«Иранның қолында көзірі бар...» – Ирандық сарапшы Омид Рахими

Иран мен Израиль арасындағы қақтығыс бұрын-соңды болмаған деңгейге жетіп, бүкіл әлемдік қауымдастықты алаңдатып отыр. АҚШ-тың Израильді қолдап отырғаны жағдайды одан әрі шиеленістіре түсті. Еуразияның дәл жүрегіндегі Орталық Азияға мұның әсері қандай болмақ?
NEGE тілшісі Ирандық сарапшы Омид Рахимимен байланысқа шығып, Орталық Азия, Қазақстан және жаһандық тұрақтылық тұрғысынан мәселенің тереңіне үңілді.
- Омид Рахими – халықаралық қатынастар саласының ғылым кандидаты, сондай-ақ Орталық Азияны зерттеу институтының зерттеу бөлімі директоры. Ол еуразиялық геоэкономика, Иран мен Орталық Азия арасындағы мәдени байланыстар мәселесін зерттеп жүр. Осы саладағы тәжірибесінің арқасында ол Орталық Азия мен Еуразиядағы оқиғаларды сауатты талдайды. Оның мақалалары мен зерттеулері Джеймстаун қоры, Атлантикалық кеңес, Global Research, Modern Diplomacy, The Diplomat, ТАСС және Sputnik агенттіктерінде жарияланған.

– Омид мырза, Иран мен Израиль арасындағы қақтығыстың ушығуына Еуразиялық геоэкономика тұрғысынан қандай баға бересіз?
– Иран Еуразияның іргесінде орналасқан ел болғандықтан, бұл мәселе географиялық қана емес, стратегиялық мәнге де ие. Себебі Иран Еуразия үшін «көпір-мемлекет» рөлін атқарады. Ұзақ жылдар бойы қалыптасқан өзара геоэкономикалық тәуелді байланыстар арқылы Иран осы аймақта аралық дәнекерге айналды. Иран мен Еуразиялық елдер арасындағы сауда айналымы 10 млрд доллар шамасында, бұл аз көрсеткіш емес.
Иран қазір Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) бақылаушысы, бұл одақта Ресейден басқа Қазақстан секілді Еуразия аймағында ықпалды мемлекеттер бар. Сонымен қатар, Иран Еуразияның құн тізбектері мен жеткізу арналарының маңызды буынына айналып отыр. Сол себепті, Иранның геосаяси және геоэкономикалық тұрақтылығына төнген қауіп бүкіл Еуразияға соққы болып тиеді.
– Бұл қақтығыстың Орталық Азия үшін, әсіресе, энергия қауіпсіздігі мен көлік дәліздері тұрғысынан қандай зардаптары болуы мүмкін?
– Иран – Орталық Азия үшін оңтүстік теңіздерге шығатын ең тиімді әрі маңызды транзиттік өткел. Соңғы жылдары аймақ елдері Иранның оңтүстігіндегі порттарға, атап айтқанда, Бендер-Аббас пен Чабахарға елеулі инвестиция салды. Қазақстан тіпті Бендер-Аббас қаласында жаңа консулдық ашты. Алайда, қазіргі соғыс пен соғыс тудырған тұрақсыздық Иранның сенімді транзиттік ел ретіндегі рөлін бұлдыратып жіберуі мүмкін. Бұл тұтас аймақтың экономикасына кесірін тигізеді.
Иранның қолында көзірі бар. Мәселен Ормуз бұғазы секілді жаһандық маңызы бар стратегиялық өткелге ие екенін ұмытуға болмайды, бұл жерден әлемдік мұнай транзитінің жартысына жуығы өтеді. Егер АҚШ қақтығысқа ашық араласса, Иран өзіне төнген қатерге жауап ретінде Ормуз бұғазын жабуы әбден мүмкін. Мұндай жағдайда мұнай бағасы аспандап, баррелі 200 доллардан асуы ықтимал.

– Иран мен Израильдің арасы ушығып тұрған кезде Қазақстанның аймақтық тұрақтылықты сақтаудағы рөлі қандай деп ойлайсыз?
– Қазақстанның рөлін жоғары бағалаймыз. Өйткені сіздердің ел түрлі халықаралық шиеленістер кезінде сабырмен шешім табуға тырысып, бейбіт бастамаларға серпін беріп жүр. Астана процесі, Алматыдағы ядролық келіссөздер осының айқын дәлелі.
Бірақ Қазақстанның Израильге қатысты қазіргі ұстанымы түсініксіз. Көптеген мемлекет Газа қырғынын геноцид деп бағалап жатқанда, Қазақстан Израильді айыптамай, тек «алаңдаушылық білдірумен» шектелді. Бұл – өте сақтықпен жасалған мәлімдеме. Ал қазіргідей қиын жағдайда Иран үшін бұл үнсіздікті түсіну қиын. Себебі, Израиль бейбіт уақытта Иран азаматтарын өз үйінде, өз жерінде өлтіріп жатыр.
Қазақстан – Израильге мұнай жеткізетін елдердің бірі. Ал Израильдің мұнайды қандай мақсатта пайдаланып отырғаны белгілі. Қазақстан бұл бейнеден арылу үшін «позитивті бейтараптық» ұстанымын қабылдауы керек. Бұл дегеніміз, қақтығысқа тікелей араласпай-ақ, БҰҰ жарғысының және халықаралық құқықтың бұзылуын ашық айыптау. Сонда ғана Қазақстан келісім мен бейбітшілікке жол ашар көшбасшы ел ретінде кезекті рет көріне алады.
– Иран мен Орталық Азия арасындағы мәдени байланыстардың аймақтағы шиеленісті шешуге әсері бар ма?
– Иран мәдениетінің әлемдегі ең көне өркениеттердің бірі екенін ұмытпайық. Оның тарихы 5-7 мың жылға созылады, ал бұл өркениеттің елеулі бөлігі Орталық Азиямен біте қайнасқан. Ортақ тұлғаларымыз, ұқсас дәстүрлеріміз, бір-бірімізді түсінуге мүмкіндік беретін ортақ рухани құндылықтарымыз бар. Бұл – жай ғана тарих емес, ортақ болмыс. Осындай гуманитарлық әрі мәдени жақындастық саясаттан, геосаясаттан жоғары тұруы тиіс.

– Жағдай ушығып бара жатқанын көріп отырмыз. Мұндай жағдайда Орталық Азия елдері өз мүддесін қорғау үшін қандай қадамдарға баруы керек?
– Орталық Азия елдері дәстүрлі түрде бейтарап, сабырлы саясат ұстанады. Мұны Иран билігі бағалайды. Қазақстан Иран мен Израильдегі азаматтарын дереу эвакуациялап, ұшақтарының ұшу бағытын өзгертіп, сақтық шараларын қабылдады. Бұл – қысқа мерзімді қадамдар. Алайда ұзақ мерзімді перспективада Иранға төнген геоэкономикалық қауіп Орталық Азия елдерінің белсендірек қимылдауын талап етеді. Себебі Иран әлсіресе, бүкіл аймақтың қауіпсіздігі мен экономикалық болашағына қауіп төнеді. Сондықтан Иранның қауіпсіздігі мен тұрақтылығы Орталық Азия үшін қызыл сызық болуы керек. Ауғанстандағы тұрақсыздықтың өзі аймақтағы елдердің экономикасына қандай зиян келтіріп отырғанын бәріміз көріп отырмыз.
– Халықаралық қауымдастықтың бұл қақтығысқа реакциясын қалай бағалар едіңіз?
– Израиль халықаралық нормаларды елемейтін мемлекетке айналды. Халықаралық қылмыстық сот Нетаньяхуды «әскери қылмыскер» деп жариялады. Бірақ G7 елдері оны қолдауды жалғастырды. БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі де Израиль агрессиясының алдында қауқарсыз болып шықты. МАГАТЭ еш дәлелі болмаса да, Иранға қарсы резолюция қабылдады, бірақ Иранның ядролық нысандарына шабуыл жасаған Израильдің агрессиясына үн қатпады. Газада қаза тапқан 200-ден аса журналист пен Иранның телеарнасына жасалған шабуыл да жауапсыз қалды. Осылайша, «халықаралық қауымдастықтан» үміт үзілді. Бірақ халықтар мен тәуелсіз мемлекеттер нақты әрекетке бара алады, Иран осыған сенім артады.
– Израиль мен Иран арасындағы қақтығыс үшінші дүние жүзілік соғыстың басталуына түрткі болуы мүмкін бе?
– Израильдің өзі үшінші дүниежүзілік соғысты жалғыз бастай алмайды. Бірақ АҚШ үшінші дүниежүзілік соғыстың басталуына түрткі болуы мүмкін. Сондықтан АҚШ-тың араға түсуі аса қауіпті.

Әрине, бұл сценарий әзірге шындықтан гөрі медиалық қорқыныш ұғымына көбірек ұқсайды. Мұндай апатқа мемлекеттер көбіне қате түсінік пен қиыс болжамдардың салдарынан тап болуы мүмкін. Алайда, жаһандық жүйе түбегейлі өзгеріс алдында тұрғанын ұмытпауымыз керек. Мұндай кезеңде тұрақсыздық болатыны заңды. Бірақ бұл да бір сынақ, осы дағдарыстан мықты елдер ғана аман өтіп, жаңа әлемнің көшін бастайтын болады...