Депутаттар портреті. Ардақ Назаров. «Терминатор»

Джеймс Кэмеронның әйгілі «Терминаторы» экранға шыққанда, Қақпақтың құрыш білекті жігіті төрт жаста-тұғын. Арада біраз жылдар өткенде, сегіз бұрыштың серкесіне айналды. Небір сұрапыл спортшыларды сирағынан ұстап алып, «дырылдата сүйреп» жүргенде, шетелдік жанкүйерлер Ардақтың не шын адам, не темір-адам екенін ұқпай қалатын...
Қызығы, ұқпай қалу – енді өз басымызға келді. Өйткені депутат Назаровтың журналистерге берген қайсыбір жауаптары – адамның емес, «миында жазылған» сөз тіркестерін кейде ретті, кейде ретсіз қолданатын робот-адамның сөз ләміне ұқсап қалып жатыр.
Ардақ пен Арнольд
«Төбелессе, Ардақ жеңе ме, Арнольд жеңе ме?» деген жауабы қиын сұрақты Нарынқолдың қарасирақ балалары осыдан 15-20 жыл бұрын айтып жүретін. Бірақ балалар қиялындағы осы сауалдың әжептәуір салмағы бар екенін жұртшылық бертінде түсінді. Себебін өзіңіз білесіз, «Терминатор» арқылы әлемге танылған Арнольд Шварценеггер темір-адам туралы фильмдер санын 7-ге жеткізіп, қарсыластарын «қырып-жойып» жүрсе, сегіз бұрыштың ішінде ойнақ салған Ардақ Назаров өзіне қарсы тұрар спортшыны жер бетінен таппай қалды. «Арнольдтікі – кино, Ардақтікі – өмір» дейтін салыстыру, міне, осы тұстарда айтылған сияқты. Қаны қазақ болған соң, бала біткен осылайша Арнольд Шварценеггерді Ардақ Назаровтың «астына жығып» берген.
Әйтсе де, ересектер мойындауға тұратын бір шындық бар болатын. Арнольд Шварценеггер осы фильмдері арқылы әлемге танылып қана қоймай, қалталы байға айналды. Бірінен кейін бірі шыққан «Терминатордың» үздік-создық жалғасы спортшы-актерге миллиондаған доллар табыс әкелді. Бірақ бұған қарап, Ардақ «жеңілді» деуге болмайды. АҚШ-тың актері миллиондаған көк қағазға «көмілсе», қазақтың спортшысы «Асыл арна» арқылы миллиондаған адамға ақыл-кеңес берді. Өзінің «Ardak Nazar» ютуб арнасын ашқанша, кейін жабылып тынған «Асыл арнада» анда-санда бой көрсетіп тұрды.

Арнольд Шварценеггер темір-адам болудан «шаршағанда», саясат қуып, Калифорния штатына губернатор болған-ды. Осы кезде қарасирақ балалардың көңілі қатты құлазыған. Бірақ Ардақ Назаров кумирлерін жерге қаратқан жоқ. Мәжіліске кандидаттар іріктеліп, саяси әлем буырқанып жатқанда, жараған бурадай болып, Парламентке кіріп барды. Яғни, балалар көңіліндегі «қарсыласына» ешқашан есе жібермеді. Алайда есе жібермеу үшін жар таңдады деуден аулақпыз. Бұл әншейін сәйкестік екені даусыз. Екеуінің де әйелдері – журналист, тіпті есімдері де ұқсас. Арнольдтікі – Мария болса, Ардақтікі – Маржан.
«Расымен де, екеуінің ұқсайтын жерлері көп екен. Бірақ қарасирақ балалар құсап, бірін жеңдіріп, бірін жеңілдіре бермейік. Иллахи төрелік жасайық, екеуін тең түсті деп есептейік» десеңіздер, онда біз Шварценеггерді жайына қалдырып, өзіміздің «Терминаторға» тікелей тартамыз.
Рингтен – Парламентке
Ардақ Назаров Мәжіліске аспаннан түсті дегендер қателеседі. Мақсат Толықбай екеуі осыдан бес жыл бұрын «ADAL» партиясында болатын. Саясат әлеміне күннің шуағы қайдан түсетінін ерте сезді ме, біршама «adal-данып» алған жігіттер бұл партияны тастап кетті. Себебін ешкім білген жоқ. Әріптесі «Amanat-тың» жалына жабысқанда, Ардақ Назаров айдалада жаяу қалғандай көрінген. Бірақ жаяу қалудың жай нәрсе емес екенін жұртшылық сайлаудың төбесі көрінгенде сезді. Алайда оның бәрін тізбектей беру шарт емес. Тек бір ғана мәселені айтпасқа болмайды.
№11 сайлау округі деп аталатын аймақта Ардақ Назаров белгілі журналист, қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбайұлымен бір алаңда «тоқайласып» қалды. Сайлау болған соң, екі-ақ адамның додаға түспейтіні белгілі ғой, кандидаттар біршама еді. «Мәжіліске кімнің барғаны дұрыс?» деген сауалды әркім өз ішінде пісіргенде, Қайрат Нұрқаділов «Рысбек ағама жолымды бердім» деп орта жолдан тоқтаған.
Спортта тоқтап көрмеген Ардақ Назаров сайлауда тоқтауды ар көрді ме, кеуделеп тура тартты. Сол кезде осы жолдардың авторы Рысбек Сәрсенбайұлының сенімді өкілі ретінде Талғардағы сайлау учаскелерін тексеріп, шапқылап жүрген. Түске дейінгі уақытта Р.Сәрсенбайұлы бүкіл дауыс берушілердің шамамен 60-70 пайыз дауысын жалғыз өзі иеленген еді. Қалған 30-40 пайыз бюллетень өзге кандидаттардың үлесінде қалған. Кімнің жеңетіні осыдан-ақ белгілі-тін. Ал ақырында не болды?

Не болғанын өзіңіз білесіз, бұл округтегі сайлау ережесіз жекпе-жекте оңбай жеңіліп жатып, қарсыласына рұқсат етілмеген «жексұрын» әдісті қолданғандай әсер қалдырды. Гонг соғылғанда, саясаттың иісі әлі мұрнына бармаған Ардақ Назаров Астанаға қарап, танау тартып тұрды...
«Терминатор тілі»
«Білмеген у ішеді» деген осы ма, әлде қайда барғалы жүргенін алдында білмеген бе, спорт пен сайлауда қаймықпайтын кейіпкеріміз кейін журналистерді көрсе, тұра қашатын әдет тапты. Бір есептен, қашса қашатынындай бар. Себебі ең алғашқы кездесу Назаров үшін тым сәтсіз болды. Шырттай киініп, шырт түкіріп, қымбат әшки тағып, екі қолын қалтасына салып келе жатқанда, бір топ журналист алдынан қарсы жолыққан. Арадағы әңгіме былай өрбіді:
– Қаңтарда оқ атқан және оқ атуға бұйрық берген азаматтарды, билік өкілдерін жауапқа тартуды талап етесіздер ме?
– Аман болыңыздар! Алла Тағала елге тыныштық берсін! Біз әлі жұмысқа кіріскеміз жоқ қой.
– Жоқ, кіріскеннен кейін. Әлі күнге дейін Қаңтардың шындығы ашылған жоқ. Оқ атқан, оқ атуға бұйрық берген адамдарды жауапқа тартуды талап етесіз бе, өзіңіз?
– Амандық тілеймін, сіздерге!...
Тақ-тұқ диалог былай түйінделді: – Парламентке өткеннен кейін қандай нақты мәселелерді көтересіз, жоспар бар ма?
– Жастарды тәрбиелейміз.
– Қалайша?
– Бұрынғыдай.
Ардақ Назаровтың кейде «Терминатор тілінде» сөйлейтіні алғаш рет осы кезде байқалған. «Бәле іздегіш» журналистермен келесі мәрте кезіккенде, мүлде жауап бермей, «қашып» кетті. Бірақ Парламенттің «білгеніңді істеуге» болатын сегіз бұрыш емес екеніне Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың ескертуінен кейін көзі жеткен сияқты. Міне, осы кезде депутат алғаш рет жөні түзу пікір айтты: «Біраз сұрақтарға жауап берілмеді деп уайымдап отырғандарыңызды білемін. Біз спортшымыз ғой, рингке қыздырынбай кірмейміз. Дәл сол сияқты саяси рингте де қыздырынып, жан-жақты бағамдап, ішкі кухнясын көріп барып жауап бергеніміз дұрыс болады. Жақсы-жаманды таразылайтын, баға беретін уақыт әлі алда».
- Оқи отырыңыз: Депутаттар портреті. Дәулет Мұқаев. «Тазша бала»
«Ардақ Назаров қашан «қыздырынып» болады екен?» деп күткендер кейін талай қызықтың куәгеріне айналды. Соның бірі – Мәжілістің ішкі кухнясы емес, депутаттың өз кухнясы туралы әңгімеден өрбиді.
Ішіп-жем туралы сөз
Абай мен Шәкәрімді көп оқығандікі ме, әлде «Асыл арнадан» жұққан әдет пе, Ардақ Назаров кейін сауал таңдамайтын деңгейге көтерілді. Қазір қандай сұрақ қойсаң да, қиналмайды, ә десең, мә деп қарап тұрады.
Мысалы жуырда ғана журналистер одан азық-түлікке қанша ақша жұмсайтындарын сұраған. «Жарты келі қант пен бір салым шай үшін дүкенге баратын еркектің қатарынан емеспін. Өздеріңнің әріптестерің ғой, үйдегі жеңгелеріңнен сұрасаңдар, айтып береді. Болмаса, бүгін өзім біліп, сендерге ертең жауабын берейін» десе, ол үшін депутатты ешкім жазғырмас еді. – Қой мен жылқының еті ауылдан келеді, – деді Назаров. «Бұ бәлелер енді сиырдың етін сұрап қалса, қайтем?» деген қауіп миының бір бұрышына «дың ете» түсті ме, «сиырдың еті де» дегенді қосып қойды. Сосын ауылдан келетін тағам – май екен. Сонда қалғаны не? Қазан-ошақтың қажеттілігін түсінбейтін еркек үшін, әрине, нан мен шай. Оның үстіне бұл кісі «егер экономдасаңыз, жетеді, нанды да көп алмаймыз, біз» деді.
Сонда Ардақ Назаровтың отбасы азық-түлікке қанша ақша жұмсайды? Жауап былай болды: «Жақсылап алатын болса бір, 30-40-50 мың теңге болатын шығар». Енді осының қайсысы, 30-40 па, 40-50 ме? Әйелдің шаруасын әңгіме қылған соң осы ғой, тәптіштеп түсіндірген жауабыңның өзі ортасынан «қақ бөлініп», тәпішкесін теріс киген тентек баланың аяғындай, екі жаққа қарап тұрады. Бұл енді біздің байлам.

Ал жоғарыдағы саяси жүйенің ракурсымен қарасаңыз, жауап – сарабдал әрі нақпа-нақ. Себебі кез келген депутат «Азық-түлік өте қымбат, біздің бір миллион жалақымыз бала-шағаның қант-шайына әрең жетеді, қарапайым халықтың қалай күн көріп жатқанын Құдай білсін!» деп ешқашан айта алмайды. Дегенмен «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей», «орта деңгейде» сөйлеуге машықтанғандар көп. Олар жұрттың құлағына жағатын сөзді сақтық сүзгісінен өткізіп барып, биліктің «сүлгісіне орап» жеткізеді. Үлкен саясаттың ішкі кухнясын білу деген, міне – осы. Сондықтан шығар, жұртты ақымақ қылғандай, «30-40 мыңның» әңгімесін айтып, «аяқ жақта жүрген соң» Ардақ Назаровты «мына бала әлі өз кухнясынан шықпаған екен» деп ой түйгендер көбейе бастаған сыңайлы.
Ошақтан – отқа
Ардақ Назаровтың бір қасиеті – өзі туралы айтылған даулы әңгімелерге ыңғайын тауып, өзі от тастап отырады. «Отқа май құю – шариғатқа қайшы» дегені – соның бір ғана айғағы. Себебі ненің қайшы, ненің қайшы емес екенін айтатындай, Ардақ Назаров Бас мүфти емес. Ең құрыса, мешіттің имамы болса, «Құран сөзін айтып жатқан шығар» деп құлақ түруге болар еді. Сондықтан жұртшылық депутаттың бұл сөзін де кейде оң, кейде теріс «кеп қалатын» «Терминатордың» тақ-тұқ жауаптарына ұқсатты. Ал ашуланғандар ашығын айтты.
Мәселен белгілі философ әрі публицист Әбдірашит Бәкірұлы: «Ұлттық сана, дәстүрді хадис қалыпқа сала алмайды. Қазақтың ұлттық ойлау жүйесі діннен, шариғаттан жоғары. Діншілдер дінін ұстанып, тыныш жүрсін – жұмағына дайындалып. Өзге шаруаның бәрі қазақтікі: жаман болса – өзінен, жақсы болса – өзінен: біз Тәуелсіз мемлекеті бар, Еркін халықпыз!», – деді.

Бұл – аңдамай сөйлеген Ардақ Назаровты құлақ түптен қонжитқан ауыр соққымен тең еді. Екінші «соққыны» басқа емес, дінтанушы Мұқан Исахан жасады. Ол хадистен дәлел келтіре отырып, отқа май құюдың шариғатқа қайшы емес екенін дәлелдеп берді.
Сонымен не болды? Ештеңе де болған жоқ. Ардақ Назаров соққы дарымайтын темір тұрпатты кісі кейпінде қала берді.
Ажырассаң, жарна төле!
Депутат болған соң бекер отыра бермей, алдыңа келген құжаттың оң-терісін зерттеп, зердеңде бірдеңе болса, ұсыныс айту – парыз. Ардақ Назаровтың бір ұсынысы елдің есінде ерекше қалды. Ерекше қалатыны, ел-жұрт оны «миы шыққанша» езгілеп, дәмі кеткенше талқылады. Ол – «Ажырасатындарға жарна төлеу тәртібін енгізу» деп аталатын «аса маңызды» ұсыныс.
Құдайшылығын айтайық, депутат мұны аспаннан алған жоқ. Ұлттық статистика бюросы берген ресми деректерді «сөйлетіп», елдің үрейін ұшырды. 2023 жылы елімізде 120,8 мың неке тіркелсе, соның 40,2 мыңы ажырасумен аяқталған. Яғни, үш шаңырақтың біреуі құлап қалған. Оны айтасыз, 400 мың әйел тізесін құшақтап, төсегінде жалғыз жатса, 60 мың еркек саусылдап, «көшеде босып» жүрген көрінеді.
Мәселе ме, мәселе! Енді оны қалай шешпек керек? Шіркін, 400 мың әйел мен 60 мың еркекті «мидай араластырып» жіберсеңіз, жетектесіп, қолтықтасып, 60 мың жұп шығуы мүмкін еді. Бірақ қалған 340 мың әйел не істейді? Тиейін десе, бай жоқ, ажырасқан күйеуі басқа әйелдің артынан кеткен. Оның үстіне, еркектің бәрі 4-5-тен қатын алатын Бекболат Тілеухан емес қой. Демек таңдау жоқ, таңдау жасамай-ақ тие салатын еркек тағы жоқ. Бірақ олар енді бай таба алмағаны үшін жарна төлеуге міндетті. Сонда бұл әділеттілік пе?

Екіншіден, жалғызбастыларға жарна төлеткелі жүрген Ардақ Назаров маңызды бір мәселені айтпай кетіпті. Ажырасқан адам 5 мың теңге төлейді дейік, екінші рет ажырасса, 5 мың төлей ме, 10 мың төлей ме? Бес байдан шыққандар мен он қатын алса да, жараспағандар, бір рет ажырасқан адамдармен бірдей жарна төлесе, оның несі заң? Ал ажырасудың санына қарай салықты көбейтсең, «алты қатын алсаң да, ауына тартадының» кебін кигендер 30 мың теңгені ай сайын ың-шыңсыз төлеп тұра ма? Төлемей қойса, олармен Ардақ Назаровтың өзі барып, «сөйлесуі» керек пе?
Сондықтан шығар, журналист, бұрынғы сенатор Дана Нұржігіт бұған былай деп жауап берді: «Ажырасқандарға салық салу керек дегені – тіпті абсурд! Адамды еркінен тыс қасыңда ұстау, салыққа ұшыраймыз деп ажыраспау ма бұл?! Ақылға сыймайтын мәжбүрлеу ғой мынау! Адам құқығы қайда қалды сонда, депутат мырза?! Отбасы интитутын дәл осындай радикалды формада «қорғамасаңыз» етті. Бір де бір адам ажырасамын деп үйленбейді. Әр отбасында әртүрлі себеп бар. Кейде бала үшін, кейде жан тыныштығы үшін ажырасу – ең дұрыс шешім».
