Депутаттардың бастамасы Қазақстан жүргізушілерін автосақтандырусыз қалдыруы мүмкін
Қазақстанда сақтандыру туралы сөз қозғалса, әңгіме көбіне техногендік апаттар, табиғи зілзалалар немесе тұрғын үй мәселесіне ауып кетеді. Әрине, бұлар маңызды. Бірақ бүгін миллиондаған қазақстандықтың күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналған салаға – яғни автосақтандыруға, нақтырақ айтқанда, көлік иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыруға назар аударған жөн.
Бір қызығы, жұмыс істеп тұрған жүйелердің маңызын оларды жоғалту қаупі туғанда ғана түсінеміз. Азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру – дәл сондай жүйе. Бұл – елдегі ең кең тараған сақтандыру түрі. Ол күн сайын көптеген даулы жағдайларды сотқа жеткізбей шешуге көмектеседі. Әйтпесе мұндай істер айлап созылып, адамдарды қаржылық қиындыққа тірер еді. Осы тетік зардап шеккендерді қорғайды әрі кінәлі тараптың жауаптылық мөлшерін нақты белгілейді.
Қазақстанның сақтандыру нарығы ТМД елдері арасында ең тұрақтыларының бірі екенін де ескерген жөн. Кейде оны дамыған елдермен полистің бағасы бойынша салыстырады, бірақ атқаратын қызметін ескеру керек. Дамыған елдерде сақтандыру қымбат, себебі табыс деңгейі де, жауапкершілік мәдениеті де басқа. Бізде міндетті автосақтандыру әлеуметтік тұрғыдан маңызды қызмет атқарады, жолдағы дауларды реттеуге көмектеседі әрі бағасы салыстырмалы түрде қолжетімді.
Сақтандыру төлемдерінің шекті мөлшерін көтеру жөніндегі депутаттардың бастамасы бір жағынан орынды. Шынымен де, экономикалық жағдай өзгеріп жатыр, ал лимиттер ұзақ уақыт өзгерген жоқ. Қосалқы бөлшектер қымбаттап, жөндеу қызметінің бағасы өсіп, жолдағы көлік саны артып жатыр.
Дегенмен мұндай шешімдер нақты есепке негізделуі керек. Сақтандыру – саясат немесе қайырымдылық емес, ең алдымен дәл есепке сүйенетін сала. Тарифтер өзгермей, тәуекел деңгейі қайта қаралмай тұрып лимиттерді көтеру нарық тұрақтылығына кері әсер етуі мүмкін.
Қазірдің өзінде қиындықтар байқалады: соңғы үш жылда міндетті автосақтандыру сақтандыру компаниялары үшін тиімсіз әрі шығыны көп салаға айналды. Егер тарифтік модель мен тәуекел коэффициенттері түзетілмей, тек лимиттер ғана артса, шығын одан әрі көбейеді. Соның салдарынан кейбір компаниялар нарықтан кетуі мүмкін, төлемдерді реттеу сапасы төмендеп, дау-дамай көбейеді. Ақырында бұл көлік иелерінің өзіне де тиімсіз болады.
Қазіргі жүйеде тәртіпті жүргізушілердің көбі жол ережесін жиі бұзатын әрі жол-көлік оқиғасына жиі түсетін аз топтың тәуекелін жанама түрде көтеріп отыр. Мұны кейде «асарға» теңейді. Бірақ асар – ерікті түрде көмек көрсету. Үнемі біреудің қателігі үшін басқалар төлейтін жүйе қалыптастыру дұрыс емес.
Ережені сақтап, апатқа сирек түсетін жүргізушінің тәуекелі төмен, сондықтан сақтандыру құны да төмен болуы керек. Ал жол ережесін жиі бұзып, апатқа жиі ұшырайтын жүргізушінің тәуекелі жоғары, полис бағасы да соған сай болуы тиіс. Бұл жазалау емес, сақтандыру жүйесінің негізгі қағидасы.
Көптеген елде міндетті сақтандырудан тәуекелге негізделген тариф жүйесіне біртіндеп көшу үрдісі байқалады. Мұндай жолдан талай мемлекет өткен. Соның бірі – Италия. Жол қозғалысының тығыздығы, жүргізу мәнері және жол-көлік оқиғалары статистикасы жағынан ол Қазақстанға белгілі бір дәрежеде ұқсас. Бұл – нарық дамуының қалыпты кезеңі. Банктік секторда да тәуекелге негізделген бақылау жүйесі бұрыннан қолданылып келеді.
Автосақтандыру нарығы өзгеруге қабілетті екенін де көрсетті. Мысалы, еурохаттаманы енгізу, яғни жол апатын полиция шақырмай рәсімдеу мүмкіндігі, артық әуре-сарсаңды азайтып, жүйеге деген сенімді күшейтті. Келесі қадам жүргізушінің нақты тәртібін ескеретін икемді тариф жүйесін қалыптастыру болуы тиіс.
Азаматтық-құқықтық жауапкершілік лимиттерін арттыру қажет болуы мүмкін. Бірақ оны тариф реформасымен қатар, нақты есеп пен шығын деректеріне сүйеніп жасау керек. Әйтпесе жақсы ниетпен жасалған бастама сақтандыру нарығындағы маңызды әрі көпшілікке қажет жүйенің әлсіреуіне әкелуі ықтимал.
Автор: Расул Рысмамбетов