5 Қараша 16:56
...

Маңғыстауда халықаралық жастар форумы басталды

форум
Фото: Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызмет

Бүгін, 5 қараша күні Ақтау қаласында «Aktau Youth Forum» халықаралық жастар форумы өз жұмысын бастады. Форумда Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жастармен қатар Әзербайжан, Түрікменстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Түркия елдерінен келген барлығы 150 жас көшбасшы бас қосты.

Форум аясында алдымен жастар жүзеге асырған әлеуметтік және танымдық бағыттағы жобалар көрмесі ұйымдастырылды. Оған еліміздің әр өңірінен 60-қа жуық өтінім түсіп, олардың ішінен 10 үздік жоба іріктеліп алынған. Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай көрмені аралап, қатысушылардың идеяларымен және бастамаларымен танысты.

Көрмеден кейін облыс әкімі форумның салтанатты ашылу рәсіміне қатысып, бүгінгі жиын достық пен ынтымақтастық мекені екенін айтты.

«Бүгінгі форумда түркітілдес бауырлас елдерден келген ертеңгі күннің көшбасшылары жиналып отыр. Бұл шара – Мемлекет басшысының жастарды қолдау бағытындағы стратегиялық саясатының жарқын көрінісі. Сіздер – әлемнің болашағысыздар. Әрқайсыңыз өз салаларыңызда үздік маман, елге пайдасын тигізер азамат болуға әлеуеттісіздер. Ертең биік жетістіктерге жеткенде, бүгінгі кездесулеріңізді еске алып, алғашқы қадамдарыңыздың «Aktau Youth Forum»-нан басталғанын ұмытпаңыздар. Бүгінгі форум достық пен ынтымақтастықтың мекеніне айналады деп сенемін», – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Килыбаев
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызмет

Іс-шараның басты мақсаты – жастардың рухани, интеллектуалды және әлеуметтік әлеуетін арттыру, халықаралық ынтымақтастықты дамыту және мемлекеттік жастар саясатын тиімді іске асыруға үлес қосу.

Форум бағдарламасы «Серпіліс», «Сана», «Саулық», «Сауат» бағыттарын қамтиды. Аталған бағыттар бойынша панельдік сессиялар, семинар-практикумдар, воркшоптар, сондай-ақ Маңғыстау облысының мәдени-тарихи нысандарына экскурсиялар ұйымдастырылады. Форумда Дана Нұржігіт, Өркен Кенжебек, Нұрлан Байжігітұлы, Тимур Бектұр, Дина Төлепберген, Данияр Жігітбек, Айкерім Есенәлі және өз саласында жетістікке жеткен өзге де спикерлер жастармен тәжірибе алмасады.

Айта кетейік, «Aktau Youth Forum» халықаралық жастар форумы 7 қарашаға дейін жалғасады.

Тегтер: