20 Маусым 14:11
...

«Қазір екіжүзділер ақылды адамдар санатында жүр» – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыс

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Фото: Ғаламтордан

Ол қоғамдағы кез келген мәселеге бей-жай қарамай, әркез азаматтық пікірін ашық білдіреді. Ол көріп тұрған дүниені айтпауды өзіне ар санайды. Ол – үнсіздердің қатарында емес, ізгі қоғамның құрылып, әділеттіліктің орнауын жақтаушылардың санатында.

NEGE тілшісі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрының актері Бекжан Тұрыспен ұлт мүддесі, ұрпақ тәрбиесі, идеология мәселесі төңірегінде әңгіме өрбітті.

«Асанқайғыланбайын-ақ дейсің, бірақ...»

– Бекжан аға, өткенде әлеуметтік желідегі пікірі үшін абақтыға қамалып, ол аздай сәбиін тар қапаста өмірге әкелген Жансұлудың тағдырына алаңдаған жазбаңызды оқыдық. Кеше көптің тілеуімен бостандыққа шыққаны туралы сүйінші хабар тарады.«Осыған кім үн қатады» деп едік, «Бекжан Тұрыс айтты-ау» дегендердің жылы лебізін де жеткізгіміз келеді. Қазір әділеттілікті талап етудің құны неге арзандап кетті?

– Иә, жаным ауырды. Сол жағдайды естігенде қандай күйде болғанымды білдіріп, жаздым. Бостандыққа шыққанын да естідім. Ұзағынан сүйіндірсін деп тіледім. Бұған дейін Әйгерім Тілеужан қызымыз сотталған кезде де қарап қалған жоқпын. Айтатынымды айттым. Жалпы, жеке басым үшін емес, елімнің ертеңі үшін уайымдаймын, алаңдаймын.

Қазір біз де біраз жасқа келдік. Рас, жас ұлғайған сайын өмірге саналы көзбен қарайсың. Өйткені, айналаның бәрі қулық-сұмдық, озбырлық қаптап кетті. Біз жаһандануға жұтылып барамыз. Бүгінде жақсы немесе жаман адамның ара-жігі білінбей бара жатқан алмағайып кезең ғой. Ақша қуған аптыққан тірлікте азаматтың болмысын бағалау, парқын білудің қалғаны қашан. Адамның мінезі ұсақталып, кісілік атауы жойылып, бір-бірімізге деген құрмет кеміп барады. Біз жалғандықпен жағаласып әділдікке араша түсе алмаймыз.

Актер
Фото: ғаламтордан

Қазір ата дәстүріміз бұзылып, дініміз тәрбиеден қуылып, тіпті осы дінге қатысты әңгімелер күлкіге айнала бастады. Халықтың әдет-ғұрпы, салт-санасы тарылып, «Мұндай ескіліктің керегі жоқ. Бізге керегі – жаңа тұрмыс» деген қоғамда бір майдан жүріп жатыр. Осының бәрі адамның тұла бойын түршіктіріп, қанын мұздатады. Қатыгездік жаныңды жегідей жейді. Дәл қазір жұрттың жыртығына жамау болатын азаматтар қудалауға ұшырап, қылмыскер атанып түрмеде отыр. Ал жалпақшешей, жағымпаздың бәрі белсенді болып, ел басқарып төрде отыр. Бүгінгі қоғамға да керегі – осындай адамдар.

Байқасаң, қазір екіжүзділер ақылды адамдар санатында. Өзі мынау ақылы аздау қоғамда ақылынан азап шеккен тұлға көп. Адамның санасын қауіп-қатер билеген, адами құндылығы жоғалған уақытта халықтың рухани дүниесінің қалыптасуына иелік етіп отырған азаматтарға өкпеміз қара қазандай. Ұлттың тілі, діні, ділінің әлсіреуіне кім кінәлі? Ертең кейінгі ұрпаққа не деп жауап береміз? Ұяттың алдында есеп бере аламыз ба?

Кейде менің табиғатымды танымай, күйінген жанымды түсінбейтіндер «Осы неменеге сонша асанқайғылана береді» деп сөгуі мүмкін, сөгіп те жүр. Бұл сөз менің ұрпақ алдындағы ұятымның өлшемі.

