Михаил Шайдоров: «Ел алдында атымды қаралауға жол бере алмаймын»
Мәнерлеп сырғанаудан Милан қысқы Олимпиадасының алтын жүлдегері Михаил Шайдоров желіде жалақысы мен келісімшарттарына қатысты мәлімдеме жасап, мән-жайды түсіндірді.
Астана, NEGE. Ол жоғары дәрежелі спортшы ретінде Федерация мен Спортты дамыту дирекциясынан жалақы алатынын айтады.
«Федерациямен келісімшарт жасалған болатын. Алайда маған төлемдер кешіктіріліп жатқанын айтты, себебі Спортты қолдау қоры қаржыландыруға қатысты өтінімді қарастырып жатыр екен. Сондықтан өзім де, командам да соңғы бес ай бойы жалақы алған жоқпыз», – деп жазды Михаил Шайдоров Threads желісінде.
Ол Спортты дамыту дирекциясы 2026 жылдың қаңтар айы және 22 ақпанға дейінгі кезеңге жалақы төлегенін растайды. Дегенмен 2026 жылға арналған жаңа келісімшарт мамыр айының ортасында ғана талқылана бастаған. Келісімшарт әлі бекітілмеген.
«Бірақ бұл менің ұсынылған сомамен келіспегендігімнен немесе барудан (қол қоюға – ред.) бас тартқандығымнан емес, жағдай мүлде басқа.
2026 жылдың соңына дейін күшінде болатын келісімшартта 2030 жылғы Олимпиада ойындарында медаль жеңіп алу міндеттемесі көрсетілген. Бұл қисынсыз әрі орындалуы мүмкін емес талап. Мен 2026 жылы тек төрт жылдан кейін өтетін Олимпиадада жеңіске жете алмаймын ғой», – дейді мәнерлеп сырғанаушы.
Спортшы командасымен осы қисынға келмейтін тармақты заң тұрғысынан қайта қарауды өтінген. Алайда, оның сөзінше, күні бүгінге деген бұл мәселе бойынша онымен ешкім хабарласпаған.
«Қазір болып жатқан оқиғаларды ескере отырып, барлық төлем, келісімшарт жасау және өзге де мәселелер әдейі созылып жатқан болуы мүмкін деп ойлаймын. Сондықтан бұл туралы ашық айтуға мәжбүр болдым», – деп мәлімдеді Михаил Шайдоров.
Бұдан бөлек ол бір ай бойы жаңа маусымға дайындыққа қатысты мәселелер елеусіз қалып келе жатқанын айтады. Айтуынша, 5 маусымға оқу-жаттығу жиындары жоспарланғанын алдын ала хабарлап, шығын сметаларын жолдап, хабар күткен, алайда еш жауап болмаған.
«Алайда осы уақытқа дейін біз нақты жауап та алған жоқпыз, оқу-жаттығу жиындары да ұйымдастырылған жоқ. Ал ұшуға небәрі бір апта ғана қалды.
Егер осы уақытқа дейін Олимпиада алтыны үшін қарастырылған төлемдерді алған болсам, дайындықтың бәрін өз қаражатым есебінен ұйымдастырар едім және бұл мәселелерді көпшілік алдында көтермес едім», – деп атап өтеді спортшы.
Сондай-ақ ол жазбасында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері куәлігіне қатысты мәселеге де тоқталып өткен.
Нормативті 2025 жылы Әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алған кезде орындап қойғанымен, куәлігін әлі күнге дейін алмаған.
«Мәселе маған қызыл кілем төселген салтанатты рәсім қажет болғанында емес. Қажет болса, куәлікті пошта арқылы конвертпен де алуға дайынмын. Бұл куәлік – менің он жылдық еңбегімнің нәтижесі, қол жеткізген жетістігім мен спорттағы мұрамның бір белгісі», – дейді мәнерлеп сырғанаушы.
Ол Олимпиада ойындарындағы алтын жүлдесі үшін тағайындалған сыйақыны беру рәсімі уақыт алатынын, оған қатысты ешқандай шағымы жоқ екенін алға тартады.
Алайда өмір бойғы төлемдерге қатысты мәселе бойынша берген жауабында «министрлік асығыстық танытқан».
«Бұл төлемдерді мен тек 20 жылдық еңбек өтіліне жеткен кезде ғана ала аламын. Ал мен қазір небәрі 21 жастамын. Сондықтан қазіргі уақытта ол төлемге үміт артып отырған жоқпын», – дейді ол.
Бұл ретте Михаил Шайдоров қандай да бір мемлекеттік органдармен текетіреске түскісі келмейтінін, алайда есімін ел алдында қаралауға жол бере алмайтынын атап өткен.
Еске салсақ, бұған дейін қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Милан қысқы Олимпиадасында алтын медаль алғаннан кейін өзіне жалақы төленбей жүргенін, бұл жағдай өзінің Туризм және спорт министрлігін сынағанынан кейін басталуы мүмкін екенін айтқан еді.
Осыдан кейін Спортты дамыту дирекциясы ресми түсініктеме берді. Онда Шайдоровқа 2026 жылғы қаңтар және ақпан айлары үшін жалақы бұрынғы келісімшарт бойынша толық төленгені айтылды.
Дирекция мәліметінше, наурыз айынан бастап жаңа еңбек шарты жасалуы керек болған. Себебі жаңа олимпиадалық цикл басталған. Ұйым жаңа келісімшартта спортшының мәртебесін ескере отырып, қаржыландыру шарттары жақсартылатынын мәлімдеді. Жалақы келісімшартқа қол қойылғаннан кейін қайта төлене бастайды.