6 Желтоқсан 17:28

«Электрик имам», «Тик-токер молда»: Әлеуметтік желіде хит болған НҰРЛАН имам сұхбат берді

Фото:

Қазір әлеуметтік желінің заманы. Талайдың уақыты осында өтіп жатыр. Алайда, бізге жаңа технологияның арқасында келген желіні әркім әртүрлі мақсатқа пайдаланады. Біреу желі арқылы танымал болып жүр, енді бірі – осы мүмкіндікті тәлім-тәрбие, отбасылық құндылықты дәріптеуге арнауда. Соның бірі – әлеуметтік желі арқылы танылған Нұрлан имам.

– Нұрлан Байжігітұлы, сізге жұрт «Тик-токер молда» деген ат қойып алыпты ғой. Мұны қалай қабылдадыңыз? Сізді тыңдағанымда байқағаным, жауаптарыңыз стандартты емес екен. Өзіңіз табиғатыңыздан осындайсыз ба, әлде пікіріңізді жеңіл жеткізу үшін қолданатын тактика ма?

– Бір кездері «электрик имам» да болғанмын. Ештеңе етпейді, айта берсін. Атауға аса қатты мән бермеймін.

Халық арасында Кеңес дәуірінен қалыптасып қалған молданың стереотипті бейнесі бар. Ол елден қайыр сұрай беретін сорлы адамның бірі болуы керек, одан кейін киімінен басында сәлдесі, үстінде ескі шапаны болу керек, содан кейін ол есекпен жүру керек. Мен осы стереотипті бұзып, керісінше имам-молданы халықтың заманауи рухани ұстазы ретінде көрсеткім келді және осы бағытта жұмыс жасап келемін де яғни бүгінгі жастар мен олардың балалары имам-молданың жаңа бейнесін қабылдағанын қаладым.

Нұрлан имам.

Сол сияқты, мүмкін тик-ток желісі біреуге мазақ, біреуге тозақ шығар. Ал мен үшін ол – адамзаттың уақытын ұрлайтын желі.

Әлбетте, мұнда әртүрлі контингенттегілер отырады. Алайда, әлеуметтік желінің қайсысын болмасын, мейлі Инстаграм, мейлі Фейсбук, мейлі тағы басқасы болсын, бір ғана мәселесі – ол адамның желіні қолдана білуінде. Маған қазақ жастарының сол желілерден алып жатқан дүниесі маңыздырақ.

«Ойбай, тик-ток деген харам» дедік, бірдеңе өзгерттік пе, ондағы жастар азайды ма? Сондығынан «харам» деген желіден адал бір контенттің болғанын жөн көрдім. Өйткені өзімнің балаларым да қызығушылық таныта бастағанын байқадым.

Ал жауаптардың әр қилы болуы табиғатымнан көңілді жүретін жанмын әрі жастардың назарын аудару тактикасы деп білейік, яғни кәсіпті дөңгелетуде қазіргі маркетинтік «ходтар» бар емес пе, сол тәрізді қолданыстағы дүние.

Бірақ нақты айта аламын, бұл пиар үшін емес!  Басты ниетім – Алланың ақ діні, жастарымыздың, адасқандардың, қиналып жүргендердің, тура жол таба алмай жүргендердің жүректеріне демеу, үміттерін жалғау, жақсылыққа шақыру!

Демек, әлеуметтік желіге соларға тәлім-тәрбие беру мақсатында келдіңіз делік. Мұның астарында танымалдығыңызды арттыру деген пиғыл жоқ па?    

– Менің инстаграм және тик-ток әлеуметтік желілердегі төл парақшамда жұрт сықылды би билеп, видео түсіріп жүрген бейне посттарым бар ма? Әлбетте жоқ.

Бастапқыда бәрінің күлгені рас, тіпті өз әріптестерім арасында сыртымнан күліп, мысқылға айналдырғандары бар. Бірақ оған еш ренжімеймін. Мен үшін танымалдық маңызды емес. Мақсатым –  бір адам болса да Алланың асыл дінінен тәлім алуы, бір сөзім бойына жұқсын деген ниетіме Алла куә!

– Сіздің тікелей эфирге кіретін аудитория кімдер? Жастар ма, орта буын ба? Жалпы, басындағы түйткілін айтып, кеңес сұрайтындар көбінесе кімдер?

– Тыңдармандарым барлық буынның әр түрлі тағдырдағы адамдары, тіпті мүмкіндігі шектеулі, көзі көрмейтін, жүре алмайтын, орнынан тұра алмайтын, сөйлей алмайтын мүгедек жандар, керек десеңіз, төсекке таңылған сал адамдар да бар.

Олардың аракідік сауалдарына жауап беру үшін, ұялы телефонымды ұсынғанмын, хабарламалар алысып тұрамыз. Барлығымен сөйлесіп тұрамын десем болады. Олар енді ең сүйікті тыңдармандарым. Себебі, тағдырларына налымастан, дінге құлақ түретіндеріне өзім шексіз ризамын. Алладан үнемі дұға тілеймін оларға.

Одан кейінгі тыңдармандарым – 15 жасқа дейінгі жас жеткіншектер, мектеп оқушылары. Олардың айтар мұңы өз алдына. Одан кейін жастар, олардың сұранысы әр қилы, бірақ бөлек.

