«Жүргізуші кінәлі емес»: Астанада жүк көлігі қағып кеткен баланың анасы үндеу жасады
26 мамырда Астанада жүк көлігі 11 жастағы баланы қағып кетті. Бала алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды.
Астана, NEGE. Марқұм болған жасөспірімнің анасы Лилия Бадртдинова желіде пікір білдіріп, болған жайтқа жүргізушіні кінәламайтынын жеткізді.
«Ұлымыз Глебтен айырылып қалдық. Кульбаба Глеб, 2015 жылы туған. Ол өте елгезек, белсенді, тентектеу, өмірге құштар бала еді, еркелеп, бұзықтық жасағанды жақсы көретін. Бұл жолы оның сол тентектігі өзі үшін де, бәріміз үшін де орны толмас қайғыға айналды.
Жүргізуші кінәлі емес. Біз оны айыптамаймыз. Өткенді қайтару мүмкін емес. Өтінеміз, кінәліні іздемеңіздер. Сот әділ шешім шығарады. Барлығы Құдайдың жазуы», – дейді анасы.
Ұлынан айырылып қалған ана жақын адамдарды көзі тірісінде бағалап, қамқор болуға үндейді.
Айта кетейік, қайғылы жағдай Астанадағы Тәуелсіздік даңғылы мен Пушкин көшесінің қиылысында болған. Полиция мәліметінше, Mercedes жүк көлігінің жүргізушісі бұрылыста жолдан велосипедпен өтіп бара жатқан баланы қағып кеткен.
Полицейлер бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғады.