Депутаттар портреті. Бақытжан Базарбек. Парламенттегі өткір үн
NEGE редакциясы ел назарындағы «халық қалаулыларының» саяси портретін сипаттауды жалғастырады. Біздің шолуымыздың кезекті кейіпкері – депутат Бақытжан Базарбек.
Астана, NEGE. Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек соңғы жылдары жер дауы, заңсыз құрылыс, банк ықпалы мен бюджет қаржысының жұмсалуы сияқты күрделі мәселелерді өткір көтерген саясаткер ретінде танылды. Оның мәлімдемелері жиі дауға ұласқанымен, ол көпшілік жадында жүйедегі түйткілдерді ашық айтатын, шегінуді білмейтін депутат бейнесімен орнықты.
БАҚЫТЖАН БАЗАРБЕК КІМ?
Бақытжан Базарбек 1981 жылы Тараз қаласында дүниеге келген. 2002 жылы Қазақ мемлекеттік заң университетін заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған. Кейін білімін жалғастырып, 2013 жылы Мәскеудегі «МИРБИС» халықаралық жоғары бизнес мектебінде мұнай-газ саласының экологиялық менеджменті бағыты бойынша MBA дәрежесін алған. Бұған қоса, ол құқық, экономика және іскерлік әкімшілендіру салаларында магистрлік дайындықтан өткен.

2023 жылдың наурызынан бастап Мәжілістің VIII шақырылым депутаты. Бір мандатты жүйе бойынша Алматы қаласынан сайланған. Парламент мінберіндегі сөзі де, желідегі ұстанымы да көбіне бір арнаға тоғысады. Сөзі өткір, пікірі тура, ойын айтудан тайсалмайды. Базарбектің бұл мінезі қолдаушылар үшін оны «принципшіл» депутат ретінде танытса, қарсыластары үшін талас тудыратын саясаткерге айналдырды.
ЖЕР, ҚҰРЫЛЫС, БАНКТЕР: БАЗАРБЕК КӨТЕРГЕН БАСТЫ МӘСЕЛЕ
Бақытжан Базарбек депутат ретінде көбіне жер мен құрылыс саласына қатысты мәселелерді көтереді. Ол мегаполистердегі заңсыз нысандарды бірнеше рет сынға алып, кейбір тұрғын үй кешендерін бұзу қажет екенін айтқан. Ерменсайдағы заңсыз таунхаустардан бастап, Алматының тау бөктеріндегі құрылыстарға дейінгі мәселелерді Парламентте көтеріп жүр.

Тау бөктері демекші, жазда каникулда жүріп құқықбұзушылықтарды тізіп шыққан Базарбек Алматыдағы заңсыз иемденілген 900 гектарға жуық жер туралы әлеуметтік желіде жазды.
«Бас прокуратура тексеріс ашпағаннан соң "Жер аманаты" республикалық жер комиссиясы аясында өзім арнайы комиссия құрып, аталған жерлерге әріптестерім Ерлан Стамбеков, Сергей Пономарев және Алматы қаласы жер ресурстарын басқару Департамент басшысы Ержан Ташпенбетовпен, "Аманат" партиясы өкілдерімен, барып қайттық. Аталған тау бөктері мен орманмен қамтылған 860 гектар жердің иесі белгілі МВД генералы-майоры Павел Максимович Новиков болып шықты», – деп жазды депутат әлеуметтік желіде.

Бақытжан Базарбектің айтуынша, Алматының ең шұрайлы, тау етегіндегі жерлерін «ескі Қазақстанның» алпауыттары заңсыз иемденген.
«Бұл жерлердің артында қарапайым адам тұрған жоқ. Мысалы, Болат Назарбаев, Forbes тізіміндегі кәсіпкерлер, сол сияқты бұрынғы президенттің қарамағындағы ел басқарған шенеуніктерге тиесілі жерлер бар! Заң алдында барлығы бірдей!», – деп жазды депутат Facebook парақшасында.

Халық қалаулысы құрылыс саласына да аса ден қояды. Оның айтуынша, бейберекет салынған құрылыс жұмыстарына заңдағы күмәнді түзетулер, әкімдіктердегі жемқор тәжірибе және бақылаудың әлсіздігі жол ашқан. Сол себепті депутат жаңа Құрылыс кодексі, ең алдымен, адал емес құрылыс компанияларының жолын кесуі керек деп есептейді. Бұл ұстанымын ол бір сөзінде бүкпесіз білдірген.
«Құрылыс салушылар еркінсіп кетті, олар заңды белшесінен басып жатыр. Кезінде еліміздің қаржы-мәдени орталығы саналған Алматы қазір үлкен құрылыс аумағына айналып кетті. Астанада, Шымкентте, Оралдың сейсмикалық, сел және көшкін болу қаупі бар аймақтарында, Атырауда, Ақтауда және Ақтөбеде де жағдай осындай. Компаниялар сәулет-жоспарлау тапсырмасын алмай, эскиздік жобаны келіспей, жобалау-сметалық құжаттамасы жоқ, құрылыс жүргізуге рұқсат беретін хабарламасыз тұрғын үй кешендерін салып жатыр», – деген еді Бақытжан Базарбек.
Сондай-ақ, ол банк секторына қатысты да сын айтып жүрген депутаттардың бірі. Мәжілісменнің пайымынша, билік дәліздерінде банктердің мүддесін қорғайтын ықпал тым терең тамыр жайған. Оның өткен жылы «Билік дәліздеріндегі банктік лобби үйреншікті құбылысқа айналды» деген сыны қоғамда қызу талқыланған еді. Депутат «банктік құпия» деген желеумен кейбір тергеулерге тосқауыл қойылатынын, жер ресурстарын қайтару ісі де осы себептен ілгерілемей отырғанын ашық мәлімдеді.
Бұдан бөлек Бақытжан Базарбек Мәжіліс мінберінде МӘМС пен денсаулық сақтау жүйесінде қордаланған мәселелерді де талай талқыға салған. Оның пікірінше, бұл салада бюджет қаржысының мақсатсыз жұмсалу қаупі жоғары. Осыған байланысты ол бұрынғы жоғары лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі туралы мәселе қозғады.
20 МЛН ТГ ЖАЛАҚЫ, КАЗИНОДАҒЫ ФОТО МЕН ЕСКІ ПӘТЕР
Бақытжан Базарбек ел жадында тек оң бастамаларымен ғана емес, тосын әрі «ойланбаған» сөздерімен де танымал. Күзде ол мәжіліс кулуарында жалақысы жайлы сөз қозғап, қалың қауымның қызу талқысына түсті.
«Жеке өз рөлімді толық атқарып жүрмін деп есептеймін және жеке өзімнің жалақым кемінде 20 млн болуы керек деп санаймын. Өйткені мен 20 млн тұратындай жұмыс істеп жүрмін», – деген еді.
Бұл пікір біреулерге астамшылық болып көрінсе, енді біреулер оны өз еңбегін жоғары бағалай білетін, ойын ашық айтатын адамның сөзі ретінде қабылдады.
Жасанды интеллект туралы талқылау кезінде де депутат тосын ұсыныс айтты. Ол мемлекеттік аппаратты ықшамдап, технология мүмкіндігін кеңінен пайдалануды қолдайтынын білдірген.
«Егер біздің мемлекеттік аппараттың 100 мың адамының кемінде 30%-ын жасанды интеллект алмастырса, мен бұған қуана қарар едім. Ал 15-30 жылдан кейін министрлер мен әкімдерді де жасанды интеллект алмастырса, мен тіпті ерекше қуанар едім», – деді Базарбек.
Көпшіліктің назарын аудартқан жайттардың бірі – оның казинода түскен суреттері.

Базарбек әлеуметтік желіде бұл фотолардың Мәжіліске сайланғанға дейін түсірілгенін жазып, өзін құмар ойыншы ретінде көрсету орынсыз деп ақталды. Оның айтуынша, бұл – өзіне жасалған ақпараттық шабуыл, жер мен құрылыс саласындағы бастамаларына кедергі келтіру мақсатында таратылған.
«Бұл – таза арандату, депутаттық қызметіме жасырын түрде кедергі келтіру», – деп баға берді.
Оған қатысты даулы ақпараттардың қатарында банк алдындағы берешегі мен тұрып жатқан баспанасы туралы деректер де бар.

Өткен жылдың соңында жұбайы Адель Әділова әлеуметтік желіде қызметтік пәтерін көрсетіп, көпшілікке шағын экскурсия жасаған видео жариялады. Ол отбасының бұл баспанада 2023 жылдан бері тұрып жатқанын айтып, пәтер депутаттарға берілетін қызметтік үй екенін түсіндірді. Бейнежазбада ескі жиһаз бен көптен бері жаңартылмаған интерьер көрсетілген.
Алайда бұл ролик әлеуметтік желіде бірден қызу пікірталас тудырды. Қысқа уақыт ішінде жүздеген мың қаралым жинаған видеоға қатысты пікір білдірушілер екіге бөлінді. Бірі мұны шынайы өмірді көрсету әрекеті деп қабылдаса, енді бірі көрсетілген пәтердің расында депутатқа тиесілі екеніне күмән келтіріп, түрлі болжам айта бастады. Кейбір қолданушылар тіпті қарапайым болып көріну үшін депутат әдейі пәтер жалға алған болуы мүмкін деген пікір де білдірді.
Ал Базарбек өзі де тек жалақыға күн көріп отырғанын айтып, бірнеше несиесі барын жасырмады.
«Мысалы, мен тіпті әуе билеттерін де бөліп төлеуге аламын. Қателеспесем, шамамен сегіз-тоғыз бөліп төлеуге алынған несием бар. Өйткені Алматыға барып-келіп, байланыста болып, халықпен кездесіп тұруым керек. Сондықтан жалақыны күтіп отырамыз. Мен бизнес саласынан келген адам емеспін, қарапайым заңгермін. Заңгерлік әрі соттағы тәжірибемді толық тоқтаттым. Сол себепті қазір тек жалақыға қарап отырмыз», – деді депутат.
Бұл мәлімдеме депутаттың өзін қоғамнан оқшау тұрған элита өкілі емес, күнделікті қаржылық жүктемені сезінетін қарапайым адам ретінде көрсетуге ұмтылысын аңғартқандай.
БАҚЫТЖАН БАҒЫНДЫРҒАН БЕЛЕСТЕР
Қорыта айтқанда, басқа әріптестері мен Алматыдағы сайлаушылары алдында Базарбектің мақтанышпен айтар нәтижелері бар. Оның бастамасымен Алматы қалалық Жер ресурстарын басқару департаменті тау бөктеріндегі аумақтарды тексеруге кірісті. Соның нәтижесінде заңсыз берілген 74 жер учаскесі анықталып, олардың 30-ына қатысты департамент сотқа талап-арыз түсірді.
Бұдан бөлек, ол жаңа Құрылыс кодексінің жобасын түбегейлі қайта қарауды талап етіп, құжат ең алдымен сейсмикалық қауіпсіздік талаптарын күшейтіп, құрылыс компанияларының ашкөздігін шектеуі тиіс екенін айтты. Нәтижесінде Мәжілісте жиі көтерілген бұл мәселе шешімін тауып, жаңа Құрылыс кодексі қабылданды. Ол 1 шілде күшіне енеді.