Депутаттар портреті. Азат Перуашев. «Тутамас»

Кезінде Түркияны төңкеріп кете жаздаған «Tutamas» есіңізде шығар. Мұрат Кекілдінің (Мурат Кекилли) «Мен бүгін кешке өлемін» әніне елтіген есер жастардың етегі жасқа толып, өз-өздеріне қол сала бастады. Сондықтан билік дереу шара қолданып, әнді тыйды да, әншінің аузын «буды». Ал қайырманың соңында қайталанып келе беретін «тутамастың» қазақша мағынасы «тоқтатпас», «тұта (мені) алмас» дегенге келетін... Ал өзін «тұта алмай» қалу қасиеті – қай қазақтың бойында бар екенін білетін шығарсыз?
Tutamas пен дудар бас
Мұрат Кекілдінің әйгілі әні 1999 жылы жарыққа шықты. Жүректің ең түкпіріндегі пернелерді қозғайтын сиқырлы саз бен мұңлы әуеннің ырғағына бүкіл Түркия теңселді. Радио біткен «Тутамаспен» таң атырып, «Тутамаспен» кеш батырды. Сұмдығы сол, көп уақыт өтпей, ғашығына сөзін өткізе алмаған бозбалалар арасында көпірден секіретіндер көбейді. «Тутамастың» мәтінін қағазға көшіріп, жастығының астына қойған қайсібір қыздар ұйықтаған жерінен оянбай қалып жатты. Неге? Өйткені «Тутамастың» сөзінде мынадай жолдар бар еді: «Бүгін кешке мен өлемін, мені ешкім тоқтата алмас, Сен де, жұлдыздар да тоқтата алмайды. Сенің көз алдыңда құздан құлаймын, мені ешкім тоқтата алмас».
Кейбір деректер бойынша сол кезде Түркияда 3 мыңға жуық «Ләйлі-Мәжнүн» өз ғұмырын қиып жіберген. «Тутамасты» тоқтатпаса, өлімді тоқтата алмасын білген билік Кекілдінің «кекілін» кері қайырып, аузына «ауыздық» салып қойды. «Тутамасты» теле-радиодан таратуға ресми түрде тыйым салынды.
Бірақ бұл кезде әсерлі әннің ерекше әуезі бүкіл әлемге тарап кеткен еді. Естеріңізде болса, сол тұста Қазақстанда да «Тутамасқа» вальс билемеген жастар аз. Сөзін түсінбесе де, сазында махаббаттың зары бар екенін сезген нәзік жүректі қыздар жігітінің кеудесіне басын сүйеп, үнсіз жылайтын. Ал анау-мынауға селт етпейтін сері жігіттер елдің бәрін «қырып» жатқан «тутамас» сөзін – естілуіне қарай «дудар бас» деңгейінде ғана қабылдап, жылаған қыздың жанарынан өбіп тұратын. Сөйтіп, түріктің әнінен қазаққа қауіп болған жоқ.

Есесіне 2019 жылы өткен «Нұр-Отанның»съезі сойқан болғанын білесіз. Бірақ бұл жолы қыздар емес, үш еркек жылады. Жылағанда, қатар-қатар отыра қалып, көз жастарын көлдеткен жоқ. Нұрсұлтан Назарбаев тағынан кететінін «Елім менің» әнінің сұлу сазы сай-сүйегін «сырқыратқанда» ғана шын сезінді ме, өзін өзі ұстай алмай қалды. Экс-президент «кетем» дегенде-ақ Бекболат Тілеуханның ебіл-дебілі шыққан. Ал Азат Перуашев журналистердің сұрағына жауап беріп тұрғанда, мұрыны бырқ ете қалды. Яғни, үлкен өзгерістің алдында үшеуі де өз-өздерін «тұта алмай», көз жастарына ерік берді. Басқаша айтсақ, Назарбаевтың кетісі «Тутамастың» лаңынан осал болған жоқ.
- Оқи отырыңыз: Депутаттар портреті. Еділ Жаңбыршин. «Абориген»
Оны түсінетін кім бар, бірақ? «Жамандық шақырғандай, бейуақта жылағаны несі?» деп ел-жұрт жақтырмады. Алайда үш еркектің жылағаны – факт. Ендеше бөле-жарғандай қылмай, үшеуін де «Тутамас» дей салуымызға неге болмайды? Болмайды! Өйткені Ақордадан шыққан Назарбаев Кітапханадан да тұрақ таппады. Демек жыласа, жылайтынындай бар екен. Ал Бекболат Тілеухан жылағанына өкінді ме, әлде сақалына жасырынған «сырдың жұмбағы» ашылады деп сескенді ме, Қаңтар тумай жатып, Анадолыдан бір-ақ шықты. Сонда кім қалды? Парламентте кеше жылап, бүгін күліп жүрген кім? Әнеки, сол адам – тутамас.
