Саясаттанушы: Бір мандаттылар Парламентті түбегейлі өзгертіп жіберді деу қиын
Елде Парламенттің рөлі туралы әңгіме ешқашан толастаған емес. 2022 жылы қабылданған Конституциялық өзгерістерден кейін Мәжіліс күшейді деген пікірлер айтыла бастады. Саяси сахнаға жаңа партиялар келіп, бір мандатты депутаттар қайта оралды... Ал бұл жаңашылықтар ел өміріне қалай әсер етті?
Астана, NEGE. Парламент қоғамға шын мәнінде ықпал ете алды ма? Заң шығару сапасы артты ма? Халықтың көкейінде жүрген мәселелер мінберге жетті ме? Осы сауалдарға саясаттанушы Уәлихан Қайсар жауап берді.
– Уәлихан Әбішұлы, Конституциялық реформадан кейін Парламенттің, әсіресе Мәжілістің шешім қабылдаудағы пәрмені артты деген секілді түрлі пікір айтылып та, жазылып та жүр. Сіздіңше, бүгінгі Парламент шын мәнінде дербес саяси институтқа айналды ма, әлде негізгі шешімдер жоғары жақта пісіріліп, депутаттар соны мақұлдаумен ғана шектеліп отыр ма?
– Өкінішке қарай, мен бүгінгі Парламентті толыққанды дербес саяси институт деп айта алмаймын. Қазақстанда шынайы тәуелсіз шешім қабылдайтын парламенттік сипат тоқсаныншы жылдардың алғашқы кезеңінде ғана біршама байқалды. Ал одан кейін, әсіресе президенттік билік шектен тыс күшейген тұста Парламенттің ықпалы біртіндеп өзгерді. Ол халықтың үні мен саяси пікір алуандығын тоғыстыратын алаңнан гөрі, билік жүйесінің шешімдерін рәсімдейтін құрылымға көбірек ұқсап қалды.
Мәселенің түбі депутаттық корпустың қалай жасақталатынында. Егер депутат шын мәнінде ашық саяси бәсекенің, әділ сайлаудың нәтижесінде келсе, ол өз ұстанымын батыл қорғай алады. Ал бізде 2000-шы жылдардан бері бұл тетік толық қалыптасты деп айту қиын. Сондықтан заң жобаларының өзегі көбіне жоғары жақта әзірленеді де, Парламент сол жобаны белгілі бір дәрежеде талқылаған кейіп танытады. Түбегейлі өзгеріс енгізуге қауқары жете бермейді. Ұсақ-түйек түзетулер болуы мүмкін, бірақ заңның саяси салмағы мен негізгі бағдары жоғарыда айқындалып қояды.
Сондықтан бүгінгі Парламенттің елге берер пайдасы қандай дегенде, мен оның әлеуеті мен нақты ықпалының арасында үлкен алшақтық бар дер едім. Халық күткен талай түйткіл Парламентте түбегейлі шешімін таба алмай отыр. Өйткені оның дербестігі аз. Ал дербестік жоқ жерде саяси салмақ та, шынайы пәрмен де әлсіз болады.
– Мәжіліске жаңа партиялардың келуі, көппартиялы көріністің күшеюі көптің көкейінде «саяси бәсеке жанданды» деген үміт оятты...
– Сырттай қарағанда өзгеріс бар сияқты көрінгенімен, саяси алаңда еркін бәсекенің толық тынысы сезілмейді. Жаңа партиялар келді екен деп, билік пен балама күштер арасында ашық тартыс қалыптасты деу қиын. Шынайы бәсеке болуы үшін партиялар еркін тіркеліп, олардың Парламентке өтуін саяси сүзгі емес, халықтың таңдауы айқындауы керек. Бұл тетік толық іске қосылмағандықтан, әртүрліліктің мазмұны жағынан әлсіз болып отыр. Соның әсерінен оның қоғамға берер нақты нәтижесі де шектеулі.
- Тақырыпқа орай: «Әділет» партиясының құрылтай съезі мамырда өтеді
– Парламенттің елге пайдасы туралы сөз болғанда, қоғам ең алдымен аймақтық мүдде, жергілікті мәселе, өңірдің зары мінберден естілуі керек деп күтеді. Сіздіңше, депутаттар өздері сайланған өңірдің жанашырына айнала алды ма, әлде биліктің ыңғайынан шыға алмай отыр ма әлі де?
– Меніңше, дәл осы тұста біздің Парламенттің ең әлсіз тұсы көрінеді. Аймақтық мүдде деген ұғым қағаз жүзінде бар болғанымен, нақты саяси тәжірибеде ол көмескі тартып тұр. Себебі партиялық тізіммен келген депутаттың саяси тәуелділігі ең әуелі партияға байланады, ал партияның өзі жоғары билікке жалтақтайды. Мұндай тізбекте өңірдің шынайы мүддесі көбіне кейінге ысырылып қалады. Инфрақұрылым, экология, жергілікті бюджет, әлеуметтік ахуал, жұмыссыздық, су тапшылығы сияқты нақты мәселелерді көтеретін депутаттар болуы керек еді.
Бірақ бізде көп жағдайда депутаттар аймақтың сөзін сөйлейтін өкілден гөрі жүйенің тәртібін бұзбайтын саяси фигураға көбірек ұқсап кетеді. Яғни өңірдің жанайқайын ашық айтып, орталықпен сөз таластыратын деңгейге жете бермейді.
Сондықтан Парламенттің халыққа пайдасы жайлы айтқанда, дәл осы аймақтық өкілдік мәселесі өте маңызды. Егер депутат туған жерінің, сайлаған жұртының жоғын жоқтай алмаса, онда оның Парламенттегі салмағы да, қоғам алдындағы қадірі де кетеді. Ал ел ондай Парламенттен үлкен өзгеріс күтпейді.
– Бір мандатты округтерден сайланған депутаттарға қоғам үлкен үміт артты ғой. Олар халықтың нақты сөзін жеткізіп, заң сапасын жақсартып, Парламентке сенімді күшейтуі тиіс еді. Олар осы үмітті ақтады деп санайсыз ба?
– Мен бұл мәселеде де тым әсіре үмітке бой алдырмау керек дер едім. Бір мандатты округтен келді екен деп, әлгі депутат автоматты түрде тәуелсіз, батыл, халықшыл тұлғаға айналып кетпейді. Олардың ішінде де жергілікті билікпен, түрлі ықпал топтарымен санасып келгендер бар. Яғни сайлау форматы өзгерді екен деп, саяси мазмұн бірден жаңарып кетпейді. Заң сапасын арттыру үшін депутаттың сайлану жолынан бөлек, оның кәсіби салмағы, азаматтық ұстанымы, саяси табандылығы қажет. Егер осы қасиеттер болмаса, бір мандатты депутаттың да ықпалы шамалы болады. Ал халық сеніміне келсек, ол өте нәзік дүние. Сенім жарнамамен емес, нәтижемен келеді. Өкінішке қарай, мұндай жағдай сирек.
Сондықтан бір мандаттылар Парламентті түбегейлі өзгертіп жіберді деу қиын. Олардан үлкен саяси серпіліс байқалды деп те айта алмаймын.
- Тақырыпқа орай: Депутаттар портреті. Бақытжан Базарбек. Парламенттегі өткір үн
– Сайлауалды уәделер, халықтың несие жүктемесін азайту, активтерді қайтару секілді өткір мәселелерде Парламент қандай нәтиже көрсетті? Жалпы, сіз бүгінгі Парламентке қандай баға берер едіңіз?
– Сайлауалды уәделердің едәуір бөлігі саяси науқан кезінде айтылған әдемі сөз күйінде қалып қояды. Ол кезде бәрі ауыз толтырып айта береді. Депутаттық мандатқа қолы жетіп, «креслосына» отырған соң, көпшілігінің үні басқа арнаға бұрылып кетеді. Халыққа жақын көрінген адам ертең билік мінберіне шыққанда жүйенің ыңғайына жығылады. Бәрі «популизм» дей ме, соған саяды. Бұл – біздің саяси өмірдегі ең өкінішті көріністің бірі.
Халықтың несие жүктемесін азайту, банктерге ықпал ету, әлеуметтік әділеттілікті күшейту, заңсыз шығарылған активтерді қайтару – бұлардың бәрі ел үшін аса маңызды тақырыптар. Бірақ осы бағыттарда Парламент көпшілік күткендей шын серпіліс жасады деп айта алмаймын. Қоғамға жұбату айтылғанымен, нақты нәтиже көңіл көншітпейді. Активтерді қайтару бойынша да ел күткен межеге жеткен жоқпыз. Халықтың тұрмысын жеңілдететін, оның иығындағы қарыз қамытын нақты босататын ауқымды заңдар қабылданды деу қиын.
Сондықтан мен бүгінгі Парламенттің пайдасын шектеулі деп бағалар едім. Ол әлеуетті институт болғанымен, сол әлеуетін толық аша алмай отыр.