Депутаттар портреті. Дәулет Тұрлыханов. «Бүркіт»

Бұл кейіпкеріміз сілкініп-сілкініп алып, боз кілемге шыққанда, қарсыласын бүркіттей бүріп түсетін. Әлемнің алды болу мен Олимпиаданың күмісін алу – шын мықтыға түк емес екен. Дәулетті Дәулет қылған – КСРО-ның 7 дүркін чемпионы деген атағы. Шындығында, дәл осы ерлігі оны нағыз қыранға айналдырды.
Бірақ Тұрлыхановтың «бүру» қасиеті спортзалдың ішінде қалып қойғандай көрінеді. Өйткені қазір басқа депутаттардан айырмасы жоққа тән. Есесіне, балапандары оңды-солды «бүргенде», кейіпкеріміздің жүрегі шым ете түсетін сияқты ма, қалай?!
Көрінбейтін депутат
Әйгілі балуанның спорттағы жетістігін айтып, оқырманның алтын уақытын ұрлағымыз келмейді. Себебі Дәулет Тұрлыхановтың жарқын жеңістері – спортсүйер қауымның жүрек түкпірінде сақтаулы. Деректері интернет иірімінде «үйіліп» жатыр. Сондықтан бар дүниені қайталап айта бермейміз, кейіпкеріміз нысанаға Парламент жақтан іліккен соң, депутаттық дидарына көбірек үңілеміз.
Құдайшылығын айтсақ, Парламенттің Тұрлыхановқа өкпесі болмаса, Тұрлыхановтың Парламентке өкпесі болмауы керек. Неге? Өйткені 2023 жылғы сайлауда Астанадағы бір мандатты сайлау окугінен Мәжіліске екі Дәулет барды. Бірі – балуан Дәулет Тұрлыханов, екіншісі – блогер Дәулет Мұқаев. Бұл Мұқаевтың алғашқы қадамы болса, кейіпкеріміздің бесінші талпынысы еді. Бұл кісі Парламентке барар соқпақты сонау 1994 жылы Жоғарғы Кеңестің тұсында салған. Іле-шала Мәжілістің бірінші және екінші шақырылымының депутаты болып, Парламентте отырды. Әр шақырылымда әртүрлі комитеттерде жүрді демесеңіз, депутатық тұғырынан түскен жоқ.
Бірақ мәселе неше рет депутат болғанда емес қой. Мәселе – депутат болып жүріп не тындырғаныңда! Алайда «Тұрлыханов не тындырды?» деген сауал қойып, оған жауап іздегіміз келмейді. Себебін Сіз де білуіңіз керек, баяғы Шерхандар мен Төлендердің дауыл тұрғызған дәуірінен кейін Парламенттен жігер қалмағанын әркім айтып жүр. Әккі Назарбаев қос палатаны өзінің өкілетін ұзартатын орган ретінде пайдаланып, депутаттар корпусын қолбала деңгейіне түсірді.

Десек те, билік ауысып, жаңа құрам жасақталғанда, әжептәуір жылымық орнағандай көрінген. Партияның бұйдасына байланбай, бір мандатты округтен барғандар шындықты шыңғыртып айтпаса да, шамасы жеткенше тырбанған кейіп танытып жүр. Әрине, бәрі емес, Бақытжан Базарбек, Ермұрат Бапи секілділер. Бірақ Мәжілістен халыққа қарайлас ниет-пейіл күткен бұқара балуан депутаттың күркіреген дауысын ести алмады. Орыс тілі ұйымын құру, АЭС құрылысы, салықты көтеру сынды халықтық мәселелер таразыға түскенде, бүркіт болмысты депутаттың шаңқ еткен дауысы естілмеді.
Оны айтасыз, қазір балуан депутат блогер депутаттың қалтарысында қалып бара жатқандай көрінеді. Өйткені алып-ұшқан жастығы шығар, Мұқаев қолдан жасаса да, жақсылы-жаманды даулы әңгімелердің бел ортасында жүреді. Тұсау кесіп, сабақ жүргізгені ерсі көрінсе де – елдің есінде. Ал Дәулет Тұрлыхановты арнайы іздемесеңіз, оның бар-жоғынан белгі байқалмайды. Әйтсе де, осының өзіне тәубе дейтіндер бар. Неге? Мұның төркінін енді Тұрлыхановтың өз сөзінен іздейміз.
«Қара тізім»
2023 жылы сайлаудың төбесі көрінгенде, Дәулет Тұрлыханов Динара Сәтжанға сұхбат берген. Осы әңгімеде журналист «Сіздің «Ескі Қазақстанмен байланысыңыз қандай болды? Меніңше, сіз «қара тізімде» болып, қағажу көрген секілдісіз. Әйтпесе, 15 жылда мемлекеттік қызметте жүрсеңіз, елге еңбек сіңіре алар едіңіз ғой?» деген сауал қояды. Кейіпкеріміз «Құрмет», «Парасат» ордендерімен марапаттағаны үшін Назарбаевқа алғыс білдіреді. Сосын ілгеріде экс-президентке арнайы сұранып кіргенін, арадағы әңгіменің былай өрбігенін баяндайды:
– Дәулет, сенің қандай өтінішің бар, – деді.
– Нұрсұлтан Әбішұлы, мені «қара тізімнен» алыңызшы, басқа ештеңе керек емес дедім.
– Алды ма?
– Жоқ...

Сонда Тұрлыханов қай кезде қағажу көріп, қызметтен шеттетілді? Кейіпкеріміз 2000 жылы Мәжілістен кейін Туризм және спорт агенттігіне 4 жыл төраға болған. Одан соң Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінің Спорт комитетін басқарды. Біздіңше, балуанды сырттату осы кездерден басталса керек. Дегенмен бұл сөз ілгеріде айтылатын «Дәулет президенттің «любимчигі» болған» дейтін тағы бір әңгімені теріске шығарады. Сонда мұның қайсысы рас? Назарбаев Тұрлыхановтың маңдайынан сипап бауырына тартты ма, әлде марапатын беріп, «мал жайға» деп сыртқа тепті ме?
Қара тізімде болған-болмағанын «тізімге алғыштар» мен Тұрлыхановтың өзі білетін шығар. Біздіңше, кейіпкеріміз қызметтен қағажу көргенімен, кәсіпте кедергіге ұшыраған жоқ. Мойнын 360 градусқа бұрып, жан-жағын еркін барлайтын бүркіт құсап, айналасын бір шолып шықты да, бизнестің айдынына күмп берді.
«Бай балуан»
Мұндай қосымша ныспыны жұрт кейіпкеріміздің көзіне айтпаса да, сыртынан айтып жүр. Өйткені Мәжілістегі қалталы деген депутаттардың қайсыбірінің жиған-тергені Тұрлыхановтың мал-мүкәммалының қасында түкке тұрғысыз боп көрінуі мүмкін. «Іші пысқанда», билік төңірегіндегілердің бизнесін «түгендейтін» әріптесіміз Дмитрий Шишкин өткен жылы «Чем владеет семья Турлыхановых» деген зерттеуін жариялаған. Оны көрген жұрт «Дәулет ел ойлағаннан да дәулетті екен» деп таңдайларын қақты.
Бірақ біз әріптесіміз тізбелеген компаниялардың бәріне бірдей тоқтала бергіміз келмейді. Шишкин 15 минуттық бағдарламасында Дәулеттің әйелдерімен қоса, ұл-қыздарының да, тіпті бауырларының да немен шұғылданып, қайдан табыс табатынына тоқталған. Ал біз кейіпкерімізге «Бүркіт» деп айдар таққаннан кейін «майда-шүйдеге» мойын бұрмай, «депутаттық деңгейіне» сай бизнесіне ғана назар аударайық.
Шишкиннің дерегінше, Тұрлыханов – автокөліктерді өндірумен және сатумен айналысатын үш коммерциялық компания құрылтайшыларының бірі. Соның төресі – «Газавто Казахстан» ЖШС. Алматыда тіркелген бұл компания 2015 жылдан бері 12,7 миллиард теңге салық төлеген. Екіншісі – «Вираж-Холдинг». Үшіншісі – Семейдегі «СемАЗ» компаниясы. Бұл компания ауыл шаруашылығына арналған техника құрастырумен айналысады. Зауытта қытайлық, жапониялық және кореялық автобустар, беларусь тракторлары мен қытайлық жүк көліктері құрастырылады. Компания 2015 жылдан бері 10 миллиард теңгедей салық төлеген. Шишкиннің есебінше, бұл компания мемлекеттік сатып алу бойынша 36 млрд теңгеге 650 келісім-шарт жасаған көрінеді. Сондай-ақ, Дәулет Тұрлыханов «БелАвто» ЖШС компаниясының да иесі, Шиелідегі цемент зауытының да қожасы делінеді.

Алайда мұның барлығын «езіп» отырудың қажеті шамалы. Дәулеттің «СемАЗ-ы» ақпараттық әлемді жиі-жиі дүрліктіріп отырады. Мәселен өткен жылы кейбір БАҚ осы компанияға қатысты жайсыздау мәліметтерді жариялаған. Ондағы деректерге сенсек, 2016-2020 жылдары аралығында «СемАЗ-дың» 100 дана Zhong Tong автобусы Қызылордаға қарай жүйткісе керек. Әрине, тегін емес қой, мемлекеттің ақшасына сатып алынған. «Бірақ солардың жартысының жарамсыздық мерзімі уақытынан ерте келді» дейді.
