Ақтөбеде Жеңіс күніне арналған еске алу шаралары өтті
9 мамыр – Жеңіс күніне орай Ақтөбеде Ұлы Отан соғысында қаза тапқан батырларды еске алу шаралары ұйымдастырылды. Қала тұрғындары Даңқ обелискісіне, «Зеңбірек» ескерткіш-обелискісіне, «Бауырластар зиратына», сондай-ақ Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованың ескерткіш-бюсттеріне гүл шоқтарын қойды.
Еске алу рәсімдеріне облыс әкімі Асхат Шахаров, мемлекеттік органдар мен күштік құрылымдардың өкілдері, депутаттар, ардагерлер және қоғамдық ұйым мүшелері қатысты.
15 мыңнан астам адам майдан даласында ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, елдің азаттығы мен бейбіт болашағы жолында жанын қиған батырларға тағзым етті.

Сондай-ақ Жеңіс күні облыс әкімі Асхат Шахаров өңірдегі жалғыз Ұлы Отан соғысының ардагері, 102 жастағы Василий Грецкийдің үйіне арнайы барып, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын табыстады.
«Бұл мереке – жеңімпаз ұрпақтың қайсар рухы мен теңдессіз төзімінің символы. Адамзат тарихындағы ең қанды соғыстың барлық ауыртпалығы мен қиыншылығын көтере отырып, Сіздер біздің бейбіт өмірге, еркіндікке және жарқын болашаққа деген құқығымызды қорғап қалдыңыздар. Сіздің өмір жолыңыз – жас ұрпақ үшін шынайы отансүйгіштіктің үлгісі.
“Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды” деген сөздерде Жеңіс күнінің мәні жатыр. Халқымыз майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің теңдессіз ерлігін әрдайым есте сақтап, құрметтейді», – делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.
Президент ардагерге зор денсаулық пен амандық тіледі.

«Соғыс жылдары Ақтөбе облысынан майданға 122 мың адам аттанды, олардың 36 мыңы елге оралмады. Жерлестеріміздің арасында 35 “Кеңес Одағының Батыры” және “Даңқ” орденінің толық тоғыз иегері бар. Олардың ерлігі мен жанқиярлығы – нағыз патриотизм мен елге адал қызмет етудің үлгісі болып қала береді.
Василий Иванович Ұлы Отан соғысының майдандарында шайқасып, Жеңісті Берлин түбінде қарсы алған. Оның өмір жолы – қайсарлықтың, рух мықтылығының және Отанға деген сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі», – деді ардагерге мықты денсаулық пен ұзақ ғұмыр тілеген өңір басшысы.
Ардагердің құрметіне Хромтаудағы үйінің ауласында мерекелік концерт ұйымдастырылып, патриоттық әндер шырқалды.

Жеңіс күніне арналған шаралар өткенге тағзым жасап, ерлік пен елдік рухты ұлықтаудың маңызды белгісіне айналды.