Алу мен беру. Қазақстанның даму банкі НЕГЕ топырлатып несие беруде?
Мемлекетке қарасты «Қазақстанның даму банкі» акционерлік қоғамы 2025 жылдың аудиттелген есебін жариялады. Шоғырландырылмаған есепке сай, банк кредиттік портфелін 4 триллион теңгеге жеткізудің сәл алдында тұр. Активтерінің 58% үлесін несиелер құраған.
ҚДБ үшін 2025 жыл орташа деңгейде өткенін көреміз. Банк ірі бизнес жобаларына мемлекет тарапынан субсидияланған жеңіл кредиттер бере отырып, сол арқылы экономиканың дамуына тікелей ықпал етеді. Ұйымның былтырғы таза кірісі 120 миллиард теңгені құрады. Бұл 2024 жылғы көрсеткішпен салыстырғандай айтарлықтай көп емес. Шамамен 4 миллиард теңгеге ғана артық.

Қазақстанның даму банкінің активтерінің көлемі 6,3 триллион теңгеге жетіп отыр. Осының 3,9 триллион теңгесін банктің кредиттік портфелі құрайды. Банк былтыр клиенттеріне 1,2 триллион теңге кредит берген. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Осы қаржының көбі екінші деңгейлі банктер арқылы түрлі жобаларды қаржыландыруға бағытталды.
-
Тақырыпқа орай: Елібаевтың 10 досы. «Қазақстан даму банкінің» олигархтармен ойыны НЕГЕ біреулер үшін қайғылы аяқталуы мүмкін?
Биылғы жылдың басында ҚДБ-дағы қарызы банктің меншікті капиталының 10%-ынан асатын алты ірі борышкер болған. Осы алты ірі борышкердің жалпы қарызы 2,6 триллион теңгеден асып отыр. Қарыздардың тең жартысынан астамы BBB- пен BBB+ аралығындағы сыртқы рейтингтері бар ұйымдарға берілгенін ескерсек, бұл клиенттердің көбіне екінші деңгейлі банк болғанын түсінеміз.

Даму банкінің LGD деңгейі 58 пайызды құрап отыр. Бұл нашар көрсеткіш емес, бірақ проблемалық кредиттері бар. Токсик активтерінің көлемі 100 миллиард теңге шамасында. Ол, өз кезегінде, провизия ретінде кемінде 140 миллиард теңге резервте ұстауды талап етеді.
Оның үстіне, ҚДБ пайда тапса да, мемлекет бәрібір қосымша капитал құйып отыруға мәжбүр. Себебі кредиттік портфельдің қарқынды өсуі Қазақстан даму банкін нарықтан көбірек қарыз алуға итермелейді.
Банк бір жылда шамамен 1 триллион теңгеге қарыз облигацияларын орналастырды.
Қаржы институттарынан алған тікелей қарызы 2024 жылмен салыстырғанда 300 миллиард теңгеге артып, 1,1 триллион теңгені құрады.
2025 жылы Қазақстан даму банкінің әкімшілік шығыны 11,6 миллиард теңгені құрады. 2024 жылмен салыстырсақ, бұл 2 миллиард теңгеге көп. Негізінен шығын еңбекақы қорының ұлғаюымен және іссапар шығындарының көбеюімен байланысты болды. Ал компания басшылары былтыр жалақы, сыйақы, демалыс ақысы түрінде 764 миллион теңге алған екен.