ҰҚШҰ саммитіндегі «құпия» ақпарат шындыққа жанаса ма?
Бішкекте өткен ҰҚШҰ саммитіне қатысты тараған даулы ақпарат өңірлік саясатқа қатысты жаңа сұрақтарды алға шығарды. Ресми түрде расталмаса да, бұл мәлімет Қазақстанның көпвекторлы саясаты мен ҰҚШҰ ішіндегі күштер тепе-теңдігіне қатысты қызу пікірталас туғызды.
Астана, NEGE. Ресейлік «Поклонники Михалкова» Telegram-арнасының жазуынша, Бішкекте өткен ҰҚШҰ-ның жуырдағы саммиті кезінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алдын ала бекітілген күн тәртібі мен рәсімнен тыс бастама көтерген. Ол жабық режимде Владимир Путиннің Украинадағы әскери қақтығысты реттеу жөніндегі Ресей–АҚШ келіссөздерінің барысы туралы баяндамасын тыңдауды, саммит қорытындысы бойынша қабылданатын резолюцияға Ресейдің келіссөз ұстанымын бірауыздан қолдау туралы тармақ енгізуді ұсыныпты-мыс.
Аталған ақпаратты ресми органдар растамады. Дегенмен бұл жарияланым қоғамда талқыға ұласты.
САРАПШЫЛАР КҮМӘНМЕН ҚАРАЙДЫ
Осы орайда Nege.kz редакциясы қазақстандық саясаттанушы, халықаралық қатынастар жөніндегі сарапшы Риззат Тасыммен тілдесіп, пікірін білді.

– Риззат мырза, бұл ақпарат қаншалықты шындыққа жанасуы мүмкін? Мұндай бастамалар ҰҚШҰ немесе ТМД саммиттерінің тәжірибесінде кездесе ме?
– Дипломатиялық тәжірибеде алдын ала келісілмеген мәселелерді жиын барысында көтеру – кездесетін жағдай. Мемлекет басшысы немесе делегация жетекшісі сөз сұрап, белгілі бір мәселеге қатысты жеке пікір немесе ұсыныс білдіре алады. Егер қатысушылар тарапынан ашық қарсылық болмаса, мұндай сөзге рәсімдік кедергі туындамайды.
Алайда мұндай бастамалар шешім қабылдауға негіз болмайды. Белгілі бір ұсыныс күн тәртібіне енгізілмесе және алдын ала рәсімделмесе, ол тек пікір алмасу деңгейінде қалады. Сондықтан «Ресейді қолдайтын резолюция қабылданды» деген ақпарат шындыққа жанаспайды.
Сонымен қатар, Бішкектегі ҰҚШҰ саммитінің ресми қорытынды декларациясында Палестина–Израиль мәселесі, Әзербайжан–Армения қатынастары, Ауғанстандағы жағдай қамтылғанымен, Ресей–Украина қақтығысына қатысты бірде-бір тармақ болған жоқ. Сондықтан бұл тақырып тек ауызша, жабық форматта қозғалған болуы мүмкін.
– Егер мұндай эпизод шынымен орын алса, бұл Қытай–Ресей–Орталық Азия арасындағы геосаяси тепе-теңдікке қалай әсер етуі мүмкін? Ресей–АҚШ келіссөздерін ҰҚШҰ алаңында талқылау мүмкін бе?
– ҰҚШҰ – әскери-саяси қауіпсіздік ұйымы. Ресейді тікелей қатыстыратын кез келген өңірлік немесе жаһандық қауіпсіздік мәселесі бұл құрылым шеңберінде талқылануы – қалыпты әрі қисынды құбылыс.
Алайда Ресей мен АҚШ арасындағы екіжақты келіссөздерді ҰҚШҰ тәрізді көпжақты ұйым аясында қарастыру – өте сезімтал әрі күрделі мәселе. Себебі ұйымға мүше елдердің ұстанымы әртүрлі. Олардың барлығы бұл жанжалдың тікелей тарабы емес.
– Бұл жағдай Қазақстанның «көпвекторлы» сыртқы саясатымен қаншалықты үйлеседі? Қандай қауіптер болуы мүмкін?