Тутамастың «тұтқан тұсы» және «Ақ жол»
«Ақ жолдың» әу бастағы жолы – ақ, мақсаты – нық еді. Бәрі неден басталды? 2001 жылы Қазақстан билігінде ешкім күтпеген ерекше оқиға болды. Үкіметтегі бір топ лауазымды қызметкер мен белді бизнес өкілдері Назарбаев жүйесіне қарсы шығып, «Қазақстанның демократиялық таңдауы (ҚДТ) қозғалысын құрды. Бірақ билік те қарап қалған жоқ. Ғалымжан Жақиянов пен Мұхтар Әблязовтің үстінен қылмыстық іс қозғап, түрмеге қамады. Бір жылдан кейін Ораз Жандосов, Әлихан Байменов және Болат Әбілев «Ақ жол» партиясын құрды. 2003 жылы Алтынбек Сәрсенбайұлы Қазақстанның Ресейдегі елшісі қызметінен кетіп, «Ақ жол» партиясына тең төраға болып қосылды. Бұған дейін партияның тең төралығында Әлихан Бәйменов, Людмила Жуланова, Ораз Жандосов және Болат Әбілев бар еді. Бір тырнағы бүгулі болса да, биліктің «Ақ жолды» мойындағаны – осы кез.
Өйткені оппозициялық партия өкілі – Алтынбек Сәрсенбайұлы елімізде тұңғыш рет Үкімет құрамына кіріп, Ақпарат минситрлігінің тізгінін қолына алды. Бірақ баруынан қайтуы тез болды. Өйткені 2004 жылғы Мәжіліс сайлауында билік оппозициялық партияға көпе-көрнеу қиянат жасады. 12 пайыз дауыс иеленіп, «Отаннан» кейін тұрған «Ақ жолға» екі мандат беріп, үшінші орынға әрең іліккен Дариға Назарбаеваның «Асар» партиясына төрт мандат ұстатты. Биліктің «мал болмайтынын» түсінген Алтынбек Сәрсенбайұлы қызметінен кетіп, «Ақ жолға» қайта оралды. Партия әділетсіз сайлаудың мандатын тәрк етіп, пайдаланудан бас тартты. Текетірес кезінде биліктің іштен іріту жұмыстары да жедел жүріп жатқан еді. Ақырында Әлихан Бәйменов пен Людмила Жуланова «Ақ жолды» оппозициядан бөліп әкетті.
Жарғысы қайта жазылып, мақсаты «жадағайланған» партияны билік бірден тіркеді де, Алтынбек Сәрсенбайұлы, Болат Әбілев және Ораз Жандосов құрған «Нағыз Ақ жолды» тіркемеді. 2006 жылы оппозицияның жүрегі, «Нағыз Ақ жолдың» бас идеологы саналған Алтынбек Сәрсенбайұлы қастандықпен өлтірілді.

«Нағыз Ақ жол» сол күйі тіркелмеді, «Ақ жолдың» да мақсат-мүддесінен мән кетті. 2007 жылы Мақсұт Нәрікбаев басқаратын «Әділет» партиясына қосылды да, үш айдан соң қайта бөлінді. Қысқасы, оппозицияны талқандаған билікке «Ақ жолдың» бар-жоғы енді бәрібір еді. Бірақ бар-жоғы бәрібір партияны да басқаратын әйтеуір біреу керек болатын. Әйтеуір біреу – Азат Перуашев болып шықты. Айбарлы тұлғасын атып, қалғанын сүргінге салып, не иесі, не киесі қалмаған «Ақ жолды» аспаннан «салбыратқанда», кейіпкеріміз алақанымен «тұтып алды».
«Ақ жолдағы» адасу және жыныстық бопса
«Ақ жолдың» қай жолда жүргенін депутаттары мен олардың әрекеттеріне қарап анықтауға болатын сияқты. Өткен жылы партия төрағасының орынбасары, кәсіпкер Дмитрий Васильев ұсталды. Оған Ұлттық гвардияның генералы Константин Воронкинге пара берді деген айып тағылды. Сөйтіп, пара бергені де, пара алғаны да істі болды. Бірақ Азат Перуашевтің орынбасарының шатаққа шатылып, бәлеге ұрынғаны алғаш рет емес. 2023 жылы Перуашевтің тағы бір орынбасары Азамат Әбілдаев Ресейдің Украинаға соғысын жақтайтынын ашық білдірген. «Путинді және соғысты қолдаймын, Украина билігінде ұлтшылдар отыр» деген депутаттың сөзі қоғамды дүрліктірді. Ақырында не болды? «Ақ жол» демократиялық партиясы пленум өткізіп, депутат А.Әбілдаевтың мәселесін қарады да, мандатын қайтарып алып, «құйрығынан» бір тепті.
