11 Шілде 08:42
...

Депутаттар портреті. Ермұрат Бапи. «Аватар»

Депутат
Фото: Коллаж NEGE

Жасыл адамдар туралы фильмді көрген кісі «Аватардың» кімнен «туғанын» білуі тиіс. «Аватар» – гендік инженерияның жемісі, адамзат пен өзге ғаламшардағы екі аяқты жаратылыстың қосындысы. Былайша айтқанда, гибрид. «Аватардың» ғылыми-фантастикалық фильм екенін білетін жұрт Ермұрат Бапидың Мәжіліске баруын да нағыз фантастикаға теңегені рас. Ал біреулер мұны Ақорданың «ғылыми жетістігіне» балады. Егер осы байламдарда иненің жасуындай шындық болса, онда кешегі халықшыл тұлға бүгін билік пен бұқараның арасындағы «гибридке» айналды деп болжауға бола ма, болмай ма?!

Жердегі итжығыс

Қазіргі қалам ұстаған қазақ журналистерінің ішінде Ермұрат Бапидың орыны бір төбе. Өйткені бұл кісі Назарбаев билігімен ашық айқасқан оппозициялық «DAT» баспагерлік жобасының басында тұр. Алайда басында тұру мен аяғында тұрудың кейіпкеріміз үшін аса маңызы жоқ. «Бас редактор» болуға сот шешімімен шектеу қойылғанда «Бас оқырман» болып жұмысын жалғастыра беретін бесаспап баспагеріңіз – осы кісі. Азулы басылымды айыппұлмен «қылқындырып», күшпен жауып тастаса, Ерекең лезде екінші газет ашып алатын. «ДАТ», «СолДАТ», «Жұма-Таймс», «Сегодня-Бүгін», «ДАТ-Ақбота», «ДАТ-Колесо», «ДАТ-Иртыш», «Айна-плюс», «Тасжарған», «Общественная позиция» басылымдары, міне, осылайша өмірге келді.

Дегенмен, баспагерлік – Бапидың басты артықшылығы емес. Бұл кісінің қаламында Шығыстың шыршасына тән қасиет бар. Қалың шыршаның арасындағы жасыл адам құсап, шырша сипатты қаламымен сілтегенде, нысанаға алған адамы борбайына шыршаның бір уыс кепкен қылқаны түсіп кеткендей, баж ете қалады. Баж еткізу – Бапидың сүйікті ісі. Бірақ кері соққының да күші осал болмайды. Не айыппұл салынады, не газет жабылады. Көріп жүрген құқайы болған соң шығар, кейіпкеріміз бұқпайды. Осылайша, Ермұрат Бапидың оппозияциялық журналист ретіндегі өмірі ұдайы итжығыс, ит тірлікпен өтіп жатқан-ды.

Журналист
«Дат» газетінің «бас оқырманы» Е.Бапи. Фото: Азаттық радиосы

Біреулер «Бапи шет-шегі жоқ күрестен шаршады» деді. Енді біреулер «Назарбаев тақтан кеткен соң, Бапидың аздап «желі шықты» деді. Мұндай жорамалдарға қосылу-қосылмау – әркімнің еркіндегі дүние. Бір анығы, «Жаңа Қазақстанның» жалауы көтеріліп, экс-билікті қара есекке теріс мінгізу сәнге айналған заманда, Ерекең Pandora-ға сапар шеккен «Аватар» құсап, өзі сан мәрте сынаған Мәжілістің төріне қарай зуылдап бара жатты...

Pandora-ға сапар және «құйрық түйістіру»

Pandora – фильмде көрсетілетін «ит арқасы қияндағы» ғаламшар. «Аватардың» оған жетуі – ғылым мен технологияның жетістігі. Ал бұрынғы биліктің бітіспес дұшпанына айналған кейіпкеріміздің Мәжіліске жетуіне қандай «технология» қолданылғаны жұмбақ. Осыны сәл тарқатып, сырын ашу үшін фильмді еске түсіруімізге тура келеді.

