12 Қаңтар 19:23
...

Назгүл ҚОЖАБЕК: Мен ҚҰБЫЖЫҚ емеспін...

Фото:

«Назгүл Қожабектің жазбасына ілігіп кетпесек екен» дейтіндер көп. Себебі, ол мәтіннен қате көрсе, немқұрайлы адам ретінде өте шықпайды. Айтады, жазады, сабақ болсын дейді. Бірақ мұны журналистер дұрыс түсіне ме?

NEGE тілшісі редактор, тіл маманының өзінен сұрап көрді.

«Сөзге қиянат жасамау керек»

Назгүл, өзіңді әлеуметтік желідегі жұрт сөзтүзер деп біледі. Бұқаралық ақпарат құралдарындағы қателерге де қырағысың. Сеніңше, қазір бізде қатесіз шығатын дүние аз ба? 

– Журналистердің сауатының өзі әр деңгейде. Мысалы, біз кейде пунктуациялық белгілерді ажырата алмайтын адамды да сауатсыз дей саламыз. Орфография ережелерін білмейтін, грамматикасы ақсап тұрған адамды солай дейміз. Әр саладан хабардар болса, сауатты дейміз.

Негізі жазатын тақырыбын терең білу де сауатқа жатады. Егер мәселені жан-жақты білмеген адамның қанша жерден орфографиясы, грамматикасы, пунктуациясы орнында тұрса да, сауатсыздығы көрініп тұрады. Сондықтан сауаттың бәленбай деңгейі бар.

Ал журналисті осының қай деңгейінде сауатсыз деуге болады? Мәселен, тақырыбын керемет біліп, ашып отырса да, бірақ грамматиканы, тыныс белгісін білмейтін адамды сауатсыз дей аламыз ба?

Менің көп айналысатын дүнием – орысшадан аударудағы сауатсыздық. Бұл пунктуацияға да, орфографияға да, грамматикаға да нақты байланған дүние емес. Біздің ұлтымызға тән нонсенс жағдай – орыс тілінен аударуға мәжбүрміз. Қаншама жыл бойы қалыптасып кеткен, күресіп жеңе алмай келе жатқан парадокс осы. Қазақ тілінде жазатын журналистер амалсыз аудармашы міндетін қоса атқарады. Бірақ кейбір қазақша жазатын журналистердің өзінің аудармасы калька боп кетеді. Көпке топырақ шашып, «журналистердің көбі сауатсыз» деген ойдан аулақпын.

Мәселе мемлекеттік органдардың сол ақпаратты тарататын бөлімдерінің жауапкершілігінде боп тұр ғой. Демек, сол мекемеге аудармашы боп жұмысқа тұрған мамандарда жауапкершілік жоқ деген сөз. Бұл жауапкершілікпен қатар адамның ар-ожданына да байланысты. Айтудай-ақ айтып, жазудай-ақ жазып жатырмыз. Қазір әлеуметтік желінің дамыған заманы. Тікелей министрлерді белгілеп жазуға болады.

– Біздің қоғам сынға қалай қарайды?

– Кейде бір қатені айтқаным үшін журналистер кәдімгідей ренжіп қалады. «Тақырыпты пәленбай уақыт зерттеп жазғанда еңбекті еш қылдың» дейтіндер бар. Шын мәнінде, қаншама уақыт зерттеп, сараптап жазған тақырыбыңның құнын бес тиын қылатын Назгүл емес, сол жердегі орынсыз қолданған бір сөз, тіркес, тіпті бір жұрнақтың өзі мақалаңның мәнін басқа жаққа бұрып жібереді. Екі сөздің сөйлемдегі ретін ауыстырып қойсаң немесе артық жұрнақ қосып жіберсең, айтып отырғаның басқа нәрсе болып шығады. Көбінесе сондай қатеге қарным ашады.

Кейінгі жылдары «Грамматикалық фактчекинг» деген тақырып тауып алдым. Бір жұрнақ, бір жалғау, кейде орынсыз қойылған үтірдің өзі мүлдем басқа мағына береді. Орыстың «казнить нельзя помиловать» деген атақты тіркесі бар ғой. Үтірді дұрыс қоймасаң, бәрі өзгеріп кетеді. Қазақ тілінде де сондай ғой.

Сосын радио мен телевизияның тіліне көп шүйлігемін. Өйткені, бір журналист қате сөйлесе, оны тыңдап отырған қаншама тыңдарман мен көрермен қате сөйлейді. Телеарнадағы сериалдарды, ток-шоулар мен бағдарламаларды миллиондаған халық қарайды. Телеарна мен радио – халықтың тілін, сауатын қалыптастыратын құрал.

– Әлгінде радио туралы айтып қалдың ғой. Қалай ойлайсың, кейінгі жастардың сөз саптауы асүйде «өсек» айтып отырғандай естілмей ме?   

