Қайрат Сатыбалдының қонақүйі екі жыл өтсе де әлі мемлекет меншігіне берілмеген
Қазақстанның бас прокуроры Берік Асылов Алматыдағы DoubleTree by Hilton қонақүйіне қатысты жағдайдың мән-жайын түсіндірді.
Астана, NEGE. Бұл қонақ үйді Қайрат Сатыбалды 2023 жылдың қыркүйегінде мемлекет меншігіне тапсырған. Алайда «АБЛИ-Құрылыс» ЖШС мен «Abli-hotels» ЖШС сот шешімі заңды күшіне енгеніне қарамастан, нысанды босатуға асықпаған.
Бас прокурордың мәлімдеуінше, мемлекет сот арқылы «Abli-hotels» ЖШС-нен қонақүйді пайдаланғаны үшін 1,1 млрд теңгеден астам қаржы өндіріп алған. Ал «АБЛИ-Құрылыс» ЖШС бірнеше рет сот орындаушыларының әрекеттеріне шағымдануға тырысқан.
Биыл мамырда сот орындаушысы мәжбүрлі түрде көшіру рәсімін белгілеген. Алайда қонақүйді 1 маусымға дейін босатуға жазбаша уәде берілгеніне қарамастан, бұл талап та әлі күнге дейін орындалмаған.
Соның нәтижесінде полиция сот шешімін орындамау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Бұл рәсімдер аяқталғаннан кейін билік DoubleTree by Hilton қонақүйін саудаға шығаруды жоспарлап отыр.
Еске салсақ, 21 мамырда Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Алматы қалалық әділет басқармасының шешімімен Hilton қонақ үйін меншік иесінен тартып алу, қызметкерлерін шығару, ғимаратты күштеп босату әрекеттері жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Депутат бұл әрекеттің артында Қайрат Сатыбалдымен бірге Capital Bank Kazakhstan иесі Орифжан Шадиев пен Qazaq Banki иесі Дінмұхамед Ыдырысов тұрғанын айтты.
Бапидің мәлімдеуінше, Үкімет жанындағы активтерді қайтару комиссиясы арқылы Hilton қонақ үйі 4,5 млрд теңгеге бағаланып, мемлекеттік меншікке берілген. Ал сарапшылардың есебінде Hilton-ның нарықтық бағасы 12 млрд теңге деп көрсетілген. Депутаттың болжамынша, қонақ үйді мұншалық арзанға бағалау себебі оны арзанға өткізіп, аукционнан қайта арзан бағаға сатып алу айласы іске асырылмақ.