Гибрид кейіпкердің жапалақ секілді жарбиған дәу құсты қалай «жуасытып» мінетіні есіңізде шығар. Алдымен шалма салып, тұмсығын арқанмен орап алады. Бұл – ана бәленің аузында кетіп қалмаудың амалы. Сосын арқасына қарғып мінеді, «жалмауызға да жан керек» деген осы, «жапалақ» жан ұшыра «мөңкиді». Қып-қызыл арпалыс, жан алысып, жан беріскен айқас. Бірақ соңы өте әдемі бітеді. «Аватар» ебін тауып, өз құйрығы мен құс құйрығының ұшындағы алақандай қылды бір-біріне түйістіреді. Шытыр-шытыр етіп, бір-біріне жабысқанда, «жапалақтың» жанарынан от жарқ ете қалады. Сосын тұла бойы дел-сал болып, мөлиіп жата кетеді. Бұл – «сен – мендіксің, мен – сендікпін» деген белгі. Яғни, енді екеуі араларынан қыл өтпейтін дос.

Енді осы эпизодтың айтпағын саяси әңгіменің ауанына қарай бұрсақ, «Ермұрат Бапи Парламентке барар алдында кіммен «құйрық түйістірді?» деген сауал шығады. Бұл жөніндегі байлам екі түрлі. Алғашқысы бойынша кейіпкеріміздің бір әлемнен екінші әлемге қарай өтуі, яғни, «Аватарға» айналуы 2022 жылдың қара күзінде басталған. Себебі осы кезде Ақорданың ішкі саясатынан сыртқа «бу шығарып» отыратын Dalainside телеграмм арнасы «Әкежан Қажыгелдин президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды» деген ақпарат таратқан. Егер бұл рас болса, шетелдегі Қажыгелдиннің «Ермұраттың да егеулі найзасы Мәжілісте жарқылдайтын мезет келді» деп мемлекет басшысына «кеңес» беру мүмкіндігін жоққа шығару қиын.

Депутат
Мәжіліс депутаттығына сайлау науқаны. 2023 жыл, наурыз. Фото: ғаламтордан

Екінші нұсқа алғашқы жорамалды теріске шығармайды. Керісінше, бір-бірін толықтырып тұратын сияқты ма, қалай? «Өздерін халықшыл санайтын кандидаттар сайлаудың «сахнасында» қызылшеке болып «төбелесіп» жатқанда, Астанадан сұңғақ бойлы бір жігіт келіпті» деген сыпсың сөз тараған. Ондағы мәліметке сенсек, бір мандатты округты «опыр-топыр» жасаған кандидаттардың «сөз ұғатындарымен» жеке кездескен әлгі жігіт: «Барғың келсе, дайын жүр, бірақ бас жаққа барыспасаң, болды», – деп ескерту жасаған деседі. Бірақ дәл сол адамның кейіпкерімізбен жолыққан-жолықпағаны беймәлім. Есесіне «бас жаққа барысуға» келгендегі Ерекеңнің баяғы екпіні аяқ асты нөлге түскенін білесіз. Міне, бұл «Аватардағы» дос болудың жөніне, құйрық түйістіре отырып, «сен – мендік, мен – сендікпін» дейтін жоралғыға көбірек ұқсап жатса, бізде не кінә, сізде не айып?!

Жаңа әлем және белгісіз қышыма

Қиялдан туған фантастикалық фильм болса да, «Аватардың» адамды өзіне баурап алатын сиқыры бар. Себебі екі аяқты пендеге өзі көрмеген нәрсенің бәрі таң. Мысалы аспанда салақтап тұрған таулар мен сан түрлі өсімдіктер әлемі кім-кімді де таңдай қақтырмай қоймайды. Ал білетіндер билік пен халық арасындағы айырма – Жер мен Pandora-ның ара-қашықтығындай алшақ деседі. Мұның қаншалықты рас екенін кім білген, бірақ билікке жуып кеткен адамның бір сәтте өзгеріп, «біртүрлі» болып шыға келетіні рас.

Ал біздің кейіпкеріміз «біртүрлі» болмай тұрғанда ауырды. «Pandora-ның» көз қарықтырар қызығына бірден күмп беру ауыр соқты ма, әлде өзінің «Жердегі» жерлестерінің тағдыры алаңдатты ма, үстіне түсініксіз бөріткен шығып кетті. «Ермұрат Бапиды улаған сияқты» деген суыт хабар «Аватардың» желден жүйрік «жапалағынан» да жылдам тарады. Ел шынымен қамықты, «халықшыл депутаттың тағамына әлдене қосып жіберді ме?» деген күдік бар қазақтың көңілін алаң қылды.

Бір тәуірі, уланудың – нақты диагноз емес екенін, бірақ консилиум жасаған дәрігерлердің арасында айтылған әңгіме екенін депутаттың өзі жеткізді. Сосын былай деді: «Астанада жүрген кезде де, бір апта сайын қайталанып шығып тұратын. Қолдан, шынтақтан, қарыннан шығады да, қышиды. Қатты қышып, жаныңды шығарады. Оны қасыған соң ісік пайда болады. Сосын температура көтеріледі. Екі қолдан шығып еді, бүгін білектен шығып жүр».

Мәжіліс
Депутаттың ісіп кеткен қолы. Фото: ғаламтордан

«Аурудың жақсысы – қышыма, қасыған сайын жаның кіреді» дейтін Жүсіп Ақшораның әзілі бұл жерге жүрмейді. Өйткені Мәжілістегі жүзге жуық депутаттың ішінде дәл Ермұраттай елге жақын адам жоқ. Сондықтан халық кейіпкеріміздің түсініксіз сырқаттан айыққанына қуанды. «Сауықты, тәубе. Улағандары рас болса, қаскөйлердің бетіне шиқан шықсын! Ал Ермұрат елдің қамын жеп, шапқылай берсін!» деп тілеу тіледі. Бірақ, жеке адамның емес, елдің бәрін улап кетуі мүмкін бір мәселе таразыға түскенде, «ел қамын жеген Едіге» үндемей қойды...

«Бастан сипау» және АЭС

Сайлау өтіп, Парламенттің жаңа құрамы жасақталып, Мәжілісте мамыражай дерліктей әдемі бір күн туғанда, екі депутат оңаша жерде қарама-қарсы отыра қалып, әңгіме-дүкен құрған. Екеуі де депутат, екеуі де журналист. Сұхбат алушы – Нартай Аралбайұлы, беруші – Ермұрат Бапи. Арғы-бергіні қозғай келіп, сөздің соңына тақағанда, Аралбайұлы «Бүгінгінің батыры кім?» деген әдепкі сұрағын кесе-көлденең «тастай салған». Кейіпкеріміз бас қатырып, көп ойланып жатпады, «Бүгінгінің батыры – Қасым-Жомарт Тоқаев» деді.

Осыны естіген есті қазақтың екі көзі шарасынан шығып кете жаздады. Өйткені «ДАТ-ты» оқып, саяси сауат жиған жұрт «Балық басынан шіриді» деген мақалды Бас оқырманның жиі қолданатынын жақсы білетін. Мақалдап қана қоймай, экс-президентті «жоян» деп ашық айтатын ер мінезіне тәнті-тін. Сөйткен кейіпкеріміздің кезекті президентті аяқасты «батыр жасап» алғанын былайғы жұрт түйсігіне сыйдыра алмады. Ал біреулерге осы сұхбаттың өзі Ерекеңе әлгі сөзді айтқызу үшін әдейі ұйымдастырылғандай көрінді. Міне, осы ойдың жетегіне ергендер «құйрық түйістіру» кезінде «бас жаққа барыспау» былай тұрсын, «ыңғайы келген жерде бас жақты «бастан сипап қою» уәжіп болады» деген кеңес естіген-ау деп топшылады.

Неге? Өйткені президенттің батыр болмағының халық көңіліндегі басты шарты – жалғыз-тұғын. Екінші президент батыр болса, бірінші президент түрмеде отыруы тиіс қой. Жалғанды жалпағынан басқан үрім-бұтағы кезектесіп, абақтыға тамақ тасып жүрсе, қазіргі президентті ғана емес, Үкімет пен Парламент мүшелерін де «батырым» деп арқасынан қағып қоюға әбден болар еді. Бірақ енді оның бәрін айта беретін несі бар? Айтылар сөз – айтылды. «Сөзің аузыңнан шыққанша – өзің иесің, шыққаннан кейін – саған ие» дейтін тәмсілдің айтпағымен тұжырсақ, әзірге белді депутатқа осы пікірі «қожайындық жасап» тұрғанын аңдауға болатындай. Алайда қалған сөзінің бәрі «ДАТ-тағыдай» дөп түсіп жатыр деуге тағы келмейді. Неге екенін, кейіпкеріміздің кейбір пікірлері радиацияға шалдығып, «шала масқа» айналған адамның аяғындай қайшыласып қалып жатыр.

Депутат
Мәжіліс депутаты Е.Бапи. Фото: ғаламтордан

Мысалы АЭС құрылысына қатысты референдум қарсаңында, елге сөзі өтеді-ау дейтін депутаттардың бәрі үгіт-насихаттың дүрмегіне ілескенін білесіз. Ақыны бар, журналисі бар, қайраткері, қайраткер емесі бар, әйтеуір барлығы ядролық-физика тақырыбында докторлық диссертация қорғаған ғалым құсап, АЭС құрылысын қолдауға шақырды.

Бір айтса, жөні түзу пікірді Ермұрат айтар деп сарыла күткен халық әрең дегенде, мынадай жауап естіді: «Халықтың көпшілігі АЭС-тің өзіне қарсы емес, соны игеру мәселесіне, жүйеге қарсы. Біз егерде халыққа осыны түсіндіре білсек, халық тарапынан қолдау болады. АЭС салатын штабқа сұранып кірдім. Сұранып кіруімнің өз себебі бар. Ең алдымен мен билік пен халық алдында дәнекер болғым келеді. Маған жеткен инсайдерлік ақпарат бойынша АЭС-ті кім салатынын білемін. Егер Қазақстанға қажетсіз бір ел салатын болса, бұл мәселеге қарсы болатын едім».

Бұл не деген сөз? Бұл АЭС-ті Ресей салмайды деген сөз. Бірақ дәнекер кісіні АЭС салатын штаб қайта шақырып алып, «кері оқытты ма», әйтеуір, кейін алғашқы пікірінен айнып қалды. «Ресей салса, тағанын құйып, корпусын салып береді, болды... Онда тұрған не бар?», – дегенге дейін барды.

Расында, онда тұрған не бар? Онда тұрған ештеңе де жоқ. Ермұрат Бапи қарсы болса да, салынар АЭС бәрібір салынады. Мәселе – «Бас оқырманның» бастықтырылған жылқы құсап, жуасып қалғанында. «Ал сөзіндегі қайшылық «Жердегі» жігерінің құмға айналғанын білдіреді» деп көсемсігендермен келіскіміз жоқ. Неге десеңіз, кейіпкеріміз «Pandora-да» барлық сырын ашып тастамай, «Жердегі» жерлестерінің қамы үшін уақытша тактика қолданып жүруі де мүмкін ғой.

Қос батырдың жақындығы

Ел сыйлаған Ермұрат Бапи батыр деген соң, Мемлекет басшысын біз де батыр деп қабылдағанымыз дұрыс. Ал кейіпкеріміздің өзі кім? Егер журналистика саласындағы жұртты түгел сапқа тұрғызып, жүрегінің түгін өлшеп беретін «аппаратқа» кезек-кезек кіргізсеңіз (әттең, сол құрғыр жоқ қой), Ерекеңнің кемінде алғашқы үштіктен табыларына бәс тігеміз. Себебі бұл кісі шын мәніндегі батыр. Назарбаев билігімен шайқасқанда, автоматқа жайдақ «атпен» қарсы шапқан «Аватар» секілді тайсалмай, тіке тартатын. Сол жолда көрмеген қысастығы, тартпаған азабы тағы жоқ. Майданның қарқынын бәсеңдету үшін Ақорданың араға кісі салғаны да есімізде. «Ақ жалау» ұстап алып, «елшілікке» келмек болған «Халық қаһарманын» орыстың ауызға түскіш үш әрпімен «аластап» жібергенін осы жолдардың авторы өз көзімен көрген.

Міне, осындай-осындай ерліктерін бүгінгі билік те ескерді ме, әлде «Балықшы балықшыны алыстан таниды» деген осы ма, мемлекет басшысы Мәжіліс депутатына дем беріп, қолдау жасады. Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Қасым-Жомат Тоқаев Ермұрат Бапидың еліміздегі діни жағдайға алаңдаушылық білдіріп жүргенін айта келіп, теріс діни ағымдарға тосқауыл қою қажеттігін ескертті. Күні кеше ел басшысы бетті тұмшалайтын киімге тыйым салатын заңға қол қойды. Бұл нені білдіреді? Ерекеңнің көтерген мәселесі президенттің пайымымен үндес шықты дегенді білдіреді. Әрі депутаттың атын атағаны – түсінген адам үшін әжептәуір мәртебе. Міне, осыны ескергендер «Аватар» негізгі мақсатына біртіндеп жақындап келеді» деп топшылады.

Ақорда
Коллаж: ulysmedia.kz

Мұны қалай түсінбек керек? Түсінгісі келген адам депутаттың Абзал Достиярға берген сұхбатын бір сүзіп шықса, жеткілікті. Онда кейіпкеріміз 5-6 мәрте өтініш жасаса да, президентке кіре алмай жүргенін айтқан. Ал кірсе, не болады? Кейіпкеріміз былай дейді: «Елдегі саяси биліктің ұстанымын екінші-үшінші ауыздан емес, президенттің өз аузынан естігім келеді».

Дұрыс қой, ауыздан ауызға тараған сөзде не мән бар? Саяси биліктің ұстанымын үлкен кісінің аузынан естіген адам мемлекеттің қайда кетіп бара жатқанын анық түйсінеді. Арада не айтылса да, қортындыны өз пайымымен, өзі ішінде пісірді. Оның үстіне, «Өзінен естігім келеді» деген қалаудың қалтарысында «көңілімде күмән бар» деген ишара бұғып жатыр. Демек кейіпкеріміз президентпен кездескен күні көп жұмбақтың жауабы ашылады. Саяси ұстанымда белгісіз дүние қалмайды.

Бір қызығы, күнгі кеше Ерекең президентпен кездеспей жатып-ақ, өзі білгісі келген саяси ұстанымның бар сырын ет бұзғандай жіліктеп, жұртқа «міне, осы» деп көрсетті. «Ескі де, жаңа ел туралы ҚИСЫНСЫЗ МИФТЕР» деген мақаласын мақтап жатқандар көп. Мақтаса, мақтайтынындай бар екен. Себебі қоғамда айтылып жатқан заманауи мифтер мен аңыз-әфсаналардың рас-өтірігін аршыған депутат «дұрыс бағытта кетіп бара жатырмыз» деген ой түйеді. Әрі осының бәрі мемлекет басшысының арқасында мүмкін болғанын қадап-қадап ескертеді.

Ендеше сұрақ туады. Жоғары биліктің саяси ұстанымы мен мемлекет басшысының бар артықшылығын «беске біліп» тұрған депутатқа Тоқаевпен кездесудің не қажеті бар? Міне, бұл саясаттан мақұрым адамдардың сауалы. Үлкен саясатта алға жылжу үшін айта білу де керек. Ендеше Ермұрат Бапидың білгенін айтқанына дауыңыз жоқ шығар.

Түйін: Кейіпкеріміздің біреу біліп, енді біреу білмейтін тағы бір артықшылығы – бұл кісі мықты журналист қана емес, «ДАТ-қа» тұяқ іліктірген тай-құнан деңгейіндегі жастардың «жалын тікірейтіп» беретін бірегей ұстаз. Осы жолдардың авторы да – «Бас оқырманның» батасын алып, «Общественная позиция» басылымында түрлі «жаттығулардан» өткен. Әрбірден соң саяси портрет «сызудың» әліппесін оқытқан да – осы кісі. Ендеше «Сансызбайдың ұстазы үйреткен әдіс-тәсілді өзіне қарсы қолданғаны – қай сасқаны?» дейтін оқырмандардың да кездесу мүмкіндігін жоққа шығармаймыз. Оларға айтатын жауап – біреу. Бапилық дәрістің басты құндылығы – «Әкең де болса, аяма!» шарты. Бұлжымайтын осы қағиданы бұл кісі «төбемізден тоқпақтап» отырып, миымызға сіңдіріп тастаған. Алайда аямаудың алғышартына ұқсас «бірдеңе-сірдеңелер» өз бойынан байқалып жатқанымен, «Аватардың» түпкі ойы әлі жұмбақ болып тұр.

Білесіз ғой, фильмнің кейіпкері Жерден барғанымен, әділеттілік үшін ар жаққа өтіп кетті. Ал біздің кейіпкер қай жақтың мүддесі үшін «соғысады»? Гибриттік келбетіндегі «жасыл бетперде» сыпырылғанда, құйрығы сала құлаш Pandora-лықты көреміз бе, әлде өзге әлемге өтсе де, өзгермеген нағыз Адамды көреміз бе? Міне, басты мәселе осы болып тұр. Бетін ары қылсын, әрине, Бас оқырман өзі үйреткен шарттан «шатасып» жатса, жалғыз Сансызбай емес, бүкіл шәкірттері бас біріктіріп кетуі мүмкін. Онда не болады? Не болушы еді, өзі үйреткен тәсілді өзіне қарсы қолданудың көкесі сонда болады. Оның ыңғайлы да, әсерлі әдісін жоғарыдай айттық қой... кепкен шыршаның бір уыс қылқанын борбайына бұрқ еткіземіз!

Сансызбай Нұрбаба.