9 Ақпан 12:43
...

«Алып қашты»: TikTok-та видео жариялаған қыз айыппұл арқалады

қыз алып қашу
Фото: Алматы облысының соттары

Сот Алматы облысының тұрғынына 60 550 теңге айыппұл салды.

Астана, NEGE. Сот дерегінше, 2026 жылғы 15 қаңтарда К. есімді қыз TikTok әлеуметтік желісінде өзін алып қашқанын айтып, бейнежазба жариялаған.

Сотта қыз өз кінәсін толық мойындап, бейнежазбаны көп қаралым жинау мақсатында салғанын, жасаған әрекетіне өкінетінін айтқан.

«Бұл бейнежазба әлеуметтік желі парақшасында таралып, қызды мәжбүрлеп некеге тұрғызу белгілері бар бейнематериал ретінде ұсынылған.

Іс материалдарын зерделей келе, сот азаматша К.-ның әрекеттерінде қылмыстық құқықбұзушылық белгілері жоқ, алайда әкімшілік құқықбұзушылық құрамы бар деген қорытындыға келді», – деп хабарлады Қарасай әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.

Сот қаулысымен қыз ӘҚБтК-нің Жалған ақпарат орналастыру, тарату бабы бойынша кінәлі деп танылды. Оған 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл белгіленді.

Алайда сотта оның әкімшілік құқықбұзушылықты алғаш рет жасағаны және істеген ісіне өкінетіні ескеріліп, айыппұл сомасы 30 пайызға қысқартылған. Осылайша қыз 60 550 теңге айыппұл төлеуге міндеттелді.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.