Қазір өзі өзегі өрмекшінің торындай өрілген, қиуы қашқан дүние орнына қайта келместей боп көрінеді. Содан кейін еңсеңді уайым мен мұң басады. Меніңше, есті адамның бәрінің ойы сондай шығар. Бар тілегім – ұрпақ мұңсыз болса екен. Өйткені, мұң деген серпілмейтін қайғы. Кешегі ата-бабаларымыз да мұны басынан өткізген. Арғымағы иесіз, азаматы панасыз қалған заманның зарын, шерменде шерін ұмытып, өзімізше тірлік кешіп жатырмыз. Осынау сұмдығы көп, шындығы аз тартымсыз тірлікте талтаңдап жүретіндер көп. Әрине, қоғамның ауыртпалығы жүрекке де, жүйкеге де салмақ салады. Қазір қоғамның сыры түсініксіз. Сана өзгерді ме, кісілік құнсызданды ма? Ұлт тірегі болған ұғымдар – азаматтық, адамгершілік, кісілік, ар-ұят мына қоғамда көмескі тартып кетті. Ұлтына жаны ашитын, әділетсіздік үшін күйініп, шындық үшін шырылдайтын азаматтар жоқ емес, бар. Бірақ санаулы ғана. Солардың үні өшпесе екен дейсің. Бұл ұлттың ертеңін ойлайтын әрбір азаматтың басындағы жағдай деп санаймын. Сондықтан кейде осындай дүниені айтқанда бала сияқты дәрменсіз болып қалатыным да рас.

«Бізде ұран көп, бірақ ұлтқа қызмет жоқ»

– Демек, біз өзіңіз айтқандай, қатал заң мен күнкөрістен қорқып қана тірлік кешетін торыққан тобырға айналып барамыз ба? Бұл біздің әу бастағы түп-тамырымыз бен табиғатымызда бар нәрсе ме еді?

– Заң мен күнкөріс қамытынан қорқып өмір сүріп жатқанымыз рас қой. Ал көпке ілесе кету, аттандап айқайға қосылу табиғатымызда жоқ еді. Бұралаңы көп тағдыр мен тарихымыз бар. Біз жаратушының құдыретімен қоса арғы-бергі өткен тарих өнегесінен үлгі ала алған жоқпыз ба деймін. Сондықтан ылғи да ұлттың, ұрпақтың тәрбиесі туралы көп нәрсе айтуға тырысамын. Кешегі бабалардың арманы – бүгінгі ұрпақтың ертеңі еді. Сол жолда әрекет жасап, еңбек етті. Енді біз сол ұрпақты өз ұлтын ұстай алатын тұлға болатын рухта тәрбиелеуіміз керек. Өйткені, ұлттың рухани сапасы бүгінгі буынның тәрбиесіне байланысты. Ал біз сол үдеден шыға алдық па? Өзін сақтағысы келген ел ең алдымен рухын сақтау керек. Рух аспанда кезіп жүрген бұлт емес немесе далада қыдырып жүрген жел емес. Бұл атадан – немереге, әкеден – балаға, тіл, діл, дін мен арман-мұрат сабақтастығы арқылы көшіп отырған теңдесі жоқ қазына. Осы қазынаны сақтау бізге де, ұрпаққа да сын. Егер рухың дертті болса, сен де дертсің. Өлсе, сенің де өлгенің. Рухың аман болса, сен де амансың. Қазір көшіміз көрікті жолмен түзу жүретіндей бағытымыз анық болу үшін әуелі рухымыздың туын тіктеуіміз қажет.

Актер
Фото: ғаламтордан

Кейде әріптестеріме де «Өнердің де тамырын әрқашан ұлттық рухпен ұштастырсақ, қазақтың қажетіне жарайтын жемісті еңбек сол болар еді» деймін. Бірақ ақиқатқа келгенде бәріміздің үніміз бір жерден шықпайды. Заңнан қорқады. Сол үшін «Қатал күнкөрістен торыққан, тек кредит төлеп отырған халыққа айналып бара жатқан жоқпыз ба?» деп көпке сұрақ қойдым. Мысалы, әр ұлттың өз болмысы, ерекшелігі бар. Оның әрқайсысы бүкіләлемдік, бүкіладамзаттық мәңгілік құндылық. Ал біз сол өз құндылығымыздың ішінен қажетімізді таба алмай жүрміз. Қоғамның еңсесін, мемлекеттің мәртебесін көтеретін де – білімді, дарынды адамдар. Қазір қоғамда елдің еңсесі мен деңгейін көтеру мақсатында өзгерістер болып жатқанын да байқамаймын.

