USD
USD
USD

Айдын Рахымбаев байлығының жартысын қайырымдылыққа бермек

BI Group компаниясының басшысы Айдын Рахымбаев пен жұбайы Анар The Giving Pledge («Жомарттық анты») атты халықаралық қайырымдылық бастамасына қосылды. Бұл бастамаға қатысатын миллиардерлер байлығының жартысынан көбін қайырымдылыққа жұмсауға уәде береді.

Айдын Рахымбаев
Фото: instagram.com/rakhimbaevaidyn

Астана, NEGE. Айдын Рахымбаев бұл шешімі туралы арнайы хатында мәлімдеді. Оның айтуынша, отбасы жинаған дәулеттің басым бөлігін тірі кезінде қоғам игілігіне, қайырымдылыққа және мұқтаж жандарға көмек көрсетуге бағыттамақ.

«Осы хат арқылы біз осы күнге дейін жиған дүниеміздің жартысынан көбін көзіміздің тірісінде қайырымдылыққа және қоғам игілігіне жұмсайтынымызды ашық жариялаймыз.

Жұбайым екеуміз де шағын ауылдан, қарапайым отбасынан шыққанбыз. Саналы ғұмырымызды адал еңбекпен капитал жинауға арнадық. Алайда уақыт өте келе дәулет өмірдің басты құндылығы емес, тек ізгілік жолындағы құрал екенін түсіндік. Оның шынайы құны – адамдарға көмектесіп, қоғамға пайда әкелумен өлшенеді.

Біз мұқтаж жандарға қол ұшын созуды қоғам алдындағы перзенттік парызымыз, «елдің несібесін елге қайтару» деп білеміз. Бұл – біздің саналы таңдауымыз», – делінген хатта.

Олардың айтуынша, бұл шешімді балалары да қолдап, қайырымдылық жолын жалғастыруға ниет білдірген.

Forbes журналының 2026 жылғы рейтингіне сәйкес, Айдын Рахымбаев Қазақстандағы ең бай кәсіпкерлер тізімінде 9-орында тұр. Оның байлығы 1,1 млрд доллар деп бағаланған. Биыл ол алғаш рет Forbes-тың жаһандық миллиардерлер тізіміне енді.

The Giving Pledge бастамасын 2010 жылы Билл Гейтс, Мелинда Френч Гейтс және Уоррен Баффет құрған. Жоба миллиардерлерді өз капиталының бір бөлігін жаһандық мәселелерді шешуге бағыттауға үндейді. Қазір бастамаға 30 елден 250-ден астам кәсіпкер қосылған.

Қазір оқып жатыр

Политолог: «Әділет» – саяси стартап

.

Қазақстанда хантавирус таралуы мүмкін бе?

хантавирус

Экология талаптарына сай келмейтін 20 жүк көлігі Қытайдан заңсыз әкелінген

Жүк көліктері

Ата-аналар елімізде эпилепсияға қарсы дәрі тапшы деп шағымдануда

Мүгедек бала