Депутаттар өз еңбегін қалай бағалайды?
NEGE тілшісі Мәжіліс кулуарында депутаттармен тілдесіп, олардың Парламенттегі атқарған жұмысына өздері қандай баға беретінін сұрады.
Астана, NEGE. 8-шақырылымдағы Парламент 2023 жылғы 29 наурызда жұмысын бастаған болатын. 2026 жылғы 1 шілдеде олардың өкілеттігі аяқталады, ал тамыз айында бірпалаталы Құрылтайға сайлау өткізу жоспарланып отыр.
Осыған орай тілшіміз Мәжіліс дәлізінде депутаттармен тілдесіп, олардың өз жұмысына және мүше болып отырған партия фракциясының қызметіне қандай баға беретінін сұрады. Көбі «өзіме өзім төреші бола алмаймын» деп ашық жауап беруден тартынды.
Азат Перуашев: Біз өз міндетімізді абыроймен атқарып келеміз

«Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашевтің айтуынша, партия өз сайлаушыларының алдында жүзін тайсалмай көрсете алады. Ол халыққа берілген уәделердің басым бөлігі орындалғанын, сондай-ақ Үкімет есептеріне жиі сын айтып, қарсылық білдіріп отырғанын атап өтті.
Сонымен қатар, ол Салық кодексі мәселесінде «Ақ жолдың» ұстанымы өтпей қалғанын айтып, жүзеге аспай қалған тұстарды да жасырмады.
«“Ақ жол” партиясы өз сайлаушыларының алдында ашық. Бізге жүктелген міндетті абыроймен атқарып келеміз деп ойлаймын. Мәселен, әріптесіміз Ерлан Барлыбаев айтқандай, біз Парламентте кәсіпкерлерді қылмыстық жауапкершіліктен босату мәселесін он жыл бойы көтердік. Соның нәтижесінде бұл ұсыныстар қабылданды. Қазір Салық кодексі бойынша да дау бар. Басқа партиялар қолдағанымен, “Ақ жол” қарсы дауыс берді. Кодекс қабылданса да, біз өз ұстанымымыздан тайған жоқпыз. Мұны кейбіреулер орындалмаған міндет деп бағалауы мүмкін.
Ал алдағы сайлауда қанша дауыс жинайтынымызды, қанша орын алатынымызды сайлаушылар шешеді», – деді депутат.
Ирина Смирнова: Жоспарымыздың басым бөлігін орындадық

«Қазақстан халық партиясының» мүшесі, депутат Ирина Смирнова әріптестерімен бірге атқарған жұмысының нақты нәтижелерін атап өтті. Оның айтуынша, үш жыл ішінде сайлауалды уәделердің басым бөлігі орындалған.
«Депутаттық мерзім бес жыл болса, оның әзірге үш жылы ғана өтті. Соның өзінде едәуір жұмыс атқарылды.
Мәселен, біз ең төменгі жалақыға қатысты Халықаралық еңбек ұйымының конвенциясын ратификациялау қажет екенін көтерген едік. Бұл оңай болған жоқ: бірнеше депутаттық сауал жолдадық, Ұлттық экономика министрлігімен кездестік. Ақыры бұл мәселе қолдау тауып, конвенция ратификацияланды. Қазір ең төменгі жалақы – 85 мың теңге. Жуырда вице-министр оның мөлшерін шамамен 150 мың теңгеге дейін көтеру мәселесі қаралып жатқанын айтты. Егер бұл бастама жүзеге асса, бұл миллионнан астам адамға әсер етеді.
Бұдан бөлек, білім беру саласында да бірқатар бастамаларымыз жүзеге асты. Балабақшамен қамту, мектептердің тең қолжетімділігі, қосымша білім беру, соның ішінде әр балаға ваучер беру мәселелері ілгеріледі. Ауылдық денсаулық сақтау саласында 600 амбулатория салынып, жабдықталды. Мемлекеттік және жекеменшік білім беру мен медицина ұйымдарына тең жағдай жасау бағытында да белгілі бір қадамдар бар. Жалпы жоспарларымыздың шамамен 70 пайызы орындалды деп айта аламын. Уақыт әлі бар», – деді ол.
Өзінің болашағына қатысты ол «партия қалай шешсе, солай болады» деп қысқа қайырды.
«Жеке жұмысымды бағаласам, балаларға паллиативтік көмек көрсету мәселесімен айналысқанымды маңызды жетістік деп есептеймін. Бұл – бұрын назардан тыс қалған, өте өзекті сала. Қазір осы бағыттың құқықтық негізі қалыптасты. Жуырда Президент “Қазақстан халқына” қорының басшысымен кездескенде, дәл осы мәселе де көтерілді. Егер мен келесі құрамда болмасам да, осы істің алға жылжуына үлес қосқаным мен үшін маңызды», – деді Ирина Смирнова.
Айтуар Қошмамбетов: Партия бағдарламасының 50 пайыздан астамы орындалды

