USD
USD
USD

Қонаевта Жеңіс күніне орай боздақтар рухына тағзым жасалды

Ұлы Жеңістің 81 жылдығына орай Алматы облысының орталығындағы «Ардагерлер саябағында» орналасқан Даңқ мемориалы жанында жарқын болашақ үшін жанын пида еткен боздақтарды еске алуға арналған жиын өтті.

.
Фото: Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Жиынның мақсаты – Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінің ерлігін ұлықтау, тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсету, жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік пен тарихи жадыны қалыптастыру.

Жиналғандар майдан даласында қаза тауып, жат жерде жерленген боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

.
Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Одан кейін облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев сөз сөйлеп, соғысқа қатысып, бүгінде арамызда жүрген санаулы ардагерлерге құрмет көрсету – баршаның қасиетті борышы екенін айтты.

«Соғыс жылдары елімізден 1 миллион 366 мың жауынгер майданға аттанды. Оның 120 мыңнан астамы Алматы өңірінен болды. Майданнан мыңдаған боздақ оралмады. Алматы өңірінен аттанып, соғыста ерен ерлігімен танылған 40 жауынгерге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Бұл – халқымыздың Отан үшін жанын аямай, ерлік пен батырлықтың өшпес үлгісін көрсеткенінің айқын дәлелі.

Алматы облысы әкімдігі тарапынан жыл сайын әлеуметтік, материалдық және моральдық қолдау шаралары жүзеге асырылып келеді. Биыл да қалыптасқан дәстүр бойынша Алматы облысынан соғысқа қатысқан төрт ардагерге 5 миллион теңгеден біржолғы әлеуметтік көмек берілді.

Жеңіске жету жолында тыл еңбеккерлерінің де үлесі зор болды. Соғыс жылдары олар ауыр еңбек пен үлкен жауапкершілікті мойындарына алып, майданды азық-түлікпен, киім-кешекпен және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін күн-түн демей еңбек етті.

Олардың қажырлы еңбегі Жеңісті жақындатқан маңызды күштердің біріне айналды. Бүгінде облысымызда 2 038 тыл ардагері бар. Әрқайсының өмір жолы – кейінгі ұрпаққа өнеге, ал жанқиярлық еңбегі ел жадында мәңгі сақталады», – деді облыс әкімі.

.
Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Одан кейін өңір басшысы, облыстық мәслихат төрағасы, ардагерлер ұйымының төрағасы, Қонаев қаласының әкімі, құқық қорғау органдарының өкілдері, әскери бөлім, департаменттер мен басқармалар басшылары, мәслихат депутаттары, тыл және еңбек ардагерлері, Ауған соғысының қатысушылары, облыс пен қаланың Құрметті азаматтары, мекеме-кәсіпорын басшылары, этномәдени бірлестіктердің мүшелері және жастар «Мәңгілік алауға» гүл шоқтарын қойып, боздақтар рухына тағзым етті.

.
Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Жеңіс күні қарсаңында Марат Елеусізұлы облыста тұратын көзі тірі соғыс ардагерлерінің шаңырағына арнайы барып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жеткізді.

Қонаев қаласындағы мерекелік шара Бердібек Соқпақбаев атындағы орталық саябақта жалғасты. Концерттік бағдарламада әскери-патриоттық әндер шырқалып, мәдениет және өнер ұжымдарының қойылымдары көрермен назарына ұсынылды. Сонымен қатар жастардың қатысуымен патриоттық акциялар ұйымдастырылып, қала әкімі тыл еңбеккерлерінің үйлеріне барып, мерекемен құттықтады.

Қазір оқып жатыр

Тоқаев Мәскеудегі Жеңіс күніне арналған әскери шеруге қатысты

.

Астанадағы плац-концертте «Арланнан» түтін шықты

.

Әшімбаев, Қошанов пен Бектенов соғыс құрбандарының рухына тағзым етті

.

Президент қазақстандықтарды Жеңіс күнімен құттықтады

Президент