USD
USD
USD

Балаша сұраққа ересек жауап: Мәжілісте «Қазатомпром» өкілі мен депутат бір-бірін қағытты

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек «Қазатомөнеркәсіпке» қарасты тендерлердің айналасында күмәнді жайттар барын мәлімдеді. 

тендер
Фото: pjp-eu.coe.int

Астана, NEGE. Депутаттың айтуынша, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясына қатысты мемлекеттік сатып алу құжаттарында «Тұмар» мен «Ақназар» деп аталатын мекемелер 2024-2025 жылдардағы бірқатар тендердің жеңімпазы ретінде көрсетілген. Алайда депутатты алаңдатқан мәселе бұл емес. Оның сөзінше, қағаз жүзінде жеңімпаздар әртүрлі болғанымен, екі мекеменің де телефон нөмірлері бір адамға тиесілі болып шыққан. Яғни, бұл мекемелердің құрылтайшысы бір адам болуы мүмкін деген күдік бар.

«Менің сұрағым аса күрделі емес, балаша сұрақ. Мұндайды балалар да қояды. Қолымда мемлекеттік сатып алу порталынан алынған скриншоттар мен кестелер бар. Қалайша тендерді үнемі осы екі компания кезектесіп ұтады, әрі олардың байланыс нөмірі бірдей болып шығады? Өткен жылы тендерлердің көлемі 20 млрд теңгеден асқан, ал 2024 жылы 13 млрд теңге болған. Қомақты қаражат», – деді Бақытжан Базарбек.

базарбек
ҚР Парламенті Мәжілісі

Базарбек енді бұл құжаттардың уәкілетті органдарға тапсырылатынын айтты. Егер мәселе мемлекеттік сатып алу порталындағы техникалық қателіктен емес, расымен бірнеше компанияның артында бір ғана тұлға тұрғанынан туындаса, онда депутат прокуратураның араласуын талап етпек. Оның сөзінше, «лоббидің лебі аңқып тұр».

«ҚАЗАТОМӨНЕРКӘСІП» ҰСТАНЫМЫ

Ал бұл сынға жауап берген «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ өндіріс жөніндегі бас директоры Қуаныш Омарбеков мәселені «астарлы сұрақ» деп бағалап, компанияның ұстанымын түсіндіруге тырысты.

қазатомпром
ҚР Парламенті Мәжілісі

Оның айтуынша, «Қазатомөнеркәсіп» Лондонда листингтелген, сондықтан сатып алу рәсімдерін ашық әрі жария түрде өткізеді.

Омарбеков аталған мердігерлердің өздеріне белгілі екенін жасырмады. Алайда мұны уран өндіру саласының ерекшелігімен байланыстырды. Айтуынша, бұл бағытта жұмыс істеу үшін түрлі рұқсат құжаттары қажет, ал ондай құжаттар кез келген компанияда бола бермейді. Сол себепті тендерге қатысатын мердігерлердің қатары да шектеулі.

«Сіз «балаша сұрақ» деп отырсыз, онда мен «ересекше» жауап берейін. Телефон нөмірі мәселесіне келсек, бұл жерде біздің комплаенс қызметі толықтай зерделеп қарап, әрбір сатып алу жұмысы, әрбір қол қойылған келісімшарт бойынша сараптамасын жазбаша түрде береді. Сіз айтып отырған мекемелер, білмеймін, мысалы, заңгер не тағы біреулер жалдаған болар, солардың телефондары болар. Бұл жағы бізге белгісіз», – деді Омарбеков.

Қуаныш Омарбеков бұл сауалға сол сәтте түпкілікті жауап бермей, мәселені қызметтік тәртіппен қайта қарап, депутатқа жазбаша жауап беруге дайын екенін жеткізді.

Қазір оқып жатыр

Сауд Арабиясы қажылық қарсаңында қатаң шектеулер енгізді

Қажылық

Алу мен беру. Қазақстанның даму банкі НЕГЕ топырлатып несие беруде?

БРК

Павлодарда Porsche Panamera тізгіндеген шетелдік 500 мың теңге айыппұл арқалаған

Көлік

Алматыда қатты жаңбыр кезінде ер адам арыққа құлап, мерт болды

Арық