Оны айтасыз, 2019 жылы Алматы қаласы сатып алған 200 автобустың 50-ден астамы келмей жатып қатардан шығып қалған көрінеді. Мұндай жағдайда дау туатыны белгілі. Қызығы, «СемАЗ-бен» соттасқан мекемелердің арасында Астана полиция департаменті мен Ұлттық гвардия да бар. «Бірақ соның көбінде заң Тұрлыханов жағында болған» деп жазады БАҚ.
«СемАз-дың» атобустары соңғы жылдары Астана көшелерінде де жүйткіп жүр» деген ақпараттар айтылады. Осының бәрін ой елегінен өткізгендер «Дәулет Тұрлыхановқа депуттық мандат не үшін керек болды?» деген сауал қояды да, ар жағын «ішің білсін әлу-айдың» керіне салады. Бұл пайымның рас-өтірігіне зерттеу жасаудың қажеті шамалы. Өйткені өзіміз жоғарыда айтқан бүркіт болмысты балуанның Парламенттегі үнсіздігі бекер емес сияқты. «Бүру» қасиетінің «жоғалуына» бірден бір себеп – бизнестің қамы ма?» деген күдік туады. Есесіне, елдің көзінен де, сөзінен де жырақ жүргісі келетін дупататты «болат тұяқ балапандары» қайта-қайта «көкке көтеріп» жатыр.
«...Бір бала, өкінішке орай»
«Сұңқартәрізділер отрядының қаршыға тұқымдасына жататын бүркіт 1, не 2 жұмыртқа табады» дейді уикипедия. Ал біздің кейіпкердің екі әйелден 4 ұлы бар. Ал Парламент сайтындағы өмірбаянында балуанның «6 баласы бар» деп көрсетілген. Соған қарағанда, екеуі қыз бала секілді. Жалпы, қазақ халқы тіл-көзден сақтанып, бала санын айта бермейді. Тықақтап сұрау да әдептің жөніне жатпайды. Дегенмен ел-жұрттың Тұрлыхановтың балаларын «түгендеуіне» сол балалардың өздері түрткі болғанын білесіз.
2023 жылы Әкежан Дәулетұлы бойжеткенге зәбір көрсетті деп айыпталды. Ева есімді бойжеткеннің әлеуметтік желіге салған бейнежазбасына қарағанда, оқиғадан кейін оның беті, қолы және аяғы көгерген. Міне, осы кезде жұртшылық арасында «Бұл Дәулеттің қай баласы?» деген сұрақ туындады. Себебі 2023 жылдың ақпан айында ғана депутатың екінші әйелі Ардақ Ермановадан (Жүрсін Ерманның қызы) туған Нұрасыл Болат сүйіктісіне қол жұмсап, ара түспек болған ерлі-зайыпты адвокаттарды да соққыға жыққан. Қызығы, депутаттың ұлы бұл кезде қалада емес, әскерде жүруі тиіс еді. Кейін түн мезгілінде үйден шықпауды міндеттейтін пробацияда тойдан көрінді. Қысқасы, қоғамды әбден дүрліктірген Нұрасыл Болат 2024 жылы 1,5 жылға түрме жазасына кесілді.
Бірақ мәселе балаларының бұзықтығында емес, әкесінің оған қалай қарайтынында ғой. Кейіпкеріміз бірде «Отбасымызға ақпараттық шабуыл жасалып жатыр» деп қалған. Әділеттілік тұрғысынан қарасақ, депутаттың бұлай ойлауына да негіз бар. Өйткені Нұрасылдың алғашқы «концерті» Мәжіліс сайлауынан бір ай бұрын болды. Дәулет Тұрлыханов Парламентке орныққанда, Әкежанның әңгімесі қоздап қоя берді. Егер дәулетті адамның айналасында досымен қатар, дұшпаны да аз болмайтынын ескерсек, бұл күдік те тегін еместей көрінеді.

Алайда мұны басыбүтін теріске шығаруға да болады. Өйткені Әкежан ашуға беріліп, арандап қалды дегеннің өзінде, Нұрасылдың әрекетін ақтаудың жөні бар ма? Оның қайта-қайта заң бұза бергеніне депутаттың қай дұшпанын кінәлай аласыз? Сүйіктісімен қосақтап, арашашы заңгерлерді де тоқпақтауы сырттағы біреудің әсерінен болуы мүмкін бе? Солай десеңіз, оған кім сенеді?
Қысқасы, «іштен шыққан шұбар» жыланның басбұзар әрекеттері белгілі депутаттың беделіне нұқсан келтірді. Міне, осы тұста бұрынғы депутат Гүлжан Қарағұсованың әйгілі сөзі еске түседі. Қазақшаны «шүршіт тілінде» дыбыстайтын мәжілісмен сол тұста, «Бір бала жақсы, бір бала өкінішке орай...» деген-ді. Сонда ішек-сілесі қатып күлгендер Нұрасыл мен Әкежанның ырың-жырыңы кезінде Қарағұсованың «қалыпты тіркесін» жаңа оқиғаның қағытпасына айналдырды. Ақылға салсаңыз, бұл – біздің қоғамның дерті. Өйткені бұл күлетін нәрсе емес еді...