Міне, осы жағдайдан кейін партияның ішінде әділдіктің иісі аңқып, демократияның самалы соғуы тиіс-тін. Әділдікті қайдам, бірақ «демократияның самалы» соққаны рас. 2024 жылдың тамыз айында депутат Асқар Садықов мандатынан айырылғаны белгілі болды. Көпшілік «Тағы не боп қалды?» деп ойлап үлгермеді. Кейіпкеріміз Садықовтың депутат мәртебесіне кір келтіретін ыңғайсыз әрекет жасағанын мәлімдеді. Ол қандай әрекет? Айтуға ауыз ұялатын мәселені Азат Перуашевтің өзі тарқатып айтып берді. Оған сенсек, «Садықов парламентте жұмыс істейтін әйел адамға сексуалды сипатта хаттар жазып, харассмент жасаған».
Әнеки, мәселе. «Ақ жолдың» айналдырған алты депутаты бір-біріне харассмент жасап жүр ме, сонда?» деген сұрақ әркімнің де көңілін алаң қылған. Осы кезде Садықов «Мен енді үнсіз қалмаймын. Мені лас ойындарға, манипуляцияға тартпаңыз. Мұндай мәлімдеме партия көшбасшысының деңгейіне сәйкес келмейді. Бірақ Азат Перуашевтың бұған дейін бірнеше рет халықты адастырғанын еске түсіргім келеді. Жалпы, бұл азаматтың жұмыс стилі осындай ма деп қалдым. Біреуге уатсап арқылы ұятсыз әңгіме жазу былай тұрсын, менің алты балам бар. Азат Перуашев өзінің орынбасарының жемқорлығын жасырып қалмақ болып, осы ақпаратпен халық назарын басқаға аударды» деді.

Орынбасарының кім екенін білесіз, ол – жоғарыда айтқан Дмитрий Васильев. Осыған ашуланды ма, әлде демократия деген осы екен деді ме, Азат Перуашев дауға қалған депутат пен әлгі әйел арасындағы екеуара жазба делінген әңгіменің скринін әлеуметтік желіге атып ұрды. Бірақ бұл депутаттың харассментіне дәлелден гөрі өз басына тиген таяққа көбірек ұқсады. Себебі жұрт дап-дардай басымен біреулердің әңгімесін желіге жариялған кейіпкеріміздің еркектік қасиетіне күмән келтірді. Ал белгілі заңгер Айгүл Орынбек «Құзырлы органдар тергеп-тексеру жүргізбей жатып, өз қызмет бабын пайдаланып, тіпті парламенттің ішінде қызметтік тексеру жүргізбей, екеуара хат алмасуды әлеуметтік желіге салып жариялағаны үшін Азат Перуашевтің үстінен ҚР ҚК 211-бабымен қылмыстық іс қозғау керек!» деді. Осыны естіген соң ба, әлде басқа себебі бар ма, белгісіз, Перуашев кейін желідегі скринді алып тастады. Дау біртіндеп саябырсыды.
- Оқи отырыңыз: Депутаттар портреті. Ермұрат Бапи. «Аватар»
Қайта Садықовты ақылды жігіт пе деп қалдық, егер «Ауызды қышытқан өзің, сен менікін айттың ба, ендеше мен сенікін айтам» дейтін ерегесті қоздырғанда, не болар еді? Құдай сақтасын, бүкіл парламент депутаттарының бір-бірінің артын шұқу толқыны «Ақ жолдан» басталса, «Тутамасқа» теңселудің көкесі сонда болар еді...
«Штрафстан» және «тұту» мен тұтылу
Азаттың Азат болғалы айтқан ең әділ сөз, астарлы шындығы осы-тұғын. «Шенеунік мырзалар, сіздер үшін мен ұялып отырмын. Бір рет болса да, жылы кеңселерден шығып, кәсіпкердің немесе тұтынушының орнына барып тұрып көріңіздер. Сіздер әлдебір «Штрафстанды» құрып жатырсыздар. Ал «Ақ жол» қалыпты нарықтық экономиканы жақтайды. Біз дұрыс шешімдерге жетпейінше, қарсы дауыс береміз» деді. Бұл сөз басқа жерде емес, Мәжілістің төрінде айтылды. «Шенеунік мырзалардың» маңдайынан шып-шып тер шықпаса да, халықтың арқасы жібіп, мерейі тасыды. Өйткені Азаттың «Штрафстаны» Қазақстанның қазіргі жағдайын өте дәл суреттейтін. Содан да шығар, кейіпкерімізге разы болған жұрт көк жәшіктен сөйлеген депутаттармен айдалада отырып «ұрсысатын» әдет тапты, «Айтсаң, Азат құсап айт, әйтпесе қоя сал!» дейтіндер көбейді.
