Депутаттар портреті. Ринат Зайыт. «Әртіс»

Нағыз әртіс рөл таңдамайды. Батырды ойна десең – батыр, ақынды ойна десең – ақын болып шыға келеді. Ал Ринат Зайытқа ақын мен батырды ойнаудың түкке де қажеті жоқ. Өйткені бұл екі қасиет те өзінің бойында бар. Бірақ актерлік шеберлікте шек болмайтынын өнерсүйер қауым жақсы білуі тиіс. Қала, қалама, тума талант түбінде бір жерді тесіп шығады. Ринат Зайыттың ең алғашқы «тескен тұсы» – «Тазша бала» атты жас сықақшылар республикалық конкурсы болатын.
«Ринат, батыр десем, құл екенсің...»
Оқырманға түсінікті болу үшін әңгімені бірден осыдан бастамасақ, күнделікті жаңалыққа құлақ түре бермейтін көпшілік «Зайытовты Зайыт дегені несі?» деп бізді жазғыруы мүмкін. Әнеубір күні депутат youtube арналардың біріне берген сұхбатында «Бұйырса, құлдық қамытымнан құтыламын» деген. Оның мәнісі былай екен: Мемлекет және қоғам қайраткері Оразгүл Асанғазы «Ринат, сені батыр екен десем, құл екенсің ғой. «Ов», «вич» деген құлдық қамытты бізге кигізіп қойған. Осыны ала алмай жүрген не деген адамсың, сен?!» десе керек.
Ұққан шығарсыз, сөз түсінетін адамға оңай сын емес. Оның үстіне, «батыр екен десем...» деген күмәннің күші қандай?! Ринат бүй дейді: «Сөз сүйегімнен өтіп кетті. Құжатты өзгертуге өтініш бердім. 9 сәуір күні алам куәлігімді, «ов», «вич»-тен құтылам сол кезде. Енді «Ринат Рифхатұлы Зайыт» болады. Оразкүл апамнан сүйінші сұраймын, «апа, міне, құтылдым құлдық қамытымнан, тәубә» деп айтамын».

Ринат апасынан сүйінші сұрады ма, сұраса, апасы не берді? Бұл аса маңызды емес. Маңыздысы, депутат сөзінде тұрды, құлдық қамытынан құтылды. Тәубе деп айтуына әбден болады. «Ринат Рифхатович Зайытовқа» қарағанда, «Ринат Рифхатұлы Зайыт» әлдеқайда ұғынықты әрі кәдімгідей қазақша. Бастысы, аты-жөніне қарап, ешкім енді оның батырлығына күдік-күмән келтіре алмайды. Бірақ бұл «Ринат Зайыт батыр есебінде жұрт көңіліне біржолата бекіді» деген сөз емес. Басында батырша бастап, аяғына келгенде «тұрып бере алмай» қалған кездері де болған. Дегенмен ол жайында сәл кейінірек. Алдымен бас тақырыптың мәнін түсіндіріп, балалық шағы мен әртістік келбетін бір шолып шығайық.
Періштеден «Тазшаға» дейін
Осыдан 9 жыл бұрын Ринаттың әкесі Рифхат Зайытов журналистердің біріне эксклюзивті сұхбат берген. Тыңдап отырсаңыз, ми талшықтарыңыз дір ете қалатын деректер айтылады. Соның ең негізгісі, Ринаттың өмірге келу-келмеуіне қатысты отбасындағы тартысты әңгіме. Рифхат Зайытовтың айтуынша, мектеп бітіре сала үйленген ерлі-зайыптылар әне-міне дегенше үш балалы болып, төртіншісі құрсаққа біткенде, анасы туғысы келмеген көрінеді. Әкесі баланы алдыруға қарсы болған. Сөйткен бала 1983 жылы 17 қарашада Аягөз қаласында өмірге келеді. Бұл – азулы ақын, бүгінгі депутат Ринат Зайыт еді.
- Оқи отырыңыз: Депутаттар портреті. Дәулет Мұқаев. «Тазша бала»
Тағдырдың тәлкегі шығар, анасы мен кішкентай шарананы партком хатшысының көлігімен перзентханадан алып шыққан Рифхат Зайытов апатқа ұшырайды. Құдай қаққанда, барлығы дін аман. Бастысы, өмірге жаңа келген балаға да еш залал келмеген. «Ринаттың бір қолдаушысы, желеп-жебеушісі бар екенін сол кезде байқадым» дейді әкесі. Рас қой, көзін ашпай жатып, екі бірдей қауіптен аман қалған шарананы періштесі қақты десеңіз де, жебеуші пірі қолдады десеңіз де, жарасады. Өкініштісі, Ринат 14 жасқа келгенде, әкесі отбасын тастап, бөлек кетеді...
Желкілдеп өсіп келе жеткіншектің жаңбырдан кейінгі жылқыдай ширыққаны осы кездерден басталса керек. Ол өнердің бірнеше саласында бақ сынап, ауыздығымен алысқан арғымаққа айналды. М.Төлебаев атындағы музыка колледжін «Драмалық театр актері» мамандығы бойынша тәмамдаған ол кейін Семей Мемлекеттік педагогикалық институтынан «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» деген тағы бір мамандық алып шыққан. Байқасаңыз, екі жерден алған білімі бір-бірін толықтырып тұрады. Дегенмен алғашқысының бәсі басымдау. Себебі 17 жасында «Тазша бала» атты жас сықақшылар республикалық конкурсының жеңімпазы атанған. Бұл жерде жастардың қандай өнері сыналғанын байқаудың атауынан-ақ білуге болады.
Қысқасы, Тазша бала тәсілімен өтірік пен шыннан қойыртпақ жасап, жұрттың ішек-сілесін қатыру қабілеті кейіпкеріміздің қызмет жолын Семей қаласының жергілікті каналындағы «ТТТ» әзіл-сықақ бағдарламасына тіреген.атауынан-ақ білуге болады.

Физикалық экспрессия, вокалды проекциялау, пантомима, импровизация деген секілді әртіске қажет қасиеттердің бәрін студент кезінде игеріп алған Ринат Зайыт кейін көрген-білгенін айтыс сахнасында әдемі пайдаланды. Бірақ кейіпкеріміздің кіммен айтысып, кіммен сөз қағыстырғанын әңгімелеп, оқырманның алтын уақытын ұрлағымыз келмейді. Өйткені Ринаттың айтыстары – жұрттың жадында, елдің аузында. Сондықтан біз әр қазақ өзіндей көретін ақынның өзге қырынан келгенді жөн көріп отырмыз. Себебі «Суырып салма ақын кейде суырғанымен, салмай қояды екен» деген әңгіменің айтылғанына да біраз жылдың жүзі болды.
Қосановпен қосақталып...
Саяси жылнамашылардың есебінше, Ринат Зайыттың әртістік өнерін айтыста ғана емес, саясатта да пайдалана бастауы Қосановпен қосақталған кезеңімен тұспа-тұс келеді. Өйткені дәл сол 2019 жылға дейін кейіпкеріміз саяси сахнаға шықпаған. Айтыста «биліктің бетіне» айтып-айтып тастағаны болмаса, айғай салып, әділдік сұрайтындай ниет-пейілін байқатпаған.
Әміржан «атырылып ортаға» шыққанда, өзге түгілі оппозиция теріс айналғанын білесіз. Басқаны қойып, бажасы Ермұрат Бапидың өзі дүрмекке ілеспей, сырттан бақылап тұрды. Себебі Қазақстандағы сайлаудың қалай өтетінін әбден біліп алған сыралғы саясаткерлер «билікке болысқандай болмай, керісінше, байкот жасайық» деген пайымның төңірегіне топтаса бастаған. Олардың ойынша болса, бұқара халық сайлауға бармай, билікті ит қылуы тиіс-тұғын. Міне, осы кезде Ринат Зайыттың найзағай жыры көк аспанды қақырата тіліп түсті:
Қазақстан тұрақ емес бір күндік,
Отан үшін біз биікке ұмтылдық.
Оян, қазақ, көтер басты, есті жи!
Осы сайлау ең ақырғы мүмкіндік.

Басын көтерген қазақтар шынымен де өздерін оянып кеткендей сезінді. Себебі «Ең ақырғы мүмкіндік» деген сұмдық сөз еді. «Осыдан қалсаң, біттің» дейтін ишара иісалмас қазақтың өзін төсегінен желкелеп тұрғызды. Бірақ қайда барады? Кімге дауыс береді? Ринат осы өлеңінің соңында оны да көрсетіп берген:
Кетпесін деп туыс тозып, дос арып,
Сайлауға өз үнімізді қосалық.
Біздің таңдау болашағы қазақтың,
Мендік таңдау, ол – Әміржан Қосанов.
Қазақтың болашағы үшін Әміржан Қосановқа дауыс бергендер кейін аң-таң боп, бірінің бетіне бірі қарады. Неге өйткенін білесіз, exit poll қортындысы шыққанда, әділдік орнатуы тиіс Әміржан Қосанов қарсыласы – Қасым-Жомарт Тоқаевты құттықтап, «ақырғы мүмкіндікті» жерге көмді. Бірақ жаңа оянып, енді есін жиғандар арасында мұндай аярлыққа көнгісі келмей, бурадай бұлқынғандар бар еді. Сайлаудың сықпытына налығандар «Алматы Аренаның» айналасын у-шуға айналдырған. «Ойбай, Ринатты ұстап әкетті», «Ринатты қамапты», «Екі-үш сағаттың ішінде Ринатты қысып-қысып, судай шыққан үйректей сүмпитіп тастапты» деген әңгімелер міне, осы тұста іркес-тіркес айтылып жатты.
Бірақ Қосановтың жол ортада бұлт ете қалғанына бола, Ринатты кінәлау орынсыз еді. Оның үстіне, көшеге шыққан көптің алдында Ринат Зайыт тізерлеп тұрып, кешірім сұраған. Орнынан тұрған соң, «Мен де алдандым, сіздер де алдандыңыздар» деген ақын: «Біз бір жұмылдық, енді осы жұмылғанымыздан ажырамайық. Ешкім қорықпасын ештеңеден. Біз Қытайға да, қала берді «Нұр-Отанға» да бұл мемлекетті бермейміз. Бұл біздің жеріміз, бұл ата-бабамыздан қалған жер, ағайын!» деп, жарымкөңіл қазақтың жанарын жасқа малған.
Сөйткен Ринат... Иә, сөйткен Ринат, мемлекетті «Нұр-Отанға» бермейтін Ринат, «жұмылған жұрттан ажырамайтын» Ринат аты өзгерген партияның ақ ала жәкетін киіп алып, халыққа «Хеллоу» деді де, Парламенттен бір-ақ шықты.
«Атамыздан қалған жер жоқ...»
«Бұл Ринатың өзі ақын болды ма, әлде әртіс болды ма?» деген сауалдар жұртты алғаш рет осы кездерде мазалаған секілді. Зайыттың түбін тексеріп, тамырына үңілгендер анау екен, мынау екен дейтін алыпқашпа әңгімелердің де қоздауына түрткі болды. Ал бос сөз, бостекі әңгімені ысырып қойып, өмірбаянына үңілгендер «Ә, бұ бала әртістің оқуын оқыған екен ғой, әділ сайлау деп сенгеніміз әдемі концерт боп шығыпты» деді де, жандары күйіп, қайтадан жамбастап жата кетті.
Бірақ обалы не керек, Ринат Зайыт нашар депутат болған жоқ. «Ең төменгі жалақы 300 мың теңге болуы керек», «Ата заңымыз бойынша мемлекеттің басты байлығы – банк емес, халық» деген сөздері жұрттың жанына жағып, жүрегіне жылы тиді. Дегенмен Ринатқа Мәжілістің неге керек болғаны, жалпақ жұрт үшін әлі күнге жұмбақ. Ал Парламентке Ринаттың не үшін қажет болғаны әу бастан-ақ белгілі-тін. Реті келген жерде «Ескі Қазақстанды» тоқпақтап, «Жаңа Қазақстанның» Парламентінде жалындап отыратын жас депутаттың бейнесіне Ринат Зайыттың болмыс-бітімі әп-әдемі үйлесетін.

АЭС құрылысына қатысты өткен референдум қарсаңында депутаттардың ерекше белсенгенін ұмытпаған шығарсыз. Әсіресе AMANAT-тықтар андағайлап алға шықты. Басқаша айтсақ, Үкімет халықпен кездесуге депутаттарды алдына салып, «айдап» барды. Міне, осы кезде мәжілісмендер не демеді десеңізші, аяқасты бәрі физик, бәрі атомщикке айналды. Бірақ біздің кейіпкеріміз өйткен жоқ. «Мен атом маманы емеспін» деп ашық айтты. Сосын «Менің жүгіріп жүрген мақсатым – ертең менің ұрпағымның мойнында қамыт болмаса екен, жолында жарық болса екен деп жүгіріп жүрмін» деді.
Болды, бітті ғой, бұдан артық не керек? Ринат осы мақсаты үшін де АЭС салуды қолдайды. Ал Сіз ұрпағыңыздың жолында жарық болғанын қалайсыз ба, қаламайсыз ба? Әрине, қалайсыз. Қаламай қарсы шықсаңыз, абақтыға қамалған АЭС-ке қарсылардың артынан кетесіз...
