1 Шілде 08:41
...

Депутаттар портреті. Жигули Дайрабаев. «Жегулі»

Жигули Дайрабаев
Фото: NEGE

«Бұлар енді біздің жап-жақсы депутатты қайда жеккелі жүр?» деп «ауылдықтар» ренжімейтін шығар. Өйткені ешбір депутатты Парламентке желкелеп апарған кісіні көргеміз жоқ. Мандатын алғандар Мәжілістің «күймесін сүйретуге» өздері тіленіп, өздері сұранған. Салған жерден тарта жөнелгендері мен орта жолда тапырақтап жатқандары туралы әңгіме – өзге тақырыптың өзегі.

Ал біздің «жегулінің» мән-маңызы басқада. Егер кейіпкеріміз осыдан 4-5 ғасыр бұрын өмірге келсе, оның аты Жигули емес, Жегулі боларына бәс тігеміз.

Есімнің екінші қыры

Сылқылдатып ішетін сыраның да, тыртыңдатып мінетін көліктің де атауы бір – «Жигули» екенін білесіз. Сондықтан шығар, Дайрабаевтың аты аталған жерде екі өкпесінен жын қысқандай, жымыңдасып қалатын жұрт көп. Мұны біз ғана емес, кейіпкеріміздің өзі де сан рет байқаған сияқты. Себебі ілгеріде берген бір сұхбатында: «Менің есіміме күліп жатқандар, оны талқылап жатқандар бар, мен оның біреуіне жаман сөз айта алмаймын. Олар да аман болсын, өйткені олардың бәрі – менің сайлаушыларым», – деген еді.

Ауыл партиясы
Ж.Дайрабаев. Фото: ғаламтордан

Ал мұндай келелі сөз, кесімді пікірді кім айта алады? Әрине, атына заты сай адам ғана айта алады. Демек Дайрабаевтың есімі сыра мен көліктің атауына байланысты қойылмаған. Егер күмәніңіз болса, біз тарихты қопарып, дәлел келтіреміз.

Мысалы АвтоВАЗ-дың алғашқы «копейкасы» зауыттан шыққанда, Жигули Дайрабаев мектепті енді бітіріп, аға шопанның көмекшісі болып жүрген. Үйде туған бала өріске шығып, мал қайырғанша есімсіз жүрді десеңіз, кім сенеді? Сондықтан Сіз бен біз келісе отырып, көлік атауына қатысты болжамды «сызып» тастауға тиіспіз.

Рас, «Жигули» сыра өндірісінің алғашқы сусындары 1934 жылы құтыға құйылған деген деректер бар. Алайда дені сау қазақ баласына сыраның атын қоймайтынын білуіңіз керек. Білмесеңіз, кейіпкеріміздің өзін тыңдаңыз: «Бұл атты маған әкем марқұм берген. Қазақ арманшыл халық қой, армандайды. Кім баласын жаман болсын дейді. Мен ойлаймын, әкем менің атымды таудың атынан қойған».

Міне, негізді де, дәйекті нұсқа – осы. Жигули тау қыраттары – Батыс Қазақстан облысымен шектесетін Ресейдің Самара облысында. Еділ өзені Жигули тауларын орай ағып келіп, Каспийге құяды. «Еділді тартып алғаны – етекке қолды салғаны...» деп басталатын Мұрат Мөңкеұлының зарлы өлеңін осы жерде есіңізге бір алып қойғаныңыз жөн.

Ал Жегулі деген не? Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, жазушы-аудармашы Камал Әлпейісованың «Жигули – таудың аты...» дейтін бір керемет әңгімесі бар. Осы шығармада қаламгер кейіпкерінің аузына мынадай сөз салады: «Біраз еңбектерде «жигули» деген сөз түркінің «жегулі» деген сөзінен шыққан деп түсіндіріледі...».