Бір қызығы, Азаттың айтқыштығы екі айға жетті ме, жетпеді ме, ел көңіліне жаққан кейіпкеріміздің өзі алдыңғы пікірінен айнып қалды. «Тутамастық» танымның теңгеріміне салып айтсақ, «тұта алмай» қалды. Әлде «алдыңғы сөзінде тұра алмай қалды» дегеніміз дұрыс па? Анығын оқырманның өзі ажыратып алар, Перуашев былай деді: «Елге сырттан келетін инвесторлар мен туристерді не үшін шақырамыз? Әрине, елімізді мақтау, жағымды қырынан таныту үшін. Сондықтан Мемлекет басшысының айтқаны орынды. Мен үшін сабақ болды. Әлгі атышулы терминді пайдаланғаным орынсыз болды. Ол рас. Мойындап отырмын. Өзім қолданған сөзді енді қайталамаймын».
Анасынан шапалақ жеген баланың «енді қайталамаймын» деп безек қағатынын сан рет көрген шығарсыз. Бірақ қанша уәде берсе де, ойын баласы жеген таяғын лезде ұмытады. Перуашевтің де өз пікірінен ілгерінді-кейінді «сырғуы» сол баланың қылығынан аумай қалды. Ал саяси әлемнің дидарындағы «сырғытпалы самалдың» қайдан соғатынын білетіндер кейіпкерімізді ақтауға тырысты. Өйткені олардың ойынша, «ақиқатшыл» Азат аңдаусызда президенттік өлшемнің өткеліне «қыстырылып» қалған. Ал мұны қалай түсінбек керек? Қ.Тоқаевтың «Елге түрлі жанама ат беру – ақылға сыймайтын қадам. Кейбір шетелдіктер жоқ жерден біздің жетістіктерді дәріптеуге тырысса, қазақстандықтардың кейбірі, керісінше, ел имиджін төмендетуде. Бұл – түсініксіз әрекет» дегені рас еді.

Аңдасаңыз, бұл жерде Перуашевке қатысты бір ауыз да сөз жоқ. Ендеше мұны президент басқа біреуге қарата айтуы да мүмкін ғой. Олай болса, кейіпкеріміз мұны неге өзіне айтқандай қабылдап, «айыбын» алдын ала мойындады? Мұны білу үшін әулие болудың қажеті жоқ. Азат Перуашев – уақыттың алдында жүретін адам. Заманынан озбаса, экс-президент кеткенде, жанарына жас толып жылар ма еді? Жылаудың мәні – «осы бәле қайта келіп жүрмей ме екен?» дейтін әсіре сақтықтың әсеріне ұқсайтын. Егер шынымен де Назарбаевты қатты қадірлеп, қимай жылаған болса ше? Онда неге Қаңтардың «қатқан тоңы» жібігеннен кейін «жердің астындағы» Болат Назарбаевтың рейдерлігін сынады. Қадірлі адамның өлген інісінің әруағын неге сыйламады? Міне, осы сұрақтарға жауап тапсаңыз, екінші президенттің жел жағына шығып қалмау үшін Перуашевтің неге елден бұрын «періп ала» жөнелетінін түсінуіңіз керек.
