Еңбек министрлігі: Зейнетақы жинақтары кез келген уақытта алып жұмсайтын депозит емес
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мерзімінен бұрын алуға қатысты өзгерістердің негізгі мақсатын түсіндірді. Негізгі мәні – азамат бүгін жинақтың бір бөлігін пайдаланса да, қартайғанда өмір сүруіне жететіндей қаражаттың шотында сақталуын қамтамасыз ету.
Астана, NEGE. Министрлік зейнетақы жинақтары ең алдымен адам зейнетке шыққаннан кейінгі тұрақты табыс көзі болуы тиіс екенін ескертті.
«Бұл қаражатты кез келген уақытта алып жұмсайтын депозит ретінде қарастыруға болмайды. Әсіресе, болашақ зейнетақысы мемлекеттен төленетін базалық төлем мен өздерінің жинақтарына негізделетін жас қазақстандықтар үшін бұл қаржыны сақтау аса маңызды», – деп ескертті министрлік.
Қазіргі қолданыстағы әдістеме бойынша азаматтар жинақтың жеткіліктілік шегінен асатын бөлігін ала алады. Алайда бұл тәсіл көбіне «мінсіз» сценарийге негізделген. Яғни азамат зейнет жасына дейін тұрақты түрде міндетті зейнетақы жарналарын аударып, қажетті соманы толық жинайды деп есептеледі. Ал өмірдегі нақты жағдайлар, мысалы, табыстың тұрақсыздығы немесе жұмыссыздық кезеңдері ескерілмейді.
Сондай-ақ соңғы үш жылда ең төменгі жеткіліктілік шегінің қайта қаралмауы да өзгерістер енгізуге себеп болды.
Осыған байланысты министрлік экономикалық тұрғыдан негізделген (актуарлық) жаңа есептеу әдістемесіне көшіп жатыр. Енді есептеулерде күтілетін өмір сүру ұзақтығы, инвестициялық табыс және болашақ төлемдердің мақсатты деңгейі ескеріледі.
Мысалы, 46 жастағы салымшының шотында 11 млн теңге бар делік. Оның жасына сәйкес жеткіліктілік шегі – 7,8 млн теңге. Бұл жағдайда ол 3,2 млн теңгені шешіп ала алады.
Алайда осы соманы алса, болашақта Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан алатын ай сайынғы төлемі ең төменгі деңгейде қалыптасады (қазіргі есеп бойынша – ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ы, шамамен 35,6 мың теңге).
Ал егер жинақтағы қаражатты сақтап қалса, болашақтағы зейнетақысы шамамен 2–2,5 есе жоғары болуы мүмкін.
6 сәуірде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Ашық НҚА порталында жаңа қаулы жобасын жариялады. Құжатқа сәйкес, елде зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегін есептеу тәртібін өзгерту жоспарланып отыр. Яғни, азаматтардың болашақта тұрақты зейнетақы алуы үшін шоттарында қалуы тиіс ең төменгі сома қайта қаралмақ. Алайда бұл бастама қоғам тарапынан қолдау таппады. Қаулы жобасын шамамен 4,5 мың адам қарап шыққанымен, бірде-бір оң дауыс берілмеген.