Наурыздан бастап Отбасы банкте үйді үлестіру тәртібі өзгереді
2 наурыздан бастап Отбасы банк кезекте тұрған азаматтарға тұрғын үйді түгендеуден өткеннен кейін ғана үлестіреді.
Астана, NEGE. Енді инвентаризация тұрғын үй бөлу алдындағы алғашқы міндетті қадамға айналады, деп хабарлады банктің баспасөз қызметі.
Кезекте тұрған азаматтар жеке деректерді жинауға және өңдеуге келісім беріп, orken.otbasybank.kz порталында түгендеуден өтуі қажет. Бұл банкке деректерді жедел тексеріп, тұрғын үйді әділ бөлуі үшін керек.
«Түгендеу – кезекте тұрған азаматтардың мәліметтерін тексеру және нақтылау рәсімі. Ол қателерді болдырмауға, кезекте тұрған адамның қазіргі мәртебесін, отбасы құрамын, санатын, сондай-ақ меншігінде үйінің бар-жоғын нақты көрсетуге мүмкіндік береді.
Отбасы банк жүргізетін инвентаризация тұрғын үйді бөлу процесін ашық әрі әділ етеді. Пәтерлер кезекке бұрыннан тұрған және шынымен мұқтаж азаматтарға беріледі», – делінген хабарламада.
Банк өкілдерінің түсіндіруінше, кезекте тұрған азамат түгендеуден өтпесе, оны кезектен шығармайды. Алайда ол қанша уақыт кезекте тұрса да, тұрғын үйді бөлу процесіне қатыса алмайды. Түгендеуден өтпеген жағдайда банк оған жалдамалы тұрғын үйді де, сондай-ақ 2% және 5% мөлшерлемесімен жеңілдетілген несие арқылы пәтер сатып алу мүмкіндігін де ұсына алмайды.
Бастапқы кезеңде, Отбасы банк тұрғын үйді бөлу бойынша жаңа функцияны енді іске асыра бастағанда, уақытша шешім қабылданып, тұрғын үй түгендеуден өтпеген кезекте тұрған тұрғындарға да үлестіріліп келген.
«Пәтер бөлінгеннен кейін кезекте тұрған азамат міндетті түрде түгендеуден өтуі тиіс болды, тек содан кейін ғана тұрғын үйді рәсімдеу процесі басталатын. Кей жағдайда инвентаризация барысында азаматтың бұрыннан тұрғын үй сатып алғаны анықталып, оның енді тұрғын үйге мұқтаж емес екені белгілі болатын. Ал кейбір отбасыларда отбасы құрамының өзгеріп, балалары көбейгені анықталатын, бірақ оларға ауданы кішірек пәтер бөлінген жағдайлар да болды», – дейді Отбасы банктің баспасөз қызметі.
Мұндай жағдайлардың барлығында тұрғын үйді бөлу процесін қайта бастауға тура келген.