Банктердің алтын дәуірі аяқталды – экономист
Ел банктерінің табысы соңғы төрт айда төмендеді. Ұлттық банктің мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар–сәуір айларында екінші деңгейлі банктердің таза пайдасы 795,8 млрд теңгені құраған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 12 пайызға аз.
Астана, NEGE. Ұлттық банк соңғы жылдары тәуекелді азайтуға бағытталған бірқатар шара қабылдады. Атап айтқанда, тұтынушылық несие мен ипотека беру талаптары қатаңдатылды. Бұған қоса, резервтік нормативтер артты. Сондай-ақ қарыз алушының төлем қабілетін бағалау тетіктері күшейтілді.
Маңызды өзгерістердің бірі – қарыз жүктемесінің табысқа қатынасына қатысты шекті деңгейді заң жүзінде бекіту. Мұндай талаптар қазірдің өзінде бар, алайда енді оларды азаматтардың табыс деңгейімен байланыстырып, нақтылай түсу көзделіп отыр. Бұл банктердің несие беру қарқынын баяулатуы мүмкін факторлардың бірі ретінде бағалануда.
-
Тақырыпқа орай: Шілдеден бастап Қазақстанда несие алу қиындай түседі
Экономист-сарапшы Ләззат Жанмолдаеваның пікірінше, қазіргі жағдайды дағдарыс ретінде емес, нарықтың жаңа кезеңге бейімделуі ретінде қарастыру қажет.

«Ұлттық банктің мәліметі бойынша, банктер табысының азаюына нормативтердің қатаңдатылуы және жеке тұлғаларға несие беру ережелерінің күшейтілуі себеп болып отыр. Соның ішінде тұтынушылық кредиттер мен ипотеканың баяулауы бар. Сондай-ақ қарыз алушы табысының шекті деңгейі бекітіледі деп күтілуде. Бұған дейін бұл көрсеткіш мониторинг режимінде болатын. Осы шектеулердің барлығы кредит көлемін одан әрі қысқартып, банктердің пайдасына қосымша қысым түсіруі мүмкін.
Қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған саясат қысқа мерзімде банктердің табыстылығын төмендетуі мүмкін. Бірақ бұл болашақта банктердің табысы мүлде қысқарып қалады деген сөз емес.
Банктер несие портфелінің сапасын сақтап, провизияларды азайта алса, жағдай біртіндеп қалпына келуі мүмкін. Ал «провизия деген не?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Провизия дегеніміз – қарыздың қайтарылмай қалу қаупіне байланысты алдын ала жиналатын сақтық қоры. Мысалы, бір азамат 100 млн теңге несие алды делік. Егер оның 5 пайызы қайтарылмай қалса, онда 100 млн теңгенің 5 миллионы провизияға, яғни сақтық қорға жіберіледі. Болашақтағы шығындардың орнын жабу үшін банктер осындай қор жинайды. Қазір Ұлттық банк осы талаптарды міндеттеп отыр.
Сондай-ақ салықтық өзгерістер де әсер етіп отыр. Банктер үшін корпоративтік табыс салығының ауыртпалығы артып келеді. Қаржыландыру құны артып, несие портфелінің өсу қарқыны баяулады. Ал 2023–2025 жылдары банктерде резерв деңгейі төмен болды. Ол кезде жоғары базалық мөлшерлеме жағдайында тұтынушылық кредит алу оңай болып, банктерге жоғары табыс әкелген еді.
Қазір сол «алтын дәуір» аяқталып, қалыпты табыс кезеңі басталып жатыр. Қысқа мерзімде банктерге қысым артуы мүмкін: несие беру баяулап, провизия көлемі өседі. Бірақ ұзақ мерзімде тәуекелдер азайып, қаржы жүйесінің тұрақтылығы күшейеді».
Сарапшылардың бағалауынша, алдағы уақытта несие беру талаптары қатаңдай түседі. Бірақ бұл банк секторын әлсіретпейді. Керісінше, жүйе тұрақтанып, проблемалық несиелер көлемі азаяды. Сонымен қатар несие ресурстарының бір бөлігі шағын және орта бизнеске, өндіріс пен нақты секторға қайта бағытталуы мүмкін.
-
Тақырыпқа орай: Енді қиын болады. Банктердің алтын дәуірі НЕГЕ аяқталды?
Қазір оқып жатыр
Депутат Алматыда Hilton қонақ үйін күштеп тартып алу әрекеті жүріп жатқанын мәлімдеді
«Астана дәмханаларына ит еті жеткізілген» деген сыбысқа ветеринарлар не дейді?
«Қайрат Сатыбалды әскери колледжде дәріс оқыған»: Қорғаныс министрлігі мән-жайды түсіндірді
Депутат «Таза Қазақстан» жалпыұлттық қозғалысын құруды ұсынды