Әлпейсіова қатардағы қаламгер емес. Көптеген грек, батыс ойшылдарының еңбектерін қазақ тілінде сөйлеткен, орыс тіліне Махамбет өлеңдерінің жолма-жол аудармасын жасаған, еліміздегі ілеспе аудармаға із салған алғашқы аудармашылардың бірі. Демек арғы-бергінің бәрін екі тілде қатар қопара беретін бірегей қаламгер.

Сонымен түсінген шығарсыз, жигулидің арғы түбі – жегулі. Тек депутат Дайрабаев өмірге сәл кештеу келіп қалды. Әйтпесе, оның есімі құлаққа оғаштау емес, таза қазақша болып естілер еді.

Коммунизмге жол, сайлауға атпен

Кейіпкеріміздің өмірбаянына бөлім арнап, оқырманның алтын уақытын босқа «өлтіргіміз» келмейді. Жигули Дайрабаев еңбек жолын аға шопанның көмекшісі болып бастағанын жоғарыда айттық. 1954 жылы өмірге келгенін ескерсеңіз, жастық-шағы Кеңестік кезеңнің «гүлденген дәуірінде» өткенін оңай аңғарасыз. Ілгеріде Жамбыл облысының Құлан ауданында (бұрынғы Луговое) «Путь к коммунизму» деген колхоз болған. Коммунизмге «бара жатқан» колхоздың малын бағып, көмекшілік қызметінен көтерілгенде, кейіпкерімізге көліктің тізгіні беріліпті. Артынша комсомол комитетінің хатшысы қызметі бұйырған.

Міне, «Комсомолдық қызметі Дайрабаевқа даңғыл жол салып берді», «Үкімет жетпеген коммунизмге осы кісі жетті» дейтіндер кейіпкеріміздің кейінгі жетістіктері мен жұртты шулатқан даулы оқиғаларын назарға алған секілді. Бірақ біз бұл жерде ондай кәкір-шүкір әңгімені қоя тұрып, маңызды әрі ірі мәселені қозғауды орынды көріп отырмыз. Өйткені Жигули Дайрабаев – президенттік сайлауға түскен адам. Назарбаевсыз өтетін тұңғыш сайлауға әркімнің де таласы болғаны анық. Бірақ жүз мыңдаған мүшесі бар «Ауыл» партиясы басқаны емес, дәл осы Дайрабевқа сенім артып, үкілеп ортаға шығарды.

Обалы не керек, кейіпкеріміз қазаққа «коммунизм жасап берем» деп өтірік айтқан жоқ. Есесіне, «Қазақстанды аграрлық державаға айналдыруға ниеттімін» деді. «Ауылдан» шыққан үміткердің бұл сөзі көптің көкейіне қонды. Көкейге қонатын дүниені кейіпкеріміз сөзбен ғана емес, ісімен де көрсеті. Үгіт-насихат үрленген шардай «керіліп» тұрған кезеңде Ақтөбедегі сайлаушыларға ат тағалап көрсетіп, әлеуметтік желінің астаң-кестеңін шығарды. Ертең президент болуы ықтимал адамның ат бауырында жүргені өзге ұлыстың өкілдеріне жат көрінсе көрінген шығар, ал қазақ байғұс кәдімгідей арқаланып қалды. «Жигули Дайрабаев талай қызмет атқарса да, көмекші кезіндегі тірлігі көбірек есінде сақталған екен, қанша дегенмен Сақтың сарқыты ғой, осы кісіні таңдайық» деген тұжырымға беки түсті.

Оған қоса, «Қай жерге барсаң да, бір үзім нан ақшаға сатылады. Біздің қазақи бауырсақ пен нан асхана, кафелерде тегін тұрса, бұл қазақтың мәдениетін көрсетер еді. Бір үзім нанды сатып, содан біз байып кетпейтін шығармыз» деген сөзі қаратабан халықтың жанын жылытып, жүрегін елжіретіп жіберді. «Дайрабаев билікке келсе, тегін нан жейді екенбіз-ау» деген үміт әркімнің де көкейін тобылғының жалынына қызған тандырдай алаулатты.

