Депутаттар портреті. Еділ Жаңбыршин. «Абориген»

Абориген – ел шошитындай аса жаман сөз емес, негізі. Бұл термин «белгілі бір аумақта ежелден өмір сүріп келе жатқан байырғы халық» деген мағына береді. Демек «Қазақстандағы абориген кім?» десе, әрқайсымыз «мен» деп кеуде қағуымызға әбден болады. Бірақ Еділ Жаңбыршиннің бәрімізді бес орап кететін бірер ерекшелігі бар. Алдымен Мәжілістің саяси сөздік қорына «абориген» деген әдемі сөзді қосқан – осы кісі. Екіншіден, Жаңбыршин байырғы халықтың ғана емес, бұрынғы биліктің де өкілі. Түсініп тұрсыз ба, қай тараптан қарасаңыз да, нағыз «абориген адам» – әзірге бізде жалғыз.
Аборигеннің әңгімесі
Оқырманға түсінікті болу үшін бірден осыдан бастайық. Депутат Еділ Жаңбыршиннің нөсерлетіп сөйлейтінін білетін шығарсыз. Бірақ не айтып тұрғанын өзі ұқпай қалатын қайсібір депутаттардай емес, бұл кісі айтпағын дәл жеткізеді. Тіпті кейбір төгіліп түскен тіркестерін мақал ретінде де пайдалануға болатындай. Мәселен «Ренжу – әлсіз адамның ісі. Әлсіз адам ғана ренжиді» деген пікірі қандай шынайы шыққан десеңізші! Осыған қарап, неліктен кейіпкеріміздің өзгелермен салыстырғанда, көңілдірек жүретінін түйсінуге болатын сияқты.
Дегенмен ашуын үнемі ақылға жеңдіретін Жаңбыршиннің «соққан желдей, аққан селдей» төпелетіп тұрып бір «құйғаны» бар. Өткен жылы Мәжілістің көлік пен жол мәселесі талқыланған отырысында депутат «Эйр Астана» басшысы Питер Фостердің екі көзін бақырайтып қойып, «ұрсып-ұрсып» тастаған. Былай қарасаңыз, кейіпкеріміздің пікірінде мін жоқ. Өйткені, өзі айтпақшы, «аспанның құдайы болып алған Эйр Астананың» қылмағаны қалмады. Мемлекеттік тілді менсінбейтіні өз алдына, билеттің бағасын аспандатып, жолаушының ақысын жеді. Оны айтасыз, 12 сағат кешігіп ұшқаны үшін басқа емес, дәл осы депутаттың өтемақысын бермей қойған ғой. Мәжілісменді әуежайда қаңтарып қойып, соқыр тиын төлемеген компания өзге елдің құқығын артына қыстыра ма? Еділ Жаңбыршин екілене сөйлеп жатқанда, Питер Фостердің езуі жайылып, күліп отырғаны да сондықтан болса керек. Бұл енді ең сабырлы деген депутаттың өзінің «өтін жарып» жіберді.
«Сіз күлмеңіз! Сіз бізді менсінбей отырсыз. Біз сізге Африкадағы абориген емеспіз, ештеңені түсінбейтін! Ойнамаңыз, бізгі күліп менсінбей. Бұл – Парламент! Осы жерде отырғандардың бәрі –халық сайлаған адамдар», –деді ол.
Питер Фостер де жер тауысқан бәле сияқты, «айтсаң, айта бер, сендер айтқаннан басқа не білесіңдер» дегендей, сойған түлкі секілді жылмиған күйі, міз бақпай отырып алды. Бір есептен мұнысы да дұрыс болды ма дейміз. Егер «Сендер африкалық абориген емегенде, енді кімсіңдер?» десе, не бетімізді айтар едік, мысалы.
Әйтсе де, осы сөзді Питер Фостер сыртына шығармағанмен, ішінен айтқандай көрінді. Неге? Өйткені 2023 жылы «Азаттық радиосы» Гүлнара Рақышева деген әйелдің «Эйр Астана» әуе компаниясының вице-президенті болғанын жазған. Әрине, әріптестеріміз Рахат Әлиевтің «Өкіл қайын ата» кітабына сілтеме жасады. Ондағы деректерге сенсек, экс-президенттің екінші әйелі делінетін Гүлнара Рақышева стюардесса болып жүргенде, Назарбаевтың ойнақшыған жанары жас қыздың ақша жүзіне қадалып қалған көрінеді. Ар жағы белгілі ғой, «аспандағы әппақ сезімнің сәулесі жүректен өтіп, қалтаға түскенде, әуе компаниясының тізгіні Рақышеваның білегіне оралды» дейді білетіндер.
