Банктер үшін тұтынушылық несие НЕГЕ тиімдірек?
Цифрлық жүйелер адамның шотындағы ақша азайғанын байқаса, бірден «оңай несие» не «тез ақша» алу туралы push-хабарлама жібереді. Мұндай ұсыныстар қаржысы жетпей жүрген адамдарды асығыс шешім қабылдауға итермелейді. Соның салдарынан халықтың қарызы көбейіп бара жатыр.
Астана, NEGE. Қазақстан экономикасында несиелеу құрылымы, мемлекеттік қолдаудың ауқымы және халықтың қарыз жүктемесі төңірегіндегі пікірталас күшейіп келеді. Бизнестің банктік несиеге емес, субсидияланған бағдарламаларға сүйенуі, банктердің өндірісті қаржыландырудан алыстауы, ипотеканың мемлекеттік ресурсқа тәуелділігі – осының бәрі қаржы жүйесінің бағыт-бағдарын қайта ой елегінен өткізуді талап етеді. Қаржыгер Думан Ахметжанұлымен сұхбатта осы үрдістердің себеп-салдарын тарқаттық.
ҚАРЖЫ ЖҮЙЕСІНІҢ ЖАЛПЫ МОДЕЛІ
— Қазақстанда бизнес неге банктік несиеден гөрі мемлекеттік субсидия мен жеңілдетілген бағдарламаларға көбірек сүйенеді? Бұл нарықтың табиғи дамуы ма, әлде мәжбүрлі таңдау ма?
– Нарықтық қаржыландыру құны өте жоғары. Қазіргі жағдайда мемлекеттік бағдарламалар бойынша мөлшерлеме 7–8% деңгейінде болса, стандартты банктік несиелер жылдық 25–35%-ға дейін жетеді, ал тиімді мөлшерлеме кейде 56%-ға дейін көтеріледі. Мұндай айырмашылық кәсіпкерлер үшін коммерциялық несиені іс жүзінде тиімсіз етеді.
Мысалы, микро және шағын бизнес «Даму» қоры арқылы инвестиция немесе айналым қаражатын толықтыруға несие алғанда, номиналды мөлшерлеменің 40%-ына дейін мемлекет субсидиялайды. Соның нәтижесінде қарыз алушы үшін түпкілікті мөлшерлеме шамамен 12,3% деңгейінде қалыптасады, субсидиялау мерзімі үш жылға дейін, ең жоғары сома 200 млн теңгеге жетеді. Бұл шарттар нарықтық өнімдермен салыстырғанда әлдеқайда қолайлы.
Сондықтан мұндай модельді толықтай нарықтың табиғи дамуы деуге болмайды. Көбіне бұл – мәжбүрлі таңдау.
Жоғары инфляция мен қымбат қорландыру салдарынан нарықтық мөлшерлемелер бизнеске ауыр болған кезде мемлекет қаржылық жүктемені азайту үшін араласады. Сонымен бірге субсидиялар нақты секторды ынталандыру, өндірісті кеңейту және тәуекелі жоғары салаларды, әсіресе ауыл шаруашылығын қолдау құралы ретінде қолданылады. Негізгі мақсат – экономикалық белсенділікті сақтау және басым салалардың дамуын қамтамасыз ету. Алайда мұндай қолдау қатаң талаптармен беріледі: бағдарлама шарттары бұзылса немесе төлем тәртібі сақталмаса, субсидия тоқтатылуы мүмкін. Осылайша, мемлекеттік субсидиялар Қазақстан жағдайында толыққанды нарықтық қаржыландырудың баламасы емес, жоғары пайыздық ортада бизнестің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін қажетті өтпелі тетік болып отыр.

— Банктердің нақты секторды несиелеуге қызығушылығы төмендеп кетті деген пікірмен келісесіз бе?
— Меніңше, белгілі бір деңгейде төмендеді. Бұл, ең алдымен, монетарлық саясаттың қатаюымен байланысты. Қаржыландыру құны өсті, қарыз алушылардың дефолт тәуекелі артты, сондықтан банктер өндіріс пен ұзақ мерзімді жобалардан гөрі тәуекелі төмен әрі маржасы жоғары бөлшек несиелеуге көбірек назар аударады.