Міне, осы кездерде ғой, Жүкең піскен жілікті алақанының қырымен бір ұрып, екі басын екі жаққа ыршытып жіберген. Наннан «басқаны ойламайтын» қазақ аңтарылып тұрып қалды. Себебі сүйек сындырудың саяси мәнін түйсінуге қарапайым халықтың қабілет-қарымы жетпеді. Ал ерінбегендер әлгі бейнежазбаны барынша жақындатып қарап, «бұрын сынған сүйекті қайта «сындырыпты» деген тоқтамға келді. Негізінде, мәселе – сүйектің сынған-сынбағанында емес еді. Бұл – саяси додадағы қарсыластарына көрсеткен сес, «байқаңдар» деген белгі болатын. «Әгәрәки, сайлауға әділетсіздік араласса, мойындарыңды осылай үзіп жіберемін» деген ишарадан өзге кандидаттар кәдімгідей іш тартып қалды.

Ал енді мұның нәтижесі қандай болды? Таудай болды десек, артық шығар, бірақ Жигулидің күн жеп, жел мүжіген қыраттарындай, алыстан көзге ұрып тұрды. Дайрабаев 3,33% дауыспен мәреге екінші келді. Қызғанды ма, біреулер «Жигули көке моторы кеткен «шестерка» құсап, үштікке әрең ілінді» деп қыжыртты. Дұрысы, «екі» десеңіз де, «үш» десеңіз де, қате емес. Өйткені қазіргі президент Тоқаев пен Дайрабаевтың арасына «Бәріне қарсымын» деген 5,2% дауыс түсіп кеткен. Алайда «далаға кеткен» дауыстың ешкімге «опа бермегенін» білесіз. Ендеше «Жугили Дайрабаев саяси раллиде шаңдатып тұрып, екінші келді» десек, ешкім де қарсы бола алмайды деп ойлаймыз.

Бала мен абыройдың әңгімесі

Бір қызығы, кейіпкеріміз кеудесін ашып тастап, сүйек сындырып, ат тағалап, «сырнайлатып-кернейлетіп» жүргенде, екі ұлы бірдей көздері көкшиіп, үйқамақта отырған еді. Саяси доданың айғай-сүреніне елтіген ел оны байқамай қалды.

2023 жылы Тараз қаласының соты Жамбыл облысындағы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ерлан Күлекеевпен қосып, тағы үш жігітті соттады. Оның екеуі – Марат Дайрабаев пен Дидар Молдақалық – осы Жүкеңнің ұлдары. Естеріңізде болса, кейіпкеріміз президенттік сайлаудың сарсаңына дейін Қазақстан фермерлері қауымдастығы басқармасының және «Атамекен» ҰКК АӨК комитетінің төрағасы ретінде белгілі-тін. Міне, сол кездерде бұл кісі ауыл шаруашылығына берілетін субсидияның арзымайтынын айтып, сан мәрте мәселе көтерген.

Депутат
Фото:ғаламтордан

Айтса, Жигули айтсын, десе, Жигули десін деп риза болатын ауылдықтар оның балаларының былығы ашылғанда, естерінен танып қала жаздады. Өйткені Дайрабаев шаруаның қамымен дауылтатып жүргенде, балалары сыбайластарымен бірігіп, субсидияны шетінен «кертіп жеп» жатыпты. Төрт жігіттің қалтасына түсіп кеткен қаржының сомасы – 550 миллион теңге. Сот Марат Дайрабаев пен Дидар Молдақалықты бес жылға бас бостандығынан айырып, мал-мүлкін тәркіледі. Бұл кезде кейіпкеріміз Мәжілістің төрінде отырған. «Қап, құдай-ай, атпалдай азаматты балалары жерге қаратты-ау, таудай кісі енді шөгіп кетер ме екен?» деп мазаланған халықтікі – бос уайым, болмашы алаң болып шықты. Себебі Дайрабаев шөкпек түгілі бүгілген де жоқ. «Бір ұлым егін егеді, екіншісі құлпынай өсірумен айналысады. Біз құқық қорғау органдарының және соттың ісіне араласа алмаймыз. Бәрін уақыт көрсетеді» деді.