– Көпвекторлы саясат – Қазақстанның ұзақ жылдар бойы ұстанып келе жатқан стратегиялық бағыты. Бұл қандай да бір державаны біржақты қолдаудан бас тартып, барлық серіктеспен тең, прагматикалық қатынас орнатуға негізделген.
Қазақстан халқы да, саяси элита да осы ұстанымның ел қауіпсіздігі үшін маңызды екенін жақсы түсінеді. Сондықтан Қазақстанның Ресей, Қытай немесе Батыс елдерінің бірін ашық әрі сөзсіз қолдай бастауына қоғамның өзі де күмәнмен қарайды. Сол себепті көпвекторлы саясат сақталады, тек уақыт талабына сай бейімделіп, жетілдіріліп отырады.
– 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ҰҚШҰ Бас хатшысы міндетін 3 жылға Қырғызстан өкілі Таалатбек Масадықов атқаратын болды. Бұл тағайындауға көзқарасыңыз қандай?
– Иманғали Тасмағамбетов Бас хатшы ретінде тепе-теңдікті сақтауға, ұйымды «НАТО-ға қарсы блок» ретінде ашық сипаттаудан аулақ ұстауға күш салды. Оның тұсында ұйым басқа халықаралық құрылымдармен өзара іс-қимылға көбірек мән берді.
Ал Масадықовқа келетін болсақ, оған жағдай қиынырақ тиетін сияқты. Себебі ұйым төрағалығы Ресейге өтті және Мәскеу әскери әлеуетті күшейту, ұжымдық күштерді қайта қаруландыру, ресейлік техникаға көшу бағытында белсенділік танытып отыр.
Бұл басқа мүшелерге, соның ішінде Қазақстан мен Қырғызстанға белгілі бір қысым тудыруы мүмкін. Лукашенконың өзі де ұйымдағы негізгі түйткілдер сыртқы қауіптен емес, ішкі келіспеушіліктерден туындап отырғанын ашық айтты.
Ресей үшін ҰҚШҰ – ықпалын көрсету алаңы болса, Қазақстан үшін – қауіпсіздік және диалог құралы. Сондықтан негізгі мәселе – ұйымның бағыты мен миссиясын барлық тарапқа ортақ, теңгерімді форматта сақтап қалу.

Аталмыш мәселеге бойынша саясаттанушы Дос Көшімнің де көзқарасын білдік. Сарапшының айтуынша, расында кейбір мәселелердің жабық отырыстарда көтерілуі – қалыпты тәжірибе. Дегенмен, оны толықтай құпия сақтап қалу қиын.
Дос Көшімнің пікірінше, егер мұндай ақпарат расымен жарияланып кетсе, бұл ҰҚШҰ елдерінің Ресейге ашық қолдау білдіріп отырғаны ретінде қабылдануы мүмкін. Ал бұл халықаралық деңгейде үлкен саяси тәуекел тудырады.
«Путиннің жеке сөзін тыңдау — оған қолдау білдіру ретінде қабылдануы мүмкін. Бұл — үлкен тәуекел. Сондықтан бұған не Тоқаев, не ҰҚШҰ-ның басқа басшылары барады деп ойламаймын», – деп есептейді ол.
Сарапшының айтуынша, Путин қандай да бір бастама көтеруі мүмкін, ал саммитке қатысқан ел басшылары, соның ішінде Қазақстан президенті де, өз пікірін білдіруі ықтимал. Бірақ бұл пікірлер өте сақ әрі бейтарап сипатта болуы тиіс.
«“Иә, біз Ресейді толық қолдаймыз” деген мазмұнда болмайды. Өйткені Қазақстан жақында АҚШ президентімен кездесті, оған дейін Қытай басшылығымен жүздесті. Егер Қазақстан Ресейді ашық қолдайтын мәлімдеме жасаса, бұл біздің көпвекторлы саясатымызға қайшы келер еді», – дейді Дос Көшім.
Айта кетейік, әзірге Бішкектегі саммитте мұндай мәселе көтерілгені жөнінде ресми растау да, жоққа шығару да болған жоқ. Дегенмен, сарапшылардың басым бөлігі бұл дерекке сақтықпен қарау қажет екенін айтады.