19 Қаңтар 15:31
...

Енді қиын болады. Банктердің алтын дәуірі НЕГЕ аяқталды?

bank
Фото: Nege.kz

2026 жылы банктер бұрынғыдай супер табыс алмайтын болады. Nege.kz есебінше, биылдан бастап банктердің таза кірісі 20-25 пайызға дейін төмендеуі мүмкін. Жаңа Салық Кодексі, минималды резервтік талаптардың артуы, кепілсіз кредиттерге деген барьердің күшеюі, ағымдағы шоттарға пайыздық өсім есептеуге шектеудің алынып тасталуы қосарлана келіп, банктер үшін суперкіріс заманын біржолата аяқтады.

Банктердің кірісін азайтатын ең бірінші фактор жаңа Салық Кодексі болып тұр. Құжатқа сәйкес, биылдан бастап банктер жеке тұлғаларға берілген кепілсіз несиеден келген проценттік түсімге 25% корпоративті табыс салығын төлейтін болады. Сонымен қатар, банктер негізгі табысты халыққа берілетін несиеден алып келгендіктен, енді кепілсіз несиеге мемлекет тарапынан қойылған шектеулер мұндай несие портфелін азайтып, табыстың кемуіне әкеледі.

bank
Фото: Nege.kz

2025 жылы Қазақстандағы банк секторының таза кірісі 2,7 триллион теңгеден асуы тиіс деп есептейміз. Себебі, 11 айдың статистикалық мәліметтері шыққан. Және оған сай 2025 жылдың 11 айында Қазақстандағы барлық банктердің ортақ таза табысы 2,5 триллион теңгені көрсеткен.

Қазір Қазақстанда 23 банк жұмыс істеп тұрғанын ескерсек, табыстың негізгі көлемі ТОП-5 тізіміне кіретін ірі банктердің еншісіне тиесілі.

Мысалы, 2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша Halyk bank-тің таза кірісі 897 миллиард теңге, Kaspi bank – 519 миллиард теңге, БанкЦентрКредит банкі – 227 миллиард теңге, ForteBank – 166 миллиард теңге, Alatau City Bank – 127 миллиард теңге болды.

Бұл – ортақ таза кірістің 77 пайызы.

bank
Фото: Nege.kz

Жыл соңына таман еліміздегі банктердің жиынтық активтері 68,3 триллион теңге, ал меншікті капиталы 10,4 триллион теңгеге дейін жеткен. Жалпы несие портфелі 39,4 триллион теңгені құрады. Соның ішінен, заңды тұлғаларға, яғни бизнеске 14,85 триллион теңге ғана кредит рәсімделген. Ал қалған 24,57 триллион теңге – халыққа берілген несие.

Демек, 2026 жылдан бастап халыққа кепілсіз несие беруді шектеу банктердің негізгі проценттік түсімін азайтады. Және сол EBITDA-ға баяғыдай 20% емес, енді 25% салық салынатынын ескерсек, банктердің таза кірісі кемі бестен біріне құлдырауы мүмкін.

Банктер үшін табысты дәуір артта қалды. Әрине, биыл да табыс болады. Бірақ оның көлемі 2023-2025 жылдардағы көрсеткішке жетпейтіні анық.

Банктер үшін соңғы соққы ағымдағы есепшоттар бойынша пайыз төлеуге қойылған шектеудің алынып тасталғаны болды. Бұрын ағымдағы есепшоттардағы қалдық қаржыдан клиенттерге пайыз төлеуге тыйым салынған еді. Яғни банктер клиенттердің шотта жатқан тегін ақшасын түрлі қазынашылдық операцияларда айналдырып, содан пайыздық табыс алып келген.

2024 жылы осы әдіспен банктер шамамен 900 миллиард теңге пайда тапты деген есеп бар. Енді бұл табыс көзі де айтарлықтай шектелмек.