Дайрабаев әулие екен, расымен «бәрін уақыт көрсетті». Дұрысы, уақытында жарияланбаған масқара дүниелер егіннің жұртта қалған масағы құсап, су бетіне қалқып шықты. Депутаттың егінші баласы – Марат Дайрабаев «500 тонна бидай берем» деп әлдебіреудің аузын аңқайтып кеткені мәлім болды. Жәбірленушінің не ақшасын бермей, не бидайын бермей зар жылатқан «егіншіні» тәубесіне келтіруге Жамбыл облысы Әділет департаментінің шамасы келмеген деген дерек бар. Оны аз десеңіз, Марат Дайрабаевқа кезінде «ҚазАгроҚаржы» компаниясының да қарызын қайтармай қойғаны үшін шетелге шығуына шектеу қойылыпты. Бұл 2018 жыл екен...

Бұрынғы былық-шылықтың буы бұрқырап, ел назары әкелі-балалы дайрабевтарға ауғанда, Жамбыл облысының 60 жастағы тұрғыны Василий Ковешников «Депутаттың ұлдары мені құлдықта ұстады» деді. Бұл сұмдық мәлімдеме еді. Біраз ел «Болды, Жигули осымен бітті, Парламенттен кетеді» деп алдын ала үкім шығарып тастады. Кеткеніңіз не, керісінше бұл кісі жатта кеп ашуланды: «Мен адвокаттар арқылы жақын арада өз құқықтарымды, ар-намысымды және қадір-қасиетімді қорғау үшін құқық қорғау және сот органдарына жүгінуге ниеттімін. Менің беделіме нұқсан келтіретін әрекеттерге кім тапсырыс бергенін білетін боламын», – деді.

Білді ме, білмеді ме, бұл жағы беймәлім. Бір анығы, балалары мен өзінің абыройын қорғағалы жүрген кісі тағы бір сотта өз-өзін қорғай алмай, тақыр жерге жамбаспен түсті.

Фатима факторы

Адам арандайын десе оңай ғой, 2017 жылы кейіпкеріміз ақшаның көзіне қарамай, Меркіден зәулім сарай сатып алады. Сатушы – Фатима Рузиева деген әйел. Ал сарайдың салынуында мін жоқ. Жертөлесімен қосып есептесең, үш қабат. Астында монша, моншадан шыға сап, суға секіремін десең, атшаптырым бассейн алдыңда тұр. Қысқасы, таудай кісі даңғарадай үйде қанша күн шалқалап жатқаны белгісіз, соттан тілдей қағаз келеді ғой.

Сөйтсе, үйді даулап жүрген адам – Фатиманың бұрынғы күйеуі Саит Рузиев деген Ауған соғысының ардагері екен. Мәжілістің депутаты соғыс ардагерінен қорқа ма, «келсең кел» деп заңдық тұрғыда майдандасады. Масқара болғанда, Тұрар Рысқұлов аудандық соты ардагердің арызын қанағаттандырады да, белгілі депутатты даңғарадай үйден дамбалшаң айдап шығады. (Бұл сөзімізге Дайрабаев ренжімейді деп ойлаймыз. Өйткені нағыз үй иесі келгендегі видеоға қарасаңыз, депутаттың президент Қ.Тоқаевтың қолы қойылған «Алғыс хатын» ала кетуге де шамасы болмағанын байқайсыз. Шалбары мен жейдесіне қолы жетсе, президенттің «Алғыс хатын» неге қойнына қыстыра кетпеген?)

Неге бұлай болды? Мәселе былай екен, Саит Рузиев Фатимамаен 2002 жылы отау құрып, 2017 жылы ажырасады. Алайда әйел күйеуінің рұқсатынсыз ортақ мүлікті Жигули Дайрабевқа сатып жібереді. Алыс-беріс кезінде некенің бұзылуы туралы 2017 жылы шыққан шешім негізге алынған. Алайда сот оның күшін жойды, себебі сол кездегі сотқа Саит Рузиев қатыспаған. Яғни, ерлі-зайыптының заңды ажырасуы 2022 жылғы сот шешімімен есептеледі. Ал үйдің сатылуы одан бұрын болған...