Одан кейін көбіне қайырылатын – әйелдер қауымы, олар шешімін таппай жүрген проблемаларына ақыл-кеңес сұрайды. Көбісі түс мәселесімен қайырылады. Үлкен апайлар мұңымен бөлісіп, лебіздерін айтып, баталарын беріп отырады.

Жалпы, тыңдармандарымның бәрін жақсы көрем, өйткені олар көп қараның ішінен «әппағымыз» деп мені таңдағаннан кейін, еш біреуін бөле жарып қарамаймын. Ұрсатын жерінде ұрсамын, жұбаныш іздегенде мейірім беремін, әзіл іздегеннің құлағын бұралқы сөздермен бұрап, қалжыңдап қоямын.

– Сіз тікелей эфирге қосылғанда түрлі сауал қойылады. Біреуі шындап сұраса, енді бірі сіздің әзілдеп қайтаратын жауабыңызға қарай болмашы нәрсені сөз ететін сияқты.

– Қоғамда түрлі адам бар, жаратылыс бір болғанмен, табиғат, орта, дамуымыз әрқалай. Сондықтан кез келген адамды әуеліде сол күйінде қабылдаймын, кейін ой-пікірін өзгертуге яғни күлдіре отырып күңірентіп, әзілдеп отырып жылатып, қалжыңдап отырып жұбатуға тырысам. Ниетім – мейлі шын, мейлі өтірік сұраққа болсын, күлімдеп отырып ойдың негізін жеткізу.

Бұл жерде баршаны алаңдататын бір мәселе бар – ол жөнсіз сөйлейтін, өз запырандарына өздері тұншығып, бұғанасы сынып кетуге таяу жүрген жандар, яғни қазіргі тілмен айтқанда, хейтерлер. Оларды қабылдау керек пе, әлде үміт үзейік пе, бұл ойланатын дүние...

Қазір қоғамда халықты мазалайтын нәрсе не? Қандай мәселеге алаңдайсыз? Отбасылық құндылық, тәрбие жағы ақсап кетті ме? Нені жоғалтып алдық?

– Қоғамда көп нәрсе мазалайды, көбіне әділетсіздік, жемқорлық, жұмыссыздық, молшылық болса да жоқшылық, надандықтан шықпау, өзін-өзі дамытпау, бірін-бірі сату, иттің етінен жек көру, имансыздық, білімсіздік, еріншектік, жалқаулық, тағысын-тағы. Бұл – рухани құлдырау. Бүгінгі таңда халқымыздың иманнан алыстауына алаңдаймын, мұның соңы рухани азғындық, яғни дініне қарсы шығу өзіне қарсы келу деген сөз.

Отбасы құндылығының деңгейі нашар. Бұлай деуімнің себебі, психолог ретінде әр отбасындағы екі адамның мәселесінен шыға алмай келемін. Себебі, күйеуі мен әйелдің бір-біріне деген қарапайым қарым-қатынастары төмен, сезімдер тұрмыспен, тіршілікпен көмілген, мұздап қалған, суып кеткен.

Ал олардан өрбитін ұрпақ ше, әрине мүгедек тәрбие алып жатыр. Өйткені, ата-ананың өзі бақытты емес.

Біз ата жолы мен ата дәстүрді жоғалттық. Өйткені, елдің алдында жол көрсететін аталарымыз бен дәстүрімізді дәріптейтін апаларымыз жоқ, таппай қалдық...

– Басқа діни ағымдардың жетегінде кеткен жастарды қалай қайтаруға болады? Соңғы кезде мәһрдің аясында көп әңгіме өрбіді. Бірі бұл бұрын бізде болмаған дәстүр десе, тіпті сол үшін екі жаққа кеткен жағдайлар болды. Жастарда ынсап, қанағатшыл деген қасиеттің азайып бара жатқанынан емес пе бұл?

– Жат ағымның негізгі мәселесі – ол діни жат ағымға ілестірушілер қатарының азаймауы. Мүмкін, бұған мемлекет тарапынан арнайы заң қабылдануы керек шығар. Десе де, жат ағым өкілдерінің бейнесін бірден танитын, пейілін ажырата алатын жастар Құдайға шүкір баршылық.

Алайда, мені толғандыратын мәселе бұл емес, азаматтарымыздың, көбіне жастарымыздың ориентациялық бағыты, яғни бір жыныстылыққа өтіп жатқаны мені көбірек мазалайды. Арамызда білінбей жүріп жатқандары қаншама, шырмалғандары ауруын ешкімге айта алмай, сол боққа батып жатқандары тағы бар. Тіпті, желілерде ашықтан-ашық жарнамалануына көзіміз үйренді. Оны бүгінгі ұрпақ көрмей отыр ма, көріп те, үйреніп те, қолданып та отырған балалардың ата-аналары шырылдап жүр. Ал есіміз түзу дегендердің осы жайттарға ештеңе қолдана алмай отырған шарасыздығымыз жанға батады, бұл – қасіреттің қасіреті.

Ал мәһрге деген менің ұстанымым – ол қызға берілетін қалың малмен шектелінеді.

Бұл жерде де өзекті мәселенің бірі – қазақтың дәстүрін жамылып, ананың сүті, әкенің күші, келіннің пәктігін тексеруі аздай, соған пұл алуға дейін баратын ата-аналардың тірлігі үлкен ұяттылықты талап етеді. Ата дәстүрімізді былғап жатқан қымбатшылық па, әлде ата-ананың өзі ме, осыны бір сәт ойлау керек.

Сұхбатыңызға рахмет!

Тегтер: