Еуропалық Одақ қытайлық Temu, Shein және басқа маркетплейстеріне айыппұл салуы мүмкін
Қытайдың Temu, Shein және басқа да маркетплейстеріне Еуропалық Одақ аумағында сапасыз тауар сатқаны үшін айыппұл салынуы мүмкін.
Еуропалық комиссия мен Еуропа кеңесі ЕО Кеден одағын реформалау жөнінде келісімге келді. Енді шетелден, соның ішінде Қытайдан келетін арзан сәлемдемелерге салық салынады, ал сапасыз тауар сатқан маркетплейстерге қомақты айыппұлдар салынбақ. ЕО өкілдері бұл жаңашылдықтарды Shein, Alibaba және Temu басшылығымен тікелей талқылауды жоспарлап отыр.
Келісім туралы баспасөз хабарламасы Еурокомиссияның сайтында жарияланды. Онда ЕО Кеден одағын реформалау Еуроодақ елдеріне «халықаралық сауданың тез өзгеріп жатқан жағдайына бейімделуге» мүмкіндік беретін маңызды әрі дер кезінде жасалған қадам екені айтылған.
Еуропалық комиссия жариялаған зерттеуде Еуроодаққа импортталатын косметиканың, тағамдық қоспалардың және жеке қорғаныс құралдарының 65%-ға жуығы қауіпсіздік талаптарына сай келмейтіні айтылған.
Көбіне сапасыз, тіпті қауіпті тауарларды Temu мен Shein платформалары сатқаны анықталған. Бұл маркетплейстерде құрамында ауыр металдар бар әшекейлер, өрт қауіпсіздігі талаптарын өрескел бұзатын электроника және сапа стандарттарына сәйкес келмейтін өзге де өнімдер табылған.
Мәселені шешу үшін ЕО билігі бірқатар шара қабылдады:
- ЕО елдеріне тауар жеткізетін онлайн-платформалар импорттаушы ретінде қарастырылып, өнім қауіпсіздігі үшін жауапты болады. ЕО-дағы өнімдердің қауіпсіздігі ережелері мен талаптарын бұзған компанияларға алдыңғы 12 айдағы ЕО-дағы жалпы сату көлемінің 1%-дан 6%-ға дейінгі сомада айыппұл салынуы мүмкін. Сондай-ақ мұндай айыппұлдар салық пен баж төлеуден жалтарғандарға да қолданылады.
- 2026 жылғы 1 шілдеден бастап ЕО шетелден келетін арзан сәлемдемелерге 3 еуро көлемінде тұрақты салық енгізеді. Бұл – ЕО 150 еуродан төмен тауарлардың бажсыз импортын біржола алып тастау туралы шешім қабылдағанға дейін әрекет ететін уақытша шара.
- 2026 жылғы 1 қарашадан кешіктірмей ЕО тауарларды өңдеу үшін қосымша алым енгізуді жоспарлап отыр.
«Алым мөлшері табысталған актімен белгіленеді және кеден органдарының тауарларды өңдеу кезінде жұмсайтын ең төменгі шығындарына негізделеді. Бұл шығындар IT-ресурстар мен еңбек ресурстарын қамтиды, соның ішінде деректерді тексеру, тәуекелдерді талдау және қажет болған жағдайда құжаттық әрі физикалық бақылау жүргізу бар», – делінген ресми баспасөз хабарламасында.
Жаңашылдықтарды түсіндіру және жаңа келісімдерге келу үшін ЕО делегациясы Бейжіңге барады. БАҚ мәліметінше, еуропалық заң шығарушылар Қытай үкіметі мен нарықты реттеуші органдардың өкілдерімен, сондай-ақ Shein, Alibaba және Temu компанияларының басшылығымен кездеседі.
Айта кетейік, Қазақстанда Temu және басқа да шетелдік маркетплейстердің жергілікті компанияларға қарағанда көбірек артықшылыққа ие екені жайлы пікірлер айтылып жүр. Себебі олар тек «Google салығы» түріндегі ҚҚС төлейді, ал отандық бизнес толық көлемдегі салықтарды өтейді.