Ауылда өсіп, «Ауылдың» беткеұстарына айналған Жүкең «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» деген сөздің мәнін білуі тиіс-тін. Білмеген күннің өзінде «Үйің жақсы екен, бірақ күйеуің қайда?» деп Фатимадан бір ауыз сұрай салса, мұның бірі де болмас еді. Бірақ өкінгеннен не пайда? Ылдым-жылдым алыс-беріс пен одан кейінгі айтыс-тартыстар зауыттан жаңа шыққан жигулидей зыр етті де, өте шықты.

Сөз оңдау мен бас оңдау

Білесіз, «Дайрабаев Парламенттен кете ме?» деген сұрақ «Назарбаев биліктен кете ме?» деген сауалдан кем болған жоқ. Кейінгісін жұртшылық отыз жыл талқыласа, алдыңғысын бүкіл қоғам 2-3 жылдан бері ауыз жаппай айтып келе жатыр. Өйткені дайрабаевтарға қатысты дау-дамайдың шет-шегі жоқ. Біріншісіне екіншісі қосылып, екіншісіне үшіншісі жамалып жатады. Соған орай айтылар сын-ескертпелер де есепсіз. Бірақ біздің Жүкең ұрған сайын семіретін борсық сияқты, құдды. «Сойылдаған» сайын домаланып, жыл өткен сайын жүні жылтырап, ел-жұрттың сілесін қатырды.

Мәселен Марат Дайрабаев пен Дидар Молдақалық жалғанды жалпағынан басып, білгендерін істеп жүргенде, оларға депутаттың үшінші ұлы Дәурен Дайрабаев «дем берген» деген дерек айтылады. Дәурен – Жамбыл облысы Әділет департаменті басшысының орынбасары болған адам. Дайрабаевтардың дау-дамайын жіпке тізіп жүретіндер «Үшінші ұлдың шимай-шатпаққа қатысы қылмыстық істен алынып тасталған» деп топшылайды. Оның анық-қанығын кім білген, бірақ депутаттың ұлдарына қатысты әңгіме шартарапқа тарағанда, Дәурен Дайрабаевтың да аты аталғаны рас. Қалай дегенмен, бары – үш бала болса, оның үшеуі де әлгіндей «аты жаман» мәселеге «әр тараптан» қосылып, аттары жер жарып жатса, әке үшін оңай дерт емес. Бірақ кейіпкеріміздің басты ерекшелігі сол ғой, қандай қиындыққа душар болса да, мың жылдан бері мүжілмеген тау құсап, міз бақпай тұрып алады.

Депутат
Фото: ғаламтордан

Бірақ «тұрып алудың да» шет-шегі болады екен. Дауыл соқса да, мызғымайтындай көрінген Жигули Дайрабаев өткенде оңбай омақасты. Алайда депутаттың саяси сауатына қанық жандар мұны сау ақылдың ісіне жатқыза алмады. Түсініп тұрсыз ба, «Дайрабаев реті келгенде «жигулимен» шөл қандыра ма?» деген сауал алғаш рет осы төңіректе айтылған сияқты. Өйткені депутаттың әдеттегіден өзгеріп, бірсыдырғы қалпынан «біртүрлі қалыпқа» ауысқанына жұрт бір емес, екі рет куә болды. Алғашқысында Мәжіліс төрағасын бас-көз жоқ мақтай жөнелгенде, Ерлан Қошановтың өзі «арқан тартып», тоқтатып алды. Екеуара әңгіменің соңы былай аяқталды:

Сіз ана сауалыңызды жолдасаңызшы, жұртты мақтамай.

– Енді сөзімнің басын оңдап алайын деп жатырмын.

Сіз басын оңдап жатқан жоқсыз.