Рейдерлік және «Тегін бизнес» түсінігі
Болат Назарбаев өмірден өткен соң Азат Перуашев оның рейдерлік әрекетін сынады дегенді жоғарыда айттық. Міне, осы кезде «Біреудің басындағы отты көрмей, өзгенің басындағы шоқты көріпті» деген осы шығар» деп Жаркенттің ұйғыр-қазағы қосыла күліпті» деген әңгіме тараған. Бұл не деген сөз? Мәнісін түсіну үшін бизнестің не екенін және қандай түрі бар екенін түйсікке нықтап алғанымыз жөн. Бизнестің сатылары шағын, орта, ірі деп үшке бөлінеді. Мысалы бәліш пісіріп сатсаңыз – шағын. Егер бәлішке самса қосып, айдамасына айран мен шай ұсынып, жүздеген адамды ауқаттандырсаңыз, ортаға жақындауы мүмкін. Ал ірі бизнесті ірі адамдар жасайды. Елдің жалақысын жылап бергенімен, жердің асты-үстінің қызығын көріп жатқандар – солар. Алайда әлем халқы білетін бизнестің осы үш түрінен бөлек, елімізде төртінші түрі бар. Оны көпшілік «рейдерлік» атап жүр. Қазақшасы – тартып алу. Бізше болса, бизнестің бұл түріне «тартып алу» деп құбыжық мән үстемей-ақ, жәй ғана «тегін бизнес» дей салғанымыз дұрыс сияқты. Өйткені «тегін бизнестің» бір қасиеті, кімнің қолында болса да, бұл бизнес ешқашан жоғалып кетпейді. Керісінше, өркендеп, гүлденуі мүмкін.
Айырмасы, біреуден біреуге өтеді. Жақсы жері, берген де – өзің, алған да – өзің. Мәселен «тегін бизнестің» қызығын көрген Болат Назарбаев кімге бөтен? Ол – Нұрсұлтанның інісі. Ал Нұрсұлтан – Перуашевтің қимасы. Перуашев – сіздің депутат...

«Тегін бизнеске» қатысты сәл де болса, ақпар алсаңыз, біз жәйлап Жәркентке қарай жылжимыз. 2012 жылы Кетпен ауылының Юнус Юсупов деген кәсіпкері кейіпкерімізді «тегін бизнеспен» айналысып жатыр» деп айыптады. Сол кезде шыққан деректерге қарасақ, Юнус Юсупов жеті жылдық тәжірибесі бар әжептәуір кәсіпкер болғанға ұқсайды. Жер астынан атқылап жатқан ыстық су көзін кәдеге жаратып, минералды су өндіретін зауыт салуға лицензия алған ол енді іске кірісем дегенде, айналымға ақша таппай ділгірсе керек. Құдай берейін десе, оңай ғой, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының төрағасы ретінде жақсы танымал Азат Перуашев көмек қолын созады. Шаруасы аттай шауып, құландай жүйіткіп кетуі үшін кәсіпкер бизнесінің 55 пайызын қайтарымсыз негізде кейіпкерімізге аударған көрінеді. Бірақ табысты бөлісіп, пайданы тең көрмекке дәмеленген Юсупов ақырында қожайындық құқынан айырылып тынған-мыс. Басқаша айтқанда, тәп-тәуір бизнесі өзге біреудің «тегін бизнесіне» айналып кеткен.
- Оқи отырыңыз: Депутаттар портреті. Ардақ Назаров. «Терминатор»
Әрине, сол кезде қарсы тарап та өз уәждерін айтты. Перуашавтің адвокаты «Кәсіпкер «өліп қалған» бизнесін менің қорғауымдағы адамға күштеп таңды да, соңында жала жауып, бүкіл елімізге жаманатты қылды» деді. Бірақ бұл даудың соңы немен біткені беймәлім. Өйткені ыстық суға таластың айғай-шуы қандай жағдайда «суығаны» туралы дерек жоқ. Сондықтан ананыкі дұрыс, мынанікі қате деуден аулақпыз. Дегенмен күйінген кәсіпкердің журналистерді шақырып, жәрдем сұрағаны – факт! «Жел соқпаса, шөптің басы қимылдамайды» дейтін қазақ мақаланың меңзеген бағытымен қарасақ, ұйғыр кәсіпкерінің жүйкесін «қимылдатқан» себептің астарында да ақиқаттың ащы күйігі жатуы бек мүмкін!
Түйін: «Өнердің бәрі – өміршең» дегендер оттапты, классикалық туындылар ғана өміршең. Өйткені кеше әлемді шарлаған «Tutamas-ты» бүгін екінің бірі білмейді. Енді бір 5-10 жылдан кейін мүлде ешкімнің есіне түспей қалуы да ғажап емес. Ендеше біздің кейіпкердің «Ақ жолды» тақымдап-ап, Мәжілістен «түспей» келе жатқанына не себеп? Мұның сыры – саяси әлемдегі үлкен өзгерістер мен «бас музыканттың» талғамына тәуелді. Елге шын жанашыр басшы билік тармақтарына «классикалық көзбен» қарап, ырғақ біткенді «классикалық түйсікпен» тыңдағанда, жеңіл-желпі әуендер мен сатыр-сұтыр сазсымақтың бәрі түгел күресінге кетеді...
Оған дейін қала, қалама «Тутамастың» ызыңы – ызың.
Сансызбай Нұрбаба.