Оюун-Эрдэнэнің мысалы
Бүркіттің қандай құс екенін қазақтан кейін жақсы білетін бір халық – моңғолдар. Себебі Баян-Өлгей қазақтары қыран баптап, фестиваль өткізіп, жыл сайын бүкіл Моңғолияны дүрілдетіп жатады. Міне, сол елдің Үкіметін төрт жыл бойы басқарған Лувсаннамсрайн Оюун-Эрдэнэ биыл маусым айында қызметінен кетті. Себеп, сол баяғы – баланың «шалалығы». Үкімет басшысы келін алып, құдалықтың қамымымен шапқылап жүргенде, мақтаншақ келіні күйеуінің сыйлаған қымбат дүниелерін әлеуметтік желіге салып, елдің көзін бақырайтты. Бұл нағыз «Тыныш тұрған бүркітті...» дегеннің кері еді. Елдегі экономикалық қиындықтар тұсында байлықа көмілген жас жұбайлар Үкімет басшысының отставкасын талап етуге ұласты. Парламент Оюун-Эрдэнэге сенім вотумын білдіруден бас тартты, 88 депутаттың 44-і оны қолдаса да, үкімет басшысы тұғырынан түсті. Өйткені қызметін сақтап қалу үшін оған 126 депутаттың кемінде 64-інің қолдауы қажет болатын.
Мал бағып, қыран таниды демесеңіз, Моңғолия демократиясы дамыған Еуропа мемлекеті емес. Бірақ жоғарыдағы оқиға көп нәрседен хабар береді. Естеріңізде болса, Абай облысының бұрынғы әкімі Нұрлан Ұранхаевтың қызы да, қымбат бұйымдарын әлеуметтік желіге салып, жұртты ұлардай шулатқан. «Алқасы – 15 млн, жүзігі – 8 млн, ал сөмкесі – 21 млн екен» деген ел таңданып, ішегін тартқан.
Депутат Жигули Дайрабаевтың қос ұлы былыққа шатылып, алаяқтық бабымен істі болғанда, мәжілісмен «кетсем, кете салайын» деген жоқ. «Мен отставкаға кеткеннен гөрі қазақ халқына пайдам көп тиеді, ауыл шаруашылығын дамытамыз» деді.
Ақырында не болды? Жигули Дайрабаев орнында қалды. Нұрлан Ұранхаев Үкімет басшысына кеңесші болып кетті. Демек Дәулет Тұрлыхановты да орнынан қозғайтын «түртпек» жоқ, әзірге. Осыны білгеннен кейін де шығар, Нұрасыл Болатқа үкім шыққанда, журналистер «Үкім күшіне енгеннен кейін депутат мандатын өткізесіз бе?» деген сауал қойған. Жауап былай болды: «Бәрін менің сайлаушыларым шешеді. Егер маған сенген сайлаушылар «Құрметті, Дәулет Болатұлы, мандатыңызды тапсырыңыз» десе, тапсырам. Әзірге ешкім ештеңе деген жоқ. Мені халқым жақсы көреді».

Кейіпкеріміздің осы сөзінде бір анық ақиқат бар – халықтың Дәулетті жақсы көретіні рас. Өйткені жұртшылық балуанға «Алаштың атын шығарған ай маңдай перзентім» деп еміренеді. Тіпті қайсыбір қателіктерін көрсе, кешіріммен қарауы да мүмкін. Тұрлыхановтың Ұранхаев пен Дайрабаевтан артықшылығы да – осында. Бірақ көптің дәл осы ықылас-пейілі депутаттық дәрежесіне де дөп келе ме? Жұрттың ең сүйікті балуаны ең сүйкімді депутатқа айнала алды ма? Мұның жауабын енді әркім өзі ішінде пісіруі керек сияқты.
Түйін: Бүркіттің шеңгел, сығым, жембасар, тегеурін деп аталатын төрт саусағы бар. Өкше жағындағы тегеуріні – адамның бас бармағы секілді ең қуаттысы. Кейіпкеріміздің жембасары – кәсіптің қамын күйттесе де, тегеуріні – халық үшін жұмыс істер деген үмітіміз бар. Өйткені қазақ бүркітті – құстың төресі деп біледі. Ал Парламентте «төре» болу үшін халықтық мәселеде жиі-жиі төбе көрсетіп тұруы керек. Сонда депутаттың тегеуріні тасқа жаныған бүркіттің тегеурініндей жарқырап тұрады...
Сансызбай Нұрбаба.