Бірақ ел не десе де, Ардақтың Ардақ болғалы көтерген ең сүбелі депутаттық сауалы осы еді. Өйткені халықтан тиын сауудың жолын көрсетсең, Үкіметтің «екі көзі жайнап» шыға келеді. Осыны ескерген депутат үлкен саясаттың «ішкі кухнясына» жалғызбастыларға жарна төлету арқылы барғысы келген сияқты. Өкініштісі сол, ұсыныс өтпей қалды.
Назаровтың өкпесі һәм айналмалы сөз
Журналист қызға үйленгенін міндет қылады деуден аулақпыз, бірақ бір журналисті бауырына басқан соң шығар, депутат Назаровтың қайсыбір қылықтары журналистер қауымын қайын жұртына балайтындай әсер қалдыратыны рас. Кейде қайын жұртымен егескен қиқар күйеу секілді қитығыңқырап жүретіні бар.
«Парламентке келгенде менің әшкиіме тиісті, «қолыңды қалтаңа салып тұрасың» деді, «тәкаппар екен», «мобилограф ертіп жүр» деді. Журналистерден қашады деді. Мен Америкада, әлем чемпионаттарында жүздеген журналистің алдында сұхбат берген адаммын ғой, қаншама журналист достарым бар. Не үшін қашам?! Мәжіліс ғимаратына кірем, сұхбат берем, кәдімгідей 10 минут ашылып, күшті сөздер айтып сөйлеймін. Арасынан бір сөзді алып, айналдырып беріп жібереді...», – деген еді бұ кісі бір сұхбатында.
Шынымен солай ма? Журналистер Ардақ Назаровтың күшті сөзін теріс айналдыруға әуес пе? Әлде бұл кісінің айтқан сөзінің өзі айналмалы ма? Өкпесін айтып тауыса алмай жатқан әлгі бір жерде тағы бүй деген: «Менімен айналысатын бір топ бар. Мен алғаш депутат болып келген кезде естідім соны. «Ареке, байқаңыз, сіздің артыңыздан бір топ журналистер жалданды, өте сақ болыңыз, тек қана сізбен жұмыс істейтін болады» деді».

Ал енді осы сөз айналмалы ма, айналмалы емес пе? Біздіңше айналмалы. Өйткені депутаттың құлағына сыбырлаған кім? Ол елдік мүддені көксейтін адам ба, әлде «шәригінде» шариғаттан басқа ештеңе жоқ қауға сақал біреу ме? Міне, осы сауалдарды індете зерттесеңіз, «біраз жер» шолып қайтуыңызға болады. Бірақ біздің өйткіміз жоқ. Себебі депутаттың айналмалы сөзінің бәріне «айнала» беру қажет емес. Неге? Өйткені бір топ журналист артынан түсетіндей Ардақ Назаров кім? Оның өзге депутаттардан қандай артықшылығы бар? Жалпы, бізде артынан түсуге «тұратын» депутат бар ма? Міне, осы сұрақтарға өз ішіңізде жауап тапсаңыз, Ардақтың айналмалы сөзінің өзіне неге «айналмай» кеткенімізді оңай аңғаруыңыз керек.
Түйін: Фильмдегі «Терминатордың» бір жақсы жері – жарақаттанған көзін ойып алып, білегінің «терісін» қолғап шешкендей сыпырып тастап, өзін-өзі жөндеп алатын. Ал Ардақ Назаров өзін өзі «жөндей» ала ма? Шындап кіріссе, аса қиын шаруа емес. Ол үшін көз ойып, тері сыпырудың қажеті жоқ. Бар болғаны, айналмалы сөздерін азайтып, қазақтың салт-дәстүріне соқтықпай жүрсе, жеткілікті. Ал енді мұны депутат ретіндегі негізгі миссиясының не екенін шала түсінетіндей көрінетін Ардақ Назаров біле ме?
Біле ме, білмей ме, онда шаруамыз жоқ, «Терминаторды» осымен тәмамдап, біз енді Мәжілістен құлағы тікірейген, құйрығы сала құлаш «Аватар» іздеуге шұғыл кірісеміз!
Сансызбай Нұрбаба.