Кімнің қайда кететінін білген соң шығар, әлде AMANAT-тың айбыны арқасын қоздырды ма, Ринат Зайыт бірде тіпті асыра сілтеп жіберді. Асыра сілтеді дейтініміз, АЭС-тің қажеттілігін халыққа түсіндіріп жатып, бүй деді: «Бізде атамыздан қалған жер жоқ...». Тыңдап отырған ел тұншығып қала жаздады. «Сонда қалай?» деген ой әркімнің көкірегін күйдіріп өтіп, көмейіне тақалғанда, «Ұрпағымыздан қарызға алған жер бар, соны аман-есен қайтарып беруіміз керек. Біздің міндетіміз сол» деді.
Ал не түсіндіңіз? Былай қарасаңыз – дұрыс, былай қарасаңыз – бұрыс.
Бұрыстығы – атамыздан қалған жер болмаса, атамыздың басына елім-жерім деп жүрміз бе? Дұрыс па, дейтініміз, ұлан-ғайыр жерді ұрпағымыздан қарызға алыппыз. Бірақ осы қисын қаншалықты орынды? Мұны түсіну үшін Ринат айтқан ұрпақтың қай дәуірдің өкілдері екенін ұғып алуымыз керек. Бұлар шамамен 5 жастан төменгілер немесе 50 жылдан кейін өмірге келетіндер. Ендеше олар кімдер? Аты-жөні бар ма? Әрине, кейінгі ұрпақтың тегінің бәрі Зайыт пен Қайып немесе Қошанов пен Қосанов болмайтыны анық. Олардың қатарында Сидоров-Иванов, Хан-Пан, Сайипов-Гайиповтар да бар. Сонда біз жерді осы ұрпақтан қарызға алдық па? Әлде ата-тегі қазақша еместердің бәрін кейінгі ұрпақ қатарынан сызып тастаймыз ба?
Міне, осындай-осындай бірдеңе-сірдеңелерден кейін «Айтыста тауып сөйлейтін Ринат Зайыт Мәжіліске барған соң ауып сөйлейтін болған ба?» деген күмән көптің мазасын қашыруға айналған сияқты.
«Керең биліктің» керіне ұшырағанда...
Ат төбеліндей айтыс ақындарының ішінде Ринатты айқасқа деңгейіне көтеретін бір артықшылығы бар. Бұл кісі – шаппа-шапта айтып-айтып тастап, сосын домбырасын құшақтап кетіп қалатын көптің бірі емес. Қолы боста, отты жырларын мөлдіретіп қағазға түсіріп, жадына жазып алады да, күмбірлетіп тұрып оқиды. Құлаққа жағымды қоңыр дауыс тыңдаған адамды бірден үйіріп әкетеді. Сүбелі сөз бен оны жеткізгендегі үннің сиқырлы сазы көз алдыңызға әйгілі жырау Ақтамбердіні әкеледі.
Мына билік көзі соқыр, керең тым,
Айтқанына оның енді сенер кім?
Жалғыз ойым – анық білем бәрінің,
Алыс емес сазайларын берер күн.
Мыңқ-мыңқ етіп, бірді бірге қоса алмай,
Айтаныны – құрғақ ұран, бос айғай.
Міне, тағы Өзендегі жанжалды,
Әлі де отыр ебін тауып шеше алмай...

Бұл керемет жыр жолдарын Ринаттың дәл қай күні жазғаны белгісіз. Есесіне, өлеңге өзек болған Өзен жұмысшыларының әділдік іздеп Астанаға қашан келгені белгілі. 2023 жылдың сәуір айында мұнай компаниясына талаптарын орындата алмаған жаңаөзендік жұмысшылар Астанаға келді де, Энергетика министрлігінің алдына «тоқымдарын» төсеп, жатып алды. Бір тәуліктен кейін Парламенттің есігін айқара ашып жіберіп, ағайынды қоңыр қаз секілді үш депутат шыққан. Олар – Ермұрат Бапи, Мақсат Толықбай және Ринат Зайыт. Батыстан келген ашулы жұмысшылардың аптығын басуға неге Шығыстан шыққан депутаттардың таңдалғаны түсініксіз. Әлде жоғарыдан «Депутатпын деп отыра бермей, кім екендеріңді осындайда көрсетіңдер!» деген тапсырма түсті ме, әйтеуір елге етене танымал үш мәжілісмен күртелерінің жағасын көтеріп алып, көптің алдына келген. Жұмысшылардың не айтатыны белгілі ғой, олар мұңын айтып, зарын төкті.
