USD
USD
USD

Жетісуда 35 елді мекенде 35 Ту бір мезгілде көтерілді

Жетісу облысында Мемлекеттік рәміздер күні салтанатты түрде аталып өтті. Негізгі шара ретіндегі Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай «35 ауыл – 35 Ту тұғыры» патриоттық акциясы аясында аудан-қалалардағы 35 елді мекенде бір мезетте телекөпір байланысы арқылы 35 жаңа ту тұғыры ашылып, Ту көтерілді.

Ту
Фото: Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

Астана, NEGE. Бұл ту тұғырлары жергілікті меценаттар мен кәсіпкерлердің қолдауымен орнатылды, деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыс көлемінде кеңінен атап өтілген патриоттық іс-шараларға жалпы саны 3,5 мыңға жуық адам қатысты, оның мыңнан астамы облыс орталығында жиналды.

Талдықорған қаласындағы «Жастар» саябағы алаңында биіктігі 92 метрлік ту тұғырында орнатылған Мемлекеттік Туды көтеру салтанаты өтті.

Жиын
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

Мерекелік шараға Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев, мәслихат депутаттары, ардагерлер, мемлекеттік қызметшілер, зиялы қауым өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, әскери қызметшілер, спортшылар, жастар, қала тұрғындары қатысты.

Мемлекеттік Ту көтерілген сәтте Талдықорған әскери гарнизонының үрмелі оркестрінің сүйемелдеуімен камералық хор мен облыстық филармония әртістері Қазақстан Республикасының Әнұранын орындады. Сонымен қатар жергілікті шығармашылық ұжымдардың орындауында патриоттық әндер шырқалды.

Жиын
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

Жалпы, Талдықорғандағы Ту тұғырының биіктігі кездейсоқ таңдалмаған. Оның 92 метр болуы – тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміздері бекітілген 1992 жылдың символдық белгісі. Мемлекеттік Тудың ұзындығы – 25 метр, ені – 12 метр. Композицияның тұғыр бөлігінде Қазақстан картасы бейнеленген. Ту тұғыры Мемлекеттік Туды автоматты түрде көтеруге арналған арнайы механизммен жабдықталған болат конструкциядан тұрады. Оның жанында салтанатты іс-шараларды өткізуге арналған амфитеатр орналасқан.

Патриоттық акцияға қатысқан өңір тұрғындары бұл бастаманың маңыздылығын атап өтіп, пікірлерін білдірді.

«Мемлекеттік рәміздер – бізге ата-бабамыздан жеткен мұра әрі біздің басты құндылығымыз. Мемлекеттік Тулардың бір мезетте көтерілгенін көру өте әсерлі болды», – деді Талдықорған қаласындағы № 18 мектеп-лицейінің оқушысы Аққожа Нұрәлі.

Ту
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

«Мен "Жасыл ел" жастар экологиялық қозғалысының мүшесімін. Бүгін Мемлекеттік Рәміздер күніне арналған шараға қатысуға келдім. Бұл мерекенің біз үшін маңызы зор. Өйткені рәміздер - бізді тарихымызды қадірлеуге, Отанға деген сүйіспеншілікті еселеуге үйрететін еліміздің символы», – деді Талдықорғандағы № 12 мектеп-гимназияның оқушысы, волонтер Аяулым Асхатқызы.

балалар
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

«Бүгін - біздің ауданымыз үшін ерекше күн. Мемлекеттік рәміздер күнінде ауылымызға Ту тұғыры орнатылды. Бұл Ту тұғыры ауылға кіре беріс жердегі мәдениет үйі мен спорт кешені орналасқан орталыққа қойылды. Тудың күнде желбіреп тұрғанын көру болашақ чемпиондарға, өнерпаздарға, жалпы ауыл халқына үлкен шабыт беріп, мақсаттарына жетуге талпындырады деп ойлаймын», – деді Қаратал ауданы Ескелді би ауылының тұрғыны Мұрат Берікболұлы.

Ту
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

«Бүгін біздің ауылда жаңа Ту тұғырынан Мемлекеттік Ту көтерілді. Рәміздерді насихаттаудың ұрпақты тәрбиелеудегі рөлі үлкен. Сондықтан ауылымызда осындай маңызды орын ашылғанынан қуаныштымыз», – деді педагог, Алакөл ауданы Жыланды ауылының тұрғыны Эльмира Рапилова.

Ту мен Елтаңба
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

«Жоламан ауылында жаңа Мемлекеттік Ту жаңа биік тұғырға көтерілгеніне куә болдық. Көк байрағымыз – Тәуелсіздігіміздің символы, ел бірлігі мен болашаққа деген сенімнің белгісі. Мемлекеттік рәміздерге көрсетілген құрмет әр азаматтың бойында Отанға деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімін арттырады. Ту тұғырын орнату жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің де маңызды үлгісі деп білемін. Оны орнату жобасына атсалысқан азаматтардың бәріне ризашылығымызды білдіреміз», – деді Кербұлақ ауданы Жоламан ауылының тұрғыны Дидар Диханбаев.

Қазақстан халқы
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

«Бүгін ел көлемінде өтіп жатқан Рәміздер күнін біз, Ақсу ауданының тұрғындары лайықты атап өтіп отырмыз. Осы ауданның 5 бірдей елді мекенінде – Егінсу, Матай, Қызылағаш, Арасан, Көшкентал ауылдарында жаңа Ту тұғыры ашылып, олардан Ту биікке көтерілді. Салтанатты шараға әсіресе жастарымыздың, оқушылардың белсенді қатысқанына қуандық. Бұл олардың ел болашағына деген жауапкершілікті саналы түрде сезінетінін білдіреді», – деді Қызылағаш ауылының тұрғыны Әшімғали Жұмагелді.

жиын
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

«"Жеңіс" саябағы - Ескелді ауданындағы ең көрікті орындардың бірі. Бүгін осы жерде Мемлекеттік Туымыздың биік тұғырға көтерілгенін көріп, ерекше толқыдық. Ауыл болып жиналып бәріміз тамашаладық. Көк байрағымыз саябаққа ерекше сән беріп тұр. Осындай сәттер елге деген мақтанышымызды арттыра түседі», – деді Қарабұлақ ауылының тұрғыны Сәуле Амантаева. 

Ол «Туымыз әрдайым асқақтап, еліміз аман болсын!» деген тілегін қоса жеткізді.

Қазір оқып жатыр

5 маусымнан бастап зейнетақы жинағының жеткілікті шегі өседі: нені ескеру қажет?

Ақша

Қазақстанда сотталған адам тәртіп бұзбаса, жазасы қысқаруы мүмкін

Түрме

Қожамжаров, Кексель және Татубаевқа қатысты тергеу жалғасып жатыр

.

Қазіргі депуттардан Құрылтайға кімдер өтуі мүмкін?

Мәжіліс