5 Желтоқсан 12:29
...

Прокурор: Айзат Жұманованың денесінен сүйрету іздері де, жүктілік белгілері де табылмады

Айзат Жұманова
Фото: NEGE

Бүгін Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Айзат Жұманованың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша басты сот отырысы басталды.

Айзат Жұманованың өліміне күйеуі Жанболат Айбар күдікті деп танылған. Іс әуелгіде ҚР ҚК-нің 106-бабы—«абайсызда адам өлтіруге әкеп соғатын ауыр денсаулыққа зиян келтіру» бойынша қозғалған. Кейін ҚР ҚК-нің 99-бабына—«қасақана адам өлтіру» бойынша ауыстырылып, қайта қаралды.

Жәбірленушілердің өкілі сот процесін онлайн көрсетуді ұсынды. Алайда судья сот отырысының ашық өтетінін, бірақ онлайн трансляция жүргізілмейтінін мәлімдеді.

Сот отырысы барысында прокурор Нұрлан Билібеков айыптау актісін оқып, ерлі-зайыптылар арасындағы жанжалға қызғаныш себеп болғанын мәлімдеді.

«2025 жылдың маусым айының басында Айбар Жанболат жұбайы Айзат Жұманованың біреумен сөйлесіп тұрғанын көріп және смс хабарламасы келгенін естіп, қасына барады. Ол кіммен сөйлесіп жатқанын білейін деген кезде жәбірленуші ашуланып, ұялы телефонын бермей, жерге ұрып сындырып тастаған. Содан кейін Жұманова ашуланып Жанболаттың ұялы телефонын сұрап алып, оны да жерге лақтырып сындырған», – деді прокурор айыптау актісінде.

Сол күннен бастап, екеуінің араларында отбасылық жанжал туындап, бір-бірімен сөйлеспей, ренжісіп жүрген.

«2025 жылы 21 маусым күні таңғы сағат 5.00 шамасында Жанболат атпен мал бағуға тауға кетіп, сол күні сағат 16:30 шамасында үйге қайтып келеді. Ол табалдырықта Жұманованың біреумен телефонмен сөйлесіп тұрғанын көреді. Кіммен сөйлескенін сұраған кезде жәбірленуші жауап бермей, үйге кіріп кеткен. Ал Жанболат, мотоциклға отырып, Суықсай ауылы Омаров көшесі №12 мекенжайда орналасқан дүкенге барып, 7-8 бөтелке сыра сатып алып, үйге қайтар жолда ішкен. Жанболат үйге келген соң, жұбайының оның алдында ұялы телефонмен белгісіз біреумен сөйлескені үшін қызғаныштан Жұманованы өлтіруді ойлаған», – делінген айыптау актісінде.

Содан ол түнде алкогольдік масаң күйде Айзат Жұманованы соққыға жыққан. Әйелі айқайлап, жылап, оны ұрмауын өтінген. 

«Алайда Жанболат қылмыстық әрекеттерін тоқтатпай, оның өмірлік маңызды мүшелеріне, есінен танғанша басынан бірнеше рет ұрған. Жәбірленуші ес-түссіз болса да, Жанболат өзінің кісі өлтіру ниетін жалғастырып, Жұманованы тағы бірнеше рет ұрып, ауыр дене жарақатын келтірген», – деді прокурор.

Айбар Жанболат жұбайына медициналық көмек көрсетпеген, жедел-жәрдем де шақырмаған. Тек қылмыс жасағаннан кейін бірнеше сағат өткеннен соң, түнгі сағат 02:30 шамасында. Талдықорған қаласының облыстық ауруханасына жеткізген. Ақырында Айзат Жұманова ес жимастан, өмірмен сәйкес келмейтін дене жарақаттарының салдарынан «жан сақтау» бөлімінде көз жұмды.

Сот-медициналық сараптама қорытындысы бойынша, Жұманованың өлімі бас миының ісінуі мен домбығуы салдарынан болған. Бұл жағдай екі ми жарты шарында және мишықта жұмсақ ми қабықтарының астына кең көлемде қан құйылуымен, сондай-ақ маңдай бөліктерінің соғылуынан болған жабық бас-ми жарақатынан пайда болған. Сонымен қатар оң жақ шүйде сүйегінде сызық тәрізді сыну бар.

Комиссиялық сот-медициналық сараптама мәліметі бойынша, Жұманованың мәйітін алғашқы және қайталама зерттеу кезінде оның денесінде жылқы, көлік немесе адамның сүйретуі нәтижесінде пайда болатын жарақаттар мен іздер анықталмаған.

Айзат Жұмановадан жүктілік белгілері де табылмаған.