9 Ақпан 15:28
...

Таразда әйел екі баласын терезеден лақтырып жіберген

терезе
Фото: freepik.com

Желіде тараздық әйелдің 2021 жылы және 2023 жылы туған екі баласын терезеден лақтырып жібергені туралы ақпарат тарады.

Астана, NEGE. Балалар түрлі жарақатпен Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілген. Бұл туралы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева хабарлады. 

«Таразда жас балаларын 5-қабаттың терезесінен лақтырып жіберген ана оқиғасы бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабының 3-бөлігі (Адам өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Өңірлік уәкіл балалардың жағдайымен танысты. Ұл баланың жағдайы қанағаттанарлық, қыздың жағдайы ауыр, сынықтары бар», – деп жазды балалар омбудсмені желідегі парақшасында.

Оның мәлімдеуінше, балалардың анасында бұған дейін ауыр депрессиялық жағдай анықталған, алайда ем толық аяқталмаған.

Зәкиеваның жазуынша, мұндай жағдайдың алдын алуға және балаларды қорғауға медициналық құпия кедергі келтіреді екен.

«Медициналық құпияға байланысты денсаулық сақтау органдары балалардың құқықтарын қорғау органдарына ауыр депрессиялық жағдай анықталған ата-аналармен бірге тұратын балалар туралы немесе психикалық денсаулыққа байланысты диагноздар бойынша есепте тұрған ата-аналар жөнінде хабарламайды.

Ондаған қатыгездік және кісі өлтіру оқиғасы көбіне осы жағдайға байланысты болады. Балаларды қорғау қызметін іске асыратын органдар қажет болған жағдайда барып тексеріп,  тиісті шаралар қабылдау үшін ақпарат алуы керек. Бұл мәселені заңнамалық деңгейде шешу қажет деп санаймын», – дейді ол.

Зәкиева балаларға қатысты зорлық-зомбылық бойынша күн сайын бес қылмыс тіркелетінін айтады. Олардың 60–70 пайызы жақын туыстары – анасы, әкесі немесе баланың жақын ортасындағы өзге адамдар тарапынан жасалады екен.

«Мұндай қауіптер мен қылмыстарды анықтау өте қиын, өйткені олар үйдің ішінде, жабық есіктің артында болады», – деп түсіндіреді Динара Зәкиева.

Осыған байланысты соңғы екі жылда қабылданған заңдар аясында қауіп-қатерді және осындай фактілерді ерте анықтауға әрі отбасылармен жұмыс істеуге арналған түрлі құралдар мен тәсілдер енгізілген.

Нәтижесінде өткен жылы 29 мың ата-ана тиісті міндеттерін орындамағаны үшін жауапқа тартылған, 1 126 адам ата-ана құқығынан айырылған, тағы 660 адамның құқығы шектелген.