Айтуар Қошмамбетов Respublika фракциясының сайлауалды бағдарламасында берілген уәделерге тоқталып, жоспардың жартысынан астамы орындалғанын айтты. Оның сөзінше, соңғы үш жылда әсіресе шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған бастамаларға басымдық берілген.
«Сайлауалды уәделерге келсек, партия бағдарламасының 50 пайыздан астамы орындалды деп есептеймін. Мысалы, мен өзім 15 депутаттық сауал жолдадым. Олардың 90 пайыздан астамы шағын және орта бизнеске қатысты болды. Атап айтқанда, Салық кодексі, ұлттық тауарлар каталогы, отандық өндірушілердің тізілімі сияқты мәселелер көтерілді. Көптеген мәселе оң шешімін тауып, енгізу барысында туындаған қиындықтарды да бірге еңсеріп келеміз», – деді Қошмамбетов.
Сонымен бірге ол салық саясатына қатысты кей ұсыныстардың өтпей қалғанына өкініш білдірді.
«Мысалы, жеңілдетілген салық режимін сақтап қалдық, бірақ осы режимдегі кәсіпкерлердің жалпы режимдегі кәсіпкерлермен еркін жұмыс істеуіне қойылған шектеулерді алып тастай алмадық. Бұл 400 мыңға жуық кәсіпкерге кері әсер етіп отыр. Бұл мәселе әлі де өзекті.
Өз жұмысыма көңілім толды немесе толмады деп кесіп айта алмаймын. Өкінішті тұстары да болды. Менің көтеріп жатқан мәселелерім ауқымды, үлкен, көп адамның құқықтарына, шағын және орта бизнеске байланысты. Сондықтан мұны шешу қиынға түсіп жатыр, қолдаушылар да аз», – деді мәжілісмен.
Депутат ретінде жұмысын жалғастырып жатса, кәсіп жүргізуге қатысты бастамаларды аяғына дейін жеткізбек ниеті бар.
«Қазір Respublika партиясы фракциясындамын. Бұл менің алғашқы партиям, сондықтан осы құрамда жұмыс істеуге дайынмын. Ұсынса, келесі сайлауға қатысамын. Қалғым келеді», – деді ол.
Қарақат Әбден: Мен өзіме ешқашан толық қанағаттанбаймын

«Ауыл» партиясынан сайланған депутат Қарақат Әбден де өзін мақтаудан аулақ екенін айтты. Оның сөзінше, нақты бағаны тек сайлаушылар береді, бірақ партия сайлаушыларға берген уәдесін толықтай дерлік орындаған.
«Көтерілмеген мәселе жоқ. Өз жұмысымызға бағаны өзіміз емес, сайлаушылар беруі керек. Өзімізді мақтау дұрыс емес. Оны халық бағалайды. Бірақ рейтингке, әлеуметтік желідегі пікір мен статистикаға көз жүгіртсек, біз өте жақсы деңгейдеміз.
Ал өзіме келетін болсақ, мен өз-өзіме ешқашан толық қанағаттанбаймын. Көтерген бастамалардың шамамен 75 пайызы орындалды. Қалғаны қаржы мен бюджетке байланысты тоқтап қалды. Дегенмен жұмыс тоқтаған жоқ, әлі де жалғасып жатыр
Ең бастысы – абыроймен жұмыс істеу», – деді ол.
Депутат өзін «солдатқа» теңеп, партия қажет деп тапса, депутат ретінде қызметін жалғастыруға дайын екенін жеткізді.
Жанарбек Әшімжан: Сайлауалды бағдарламаның 90–95 пайызын жүзеге асырдық

AMANAT партиясының мүшесі, депутат Жанарбек Әшімжан өз жұмысына қатысты «көңілім толады» деп, ең батыл баға берді. Сөзінше, өзі жауапты болған Алматы облысына қатысты мәселелердің 90–95 пайызы (ауыл шаруашылығы, жолға, денсаулық пен білім нысандарына қатысты) шешілген.
Оның пікірінше, қоғамдық-саяси кеңістікте де, Парламентте де жетекші фракция – осы AMANAT.
«Біздің партия сайлауалды бағдарламасының басым бөлігін жүзеге асырды деп айтуға болады. Жол картасында бекітілген мәдениет, руханият, экономика, ішкі және сыртқы саясат, энергетика, мұнай-газ, денсаулық сақтау және әлеуметтік сала бойынша міндеттер орындалды.
Әрине, кейбір бастамалар бюджетке байланысты толық жүзеге аспай қалды. Әсіресе Салық кодексі төңірегінде талқылаулар көп болды, кәсіпкерлерден түскен ұсыныстарды әлі де қарастыруға болады. Бірақ жалпы еңбек қатынастары, инфрақұрылым және заңнамалық өзгерістер бағытында нақты нәтижелер бар», – деді Жанарбек Әшімжан.
Дегенмен, қайта сайлауға қатысу-қатыспау мәселесін уақыттың еншісіне қалдырды.
Нұрлан Әуесбаев: Сайлауалды бағдарлама – аз уақытта есеп беріп тастайтын құжат емес

Ал Жалпыұлттық социал-демократиялық партия мүшесі, депутат Нұрлан Әуесбаев пайызға сүйенбей, партиясының саяси бастамалары ұзақ мерзімді екеніне назар аударды. Оның айтуынша, сайлауалды бағдарлама – аз уақытта есеп беріп тастайтын құжат емес.
«Осы кезеңде партиямыз өз ұстанымдарын жүйелі түрде алға тартып, бірқатар бастамалардың мемлекеттік деңгейде талқылануына және күн тәртібіне шығуына ықпал етті. Бұл процесті нақты пайызбен өлшеуден гөрі, оның жүйелі ілгерілеуі тұрғысынан бағалаған дұрыс деп санаймыз», – деді Әуесбаев.
Дегенмен көңілге кірбің түсіретін тұстары да жоқ емес. Депутат жүзеге аспай қалған бағыттарға тоқталып, «шартты жер үлестері туралы» заң жобасы Үкіметтен қолдау таппағанын мысалға келтірді.
«Құжат әртүрлі себептермен Үкімет тарапынан қолдау таппады. Дегенмен партия әрі қарай заң жобасын пысықтап, оны жан-жақты жетілдіріп, алдағы уақытта құжаттың қабылдануына кедергісіз қол жеткізуге ниеттіміз.
Әрине, кез келген саяси жұмыста толыққанды жүзеге аспай қалған бағыттар болады. Бұл, ең алдымен, жалпы саяси ортаға, қабылданатын шешімдердің сипатына және түрлі факторларға байланысты», – деді ол.
Депутатты жеке карьерасына қатысты сауал да сырт айналып өтпеді. Ол Құрылтайда болатынын я болмайтынын партия шешеді деп қайырды.