29 Сәуір 08:38

Президент НЕГЕ «мемлекеттікке төнген қауіп» туралы жиі айтып жүр?

Президент
Фото: Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен аптада «қазақ мемлекеттілігінің дұшпандары» туралы кезекті рет сөз етті. Президентің пікірінше, олар қол қусырып қарап отырған жоқ. Яғни президент айтқан «мемлекеттің жаулары» әлдебір әрекетке дайындалып жүр деп топшылауға болады. 

«Танымалдылық жолында әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратып, деструктивті дүниелерді күн тәртібіне шығаруға әрекет етіп жатыр. Сондықтан бізге кез келген ақпаратқа сыни көзбен қарап, деректерге назар аударып, тек қана ресми ақпараттарға сену қажет», – деді Тоқаев Қазақстан халқы ассамблеясының сессиясында.

Бірақ Мемлекет басшысы мәлімдемесінде олардың кімдер екенін ашық айтуды жөн көрмеді. Бұл жұртшылықты алаңдатты. Жел сөзді сан-саққа жүгірте бастады.

NEGE тілшісі қазақ мемлекеттілігінің жаулары кім екенін анықтау мақсатымен қазақстандық сарапшылардан пікір сұрады.

Толғанай ҮМБЕТӘЛИЕВА, саясаттанушы:

Әлеуметтік желілерде «Шал, кел!» деген жарнамалық сюжеттер болды

Саясаттанушы
Т.Үмбетәлиева. Фото: ғаламтордан

– Меніңше, бұл ішкі ахуалға бағытталған. Оппозициялық топтар немесе Тоқаевтың қарсыластары оның жүргізіп жатқан саясатын сынап, Тоқаевтың Назарбаевтан ат құйрығын кесіскеніне, қарсылас екеніне сенбей, «бірге билік жүргізіп отыр» дейтіндер де бар.

Тоқаевты «Ресейге тым жақындап кетті. Солтүстік көршіміздің жетегінде кеттік. Қаңтар оқиғасынан кейін тәуелді ел болып қалдық» деп санайтындар да көбейді. Тоқаев саяси қарсыластарын «ахуалды ушықтырып жатқан жау» ретінде атап отыр.

Естеріңізде болса, бізде әлеуметтік желілерде «Шал, кел!» деген жарнамалық сюжеттер болды. Кері ұрандар айтылды. «Солтүстік және Батыс Қазақстандағы қарғын суға байланысты фейк ақпараттар шығып жатыр» деген мәлімдемелер тарады. Мұның бәрі осы жағдайға байланысты деп ойлаймын.

Бөріхан НҰРМҰХАМЕД, саясаттанушы:

Бұл ұзақ мерзімді стратегия болуы ықтимал

Саясаттанушы
Б.Нұрмұхамед. Фото: ғаламтордан

– Меніңше, Президент «Ескі Қазақстанды» армандап жүргендер туралы айтты. Қазақ мемлекеттілігіне қарсы әрекеттерді біліп істеп жатқандар мен білмей істеп жатқандар бар деп ойлаймын. «Мемлекет мәселе шеше алмайды. Оған қабілеті жоқ» деген депрессиялық әңгіме көп айтыла бастады.

Қазір бұрын-соңды болмаған су тасқыны болып жатыр. Одан басқа да әлеуметтік, экономикалық проблемалар бар. Біздің блогерлер, журналистер, қарапайым адамдар өкіметті, билікті сынайды. Мұның артында «Ескі Қазақстан» деп аталып жүрген мүдделі қоғамдық-саяси күштердің әрекеті тұру мүмкін. Олар өздері ашық әрекет жасамаса да, соған мүмкіндік жасайды. Өздерінің басшылыққа қайта келгенін қалайды. Бұл әрекеттер бес-алты жылға бағытталған ұзақ мерзімді стратегия болуы да ықтимал. 

Шын мәнінде бізде үлкен мәселе бар. «Ескі Қазақстанды» жоқ қылуға тырысып жатыр. Бірақ «Жаңа Қазақстанның» негізін құрайтын экономикалық-әлеуметтік саяси үлгінің қандай болатынын білмейміз. Бұрынғы үлгіден кете алмай жүрміз. Әңгіме осыда.

Тоғжан ҚОЖАЛЫ, қоғам белсендісі:

Ақпараттық әскер жасақтау керек

Белсенді
Т.Қожалы. Фото: ғаламтордан

– «Қазақ мемлекеттілігінің қарсыластары» дегеніміз – екіұшты термин. Өйткені, олар ел ішіндегі немесе сыртындағы азаматтар болуы ықтимал. Көп блогерлер немесе белсенділер өздері білместен бір топтың құралына айналуы әбден мүмкін. «Ақиқат үшін, шындық үшін» деп ұран көтерсе де, мемлекетті тұрақсыздыққа ұрындыруға, биліктің беделін түсіруге жұмыс істеуі ғажап емес. Осылайша, құралға айналғанын өздері де түсінбеуі мүмкін. Рас, танымалдылыққа ұмтыламын деп, хайпқа бой алдырушылар аз емес. «Атың шықпаса, жер өрте» дегендей.

Екіншіден, Қазақстан – геосаяси тұрғыдан маңызы зор ел. Ресурстарға өте бай. Геосаяси, соның ішінде ақпараттық соғыс алаңына айналуы бек мүмкін. Мұндай ел сырттан оңай басқарылады. Сондықтан «балықты дүрбелеңде ұстаған жақсы» деген тәмсілді ұмытпаған жөн.

Қазір ақпараттық соғыс ғасыры. Кейбір елдер ақпараттық әскер жасақтап жатыр. Ресейдің өзінде осындай бөлімдер бар. Олар қоғамның өздеріне қажетті реакциясын тудыру үшін дүрбелеңге алып кететін тақырыптарды тамызық етіп лақтырып отырады. Сонда, біз не істеуіміз керек? Біз де осыған қарсы тұратын ақпараттық әскерді дайындауымыз қажет деп ойлаймын.