Мұны тыңдап отырған көпшілік «Жүкеңнің бұл жүрісі – саяси тұрғыдан дұрыс, бірақ тактикалық тұрғыдан қате. Мақтауды жеке кездескенде айтпай, көп алдында көпіртуі спикерге ұнаған жоқ. Сондықтан Дайрабаев сөзін оңдамас бұрын басын оңдап алуы керек еді» деген «қорытынды» берді...

Екінші оқиғаның өзінен гөрі салдары сұмдық болған секілді. Себебі кейіпкеріміз «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары деген дүрдей қызметінен бір күнде айрылып қалды. Бірақ себебін ешкім ашып айтқан жоқ. «Жүктемесі көп», «іс-шаралар жетіп артылады» деген секілді сырғытпа жауаптарға жұрт сенбеді. Ал қазақы саясаттың жөн-жоралғысын жақсы білетіндер «Ауылдағы» аласапыранның сырын Дайрабевтың мына сөзімен байланыстырды:

«Мына Солтүстік районға мен кеше, сенбі күні барып қайттым. Кірсең, кәдімгі басқа мемлекетке бара жатқандай сезінесің. Біздің ешкімге өкпеміз жоқ. Бірақ біз ұлтпыз ғой, біз қазақ ұлты – мемлекет құрушы халықпыз. Неге бізде қазақшаланбайды, кім кедергі? Қай жаққа қарап отырсыздар, сіздер?! Вот, мәселе осындай! Жан ауырады көргенде!».

Осыны айтқандағы Жүкеңнің жүзіне қарасаңыз, бір нәрсе анық байқалады. Кейіпкеріміздің көзі шатынап, қарсы келген адамды шықшыттан қойып жіберетіндей тым қатулы кейіпке еніп алған. Ал айтқан сөзі мен көтерген мәселесінде мін жоқ. Ендеше Жүкеңнің ашуын неге «Ауылдықтар» ақылға жеңдірмеді? Басқаны қайдам, бізге Дайрабаев өз бойына «шақ емес», аузы дуалы өзге біреу айтуы тиіс сөзді «ұрлап алып», орай келгенде, «ұрып жібергендей» көрінеді. Олай дейтініміз, сөздің де салмағы болады. Ол жөні түзу адамның аузынан шықпаса, құнын жоғалтады. Мысалы Жигули айтты екен деп Солтүстіктегі жер-су атаулары қазақшалануы мүмкін бе? Мүмкін емес деп кесіп атпай-ақ қояйық, бірақ мемлекет құраушы ұлттың өкілдері ретінде қазақшаланған өңірге барып, құлпынай егуге дайрабаевтардың моральдық құқы бар ма? Бар десеңіз, аты қазақшаланбаса да, солтүстікке көшіп, егін салып, субсидия ала беруіне не кедергі? Жоқ десеңіз, онда Дайрабаев айтқан сөзде не құн, не мән қалды?

Түйін: Басшылықтағы адамның етекке бір-ақ түсуі – елге қызық болғанымен, өзіне қиын-ақ. Бұл жағдай Жүкең үшін жуәрмектерінің былығынан да, өзінің «адасқан» сәттерінен де ауырлау. Пендеуи тұрғыдан қарасаңыз, желкесінен басқан жүктің жүрекке түсірер салмағын сезінуге болады. Өйткені кейіпкеріміз «Ауылға» адал еңбек сіңірді. Нанды бір айтып, атты бір айтып, «сүйек-саяғына» дейін көрсетіп, президенттік сайлаудың дүбіріне дүрмек қосты. Саяси аламанда «Ауылдың» атын алға шығарды.

Бірақ соны қашанға дейін малдануға болады? Нағыз саясаткер әр кезде өзінің кім екенін көрсетіп тұруға тиіс-тін. Ал Дайрабаевтың не «көрсеткенін» өздеріңіз білесіздер. Осыны ескерсеңіз, «Ауылды» да айыптаудың қисыны жоқ. Қысқасы, Жигули Дайрабаев не ары, не бері болатын жол қиылысына жақындап қалған сияқты...

Сансызбай Нұрбаба.