Ал 2024 жылы Ulysmedia.kz тілшісі «Самұрық-Қазына» АҚ активтерін жекешелендіру және қайта құрылымдау департаментінің директоры Дастан Адиходжаевтан сол ақпаратқа байланысты түсініктеме беруді сұраған.
«Қазір акционерлердің ресми тізіліміне сүйене отырып, акциялардың 51%-ы «Самұрық-Қазына» қорына және 49% - B BAE Systems британдық акционерге тиесілі екенін айта аламыз. Басқа адамдардың, соның ішінде сіз атағандар жайлы еш ақпарат жоқ, – депті сонда Адиходжаев.
- Оқи отырыңыз: Депутаттар портреті. Ермұрат Бапи. «Аватар»
Сонымен Гүлнара Рақышева акционерлер қатарында бар ма, әлде жоқ па? Бұл енді көпшілік үшін жұмбақ. Өйткені үлкен бизнесті меншіктеуде өз атын өзгенің есімімен «көлеңкелеп» қою тәсілі Қазақстанда өте жиі қолданылатынын білесіз. Тіпті жоқ болғанның өзінде, қашаннан бері жоқ?
Міне, ақыры әуе компаниясына шүйліккеннен кейін Жаңбыршин осы сұрақтың төңірегіндегі күдік пен күмәнді де түгел қопарып тастауы керек еді. Әлде Эйр Астана мен Гүлнара Рақышева арасындағы байланысты білмей ме? Білмесе, африкалық аборигеннен қай жері артық? Ал біліп тұрып айтпаса ше? Онда Мәжілістің төрінде мысқылдай күлген Питер Фостерге өкпелейтін не жөніміз бар? Көрдіңіз бе, басқамыздан гөрі дәл осы депутат аборигенге көбірек ұқсайды дейтініміздің тағы бір себебі – осы.
Мақтаулы әкім және 300 пәтердің дауы
Еділ Жаңбыршин – өте білгір ғалым. Бірақ ғалымдығына қатысты әңгімені мақаламыздың келесі бөлігіне қалдырып, «білгірлігіне» байланысты бірер ауыз сөз айтпасақ, әкім кезіндегі қызметіне қиянат болар еді. Өйткені бұл кісі ғалыммын деп күні-түні қағаз кеміріп отыра беретін жандардың қатарынан емес. «Балуанға оң-солы бірдей» демекші, қызмет берсең, кез-келген саланы дөңгелетіп әкетеді. Еділ Жаңбыршин «дөңгелетті» деген шаруаның басында – Ақтау қаласының әкімдігі тұр. Кейіпкеріміз Ақтауды 2012-2015 жылдары аралығында басқарды.
Ал енді «Еділ қандай әкім болды?» деп сұрасаңыз, елдің пікірі екіге жарылады. Оны тәптіштеп түсіндіріп жатудың қажеті шамалы. Әйтеуір өзі Ақтауды басқарып тұрғанда, «Жемқорлықпен күресіп жатқан республикада екі әкім болса – бірі мен» деген. Мұнысына ел сенді. Бірақ жемқорлықпен айқасып, жегіштерді «желбезегінен жіпке тізгені» туралы дерек тапшы. Есесіне, қызықтың бәрі Жаңбыршин орнынан кеткен соң басталды. Алдымен қалалық Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Сағынғали Амангелдиев жемқорлық бабымен ұсталды (бұл адам кейін 7,5 жылға сотталды). Осы мекеменің бас есепшісінің де үстінен іс қозғалды. Сол аралықта қалалық білім беру бөлімінің екі жауапты қызметкері – Нұрсұлтан Құрманбаев пен Сабик Құрманғазиевке «қызмет бабын асыра пайдаланды» деген айып тағылды.
Былай қарасаңыз, қай өңірде де кездесіп жататын қалыпты жағдай сияқты көрінеді. Дегенмен аты аталған үшеудің екеуін Жаңбыршинге «жақындататын» бір гәп бар. Сол тұста «Коррупция магических наук» тақырыбымен nomad.su жазған мақалаға ден қойсақ, сотталған Сағынғали Амангелдиевті кезінде кейіпкеріміз әкімдік ұжымына өзінің орынбасары міндетін атқарушы ретінде таныстырған-мыс. «Алайда Амангелдиевті ұжымға арнайы таныстыру мүлдем қажет емес еді» дейді мақала авторы. Неге? Өйткені бұл шенді соның алдында ғана қол астындағыларды тілі жеткенше балағаттап, «боқтампаз басшы» атанса керек. Әрі қызметкерлерінің ар-намысына тиіп, аузына келгенін айту – жеке жерде, бөлек кабинетте емес, көптің алдында, ірі жиында болған деседі. Сол үшін де оған қатаң сөгіс берілген. Сөйткен адамды енді Жаңбыршиннің «орынбасарым – осы» деп әкімдік ұжымына арнайы таныстыруы сырткөзге қалай көрінеді деп ойлайсыз?

Құрманбаевқа да қатысты әңгіме осыған ұқсас. Бұл кісі бір емес, екі мәрте қызметінен қуылған көрінеді. Бірінде – Ақтау қалалық білім бөлімінің басшысы қызметінен, екіншісінде – Өмірзақ ауылының әкімі қызметінен. «Міне, сөйткен адам Жаңбыршинге қай қылығымен жаққаны жұмбақ» деген ой тұжырады мақала авторы.
Алайда мұның бәрі басты мәселе емес, мәселенің көкесі – Жаңбыршинның кезінде «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша пәтерлерді бөлуге қатысты комиссияның хаттамасы «жоғалып» кетеді. Аса маңызды әрі негізгі құжаттың «қолды болуынан» 300-ге жуық пәтердің заңды бөлінгенін тексеру мүмкін болмай қалған...
Жаңбыршиннің әкім кезін суреттейтін интернеттен сүзіп алған ақпараттарымыз осылай дейді. Бірақ бізде көп нәрсені ақпарат емес, аппарат шешетінін білсеңіз, кейіпкеріміздің «білгірлігіне» күмәніңіз қалмайтын шығар деп ойлаймыз.
Ғалымның хаты қалай «өлді?»
Кейіпкеріміз – Маңғыстаудың Таушық ауылында дүниеге келген, Алматы энергетикалық институтының түлегі. Туған жерінен оқыған жеріне бір-ақ «секірген» себебіміз, бұл кісінің өмірбаяны – сала-құлаш. Ғылым саласының маманы, білім саласында да еңбек еткен. «Нұр Отанның» облыстық филиалын алға сүйреген, «Қазақ тілі» қоғамын басқарған, кәсіпкерлік палатасын жетектеген, Тәртіптік кеңеске мүше, Мәслихатқа депутат... деп заулатып кете беруге болады. Бірақ бізге әзірге керегі, бұл кісінің ғалымдығы.
Еділ Жаңбыршын – техника ғылымдарының докторы, Қазақстанда өнертабысқа берілетін 3 патенттің, 3 алдын ала патенттің және 90-нан астам ғылыми, ғылыми-әдістемелік публицистикалық жұмыстардың авторы. Ашқан жаңалықтары мұнай және су қыздыратын пештерге енгізіліп, олардың жылу бергіштік және экологиялық көрсеткіштерін анағұрлым жақсартқан. Қаузаған ғылымы – Өндірістік жылу энергетикасы.
Байқаған шығарсыз, қазіргі Парламентте АЭС-тің не екенін терең білетін жалғыз депутат – осы кісі. Мәжіліске жаңа барған кезде батысқа тән батырлығы бойын кернеп тұрды ма, әйтеуір әріптесі Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында кейіпкеріміз көсіліп тұрып, былай деген: «АЭС салу бізге ерте. Себебі ол технология әлі жетілмеген, оның үлкен проблемалары бар, ол өз алдына бөлек тақырып. АЭС – экология жағынан өте лас. Енді президентке де әртүрлі адамдар барып айтатын шығар, «ол пайдалы», «тариф ертең төмен болады» деп. Өте үлкен қаражатты қажет етеді – бір. Маман жоқ – екі. Маман бар дейді, маман жоқ бізде, ол жерде кемі 2 мыңға жуық адам жұмыс жасайды.
Үшіншіден, біз ондай технология шығармаймыз. Біз ертең біреуге тәуелді боламыз. Құрал-жабдықтарына, қосалқы бөлшектеріне тәуелді боламыз. Мен әншейін бер жағын айтып отырмын. Сосын бұл әскери, террористік тұрғыдан қаупі бар нысан. Экономикалық жағынан тиімсіз, экологиялық жағынан нашар. Ертең ол жерден шыққан радиоактивті қалдықтарды бір жерге жинап, сақтау керек. Ондай қалдықты өмір бойы сақтайтын қойманы әлі ешкім ойлап таба алған жоқ. Америка 190 млрд доллар ақша жұмсап, әлі жасай алған жоқ. Сосын бұл экономикалық жағынан өте тиімсіз. Неге? Үлкен қаржы керек. Кезінде Олкилуото-3 деген реакторды Финляндиада бастап салды, бастағанына бәленбай жыл болды. Басында 3,5 млрд евро болды, қазір ол 8,5 млрд евро болып кетті. Сосын бұл бар болғаны 40 жыл жұмыс істейді, ары кетсе 50 жыл. Содан кейін оны тоқтату керек. Тоқтату үшін де қаржы керек...»
- Оқи отырыңыз: Депутаттар портреті. Жигули Дайрабаев. «Жегулі»
Міне, бұл нағыз ғалымның сөзі. Бір тәуірі, Еділ Жаңбыршин бұл айтқанынан айныған жоқ. Бірақ Питер Фостерге «ұрысқандай», Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің де екі аяғын бір етікке тығып, Мәжілісті басына көтерген жоқ. Мен айтарымды айттым, қалғанын өздерің біліңдер дегендей, «екі құлағын бітеп алып», жүре берді. Тегінде бізді құртатын әдет осы ғой, халық мүддесіне қиғаш қандай да бір мәселе Мәжілістен оңай өтіп кетсе, ал сен «бұ қалай?» деп сұрасаң, кез-келген депутат «мен қарсы болдым, көп дауыспен өтіп кетсе, енді қайтем?» дейді. Енді қайтем деген сөз депутатқа жараса ма? Әншейінде «бізді сайлаушылар таңдады» дейтіндері қайда?! Әр депутатты жүз мыңдаған сайлаушы таңдағаны рас болса, ол қалай жалғыз болады? «Референдум өткізесіңдер ме, өткізбейсіңдер ме, ол – сендердің шаруаларың. Бірақ басымды кесіп алсаңдар да, мен бұған қарсымын және ертең сайлаушыларымның алдында осы мәселені талқылаймын. Олардың да маған ереріне сенемін!» десе, талайдың арты қылпылдап кетері анық еді.
Әрине, біздікі арман ғой, өйтіп айтатын адамның Парламентте отырмайтынын да білеміз. Бірақ кейіпкеріміз халықтың қамын былай қойғанда, өзінің арын ойласа, «АЭС салуға келіссек, үлкен проблеманы келешек ұрпақтың мойнына іліп кетеміз» деген ескертпеге жақын сөз айтып қойып, Мәжілісте отыра бермес еді. Келешек ұрпақтың мойнына бәле ілгелі жүрген топтың қатарынан шығып кетер еді. Онда не болады? Бәле қалса, қалар, бірақ ғалымның хаты өлмес еді ғой...
Жаңбыршиннің құдайтану хиқметі
«Сынға ілікпесең, санға ілікпейсің» деген бар емес пе? Ақпаратты сүзіп жүрмеймін. Идеалды ештеме жоқ. Бар проблеманы шешіп тастаймын дей алмаймын. Өзімнен кейін жүйелі зат қалдыру – мақсатым. Сондықтан да, ел ішіндегі мейлі позитив, мейлі негатив болсын, көңіліме алмаймын. Өйткені, не істеп жатқанымды өзім білем, құдай біледі».
Ақтауда әкім болып жүрген кезінде айтқан осы сөзінен кейіпкеріміздің әлі де айнымағаны байқалады. Демек біздің бүгінгі әңгімеміз де бұл кісі үшін қатардағы «негатив» болуы мүмкін. Жақсы жері, оны «көңіліне алмайды». Өйткені «не істеп жатқанын өзі мен құдай ғана біледі».
Бірақ Жаңбыршиннің құдайы – қай құдай екеніне қатысты қоғамда тартысты пікір бар. Себебі бұл кісі 2021 жылы Назарбаевты күмпілдете мақтап, «оны Құдай таңдады, елге сондай ерді берді, ел соңына ерді» деген-ді. Бір жыл өтті ме, өтпеді ме, «Әділ мемлекет құру үшін – шалдың жүйесін өзгерту керек! Әділ экономика құру үшін – қыз-күйеудің жүйесін бұзу керек! Әділ қоғам құру үшін – інісінің сектасын жоқ қылу керек» деді.
Ел аң-таң. Алайда біз де елмен бірге таң-тамаша болып отыра бергіміз келмейді. Қарама-қайшы қос пікірін шамамыз жеткенше тәпсірлеу үшін қай сөзі дұрыс, қай сөзі бұрыс деген сауалға жауап табуымыз керек. Байқаймыз, елдің дені екінші сөзінің екпініне ілескісі келетіндей. Мұның дұрыс жері – Назарбаевтың шал болғаны рас. Шал демей, мал дегенде, сәл ерсілеу көрініп қалуы мүмкін еді. Қыз-күйеудің жүйесі мен інісінің сектасы туралы айтқаны да – таза шындық. Ендеше біз де елмен бірге екінші пікірге қосылайық. Бірақ бұдан шығатын қорытынды – біреу, алғашқы сөзі жалған. Ендеше ғылымның шыңына шыққан Жаңбыршин жердегі экс-президентті мақтау үшін сөзіне неге көктегі құдайды қосты? Міне, бұл өте өзекті мәселе. Өйткені «Құдай таңдады» деп айту үшін Жаңбыршин кемінде «құдаймен трансқа» түсетін бақсы-құшнашарға тән «ғарыштық қасиеттерді» игеруі керек-тін. Әлде игеріп те қойды ма? Игерді дейін десек, құдаймен тілдесіп, «құдайдың таңдауын» түсінген адам екінші пікірді өліп кетсе де, айта ма? Көрдіңіз бе, кейіпкеріміздің құдайтану жөніндегі пайымы – қалай іздесең де «ізін ұстатпайтын» ерекше ілім, бөлекше хиқмет.
Енді мынаған қараңыз: – Бір жыл бұрын Назарбаевты мақтап пост жаздыңыз, енді айыптап, туысқандарына кінә артып отырсыз. Енді үшінші президент келген кезде Тоқаевтың Қаңтарда жасаған әрекетін сынап, пост жазып, сатып кетпейсіз бе?
– Жоқ, ондай жоқ. Тоқаев халыққа қарсы оқ атқан жоқ. Тағы да айтам мен, сіздер оны бұрмаламаңыздар. Егер Тоқаев бейбіт халыққа оқ ататын болса, бірінші Маңғыстаудан бастауы керек. Себебі ең бірінші қаңтарда болған оқиғада көтеріліске шыққан – Маңғыстау халқы, Өзен халқы, Ақтау халқы. Одан кейін біздің анау аудандардың халқы шықты...
Бұл – батыл журналист пен тапқыр депутаттың жауаптасуынан үзінді. Дегенмен осы тұстан «құдайтануға» қатысты жіптің бір ұшын ұстағандай болдық. Депутатқа салсаңыз, Тоқаев оқ атса, бірінші Маңғыстаудан бастауы керек екен. Ал неге Маңғыстаудан? Маңғыстау жұрты – адамның қоры ма, әлде бұл да құдайдың қалауы ма? Маңғыстауға құдайдың қаһары түссе, Маңғыстауда туған Жаңбыршин неге Мәжілісте жүр? Әлде президентті айыпты санау үшін тек Маңғыстауда ғана оқ атылуы керек пе? Демек мәселе басқада.
Білесіздер, Жаңаөзен қырғынында маңғыстаулықтарға автоматтан оқ атылған. Бірақ ол көктегі құдайдың емес, жердегі «құдайдың» қалауымен атылды. Демек Жаңбыршиннің құдай-құдай деп әлдеқандай қылып жүргені – көктегі Жаратушы емес, ет пен сүйектен жаралған екі аяқты пенде болуы бек мүмкін. Ал пенде мінсіз болмайды. Оны барында «құдайдың қалауымен» бағалап, кеткен соң екінші пендеге шаң жуытпау – Жаңбыршиндік құдайтанудың хиқметі сияқты. Демек жоғарыда қойылған журналистің сауалы әлі де өміршең деген сөз.
Түйін: Жаңбыршиннің «демігіп тұратын» депутаттық сауалдары мен бір-біріне қайшы кеп қалатын пікірлерін қаузай берсек, алысқа кетіп қалғалы тұрмыз. Сондықтан оқырманның да алтын уақытына құрметпен қарап, осы жерден ой тұжырайық.
Білесіз, кейіпкеріміздің аборигенге қатысты айтқаны әлеуметтік желіні «ары-бері сілкілегенде», сөз иесіне сын айтқандар көп болған. Олардың бірқатары «депутат кәсіби біліксіздігін көрсетті» десе, енді біреулері «африкалық аборигендерді кемсітті» деді. Ал Жаңбыршиннің өзі не деді? «Мен айтқан сөзіме өкінбеймін» деді. Мәселе осында ғой, егер өкінген болса, біз бас тақырыпты «Абориген» емес, «Құдайтанушы» қоюымыз бек мүмкін еді. Осы мәселе редакциялық талқыға түскенде, мынадай қорытынды жасалды: Құдайтанушы – автордікі, абориген – өзінікі. Демек әркімдікі – өзіне!
Сансызбай Нұрбаба.