– Соңғы жылдары жаңашылдыққа, өзгеріске бет бұру туралы биік мінберлерден жиі айтыла бастаған жоқ па?

– Жалаң сөз кімге керек? Бізде ұран көп, бірақ ұлтқа қызмет жоқ. Алайда, шын мәнінде өзгеріс болса екен дейсің. Егер расымен жүзеге асса, сол жолда өзекті өртке шалдырмау әр азаматқа міндет болып саналады. Қазір әр саланың басында, билік тұтқасында талантты, білімді, дарынды адамдар отыруы керек. Бірақ өкінішке қарай, олай емес.

Әңгіменің басы Жансұлудан шығып жатыр ғой, дәл қазір адамгершілік мәселесі де құнсызданып кетті. Несін айтасың, техникалық прогресске бет бұрайық дейміз. Ал ар-ождан, ұят пен намыс, бір сөзбен айтқанда, адамгершілік байлығымыз ортайып кетті, тіпті жоғалып кетпесе екен деп қорқамын. Мені қатты алаңдататын нәрсе – дүниеқоңыздық, көрсеқызарлық, өзімшілдік, бақталастық, шенқұмарлық, тағысын тағы толып жатыр. «Біздің ұлт рухты, ата-бабамыз батыр болған» дейміз, ал сол бабалардың ұрпағы қазір отан қорғағысы келмей, әскерден қашып жүр. Оны көшеде қуалап, күштеп әкетіп жатыр. Неге? Өйткені, біз ұлттық идеологияны қалыптастыра алған жоқпыз. Бұрын да, қазір де айтып жүрмін, идеологиясы жоқ ел – ескексіз қайық сияқты. Бізде идеология мәселесі өте ақсап тұр.

– Идеологияны қалыптастыруға ұлттың қаймағы саналатын зиялы қауымның да үлесі болуы керек емес пе?

– Біз сол ұлттық элитаны қалыптастыра алған жоқпыз. Егер бар болса, халықтың тағдырымен айналысуы керек еді ғой?! Кеше қазақта ұлттық элита кім еді? Ол кезде қазақтың артында алаштықтар тұрды. Ал біз солардан кейін ұлттың қаймағы саналатын элитаны қалыптастыра алдық па? Бар ма? «Міне» деп көрсете аласыз ба? Бір өкініштісі, біз ұрпақпен жұмыс істеп жатқан жоқпыз. Бүгінде қалам ұстағанның бәрі – менмен, оқығанның бәрі – кердең. Бұрын әйтеуір артымызда арқа сүйейтін, ұлттың тәлімгері, мақтаны, қалқаны деп, ақын-жазушыларды айта алатын едік. Қазір кешіріп қойыңыз, олай айта алмаймын. Жазушылар одағында 800-ге жуық мүше бар ма? Соның сегізі ұлт туралы, ұрпақ тәрбиесінің жүгенсіз кетіп бара жатқанына алаңдап басқосу өткізіп, талқылағанын көрген жоқпын. Бәрі «Сен тимесең, мен тимен». Енді бұдан кейін ұлттың әрі қарай өркендеуі қалай болады? Қоғамдағы қандай да бір өзекті бір мәселеге үн қатуды да қойды.

Мәселен, өнертанушы, актер Ерлан Төлеутай жеке басының түйткілін күйттеп, шырылдап жүрген жоқ. Өнерге, киноға жанашырлығын білдірді. Соның жанайқайына үн қосып, қолдап, қоштап алып кететіндер жоқ. Ол кезде де әлеуметтік желіге жаздым. Әншейінде көсемсіп, шешенсіп сөйлегенде бәрі керемет. Ал мынадай жайтқа келгенде ешкімнің үні шықпайды. Америкалық әйгілі тұлға Мартин Лютер Кингтің «Мына дүниенің бұзылуы – залымдардың залымдығынан емес, жақсылардың үндемеуінен» деген пікірін бекер тілге тиек етпеймін. Өйткені, әділеттілікті жақтап, араша түспейміз. Себеп – қорқамыз. Ал қорқыныш – ұлттың рухын сөндіреді.

«Ұлттық рух бар жерде ұл – ұлағатсыз, қыз – ұятсыз болмайды»

– Бір пікіріңізде «Қара бастың қайғысын құлдық тірліктің рахатына айырбастаған емеспін» деген екенсіз. Көрерменіңіз де сізді сол ұстанымнан айнымаған тұлға ретінде таниды. Алайда, өзіңіз қызмет атқаратын Әуезов театрының әкімшілігі ескерту жасаған кездері болды ма?

– Бұл менің азаматтық жеке пікірім. Өзім өмір сүріп жатқан қоғамда анық көзқарасым болмаса, онда кіммін? Адаммын ба? Өнердегі әріптестерім «Нең бар? Қойсайшы...» дейді. «Сен де бір Асан қайғының кейпіне түсіп, күңіреніп жүресің» дейтіндерді естігенде, жүрегім ауыратыны рас. «Апыр-ай, көзі ашық, оқыған, санасы ояу азаматтың өзі осылай десе, былайғы жұрт не демейді?

Кейде мынадай нәрсе жанға батады. «Ұлттың, қоғамның тек жақсы жағын ғана айтыңдар!» дейді. Біз тек жақсы жағын айта берсек, сонда көмескі жағын кім айтады? Ұлтты жақсы көру – тек жағымды жағын ғана көру емес, оның әлсіз, әлжуаз, көлеңкелі тұстарын да көру. Бұрынғылар «ел, жер, тіл» деп еңіресе, қазіргі жастар лайк, қаралым, атақ дегенді жақсы көреді. Олар мұның тарихи қателік екенін ұғынбай ма? Өйткені, жастар кітап оқымайды. Бәрі телефонға жұтылып барады. Тіпті, өзі жазып беретін ChatGPT деген бағдарлама да шығыпты. Біздің ұрпақ кітапқа құмар болды. Жата-жастана оқыдық. Қазір жастардың тіл байлығы да жұтаң. Шынын айту керек, біз ақыл айтатын үлкенге зәруміз. Жастарды да орынсыз кінәлай береміз. Жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Үлкеннің жолын кессем, көрінбей қалам. Кішінің жолын кессем, көмілмей қалам» деген сөзі бар еді. Адамдар барлық жерде жақсы көрінгісі келеді. Жалпы, үлкен үлкендігін, кіші кішілігін білу керек. Ересектердің өзі орнын көрсетпейді. Сондайға қарап жүрегім айниды. Жастар да соларға қарап бой түзейді. Сөйте тұра әлгі үлкендер «Жастар мені сыйламайды» деп шығады.

Актер
Фото: ғаламтордан

– Әңгіменің басынан-ақ ұрпақ тәрбиесі, ұлттың беталысы жайына алаңдаушылық білдіріп жатырсыз. Бүгінгідей ақпарат тасқыны заманында әлеуметтік желіге бәріміз байлаулымыз. Ажырамас бөлігімізге айналып бара жатқан ғаламторды бір шолып шыққанда қандай ой түйесіз? Сіз айтқан жалтақ қоғамның жағымпаз адамдары жастарға не беріп жатыр екен?

– Жүректі ауыртып, жүйкеге салмақ салатын дүние көп. Бұрын қазақ ұрпағымен мақтанатын. Қазір біз мақтана аламыз ба, әлде ұяламыз ба? Бірдеңе айтсам, «Бекжан сол әңгімені қайталап жатыр» деуі мүмкін. Өйткені, ұрпаққа тәрбие беретін ересектер қалмады. Ал оның жауапкершілігі біздің мойнымызда емес пе еді?! Бәрі барлық жерде жақсы боп көрінгісі келеді. Үлкен өзінің үлкендігін көрсетпейді. Қызметі биік тұрған кішінің алдында жалпаңдап, адам ұялатын әрекетке барады. Ұлттық санамыз тұманданып кеткен сияқты.