- Оқи отырыңыз: Депутаттар портреті. Ардақ Назаров. «Терминатор»
Ал Ринат Зайыт не деді? «Мәселе бұл жерде шешілмейді, жігіттер. Негізінде кабинетте шешіледі. Бірақ талап етушілердің осында болғаны – процесті әлдеқайда жеделдетеді» деді. Бірақ ешкім жұмысшыларды кабинетіне ертіп барып, мәселе шешкен жоқ. Дәл осы күні бір қора полиция келіп, әділдік сұрағыш жұмысшыларды автозакқа тиеп әкетті. Енді бұл үшін Ринат Зайытты айыптауға бола ма? Біздіңше, болмайды. Өйткені депутат шындығын айтты ғой, «Бұл жерде шешілмейді» деді, шешілген жоқ. «Бірақ талап етушілердің осында болғаны – процесті әлдеқайда жеделдетеді» деді. «Процестің» қалай жеделдегенін өзіңіз көрдіңіз. Ендеше Ринатта не кінә, не айып?
«Әртіс десе, әртіс екенсің!»
Кейіпкеріміз Мәжіліске Алматыдан барса да, Алматының емес, Шығыстың мәселесін көбірек көтеретіндей көрінеді. Әсіресе, уақыт белдеуі өзгеріп, Өскемен мен Семейде түн ортасында таң ататын мезгіл туғанда, Шығыстан шыққан депутаттар төсегінде тыныш жата алмады. Жиі-жиі бас құрап, әртүрлі мәлімдеме жасады. Бірақ ешбірі «сағат тілін баяғы орнына бұрып берем» деп уәде қылған жоқ. Себебі өткен жылдың соңында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев «Біріңғай уақыт белдеуі өзгермейді» деген. Оны Үкімет басшысы Олжас Бектенов қолдаған. Демек Үкімет өзгерген уақыт белдеуіне мұздай бекіп, тастай қатып отыр деген сөз. Сондықтан Шығыстың жұрты қыржыңдап жақтырмаса да, амалсыз көндігуге айналып еді.
Осы кезде Ринат Зайыт «Уақыт белдеуі бұрынғы қалпына қайта келеді» деп «сүйінші сұрады». Сүйінші сұрағанда, ешкімге алақанын жайған жоқ, бірақ QazaqAIRAN ютуб арнасына берген сұхбатында естіген ел сүйіншісін сұратпай-ақ беретіндей қылып айтты. Оны бір БАҚ-тан бір БАҚ көшіріп басып, бүкіл ел құлағдар болды. Шыр айналған Күнді не уақытымен атыра алмай, не уақытымен батыра алмай, әбден мазасы қашқан шығыстықтар басқа шаруаның бәрін ысырып қойып, Наурызды күтті. Сол күткен Наурыздың таңы әппақ боп атқанда, не өзгерді дейсіз ғой, ештеңе де өзгерген жоқ. Үкімет уақыт белдеуін ауыстырмақ түгілі, сағаттың қанша болғанын да сұрамады.
Ал Ринат ше? Бұ кісі бүй деді: «Біздің позиция әлі сол. Наурызда ауысатынына сенімді болдым, өйткені оларда ешқандай аргумент болмады. Бұл жерде, қазақша айтқанда, белден басу болды».

Ал халық не деді? Не деуші еді, «Е құдай, біз мұны бірдеңе біліп айта ма десек, өзінің позициясын айтып жүр екен ғой» дегендер де, «Үкіметтің белден басатынын білмейтін бұл неғылған депутат?!» дегендер де кездесті. Бірақ бұл оқиғаға қатысты Ринаттың «диагнозын» бір оқырман тап басып қойған екен. Ол комментарийде былай деп жазған: «Әртіс десе, әртіс екенсің!»
Түйін: Ринат Зайыт Қосановтың «концертінен» кейін қатты «ашуланып», алдымен алаңға шығып, артынан елді үйге қайтуға шақырып, әйтіп-бүйтіп жүргенде, белгілі журналист Қасым Аманжол «Мен бұларды бақсы-құшнаштар деймін. Бұлар өзі сондай қауым...» деген-ді. Бірақ біз Қасым айтты екен деп «бақсыны бас салғымыз» келмей тұр. Өйткені бақсы десек, арқалы ақынның бәсін төмендетіп жіберуіміз мүмкін. Есесіне, сценарийдің ыңғайына қарай, әртістің әртүрлі кейіпке ене беретінін білетін шығарсыз. Сондықтан NEGE-нің ақылдастар алқасы «Әртіс» деген атауға бір ауыздан тоқтап отырмыз... Ал бақсы немесе басқа болмағы – кейіпкеріміздің өзінен.
Сансызбай Нұрбаба.