СҚО: Ауыл мектептерінің 98%-ы интернетке қосылды
Солтүстік Қазақстан облысында цифрлық технологиялар білім беру жүйесінің ажырамас бөлігіне айналып келеді. Бұл туралы өңір әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді. Оның айтуынша, бүгінде ауылдық елді мекендердің 98 пайызы жоғары жылдамдықтағы интернетке қосылған.
Астана, NEGE. Бұл ауыл мектептеріне қаладағыдай бірдей цифрлық сервистерді қолдануға мүмкіндік беріп отыр.
Әкімнің сөзінше, Президент өзінің Жолдауында цифрландыру мен адам капиталының дамуын негізгі міндеттердің бірі ретінде атап өткен. Осы тапсырма аясында өңірде алдағы бес жылға арналған цифрлық даму стратегиясы әзірленген. Құжат цифрлық инфрақұрылымды күшейтуге, экономика секторларын трансформациялауға, сондай-ақ тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған.
Қазірдің өзінде СҚО мектептерінде электрондық күнделік, онлайн-оқыту платформалары, робототехника кабинеттері, медиастудиялар қалыпты тәжірибеге айналды. Осы базада жасанды интеллект элементтері бар пилоттық жобалар іске қосылып жатыр. Ең бастысы – бұл мүмкіндіктер тек қала мектептерімен шектелмей, ауылдағы оқушыларға да қолжетімді болуы тиіс.
Ғаузез Нұрмұхамбетовтің айтуынша, өңірде ІТ және креативті индустрияны біріктіретін «Қызылжар креатив орталығы» табысты жұмыс істеп келеді. Мұнда талантты жастарға арналған инновациялық орта қалыптасқан. Аграрлы өңір болғандықтан, ауылдық жерлердегі цифрландыру ерекше назарда. Жақында аудандық деңгейдегі алғашқы «Айти-центр» ашылып, алдағы уақытта мұндай орталықтар әр ауданда құрылмақ.
Мұндай креативтік әрі білім беру орталықтары ауыл мектебі оқушылары үшін цифрлық әлемге ашылған есік іспетті: олар бағдарламалау, графикалық дизайн, деректермен жұмыс істеу және жасанды интеллект құралдарын меңгеріп жатыр.
Солтүстік Қазақстан облысы осы қадамдар арқылы шынайы «цифрлы өңір» моделін қалыптастыруда. Мұнда интернет те, жасанды интеллект те формалды есеп үшін емес, балаларға, мұғалімдерге және ауыл қауымдастықтарына нақты мүмкіндік беру үшін қызмет етеді.