Бүгін саяси өмірді былай қойғанда, кейінгі кезде өнер мен мәдениет саласында да немқұрайлылық пен салғырттық белең алды. Елдің еңсесін көтеріп, рухын асқақтатын өнер мен сөздің де құны арзандап кетті. Тарихы терең, сөзі өтімді, салты бай қазақ халқы желі мен даңғаза шуға құмар. Қазіргі жастар жеңіл дүниеге еліктейтін буынға айналды. Ұлттың өзіне тән құндылықтарды ұмытып, сырттан келген жасанды үрдістерге табынып жатқанын көргенде рухани отарсызданудың көрінісі емес пе екен деп ойлаймын. Түптеп келгенде, мұның бәрі ертеңге немқұрайлылықтың көрінісі. Тарих бізге үйреткен бір ғана ақиқат бар. Ол – ұлт өзін-өзі сақтап қалғысы келсе, мәдениет пен руханятты бірінші орынға қоюы тиіс.

Жақында ұлы Абайдың 180 жылдық тойын тойлағалы жатырмыз. Біз Абайды тек оқулықтан емес, жүрекпен оқуымыз керек. Алаш қайраткерлерінің күресін кітаптан ғана оқып қоймай, ісімізбен жалғастыруымыз керек. Сонда ғана ұлттың ертеңі – жарық, рухы – тірі болады. Алаш зиялысы Ахмет Байтұрсыновтың «Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін» деп айтқаны бар. Ал бүгінгілер сол сияқты ертеңіне алаңдай ма?

Қазақтың «Тау толғатып тышқан тапты» деген мәтеліндегідей ғой. Қазір адасып жүрген жастар көп. «Көптің ішінде қиқы-жиқы адасып жүрген жұлдыз аз емес, адасқан жұлдыздың қараңғы көрпесінің қымтағанын түн біледі, ал адасқан қыздың мұң-мұқтажын кім біледі?» деген сөз бар еді. Бізге ең керегі бос сөз емес, қағаздағы керемет есеп емес. Нақты іс керек. Бағанадан айтқанымның тоқетері – рухты ояту керек. Ұлттық рух бар жерде ұл – ұлағатсыз, қыз – ұятсыз болмайды. Бүгінгі қыздардың қолында бүтін бір ұлттың тағдыры мен болашағы тұр. Осыны біз қыздарға айта аламыз ба? Көшеде төрт-бес оқушы қыздың аузынан «ақ ит кіріп, көк ит шығып» бара жатқанын көрдім. «Әй, қыздар, бұларың не?» десем, «Сіз кімсіз?» дегендей тіксірейе қарады. Міне, осыны көріп тұрып, қалайша ұлттың ертеңі үшін алаңдамаймын?

«Ауған соғысына баруға сұранғанмын»

– Сіз де «алпыс – тал түске» келдіңіз. Осы асуға жеткенде «Мен айтпағанда, кім айтады?» деген ой әркез көңіл түкпірінде тұра ма?

– Мен бұған дейін де айтып келдім. Айтып қана қойған жоқпын, оны театр сахнасында көрсете де білдім. 40 жасқа келгенімде «Әркімді жаратпаған Тәңірі жайға...» шығармашылық кешін өткізіп, 50 жасымда «Ұлым, саған айтам...» атты моноспектакль қойдық. 60 жасымда да бір есеп беру жоспарда бар.

Сол кезде тілдің мәселесі күйіп тұрған еді. «Мемлекеттік тіл бола ма, қос тіл бола ма?» деп талқыланып жатқанда замандастардың көбі ана тілін сатып жібергенін білеміз. Мұның бәрі кем саналық. Білмеймін енді, бәлкім өз кінәмізден шығар. Бізге жалған патриотизм емес, ұрпақтың санасына, түйсігіне, қанына сіңген шынайы патриотизм керек. Патриотизмнің негізгі төркіні – идеология. Ал идеологияның қалай екенін өзіңіз де көріп жүрсіз.

Актер
Фото: ғаламтордан

– Сіз нақышына келтіре салатын «Амалым қанша?» деген әндегідей, іштен тынып, айта алмай, мылқау мен зағиптің күйін кештік пе сонда?

– Солай болып тұр. Идеологияны қайта-қайта бекер айтып отырған жоқпын. Кезінде идеология қалай болды? Бұл кеңестік кезеңді аңсағандық емес. Сол кезде бәріміз патриот болып өстік. Тіпті, өз басым Ауған соғысына баруға сұранғанмын. Бұл сол замандағы идеологияның мықтылығы. Одан бұрын қазақтың бесіктен басталатын идеологиясы тіптен бөлек еді. Бесік – ұрпақты өсіру, ұлтты бағып-қағу мен ұят пен намысты қалыптастырып, тәрбиелеудің ұлы құндағы. Мұны аз десеңіз, ерлік, адалдық, азаматтықты уағыздайтын батырлар жыры пен эпостарды, мақал-мәтелді, дуалы ауыздан шыққан дулығалы бабалардың қанатты сөздері, бәрі-бәрі идеологияның қайнар көзі.

«Ұлт – қоғамның шаңырағы» дейміз. Ал шаңырақ шайқалмас үшін оның уығын мемлекеттік, ұлттық идеология қалыптастыратынын естен шығармау керек. Қазір дағдарыстың ең қауіптісі саяси-экономикалық-әлеуметтік дағдарыс емес – рухани дағдарыс. Қалай дегенде экономикалық қиындықтар өтеді, ал бүгінгі қазақтың қайғы-қасіреті, трагедиясы, рухани азғындауы қашанға созылады? Жақсылық атаулыдан жұрдай қалып, адам құлқын мен нәпсінің құлақкесті құлына айналды, айнала қанағатсыз жемқорлар. 

Жалпы, қазақ болмысының тектілігін де ұмыттық. Соған қарағанда, рух сөніп бара жатыр ма деймін. Қазақ дәстүрінде бұрын-соңды болмаған, адамның құлағы естіп, көзі көрмеген, кісінің жанын түршіктіріп, иманын бір уыс ететін жабайы, жат, өрескел, теріс оқиғалар кеңінен етек алып жатыр. Ұрлық, қорлық, заңсыздық, имансыздық, өтірік, өсек айтып, арбап-алдап жүрген – өзіміз. Қазақты қазақ алдап жатыр, қазақты қазақ өлтіріп жүр. Зорлық-зомбылықты да өзімізге өзіміз жасаймыз. Қазір осының бәрі геометриялық прогреспен өсуде. Ең аса қауіпті, қасіретті жағдай – бауыр етінен жаралған баласы әке-шешесін бағудан бас тартып, қарттар үйіне апарып тастауы. Басқасын былай қойғанда, ең жақыны, жанашыры, өзіне өмір сыйлаған әке-шешесіне баланың осындай сатқындық жасауы – ұлт үшін қауіпті құбылыс. Ал ата-анасы тірі болып, жер басып жүрсе де баласын жетімханаға өткізіп, тіпті көшедегі қоқысқа тастап кетіп жатыр. Бұл енді санамызға сыймайтын, ойымызға орнықпайтын орашалақ нәрсе. Тағы да Әбіш Кекілбаев ағамыздың «Ұрпағына ие бола алмаған жұрт ұлттықтан айырылады» деген сөзі еске оралады.

Мысалы, Тәуке ханның далалық «Жеті жарғы» заңында «Ата-ананы сыйлағаның – Алланы сыйлағаның, бүкіл адамзатты сыйлағаның» деген. Тіпті, сол заманда әке-шешесін құрметтемеген баланы жазалаған, әрбірден соң өлім жазасына кескен. Айналаңдағы терісті көрмейін десең, көзің бар, айтпайын десем, сөзім бар. Әділетсіздікке, немқұрайлылыққа қарап отыра беруге адамдық арым жібермейді. Қазір «Бекжанды не толғандырады?» десеңіз, «Ұлттық сананы қалай қалыптастыруға болады?» деген сауал ойландырады. Себебі, біздің бар тірлік тікелей ұлттық санаға негізделуі тиіс. Ұлы даланың тарихын, дәстүрін ұрпақ санасында тірілту керек.

Рухсыз қоғам мешел бала сияқты. Ұлттың ұлы болуы да, сақ болуы ұл-қызымыздың мақсат-мүддесінің ұлылығы мен сақтығына байланысты. Өзім қал-қадірімше жастармен кездесу өткізіп тұрамын. Бір сөзбен айтқанда, мәселе білімнің ғана емес, ұлттық сананың толықтығында.