Негізгі мәселе тек пайыздық мөлшерлемеде емес, бірнеше фактордың әсерінен болып отыр. Жоғары базалық мөлшерлеме бизнес несиелерін қымбаттатады және оларды көптеген кәсіпорын үшін қолжетімсіз етеді. Сонымен қатар несиелік тәуекел жоғары болғандықтан, банктер әсіресе шағын және орта бизнесті қаржыландыруда қатаң кепіл мен есептілік талаптарын қояды. Реттеушілік талаптар, соның ішінде провизиялар мен актив сапасына қойылатын стандарттар да банктерді сақтық стратегиясын ұстануға мәжбүрлейді.
Банк жүйесінің құрылымы тәуекелді барынша төмендетуге бағытталғандықтан, қаржы көбіне қауіпсіз секторларға шоғырланып, өндіріс пен нақты сектор толық көлемде қаржыланбай отыр.
Сондықтан тек базалық мөлшерлемені аздап төмендету жеткіліксіз. Нақты секторды несиелеуді кеңейту үшін тәуекелдерді бөлісу, ұзақ мерзімді қорландыру көздерін күшейту және банктердің ынталандыру жүйесін өзгерту қажет деп есептеймін.
ЭКОНОМИКАНЫҢ ҚҰРЫЛЫМДЫҚ ТӘУЕЛДІЛІГІ
— Ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптің мемлекетке тәуелділігі ұзақ мерзімде қандай салдарға алып келуі мүмкін? Бұл секторлардың бәсекеге қабілеттілігіне әсер ете ме?
— Тұрақты субсидия мен әкімшілік қолдауға сүйену өндірістің тиімділігін төмендетіп, бәсекеге қабілеттіліктің әлсіреуіне, жеке инвестициялардың аз тартылуына және жаңғыртудың баяулауына себеп болады. Бұл экономиканы әртараптандыру қарқынын да тежейді.
Қолдау көлеміне қарамастан, әсіресе ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігі төмен деңгейде қалып отыр. Субсидияларды бөлу әрдайым тиімді емес, кейде ресурстардың шектеулі топтарға шоғырлануы шағын шаруашылықтардың дамуын тежейді. Кәсіпорындар мемлекеттік қолдауға үйреніп, жаңа технология енгізуге құлықсыз болуы мүмкін. Кадр тапшылығы мен инфрақұрылымның әлсіздігі де салалардың бәсекеге қабілеттілігін шектейді, нәтижесінде кей тауар түрлері бойынша импортқа тәуелділік сақталады.

Мемлекеттік қолдаудың оң жағы да бар. Ол климаттық тәуекелдер жоғары салаларда жұмыс орындарын сақтауға және ауылдық аймақтардың әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондықтан мәселе қолдауды толық алып тастауда емес, оның тиімділігін арттырып, нарықтық ынталандыруды әлсіретпейтін теңгерімді модель қалыптастыруда.
— Қазақстанда банктік кредитті негізінен шағын кәсіпкерлер мен халық алып отыр деген пікір бар. Ал орта және ірі бизнес неге банктен қарыз алуға құлықсыз?
— 2025–2026 жылдары орта және ірі кәсіпорындар банктік несиелеуге шынымен де сақ қарайды. Бұл банктерде қаражат жетіспегендіктен емес, нарықтық несиелердің ірі инвестициялық жобалар үшін тартымдылығын төмендететін жүйелі факторларға байланысты.
Ең алдымен, қаржыландыру құны жоғары. Қатаң ақша-несие саясаты және салыстырмалы жоғары базалық мөлшерлеме коммерциялық несиелерді қымбат етеді. Ұзақ өтелу мерзімі бар жобалар үшін 18–20% және одан жоғары мөлшерлеме операциялық маржаны «жеп қояды», сондықтан мұндай қарыз экономикалық тұрғыдан тиімсіз.
Екінші фактор — баламалы қаржыландыру арналарының болуы. Ірі ойыншылар көбіне даму институттары немесе мемлекеттік бағдарламалар арқылы арзанырақ әрі ұзақ мерзімді ресурстар тартуды жөн көреді. Сонымен қатар банктер кепіл сапасына, қаржылық тұрақтылыққа қойылатын талаптарды күшейтті, бекіту рәсімдері ұзақ әрі бюрократиялық болып қалды.
Ірі несие алу үшін толық қаржылық ашықтық, ХҚЕС (МСФО) аудиті және егжей-тегжейлі есептілік қажет, оған барлық орта бизнес дайын емес. Бұған қоса, валюталық түсімі немесе импортқа тәуелді кәсіпорындар айырбас бағамының құбылмалылығын ескеріп, теңгемен ұзақ мерзімді қарыз алудан да сақтанады.
ТҰРҒЫН ҮЙ ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС ҚАРЖЫСЫ
— Құрылыс саласының банктік несиеден алыстап, үлескерлердің, яғни сатып алатын халықтың қаражатына, және мемлекеттің көмегіне сүйенуі қаншалықты қауіпсіз?
— Мұндай модель девелоперлердің қаржылық тәртібін әлсіретіп, қаражатты тиімсіз пайдалану қаупін күшейтеді және бюджетке түсетін жүктемені өсіреді.
Үлестік қаржыландыруға тәуелділік жобалардың ауқымын шектеп, нарық құлдырағанда саланы осал етеді. Банктердің қатысуы азайған сайын тәуекелді бағалау мен төлем қабілетін тексеру деңгейі де төмендеп, нарықтық тәртіп әлсіреуі мүмкін. Мемлекеттік институттар белгілі бір тұрақтылық бергенімен, оларды толыққанды нарықтық қаржыландырудың орнына пайдалану ұзақ мерзімде теңгерімсіздік туғызады.

Бұл жерде жүйелік тәуекел бар. Құрылыс бюджетке тәуелді болған сайын макроэкономикалық жағдайға қатты байланады. Бюджет кірісі азайса, ең алдымен, құрылысты қаржыландыру көлемі қысқарады.
Сонымен қатар субсидияланған ипотека мен мемлекеттік шығындардың өсуі сұранысты тез арттырып, тұрғын үй бағасының қымбаттауына және жалпы инфляциялық қысымның күшеюіне әкелуі ықтимал.
— Қазір ипотека негізінен мемлекеттің көмегі мен зейнетақы қаражатының арқасында жүріп тұр. Егер мемлекет қолдауы мен зейнетақы жинағын алып тастасақ, ипотека өз бетімен «өмір сүре» ала ма?
— 2026 жылдың ақпанындағы жағдай бойынша Қазақстанда ипотека мемлекеттік қаржыландыруға айтарлықтай тәуелді. Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесі 18,0% деңгейінде тұр. Мұндай жағдайда субсидиясыз банктер ипотеканы шамамен жылдық 20–22% мөлшерлемемен ұсынуға мәжбүр. Бұл деңгейде ай сайынғы төлем көбіне орташа жалақыдан асып түседі, ал 15 жылдағы артық төлем үй құнынан бірнеше есе жоғары болуы мүмкін. Соның салдарынан әлеуетті қарыз алушылардың басым бөлігі нарықтан шығып қалады.

Екінші деңгейлі банктер ұзақ мерзімді ипотеканы негізінен халықтың қысқа мерзімді депозиттері есебінен қаржыландырады. 15–20 жылға несие беру үшін тұрақты ұзақ мерзімді өтімділік қажет, ал оны бүгінде мемлекет пен зейнетақы қоры қамтамасыз етіп отыр. Бұл көздерсіз банктер ұзақ мерзімді несиелерді қажетті көлемде бере алмайды.
2025 жылы берілген жаңа ипотекалардың шамамен 70%-ы жеңілдетілген бағдарламалар мен «Отбасы банкінің» қаражаты арқылы рәсімделді. Мұндай қолдау тоқтаса, тұрғын үйге сұраныс төмендеп, құрылыс компаниялары жобаларды қысқартуға немесе қысқа мерзімді, жоғары бастапқы жарнаны талап ететін бөліп төлеу схемаларына көшуі ықтимал. Сондықтан мемлекеттік қолдаусыз нарықтық ипотека тек табысы жоғары азаматтарға арналған тар сегментте ғана сақталуы мүмкін. Базалық мөлшерлеме кемінде 9–10% деңгейіне дейін төмендемейінше, ипотека көпшілік үшін қолжетімді болмайды, ал мұндай жағдай 2027–2028 жылдарға дейін қалыптасуы екіталай.
БАНКТІҢ РЕСУРС БАЗАСЫ МЕН ХАЛЫҚ ЖҮКТЕМЕСІ
— Қаржы нарығын реттеу агенттігінің дерегінше, 2025 жылы халықтың несие рәсімдеуі 2024 жылмен салыстырғанда 20% жуық өскен. Қазақстандықтардың банк алдындағы берешегі 24 трлн теңгеден асып кеткен. Сонда халықтың қарызға белшеден батуына негізгі себеп қандай?
— Статистикада номиналды жалақы өскенімен, нақты сатып алу қабілеті сол қарқынмен артпады, сондықтан көптеген азамат үшін несие күнделікті шығындар арасындағы алшақтықты жабу құралына айналды. Big Data арқылы жүйе жалақыға бір апта қалғанда қаражат азайғанын байқаса, қосымша лимит немесе қысқа мерзімді несие ұсынатын хабарлама жібереді.
Қарыз алудың жеңілдеуі маңызды рөл атқарды. Цифрлық банкинг арқылы техниканы, керек-жарақты пайызсыз бөліп төлеу тым қолжетімді болып кетті. Бұл бірнеше минуттық процеске айналып, адамдарда несие алуға қатысты психологиялық кедергі азайды. Бұрын банкке барып, менеджермен сөйлесу және шешім күту импульсивті қадамдарға табиғи сүзгі болатын.
Ал қазір қарыз алушылар бірнеше банк пен финтех платформасын қатар пайдаланады. Айына 5 000, 7 000 немесе 10 000 теңге сияқты «шағын» төлемдер 10–15 міндеттеме бойынша жиналғанда, жалпы ай сайынғы төлем табыстың 50–70% дейін жетуі мүмкін.

Бөліп төлеу өнімдері жиі толыққанды несие ретінде қабылданбай, жалпы қарыз жүктемесінің өсуіне әкелді.
Жүйелік тұрғыдан банктер үшін жеке тұлғаларға көптеген шағын, бірақ жоғары пайызды несие беру өндірісті қаржыландыруға қарағанда тиімдірек.
Реттеуші орган шектеулер енгізгенімен, негізгі мәселе – қарыз көлемінде ғана емес, оның едәуір бөлігі жаңа экономикалық құн тудырмай, тұтынуға жұмсалып, қаржылық жүктемені ұлғайтуында.
— Қарапайым азамат пен кәсіпкерге сіздің басты кеңесіңіз қандай? Қазір несие алу мүмкіндік пе, әлде қауіп пе?
— 2026 жылдың басында базалық мөлшерлеме шамамен 18%, ал халықтың қарыз жүктемесі өте жоғары. Сондықтан қазір несие аларда тек мұқият есепке сүйену маңызды.
Қарапайым азаматтар үшін тұтынушылық несие алудың тәуекелі жоғары. Бөліп төлеуді «бос ақша» деп қабылдамау керек. Комиссиялар мен инфляциялық тәуекел тауар бағасына енгізіледі. Бірнеше шағын төлем қаржылық икемділікті азайтады.
Ай сайынғы барлық төлемдер тұрақты табыстың 30%-ынан аспағаны жөн, ал 50% деңгейі дефолт қаупін арттырады. Ипотеканы тек жеңілдетілген бағдарламалар арқылы қарастырған дұрыс, өйткені стандартты ипотека рәсімдеу – азаматтардың қалтасына жүк салатын тиімсіз шешім.
Кәсіпкерлер үшін несие тек нақты тиімділік болғанда орынды. Егер бизнес рентабельділігі жылына 30–35%-дан жоғары болса немесе қарыз шығындарды азайтатын модернизацияға бағытталса, ол ақталуы мүмкін. Сонымен қатар субсидияланған мөлшерлемелерге толық тәуелді болу қауіпті. Бизнес нарықтық шарттарда да тұрақты жұмыс істей алуы тиіс.