USD
USD
USD

Билет қымбат, Wi-Fi әлсіз: ҚТЖ жолаушыларға не уәде берді?

Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз брифингінде «Қазақстан темір жолы» басшылығы билет бағасының қымбаттауына және жолаушылар пойыздарындағы қызмет сапасына қатысты сұрақтарға жауап берді.

Жолаушылар пойызы
Фото: gov.kz

Астана, NEGE. Журналистер кейбір бағыттарда пойыз билеттерінің бағасы әуе билеттерімен шамалас екенін атап өтті. Мәселен, Атыраудан Астанаға дейінгі купе билетінің құны шамамен 35 мың теңге. Бұл былтырғы бағамен салыстырғанда шамамен 10 мың теңгеге қымбат.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының стратегия және цифрландыру жөніндегі орынбасары Ануар Ахметжанов теміржол билеттерінің бағасы жыл бойы өзгермейтінін және маусымдық факторларға тәуелді емес екенін айтты.

«Теміржол билеттерінің бағасы жыл бойы тұрақты. Маусымға немесе тәулік уақытына байланысты тариф өзгермейді. Сіз айтып отырған 35 мың теңге – қаңтардан желтоқсанға дейін қолданылатын тариф. Жыл сайын Көлік министрлігімен жасалған келісімшарт талаптарына сәйкес индексация жүргізіледі. Биыл 1 сәуірден бастап билет құны 7 пайызға көтерілді. Ал өткен жылы инфляция 12 пайыздан асты. Яғни біздің индексация инфляция деңгейіне толық сәйкес келмейді», – деді Ахметжанов.

Оның айтуынша, пойыз бен ұшақ билеттерін тікелей салыстыру әрдайым дұрыс нәтиже бермейді.

«Әуе билеттерімен салыстырғанда, сұраныс төмен кезеңдерде ұшақ билеттері арзандап, пойыз тарифтерімен теңесуі немесе тіпті одан да төмен болуы мүмкін. Сондықтан мұндай салыстыруды бір сәттік емес, жылдық орташа көрсеткіштер мен маусымдық өзгерістерді ескере отырып қарастырған дұрыс», – деді ол.

Брифингте жолаушылар пойыздарындағы қызмет сапасы да сөз болды. Журналистер интернет сапасының төмендігіне, KTZ Wi-Fi қызметінің шектеулі болуына және вагондардағы ақпараттық экрандардың жұмыс істемеуіне назар аударып, билет бағасына сай сапалы қызмет қашан көрсетілетінін сұрады.

ҚТЖ өкілі бұл бағытта пилоттық жобалар іске асырылғанын айтты.

«Өткен жылы біз екі ірі пилоттық жобаны жүзеге асырдық. Төмен орбиталы спутниктік жүйелер қолданылды – Eutelsat OneWeb және Starlink. Олардың техникалық мүмкіндіктері мен қызмет сапасы "Астана – Алматы" және "Астана – Өскемен" бағыттарында сынақтан өтті. Нәтижесінде пойыздарда интернет қызметін көрсетуге болатыны дәлелденді», – деді Ахметжанов.

Оның айтуынша, қазір ұлттық тасымалдаушының жолаушылар пойыздарын интернетпен қамту жұмыстары басталған. Бүгінде «Нұрлы жол – Семей» бағыты толық интернетпен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар «Алматы – Павлодар» №31/32, «Павлодар – Түркістан» №45/46, «Нұрлы жол – Атырау» №47/48 бағыттарында және басқа да бірқатар құрамдарда жабдық орнатылып жатыр.

Жоспар бойынша, жаздың соңына дейін негізгі жолаушылар бағыттарының бәрі спутниктік интернетпен қамтылуы тиіс.

Қазір оқып жатыр

Қайрат Сатыбалдының қонақүйі екі жыл өтсе де әлі мемлекет меншігіне берілмеген

DoubleTree by Hilton

Алматылық дәрігерлер 9-қабаттан құлап, ауыр жарақаттанған қызды аман алып қалды

аурухана

БҚО әкімі облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысын қызметінен шеттетті

Мадияр Өтешев

АҚШ-та жоғалып кеткен қазақстандық жігіттің денесі табылды

.