USD
USD
USD

Қаракемердегі оқушылар қазасы: облыс әкімінің орынбасары оқиға орнына барды

Жамбыл облысы Қордай ауданы Қаракемер ауылында екі оқушының қазасына байланысты суицид фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Оқушылар
Фото: TikTok

Астана, NEGE. Облыстық әкімдік өкілдері оқушылар мен ата-аналарға психологиялық көмек көрсетіліп жатқанын хабарлады. 

«Облыс әкімінің тапсырмасымен әкімнің орынбасары, басқарма басшысы және оның орынбасары шұғыл түрде оқиға орнына барды. Барлық қажетті шаралар қабылдануда. Оқушылар мен ата-аналарға психологиялық көмек көрсету жұмыстары ұйымдастырылды», – деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі Nege.kz-ке.

Сондай-ақ әкімдіктегілер қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын айтты. 

Еске салсақ, 15 сәуірде ауылдағы сарайлардың бірінде 9-сыныптың екі оқушысының өлі денесі табылды. Полицейлер суицид болғанын растады

Марқұмдар бір-бірімен дос болған және қайғылы жайттың алдында әлеуметтік желіге фото жүктеп, «Естелікке» деп жазба қалдырған. 

Қаракемерліктер мұндай жайттың аядай ауылда айналдырған төрт-бес айдың ішінде бесінші рет қайталанып отырғанын айтады. Желтоқсан айынан бергі бес айдың ішінде бес бала өз-өзіне қол жұмсап, көз жұмған. Бұдан бөлек, тағы да екі жағдай дер кезінде тоқтатылған. Баласын ойлап шырылдаған ата-аналар мұның артында мобильді ойын не әлдебіреу тұруы мүмкін деген күдігін жеткізді. 

Айта кетейік, облыстағы суицид мәселесі Қаракемермен бітпейді, алдыңғы жылы Тастөбе ауылында да 9-сынып оқушысы өз ауласындағы сарайда асылып қалған. О баста бозбаланың бұл әрекетін баянсыз махаббат хикаятымен байланыстырмақ болғанымен, тексеру барысында оның буллингке ұшырағаны анықталып, өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу бабымен қылмыстық іс қозғалды. 

Бұл істе ауылдың 22 жастағы тұрғыны мен 10 және 11-сыныптың екі оқушысы күдікті ретінде танылды.

Қайғылы жағдайға дейін марқұм жасөспірімнің жастар арасында «авторитет» ретінде танылған 22 жастағы жігіттің үйінде мәжбүрлі түрде құрылыс жұмыстарын атқарғаны мәлім болды.

«Жүргізілген тергеу 7–11 сынып оқушылары арасында "бейресми көшбасшылардың" және "көшелік ұғыммен өмір сүру" тәртібінің қалыптасуы бар екенін, бұл кей жағдайда жастар арасында қалыпты жағдай ретінде қабылданатынын көрсетті.

 

Қайғылы оқиғаның себептері ретінде "үлкендер" тарапынан жүйелі түрде қорқыту, психологиялық қысым көрсету және еңбекке мәжбүрлеу фактілері анықталды», – деп хабарлады облыстық прокуратура өкілдері.

16 сәуірде бұл іс бойынша Жамбыл облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты үкім шығарды. Сотталушылардың кінәсі толық дәлелденіп, негізгі орындаушыға 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы, ал оның кәмелетке толмаған екі сыбайласының әрқайсысына 5 жылдан бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Қазір оқып жатыр

Арқалықта жануарларды эвтаназиялау туралы заңға қарсы митинг өтеді

Митинг

Саясаттанушы: Бір мандаттылар Парламентті түбегейлі өзгертіп жіберді деу қиын

Кайсар уалихан

Еуропалық Одақ қытайлық Temu, Shein және басқа маркетплейстеріне айыппұл салуы мүмкін

Temu

Қарағанды облысында екі мотоцикл бір-біріне соғылып, жүргізушілері қаза тапты

жол-көлік апаты