20 Қаңтар 18:23
...

Назарбаев керек қылмаған вице-президентті Тоқаев неге қайтармақшы?

Вице-президент
Фото: Фото: Nege.kz

30 жыл бұрын жойылған вице-президент лауазымының қайта енгізілуі қоғамда түрлі пікір тудырды. Саясаттанушылар бастаманы біржақты қолдай қоймағанымен, бұл қызметтің белгілі бір маңызы бар екенін атап өтті. Олардың пікірінше, жаңа лауазым билік жүктемесін оңтайлы бөлуге мүмкіндік беріп, мемлекеттік басқаруда тұрақтылықты күшейтетін механизм бола алады.

Астана, NEGE. Қазақстанда вице-президент лауазымын қайта енгізу мәселесі күн тәртібіне шықты. Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл қызметті заңмен бекітуді ұсынып, оның өкілеттігі Конституцияда нақты көрсетілуі тиіс екенін айтты. Президенттің айтуынша, вице-президент парламенттің келісімімен тағайындалып, халықаралық келіссөздерде, парламент мінберінде және қоғамдық-саяси алаңдарда Мемлекет басшысының мүддесін қорғайды.

Бүгін қоғамда қызу талқыға түскен бастаманың маңызын саралау мақсатында Nege.kz тілшісі саясаттанушылардың пікірін білді. 

«Жаңа лауазым – тұрақтылықты сақтайтын тетік»

Саясаттанушы Дос Көшімнің айтуынша, вице-президент институты әлемнің көптеген елдерінде бар тәжірибе.

«Вице-президенттің басты міндеті – Президенттің орынбасары болу. Егер президент қандай да бір себеппен өз міндетін атқара алмай қалса, вице-президент оның жұмысын уақытша жалғастырып, мемлекет басқаруында тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Жаңа лауазым иесі бұл кезде маңызды рөл атқарады», – дейді Дос Көшім.

Ол вице-президент пен премьер-министрдің қызметін шатастыруға болмайтынын ескертті.

«Бұл екеуінің міндеті мүлде бөлек. Премьер-министр атқарушы билікті басқарады. Ол экономика, әлеуметтік сала, министрліктердің жұмысы – барлығы соның жауапкершілігінде. Ал вице-президент – саяси тұлға. Ол президентпен бірге мемлекеттегі саяси бағытты айқындауға қатысады. Қарапайым тілмен айтқанда, премьер-министр – шаруашылық пен басқару ісіне жауапты болса, вице-президент – саясатқа жауапты», – дейді саясаттанушы.

Дос Көшім
dalanews.kz

Еске салсақ, вице-президенттік Нұрсұлтан Назарбаев билік еткен кезеңде жойылған. Саясаттанушының айтуынша, бұл қызметтің 30 жыл бұрын алынып тасталуы – сол кездегі билік жүйесінің сипатына тікелей байланысты болды. Экс-президент билік еткен кезеңде барлық басқару тетігі бір адамның қолына толық шоғырланды.

«Барлық шешімді президенттің өзі қабылдайтын. Мұндай жағдайда вице-президенттің қажеттілігі болмады. Себебі елдегі барлық билік тетіктері бір адамның қолында болды. Сондықтан бұл қызмет артық деп танылып, жойылды», – дейді Дос Көшім.

Сарапшы бұл қызметтің маңызы мен қажеттілігін атап өткенімен, 30 жылдан кейін дәл қазір бұл лауазымды қайтарудың қажеттілігі жоқ деп санайды.

«Шыны керек, мен бұл қызметтің қазір аса қатты қажет екенін көріп тұрған жоқпын. Дегенмен әлемдік тәжірибеге қарасақ, президенттің орынбасары болуы – қалыпты жағдай. Төтенше жағдай туындаса, мемлекет басқаруы тоқтап қалмауы үшін вице-президенттің болғаны дұрыс. Сондықтан бұл өзгерістен жамандық көріп тұрған жоқпын, бірақ аса үлкен қажеттілік те байқалмайды», – дейді ол.

Дос Көшім бұл бастаманың астарында саяси жоспар жатуы мүмкін деп есептейді. Оның айтуынша, билік болашақ президентті алдын ала дайындау мақсатында вице-президент қызметін пайдалануы ықтимал.

«Бірнеше жылдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттік мерзімі аяқталып, жаңа сайлау басталады. Сол кезде қазіргі билік келесі президент болуға лайық тұлғаны халыққа алдын ала таныстыра бастайды. Бұл үшін ең тиімді жол – вице-президент қызметі. Себебі вице-президент президентпен бірге жұмыс істеп, ел басқару тәжірибесін жинайды және қоғам алдында жиі көрінеді. Сондықтан ертең халықтан «келесі президент кім болады?» деп сұраса, ең ыңғайлы кандидат ретінде сол вице-президент ұсынылуы мүмкін», – дейді ол.

Дос Көшім билік вице-президент қызметіне Ерлан Қаринді ұсынуы мүмкін деп болжайды. Оның пікірінше, бұл таңдауға Қариннің жасы, қоғам алдындағы бейнесі және танымалдығы әсер етуі ықтимал. Дегенмен сарапшы тәжірибе тұрғысынан Мәулен Әшімбаевты да бұл лауазымға әбден лайық деп санайды.

«Вице-президент институты – қисынды қадам»

Саясаттанушы Азамат Байғалиев вице-президент лауазымы Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында, яғни 1996 жылға дейін болғанын еске салды. Кейін бұл функциялар Мемлекеттік хатшы мен Мемлекеттік кеңесшіге жүктелген. 

«Сондықтан мұндай тәжірибе бұрыннан бар, бұл қадам қисынды әрі белгілі бір деңгейде күтілген де еді. Әсіресе соңғы ондаған жылдардағы ең ауқымды жаһандық өзгерістер кезеңінде билік құрылымын нақты жүйелеуге мүмкіндік береді», – деді сарапшы.

Азамат Байғалиев
Фото: instagram.com/azamat_baigaliyev

Азамат Байғалиевтің айтуынша, қазіргі таңда халықаралық және ішкі саяси жағдайдың күрделенуі Президенттің жүктемесін арттырып отыр. Осыған байланысты бірқатар саяси міндеттерді вице-президентке тапсыру қажеттілігі туындауда.

«Бұл – қалыпты тәжірибе. Мысалы, мұндай жүйе АҚШ-та Дональд Трамптың екінші президенттік мерзімі кезінде өз тиімділігін көрсетті», – деді саясаттанушы. 

Дегенмен сарапшы нақты қорытынды жасауға әлі ерте екенін айтты. Алдағы уақытта жаңа конституциялық жүйенің қалай қалыптасатыны, билік тармақтарының арақатынасы қандай болатыны және Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құрған конституциялық комиссияның қандай шешімдер қабылдайтынын күту керек. Тек содан кейін ғана нақты баға беруге болады деп түйіндеді.