БҚО әкімі облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысын қызметінен шеттетті
Батыс Қазақстан облысы әкімі Нариман Төреғалиевтің өкімімен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мадияр Өтешев бір айға қызметінен шеттетілді. Бұған Өтешевтің қарамағындағы қызметкерлердің парақорлық бабы бойынша күдікке ілінгені себеп болуы мүмкін.
Астана, NEGE. «Уральская неделя» басылымының жазуынша, сәуір айының соңында өңірдегі медициналық мекемелердің 7 басшысы ірі жекеменшік медициналық зертхана мен басқа да жеткізушілерден жүйелі түрде пара алып келген деген күдікпен ұсталған. Олардың қатарында балалар ауруханасының бас дәрігері, №1 және №6 емханалардың директорлары, сондай-ақ Жәнібек, Қаратөбе, Теректі аудандарының және Дариян ауылдық ауруханаларының бас дәрігерлері бар.
Тергеу мәліметінше, ұсталғандар өз кінәсін мойындап, жауап берген. Күдіктілерге қатысты үйқамаққа алу немесе ешқайда кетпеу туралы қолхат беру түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.
Парақорлық бойынша күдікке ілінген бас дәрігерлердің ешқайсысы қызметінен өз еркімен кетпеген. Қазіргі уақытта олар қаржыны басқару құқығынсыз қызмет атқарып жүр.
Ал Мадияр Өтешев облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы болып 2024 жылғы 6 маусымда тағайындалған еді.