 687-қарары негізінде Репарация жөніндегі комиссияның шешімімен белгіленген жалпы сомасы 52,4 млрд доллар болатын репарацияны толығымен төледі», – деп мәлімдеді Ирактың орталық банкі.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Ирактың Кувейтке төлеуі тиіс репарация көлемін бастапқыда 352 млрд доллар деп бағалап, кейіннен 52,4 млрд долларға дейін азайтқан еді.

Екі ел арасындағы келісім бойынша, Ирак жыл сайын мұнай мен газ экспорты кірісінің 5%-ын БҰҰ-ның арнайы қорына аударып отырған. Бұл қаражат кейіннен Кувейтке өтемақы төлеуге жұмсалды. 2014 жылы «Ислам мемлекеті» лаңкестік тобының Ирактағы белсенділігі артып, мұнай бағасы күрт құлдырады. Осы кезде Ирак БҰҰ мен Кувейттің келісімі негізінде қорға ақша аударуды уақытша тоқтатып, 2017 жылы төлемдерді қайта жалғастырды.

Бұл репарацияның мәні мынада: 1990 жылдың басында Ирак президенті Саддам Хусейн елдің Иранмен соғыстан (1980-1988 жылдар) кейінгі күрт нашарлаған қаржылық жағдайына байланысты Кувейтке талап қоя бастады. Саддам Кувейтті «мұнайды белгіленген мөлшерден көп өндірді, біздің мұнайды ұрлады» деп айыптап, 1990 жылы 2 тамызда ирак әскері Кувейтке басып кірді де, мұнай ресурстарын иемденіп алды.

Репарация
Коллаж: ғаламтордан

БҰҰ Кувейтке жасалған агрессияны «халықаралық құқықты бұзу» деп бағалап, Иракқа санкция салды. АҚШ пен оның одақтастары БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мандатын алып, 1991 жылғы 17 қаңтардан 28 ақпан аралығында «Шөлдегі қалқан» операциясын жүргізіп, Ирак әскерін Кувейттен қуып шықты.

Кейіннен «Шөлдегі қалқан» қалай «Шөлдегі дауылға» айналғанын, ол дауылдың Парсы шығанағын қалай астын үстіне келтіргенін көзі қарақты оқырман жақсы біледі.

Ресей мен Украина соғысы: Агрессор репарация төлей ме?

Қай соғыстан кейін болса да, «Кім репарация төлейді?» деген сауал күн тәртібіне шығып, түрлі дауға себеп болады. Халықаралық құқық нормаларына сүйенсек, агрессор мемлекет, яғни соғыс бастаған тарап репарация төлеуші ретінде танылады. Ал Ресей мен Украина арасындағы соғыста агрессор – Ресей. Бұл біздің байлам емес, 2022 жылдан бері БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы, Еуропа Кеңесі және Еуропалық одақ Ресейдің Украинаға жасаған агрессиясын айыптап, соғыс шығындарын өтеу міндетін талап етіп қойып келеді.

Соғыстың зияны алапат: екі жақтан жүздеген мың адам өлді, инфрақұрылым қирады, энергетика жүйесі бұзылды, тұрғын үйлер бүлінді, экономика күйреді, жүк тасымалдау тоқтады, дипломатиялық байланыстар үзілді. Кейбір деректерге қарағанда, Украина экономикасына Ресей тарапынан келтірілген шығын көлемі 1 трлн доллардан асып кеткен. Одан бөлек, Берклидегі Калифорния университетінің экономистері Юрий Городниченко мен Виттал Васудевананың болжамы бойынша, 2027 жылға дейін соғыс зардабы 2,44 трлн долларға жетуі мүмкін. Бұл – Украинадан басқа тағы 29 елдің шығыны. Шығын көрген елдердің арасында Түркия, Чехия, Польша, Латвия, Словакия, Грекиямен қоса Өзбекстан мен Қазақстан да бар. Негізгі себеп – сауда-саттық пен жүк тасымалының қысқаруы.

Бұл есеп бойынша ең көп шығын Ресейге тиесілі екен – 1,69 трлн доллар, екінші Украина – 386 млрд доллар. Соғыс салдарынан Украинаның ішкі жалпы өнімі тым қатты құлдырапты – 193%, Ресейдікі де оңай емес – 92,3%.

Қош, бұл соғыста Ресей агрессор деп танылды, ал енді репарация төлеу қалай жүзеге асады? Оның тетігі қандай? Халықаралық құқық бойынша бұл даулы мәселені БҰҰ-ның Халықаралық соты мен Гаага трибуналы қарай алады.

Репарация
Ресей шабуылынан қираған қала. Фото: Украина президентінің сайты

Мәңгілік соғыс болмайды, кез келген соғыс түптің-түбінде дипломатиялық жолмен тоқтайды. Ендеше Ресей-Украина соғысы тоқтаған соң репарация қандай жолмен төленеді?

Классикалық жол – агрессор мемлекеттің бюджетінен төлеу. БҰҰ Ресейді агрессор деп таныды, олай болса репарация Ресей бюджетінен төленуі тиіс. Егер Мәскеу жауапкершілікті мойнына алмаса, онда бұл шаруа Ресейдің батыстағы активтерін бұғаттау арқылы іске асуы мүмкін. Қазір батыс елдерінде Ресейдің 300 млрд доллары мен ресейлік олигархтардың активтері бұғаттаулы жатыр. Осы қаражатты Украинаға бағыттау мәселесі былтырдан бері талқыланып келеді.

Агрессорлықты мойындау – репарацияны да мойындау деген сөз. Әзірге Кремль ештеңені мойындап отырған жоқ. Керек десеңіз, БҰҰ-ның өзін де. Ядролық держава мәртебесі бар Ресейге қысым жасау оңай шаруа емес. Бұған азуын айға білеген АҚШ-тың да шамасы келмей жатыр. Осыны ескерсек, репарация төлеу өте ұзақ уақытқа созылады, тіпті бұл процесс қақтығыстардың жаңа ошағын тудыруы мүмкін. Өйткені репарацияны бәзбіреулер саяси құралға айналдырып жіберуі әбден мүмкін. Бір сөзбен айтқанда, бұл – соғыстан кейінгі соғыс...

Қазақтың қақысы бар ма?

Репарация талап етуге Қазақстанның да құқығы бар. Өйткені ХХ ғасырда қазақ елі Холокосттан кем зардап шеккен жоқ: 1920-1930 жылдары ашаршылықтан миллиондаған адам өлді, Сталиндік қуғын-сүргіннен жүздеген мың жазықсыз адам атылды, айдалды, қуғындалды, Семей полигонынан он мыңдаған адам зардап шекті, ядролық сынақтардың тауқыметін әлі күнге тартып келеміз.

Репарация
Фото: ғаламтордан

Егер халықаралық сотта осы зұлматтардың бәрінің құнын даулайтын болсақ, қазаққа кім репарация төлеуі керек? Осының бәріне себепкер кім? Агрессор кім? Тарих куә, мұның себепкері де, агрессор да – Совет одағы, ал Совет одағының бүгінгі тікелей мұрагері – Ресей...

Түйін

Тарихи әділдікті қалпына келтіру үшін репарация талап ету керек-ақ, өйткені ол халықтың жүрегіндегі жараны жазады, мемлекеттер арасындағы сенімді нығайтады. Бірақ мына нәрсені де ұмытпау керек: бүгінгідей жағдайда репарация талап ету – өткір ұстара ұстағанмен бірдей: дұрыс қолдана алсаң – пайдасын көресің, ал жөнімен қолдана білмесең – қылпылдаған жүзі қылтаңды қиып түседі...