9 Ақпан 16:38
...

Гимнаст қыздар мен Отбасы банк: Дариға Назарбаеваның бұған не қатысы бар?

Думан
Фото: instagram/duman_hotel

Көркем гимнастикадан Қазақстан құрамасының спортшылары мен олардың ата-аналары қыздардың ұзақ уақыт бойы жаттығып келген ғимараты «Отбасы банк» АҚ иелігіне өтетінін мәлімдеді.

Астана, NEGE. Соның салдарынан гимнаст қыздар кәсіби дайындыққа арналған залдан қағылған. Олардың айтуынша, қалада арнайы жабдықталған басқа зал жоқ.

«Отбасы банк» өкілдерінің түсіндіруінше, 2025 жылғы 18 шілдеде банк Қайтарылған активтерді басқару компаниясынан бұрынғы «Думан» қонақүйінің ғимаратын барлық үй-жайларымен және оған тиесілі аумақпен бірге заңды негізде сатып алған.

«Меншік құқығы банктің иелігіне өткеннен кейін ғимараттағы барлық пайдаланушыға меншік иесінің өзгергені және ғимарат банктің өз қажеттілігі үшін пайдаланатыны, сондай-ақ босату қажет екені хабарланды.

Қазақстан Республикасы заңнамасына және банктің құқықтық мәртебесіне сәйкес, "Отбасы банк" АҚ өзіне тиесілі мүлікті жалға беру арқылы кәсіпкерлік қызметпен айналысуға құқылы емес», – делінген банк хабарламасында.

Қаржы ұйымының мәлімдеуінше, 2025 жылғы 19 желтоқсанда «IZUMRUD» ЖШС-ге жалға алынған үй-жайларды 2026 жылғы 1 наурызға дейін босату қажеттігі туралы ресми хабарлама жіберілген. Мектеп 4 658 шаршы метр аумақты жалға алып отырған, оның ішінде үлкен зал – 3 369 ш.м., кіші зал – 1 289 ш.м. Үлкен залдың жалдау ақысы бір шаршы метрге 3 298 теңге, ал кіші залдың ақысы 2020 теңге болған.

Сондай-ақ банк өкілдері 2025 жылғы тамыз айынан бері мектептің жалдау ақысын төлемей келгенін, соған қарамастан үй-жайларды пайдаланып, онда коммерциялық қызмет жүргізгенін атап өтеді. Банк мәліметінше, мектептегі сабақтардың құны аптасына 28 мыңнан 43 мың теңгеге дейін жетеді.

26 қаңтарда жалға алушы тараптың өкілдері басқа спорт залымен келісімшарт жасасқанын және жұмысын сол жерде жалғастыруды жоспарлап отырғанын хабарлады.

Ал бұл жаңалықтың Дариға Назарбаева мен Қайрат Шәріпбаевқа қандай қатысы бар дегенге келер болсақ: Forbes деректеріне сәйкес, олар «Думан» қонақүйін 2014 жылы жекешелендірген, ал 2024 жылы бұл актив мемлекет меншігіне қайтарылған.