– Бұл жерде де неше түрлі деңгей бар. Ең алдымен – лексика. Жүргізушілердің сөздік қорына, лексикасына редакторлары жауап береді. Радионың стилистикасы асүйдегі әңгіме сияқты болса да, ең бастысы боқауыз сөз, артық ештеңе айтылмауы керек. Ал радиода оқылатын жаңалықтың стилі мүлдем басқа. Ағартушылық, ғұмырбаяндық бағдарламаның қолданатын лексикасы бөлек. Бірақ грамматика жағы ақсап жатады.

Кезінде «Шалқар» радиосының жүргізушілерін де сынап, батырып жазған едім. «Жаңа ғана тыңдаған болатынсыздар», «Ойларыңызбен бөлісіңіздер» сияқты тіркестер жалпақ жұртқа үйреншікті болғанмен, сөз және мәтінмен жұмыс істейтін мамандардың құлағын кәдімгідей осып жібереді.

Қазіргі журналистердің 80 пайызы «пікіріңізбен бөлісіңіз» деп сөйлейді, жазады. Бұл – өте өрескел қате. Журналистер көкейіне тоқып алса деймін. Сен бір жалғауды бұрмалап алсаң оның артынан мың жалғауды бұрмалауға тура келеді. Осы уақытқа дейін тілдің қалыптасқан құрылымын басқа тілдің ықпалына еріп, бір жалғауын бұзсаң бәрін құртасың. Сөзге қиянат жасамау керек. Әр сөздің түбірі, формасы бар.

«Қатесіз мақала – оқырманға деген құрмет»

– Бірақ саған ешкімнің уәж айтуға тісі батпайтын сияқты ғой. Досыңнан жауың көбейіп кеткен жоқ па?  

– «Жау тауып алдым» дейтіндей де жағдай бар. Көрмей кеткендер де болды. Жап-жақсы таныстарым «пәлеқор» деп атап кетті. Менің көздегенім біреудің қатесін тауып, бетіне басу емес. Бір қатені көрсетсең, басқалар содан аулақ бола ма дейсің. Түптеп келгенде, қазақ тілінің тағдыры маған қарап тұрған жоқ. Одан кейін бұл мәселені айтып, жазып жүрген жалғыз мен емес. Өмірін журналистикаға арнаған тәжірибелі мамандар да талайдан айтып жүр. Дәл осы мәселеге қатысты Қайнар ОЛЖАЙ, Гүлнәр САЛЫҚБАЙДЫҢ арнайы жазбалары бар.

Мәселен, Гүлнәр апайдың пәленбай жыл бұрынғы бір жазбасы әлі өзекті. Сол айтылған қателер мәтіндерде өріп жүр. Ал Қайнар аға «мына сөзді былай қолданғанның кесірінен, сөйлем мағынасы басқаша болып кеткен» деп кәдімгідей көрсетіп жазады.

Ол кісі мәтіндегі бұрмаланып кеткен сөйлемдерді көрсетсе, мен жалпыға ортақ қателермен алысып жүрмін. Жіктік, септік жалғаулар, сөздердің тәуелденуі, грамматика, аудармадағы қателер. Тақырыпты ашып, мән-мағынасын жеткізіп аударуға болады. Әрине, бұл – журналистер үшін артық жүк.

Қ.Олжай. 

– Мерзімді баспасөздің қатесіз жарық көруіне корректорлардың еңбегі зор еді. Сеніңше, интернет сайттарға да корректор керек пе?

– Әрине, керек. Пунктуациялық, орфографиялық, грамматикалық ереже бар. Қай деңгейдегі контент те осы ережеге сай болуы керек. Стилистикалық қатені редактор жөндейді. Қалған қатені корректор қарайды. Мықты редакторлар бірден корректордың жұмысын атқарады. Қанша дегенмен адам факторы дегенді ескеру керек. Редактор мақаланың құрылымын, стилистикасын, сөйлемдердің байланысын, бір ойдың қайталанбауын қадағалайды. Сондай кезде қате кетіп қалуы мүмкін.

Кейде «қате – ұры» деп өзімізді жұбатып қоямыз. Сондықтан газеттегідей, сайттарға да көзі қырағы, қолы жылдам корректор керек. Қарап тұрсаң, медиа саласында корректордың жұмысы құнсызданып кеткен. Бірақ қатесіз мақала – оқырманға деген құрмет.

– Бір пікіріңде «Кез келген сайт – медиа, бірақ ішіндегі журналистика емес» депсің. Осыны тарқатып айтып берсең.

– «Телеарна медиа болғанмен, ондағы контенттің бәрі журналистика емес» дегенім бар. Ойын-сауық бағдарламасы да журналистика емес. Оларды шоу-бизнес саласының мамандары дайындайды. Бұл – ойын-сауық медиасы. Шоу бағдарламаларды қабілеті бар, дикциясы тәуір, түр-келбеті келетін адам жүргізе береді. Әрине, мәтіндерін журналист-редактор дайындайды. Ал оны жүргізетін адамға журналист болу міндетті емес. Бірақ сараптама  бағдарламаларын әншілер екі бастан жүргізе алмайды.

– Қазір сөздерді, тұрақты сөз тіркесін дұрыс қолдануды, көріп қалған қатеңді «Калькасыз қазақ тілі» телеграм каналыңда жазып жүрсің ғой.  Бұл канал журналистер мен тіл мамандарына көмегі тиіп жатыр ма?

– 2018 жылы «Айқын» газетіндегі мақаладағы бір сөзге тиісемін деп пәлеге қалдым. Ешкімнің шамына тигім келмейді. Кейде әзілдеп жеткізгендей боламын. Оны авторы «мазақ қылып отыр» деп қабылдауы мүмкін немесе «мынау өзін менен артық көріп отыр» деп ойлайтын сияқты. Білмейсің ғой, «адам аласы ішінде» деген. Содан кейін көрген қатенің бәрін «Калькасыз қазақ тілі» каналыма жазатын болдым.

Жалпы, өзім біреудің ізіне түсіп, қатесін терген емеспін. Біреулер мені «таңертеңнен кешке дейін телеарна мен радионы қосып қойып, қолына газет алып, сайттарды ашып алып қате тереді» деп ойлайды екен. Егер дәл солай отырсам, күнде бір кітапқа жүк болатын қате табатын едім.

Кейде Фейсбуктегі лентаны қарап отырғанда алдымнан шыққанын жаза саламын. Көп жағдайда жас журналистердің жекесіне жазып, тәптіштеп түсіндіремін. Жақсы қабылдайды. Бірақ уақыт өте келе бір нәрсені ұқтым. Әлеуметтік желіге біреудің қатесін бадырайтып көрсетсең, бұл адамға жақпайды. Бәлкім, намысына тие ме екен, мұны кейін түсіндім.

Фото: әлеуметтік желіден

Каналдың жазылушылары былтыр күзде 10 мың адамға жетті. Бұл тура 2 жыл 7 айдың нәтижесі. Мұндағы нақты қарап жүрген адам 2-3 мың. Соның өзі айтылған, жазылған дүниені өз жұмысына қолданса, біраз жетістік дер едім.

Бірде баспасөз қызметінде жұмыс істейтін бір қыз хабарласып, «Бәрін қағазға шығарып, қабырғама іліп тастадым» деген еді. Демек, шпаргалка ретінде пайдаланып жүр. Сондай 50, 100 адам болса да, көмегі тиіп жатыр деген сөз.

«Шын мәнінде, кәдімгі адаммын»

– Желідегі жазбаларыңның көбінде боқтық сөз кездеседі. Сені танымайтындар «Осы Назгүл өмірде де сондай ма?» деп сұрап жатады.

– Кейде бұл менің мінезімнен де емес. Мынадай жағдай болған. Бір күні радиодағы Ғалым Есенсариев аға хабарласты. Ол кісінің дауысы ерекше ғой. Қай кезде де даусынан танып қоясың. Содан маған «Сенің дауысыңды бір гүжілдеген, гүрілдеген деп ойлаған едім» дегені. Енді біреулерден «мынау дені сау адам сияқты екен ғой» дегенді де естідім. Өзім байқамай, біраз жыл желіде «құбыжық» образын жасап алғам ғой. Бәлкім, желідегі негативтен қорғандым ба, сондай образ керек болды ма, білмеймін. Әйтеуір бет қаратпайтын, алдына келгенді тістеп, артынан келгенді теуіп отырған адамның кейпін жасап алған сияқтымын. Шын мәнінде, кәдімгі адаммын.

Журналист әріптестерден, достарымнан жанындағылар «Сен анау Қожабековамен қалай дос болып жүрсің?» деп сұрайды екен. Бірақ табиғатымнан сызылып, бет моншағы төгіліп тұрған нәзік адам емеспін. Оның үстіне балаларға әке орнына әке, ана орнына ана болып жүргенім де бар. Қандай жағдайда да кез келген мәселені өзің шешесің. Сондайға әбден үйрендім. Ол жағынан ешкімге міндет қылмайсың. Бар болмысым сондай. Дауысым ешқашан ақырын шығып көрген жоқ. Бәлкім, ортама ибалылық танытуға бейімделмеген адам шығармын.

Желіде қатты сөз айтып қалғаным болмаса, шынайы өмірде ешкімнің бетінен алып жүрген жерім жоқ. Әлеуметтік желіде арпылдасып қалған адамның бетіне жай өмірде келе алмауым мүмкін. Желіде негатив өте көп. Содан қорғанған түрім шығар.

Өзім ешқашан көрмесем де, «еш жерде кездестірмесем екен» дейтіндерім де бар. Және мен де біреулерге сондай адаммын. «Қожабекова екеуміздің жолымызды түйістірмесін» дейтіндер көп. Әлеуметтік желі біздің өміріміздің бір проекциясы ғой. Сондықтан барынша ешкімге жөнсіз соқтықпайсың. Жалпы, әр адамның жазбасынан ойы, мінезі, көзқарасы көрініп тұрады.

– Бүкіл қоғам наурыздан бастап енетін «Қоғамдық орында балағаттандар 69 мың теңге айыппұл төлейді немесе 30 тәулікке қамауға алынады» дегенге шулап жатыр. Енді қайтесің?  

– Фейсбукте анда-санда боқтық сөз жазып қойғаным болмаса, былайғы жерде боқтампаз адам емеспін. Онда да айтатын жерімді білемін. Достармен әңгіме айтып отырып, бір-екі сөз қосып жіберуім мүмкін. Бірақ орнын, жөнін білемін. Әлеуметтік желіде арасында жазатыныма қарап жұрт солай ойлайтын шығар.

«Өмірде жолы болмай жүрген ашулы, ызалы адам. Сол үшін боқтап, буын әлеуметтік желіде шығарып алады», – деп ойлайтындар бар екен. Жалпы, бізде боқауыз сөйлегенді «жаман, бұзылған, құрыған адам» деп қабылдайды. Ол адамның мінезін де, өмір салтын да, ұстанымын да көрсетпейді.

– Сеніңше «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске»  осындай заң нормасын енгізген дұрыс па?

– Дұрыс шығар. Бірақ кімнің аузын аңдып жүреді? Біреумен айқайласып, боқтап, былапыт сөз айтып жатқан адамды байқайсың. Ал сондай сөздерді екеуміз сөйлесіп отырғанда айтсақ, кім біледі? Тәрбие жағынан келгенде, боқтық сөз естісе, құлағы бүрісіп қалатын адамдар бар ғой. Әркім ұстамды болу керек қой. Күліп отырып айтып қалса, жүгіріп барып айыппұл саласың ба? Егер біреуді шындап балағаттап жатса, онда ұстасын. Боқтықтың да түр-түрі бар. Кейбіреулер «связка слов» ретінде қолданады.

Жалпы, боқтық дегеннің төркіні не? Әу баста қазақтың боқтығының бәрі жыныстық қатынасты сипаттайтын сөздермен, белден төменгі жақпен байланысты. Мәселен, «басың жаман» десең боқтық емес те, ал «көтенің жаман» десе боқтық боп есептеледі.

Тағы бір нәрсе, ол нәрсенің атын атасаң боқауыз емес те, «соған қатысты әрекет істеймін» десең боқтық боп шығады. Қай кезде де боқтық сөздің түп-төркіні белден төмен жақтан шығады. Белден төмен жақтан жасалатын әрекеттің бәрі – боқтық.

– Талай жылдан бері аударма саласында редактор болып жүрсің. «Бұл да еңбегі еш, тұзы сор жұмыс, көп жерде бағаланбайды» деп айтқаның бар еді.

– Қай жерде де редактор тұтынушының қолына тиетін өнімге жауап беретін адам. Өйткені, автор мен аудармашыдан келетін мәтін «полуфабрикат». Соны не күйдіріп жібермей, не езіп жібермей, тұзын дәл салып баптап пісіріп, оқырмаға ұсынады. Сапалы жартылай дайын өнім келсе, әрине редакторға да оңай. Ал егер жап-жақсы дайын өнімді олақ редактор тұзын аз немесе көп салып жіберіп, жеуге жарамсыз етсе, ол да жаман. Бірінсіз бірінің күні жоқ.

Кез келген контент редакторсыз шықпайды. Көп дүние редактордың біліміне, шеберлігіне, мінезіне, шыдамдылығына байланысты. Автор шығармасының оқырман қолына сауатты болып тиюі редактор үшін де мақтаныш. Бірақ редактор автор мен аудармашыны алға тартады. Одан кейін көп жерде аты аталмайды. Сен де істегеніңді көрсетіп, «Мына кітапты редакцияладым. Жақсы шығуына септігім тиді» деп айтқың келеді. Өзің жазбасаң да, баптап бәйгеге қосқандай сезім болады. Аттың иесі, бапкері, шабандозы бар ғой. Сол сияқты дүние. Өз қолыңнан шыққан мәтін қымбат. Оны да иемденгің келіп тұрады. Өкініштісі, редактор болып байқауға да қатыса алмайсың.

– Сұхбатыңа рақмет!

Тегтер: