5 Қараша 14:50
...

Қазақстандықтардың шоттарын бұғаттауға тыйым салу ұсынылды

арест
Фото: gov.kz

Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов азаматтардың шоттарын бұғаттауға тыйым салуды ұсынды.

Астана, NEGE. Оның айтуынша, қазақстандықтар сот орындаушылары шоттарын бұғаттаған кезде жалақысын ала алмай қиналып жүр. Депутат Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымовадан осы мәселені шешуді сұрады.

«Бүгінде Қазақстан азаматтарының мәжбүрлеп өндіру шаралары салдарынан банктік шоттары толық бұғатталады. Сондай-ақ жалақының және жеке кәсіпкерлер табысының 100% көлемінде ұсталған жағдайлар да бар. Соның салдарынан адамдар іс жүзінде жұмыс істеу және қаржылық міндеттемелерін өтеу мүмкіндігінен айырылып қалуда. Бұл өз кезегінде атқарушылық іс жүргізудің негізгі мақсатына қайшы келеді», – деді ол Мәжіліс отырысында.

Тұрлыхановтың айтуынша, шоттардың толық бұғатталуы, әсіресе табысының жалғыз көзі жеке кәсіпкерлік болып табылатын азаматтар үшін көлеңкелі экономикаға кету қаупін арттырып, әлеуметтік шиеленісті күшейтуі мүмкін.

«Жеке тұлғалардың жалақысы немесе жеке кәсіпкер табысы деп танылған қаражатты міндетті түрде бөліп көрсету және қорғауға, сондай-ақ осы талаптарды бұзғаны үшін банктердің жауапкершілігін белгілеуге қатысты нормативтік актілерге өзгерістер енгізу мәселесі қарастырылып жатыр ма?» –  деп сұрады депутат.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова банктердің талап қоюға және проблемалық берешек болған жағдайда шоттарды бұғаттауға құқығы бар екенін айтты.

«Бұл төлем тәртібін қамтамасыз етуге бағытталған. Жеке тұлғаларға қатысты қорғану шаралары қарастырылған… Егер жеке кәсіпкер бұл қаражатты кәсіпкерлік қызмет үшін алған болса, онда оған кәсіпкерлерге арналған нормалар қолданылуға тиіс деп есептейміз», – деді ол.

Оның айтуынша, егер қазақстандық жеке кәсіпкер ретінде несие алып, оны тұтынушылық мақсатқа пайдаланса, онда оған жеке тұлғалар үшін көзделген қорғау нормалары қолданылады.

«Қосымша шаралар жоқ. Егер бұл – кәсіпкерлік мақсатқа алған ЖК (ИП) болса, оған қосымша осындай қорғаныс шараларын енгізе алмаймыз – бұл төлемдердің орындалмауына әкеледі», – деп есептейді Әбілқасымова.