Депутаттар портреті. Мұрат Әбенов. «Жазбагер»
«Не жазушы емес, не жазарман емес, жазбагері несі, құдды бір «саудагер» деген секілді естіледі екен» деп отырған шығарсыз. Егер дәл осылай ойласаңыз, аса қателескен жоқсыз. Өйткені кейіпкеріміз жүрдек қаламын саясаттың сорпасына «суарып» алып, тың стиль, соны бағыт ойлап тапты. Оны түсінгісі келгенімен, тереңіне бойлай алмай жатқандар көп. Сондықтан біз бүгін Мұрат Әбеновтің жұмыс стилімен қоса, жазу стиліне де назар аударамыз.
Астанадағы көк есек кім?
Парламенттің қос палатасында қалам қуатымен танылған жазушы-журналист көп. Бірақ олардың дені Парламенттің партасына отырған соң қаламдарын папкасына салып қойды. Әлде сапырылысқан көп қағаздың арасынан «таппай» қалды ма, әйтеуір жазу-сызуға құлықсыз көрініп жүр. Ал біздің кейіпкеріміздің, керісінше, екінші тынысы ашылғандай. Әсіресе әлеуметтік желінің дәурені туғанда, Мұрат Әбенов жиі-жиі сүйкеп тастайтын әдет тапты. Сүйкегенде, көлдей дүние жазып, көптің алдына тартатын заман қайда, қазір?! Жазғаныңмен, бәрібір ешкім оқымайды. Сондықтан қолыңнан келсе – аз жаз, аз жазсаң – саз жаз! Бұл өлшемнен ассаң, мәнді әрі сәнді қылып жаз! Кейіпкеріміз енді бұған келгенде, алдына қара шығармайды. Мәндісін сәл кейінге ысырып, алдымен сәнді жазбасынан бір мысал келтірейік. 6 шілдеде белгілі депутат оқырмандарын Астана күнімен құттықтады. Стильдік ерекшелігіне нұқсан келтірмес үшін біз үтір-нүктесіне дейін өзгертпей, сол күйінде үзінді берейік.
«Әр адамның өз жеке Астанасы бар! Мен үшін ол Төменарық ауылы!
Анау ручной работа , эко таза қам кесектен салған там , біздің «астанамыздың» Хайвелы. Терезесі «стекло пакет» емес - тас тисе сынбайтын «пакет пакет» . Жыңғылдан тоқылған шарбақ - аталардан қалған эко дизайн.
Там бұрышын тасалап тұрған есектің баласы - Қодық ( бұл аты емес, названиясы) Взрослыйлары субподряд жұмыста. Ең мықтылары вахтада - шөп оруға жүк көлігі ретінде кеткен. Күн ыстық , қайнап тұр, ауаны сәл болса да қозғайтын жел, тығылытын көленке жоқ ... Бірақ бұл жер маған кез келген мегаполистен артық. Барлық тұрғыны “родной” ағайын-туысқан, құда жекжат , түске кіретін балалық шақ , езуіңнің бұрыштарын тәтті шырынымен тіліп тастайтын әңгелек...».
Осыны оқып отырған Сіз де езуіңізді әлдене тіліп кеткендей, селк ете қалған жоқсыз ба? Міне, Мұрат Әбенов осылай, өгіздің кепкен терісін өтпес пышақпен қажалағандай етіп жазады. Бірақ юморға, әзілге бейім екені байқалып тұр. Сондай-ақ, саясаткердің стилдік ерекшелігінде екінің бірі байқай бермейтін усойқы астар бар. Өйткені туған жерінің қадір-қасиетін тілінің жеткенінше суреттеген бұл кісі сөзінің аяғын «ОРТАҚ БАС ҚАЛАМЫЗ - АСТАНА КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН» деген ізгі тілекпен тәмамдап, тоқал там мен көк есектің суретін салып қойды.

Бұл енді не деген сөз? «Астаналарың жарқырап тұрғанмен, Төменарық тоқал там күйінде қалды, неменелеріңе жетісіп жүрсіңдер?» деген ескертпе ме? Ескертпе болса, ол кімге айтылған ескертпе? «...Астана күні кұтты болсын» деген ізгі ниетін бас әріппен жазғанына қарағанда, олай емес сияқты. Әлде Астананы тоқал таммен бейнелеп тұр ма? Өйтсе, қасындағы көк есек кім? 6 шілде Назарбаевтың туған күні екенін ескерсеңіз, экс-президентті кекеткен түрі шығар деп топшылауға болар еді. Бірақ «тақыр жерден тау тұрғызған» Назарбаев қазір кетті ғой, оның Астанамен қатар тұруға ендігі жерде моральдық тұрғыдан құқы жоқ. Сонда кім? Бұл кісі өлі жүні түсе бастаған әжептәуір есекті қодық деді ме, тақай деді ме, не деді жаңа..?
- Оқи отырыңыз: Депутаттар портреті. Қазыбек Иса. «Дауылпаз»
Көрдіңіз бе, кісінің үрейін ұшыратын нұсқалар – адам санасындағы сауалдар тізбегін сапырылыстырып жібереді. Қияда тезектеген қодықтың еңіске қарай «жамырай қашқан» құмалағын қуған кісі құсап, орта жолда еріксіз мәңгіресіз. Бірақ бұл үшін Әбеновті айыптауға болмайды. Себебі бұл кісі «ойлап тапқан» стилдік ерекшеліктің «ғаламаты» осында! Алдымен күлдіреді де, артынан ойландырады...
«НУ», погоди!
Мұрат Әбеновтің жазу стилін түсінбейтіндер «Бұл кісі қалай мұғалім болған?» деп таң қалады. Қалай мұғалім болғанын өзі білмесе, біз қайдан білейік. Бір анығы, қанша уақыт мұғалім болғаны тайға таңба басқандай жазылып тұр. Жаңақорғанның Төменарығынан түлеп үшқан бала Мұрат мұрты тебіндеген кезінде Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын «математика және информатика пәндерінің мұғалімі» мамандығы бойынша бітірген. 1990-1991 жылдары Қызылорда қаласындағы №4 орта мектепте информатика және есептеуіш техника пәнінің мұғалімі болған. Әбеновтің ұстаз ретінде шәкірт тәрбиелені – осы кезең ғана. Сосын құстай ұшып, құландай жүйткіді. 1991 жылы, 26 жасында Қызылорда қалалық білім беру бөлімінен бір-ақ шықты. Осы бөлімнің кадр және негізгі қызмет инспекторы атанды. «Білім бөлімінде қатардағы инспектор болғанша, лицейде бастық болғаным жақсы деді ме?» дәл осы жылы №1 Қазақ мектеп-лицейі директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып барды. Бұдан кейінгісін айтып жату артық секілді. Себебі әкімдікке тұяқ іліктірген кейіпкеріміз содан кейін төмендеп көрген жоқ.
Төмендеп көрмеген кісінің «жоғары деңгейдегі» мәселені көтеруі заңды. Мысалы Мұрат Әбенов соңғы жылдары Назарбаев университетіне жиі шүйлігіп жүр. Шүйліккенде, қай жылы қанша миллиард қаржы бөлінгенін сұқ саусағымен көрсетіп, «нәтижесі қайда?» деген сауалды көлденең қояды. Мұнысы дұрыс. Дәл осы қарқынымен шабуылдай берсе, кейіпкеріміз НУ-дың «түбіне жетуі» де ғажап емес. Өйткені мультфильмдегі қоянды қуған қасқыр құсап, өршелене ұмтылып жүр.

Дегенмен сұрақ туады, сонда кейіпкеріміз «Назарбаев университеті» деп аталатын орталықтың қыруар қаржыны құлқылдата жұтып келе жатқан «жалмауыз мекеме» екенін Қаңтарға дейін білмеген бе? Әлде білсе де, үндемей, айтатын сәтті күтіп келген бе? Бұған қандай жауап айтуды өз еркіңізге қалдырып, кейіпкерімізді бірде «үндетіп», енді бірде «үндетпей» тастаған бір оқиғаға назарыңызды аударайық.
Ішпейтін адам қалай «жеді»?
Назарбаевтың нұрланған дәуірінде неше түрлі сұмдықтар болғанын білесіз ғой. Бірақ кез-келген даулы мәселенің ақ-қарасы Ақорданың пиғылына қарай ашылатын. Яғни, ақ десе – ақ, қара десе – қара болады.
Сонау 2016 жылы Марат Бекетаев деген Назарбаевтың руласы Әділет министрі болғанда, қоғамда пыш-пыш әңгіме көбейген. Тіпті тілінде тікені барлар «Арақ ішіп, рөлге отырсаң, Әділет министрі боласың» деп қыжыртты. Мұның мәнісі былай еді: 2009 жылы Астананың жол сақшылары түнгі сағат екіде құйындатып бара жатқан «Тойота-Камриді» ұстайды. Сөйтсе, мас жүргізушісі былдыр-былдыр етіп, Әділет вице-министрінің қызметтік куәлігін көрсеткен ғой. Бұл отыз жастың лапылдаған оты бойын кернеген Марат Бекетаев еді. Жастық жалынның отына спирттің қызуы қосылған соң күш бере ме, вице-министр медициналық тексеруден өтуден үзілді-кесілді бас тартады. Кейін іс сотқа жеткенімен, Бекетаевтің қылшығы да қисайған жоқ. Міне, сөйткен адам министр болып өскенде, ел-жұрт тоғыз жыл бұрынғы оқиғаны қайта есіне алып, «бұларға сот жоқ-ау» деп опынған-ды.
Енді бұған Мұрат Әбеновтің қандай қатысы бар? Тікелей қатысы жоқ. Есесіне жанама қатысын жағымпаздықтың жоралғысына жатқызатындар көп. Өйткені елдің бәрі Бекетаевты әлеуметтік желіде «қара есекке теріс мінгізіп» жатқанда, біздің «есек танығыш» кейіпкеріміз Бекетаевты жер-көкке сыйғызбай мақтаған. «Мен Марат Бекетаевты не үшін құрметтеймін? Оның министр болғанына не үшін қуандым?» деп басталатын ұзақ-сонар жазбасын бірнеше БАҚ көшіріп басты. Онда Мұрат Әбенов таскөмірге әк жағып, ақ көмір жасағысы келген адамдай «алашапқынға» түскен. Министрдің жақсы қасиеттерін тізбелеп, «ішпеген» дегенге келтірген.

Мейлі ғой, құрсын, Бекетаев ішті ме, ішпеді ме, оның енді аса маңызы жоқ. Мәселе, оған неге Мұрат Әбеновтің қимасы қышыды? Осы сауалды індете зерттегендер «Сол кезде Марат Бекетаев ақтауға зәру емес еді» дейді. Бұл рас пікір. Өйткені сол тұста Назарбаевтың айналасына, тумалас-руластарына арақ ішпек түгілі түйені түгімен жұтса да, заң жоқ еді. Бұған мысалды ондап-жүздеп келтіруге болады. Ендеше Мұрат Әбеновтікі не? Үлкен кланның «майда жыландарын» мақтау арқылы жоғарыға жағыну ма? Әлде Марат Бекетаевтың ел білмегенмен, Мұрат Әбенов жіті таныған жақсы қасиеттері бар ма?
- Оқи отырыңыз: Депутаттар портреті. Азат Перуашев. «Тутамас»
Әділеттілік тұрғысынан біз екінші нұсқаға тоқтауға тиіспіз. Себебі «Мұрат Әбенов жоғары билікке жағыну үшін Бекетаевты ақтады» деген пікірге бас-көз жоқ, қосыла кету қате. Есесіне осы жерде тағы бір сұрақ шығады. Білесіз, Марат Бекетаев 2023 жылы ұсталды да, 2025 жылы 9 жылға сотталды. Оған алаяқтық, аса ірі көлемде қаржы жымқыру бабы бойынша айып тағылды. Міне, осы кездерде Бекетаевты «бес саусағындай» білетін Мұрат Әбенов «бірдеңе» деуге тиіс еді. Тіпті «Мен Марат Бекетаевты не үшін құрметтеймін» деп бастап, оның адамгершілік қасиетінен бірер мысал келтіріп, бірақ соңында «жеп қойғаны дұрыс болмаған екен» дей салса да, ол үшін Әбеновті ешкім Мәжілістен қуып шықпас еді. Өйткені депутаттың кісітану қасиеті билік ауысқан сайын құбыла бермеуі керек қой. Егер осы ойымызға қосылсаңыз, одан қандай қорытынды шығаруды өзіңізге қалдырып, біз Мәжіліске қарай жылжимыз.
«Қосақталудың» берері қанша «келі»?
Кейіпкеріміз – Парламенттің төменгі палатасындағы ең белсенді депутаттардың бірі. Бірақ депутаттың салмағы белсенділікпен өлшенбейтіні белгілі. Өйткені әр нәрсенің байыбына барып үйренген халықтың көңілінде мәжілісмендерді бағалайтын өз «таразысы» бар. Соның бір басына жұдырықтай тасты қойып, келесі басына белсенді депутаттың бірін «отырғыза» салсаңыз, әлгі депутатыңыз астындағы «табағымен» бірге қопаң етіп, «аспанға шығып» кетуі мүмкін. Бұл неден? Себеп сол, айғайшы, белсенді болып көрінгенімен, депутаттардың көпшілігінде халық бағалайтындай салмақ жоқ.
Мәжілісте салмақ жағынан озып тұрған санаулының бірі, бәлкім бірегейі – Бақытжан Базарбек. Өйткені Базарбекте жүрек қана емес, телегей-теңіз білім бар. Кезінде оңды-соңды сатылған, заңсыз меншіктелген жер телімдерінің жасырылған, бүркелген былықтарын бұл кісі көзін жұмып отырып көрсетіп береді. Құжаттардағы «қисайған», бәлкім «майысқан» тұстарды қалт жібермей таниды. Осындай біліктілінің арқасында Алматының, Алатаудың қай бөлігі кімнің иелігінде кетіп қалғанын көзге шұқығандай етіп, ашық айтып жүр.
Байқасаңыз, кейінгі жылдары Базарбек пен Әбенов бірлесіп, бірнеше мәлімдеме жасады. Міне, осы кезде қос депутаттың жұптасу себебін түсіне алмағандар көбейді. Өйткені бірігудің ар жағында жақындастыруға себеп дерліктей әлдене болуы тиіс еді. Ендеше ықтимал «әлденелерді» тізбектеп көрейік. Егер бір партияда болса, депутаттардың «ортақ шоқпарды» бірлесе көтеруі заңды. Бір комиетте болса, «бір терінің пұшпағын илеп жүр екен» деп санайсыз. Алайда Мұрат Әбенов «Нұр-Отанның» сойылын соғып жүріп, «Аманаттыққа» айналған. Ал Бақытжан Базарбек өзін өзі ұсынғандардың сапында. Сондай-ақ, Базарбек – Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі, Әбенов – Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінде. Сонда екеуін не «біріктіреді»? Рас, кейде жерлестік біріктіруі мүмкін. Мәселен уақыт белдеуі ауысқанда, Шығыстан шыққан депутаттар «уақыттан жаңылған» әтешті көлденең ұстап, ұлардай шулағанын білесіз. Бірақ бұл нұсқа да екі депутаттың жақындасу жұмбағын ашуға дәрменсіз. Себебі Базарбек – Тараздан, Әбенов – Сырдың тумасы. Құрдастық жақындастырды деуге де келмейді, Базарбек қырықтың төртеуіне жаңа шықса, Әбенов алпыстың асқарынан асты.

Қысқасы, қосақталудың себеп-салдарынан сыр іздегендер «тартылыс күшінің» заңдылығына сүйенеді. Егер оларға сенсек, депутаттың ептісі өзінен әлдеқайда салмақты әріптесіне қарай еріксіз «сырғуы» мүмкін. Сөйтіп, жеңілдеуі өзінен жоғары тұрған депутатқа «жабысыңқырап» жүріп, беделіне бес келі, абыройына алты келі салмақ қосатын көрінеді.
Бірақ біз «Кім кімге қарай сырғыды?» деген сауалдың жауабын ашық қалдырып, тағы бір «жұптасудың» төркініне үңілгіміз келіп тұр. Шамасы өткен жылы-ау, бірі бастап, бірі қоштап, Мұрат Әбенов пен Еділ Жаңбыршин «қыз алып қашу» дейтін кісәпір жоралғыға қатысты мәселе көтерді. Мәселе өте маңызды еді. Сондықтан мұны көпшілік қоштады. Бірақ дәл сол кездерде NEGE-нің қызылордалық бір оқырманы хабарласып: «Қыз алып қашу мәселесін Мұрат Әбенов көтермей-ақ қойсын!» деп қойып қалды. «НЕГЕ?» дейміз ғой. Әлгі оқырманымыз біз суреттеп отырған кейіпкердің әкімдікте қызмет істеген кезіндегі біраз «құпиясының» бетін ашқан болды. Алайда нақты дәлел-айғақ болмаған соң мәселені жылы жауып қойдық.
- Оқи отырыңыз: Депутаттар портреті. Еділ Жаңбыршин. «Абориген»
Айтпақшы, М.Әбенов оншақты жыл бұрын әлеуметтік желіге тағы бір «қызық пост» жазып, 30 жыл бұрын қыз алып қашқанын мойындаған. «...Қылмыстық топты мен басқардым десем де болады. Себебі көліктің алдына отырып қайда қарай жүретінін айтып отырдым. Сол күні ақ хабаршының қолына сыйлықтарын ұстатып, жәбірленушінің үйіне жібердік. Қыздың анасы әрине сыйлықты алды, сонымен қоса болған жайтты бірінші рет естігендей түр жасаған. Екі тарап та барлық жайтты біліп жүргенімен жастардың ойын жаңа білгендей қуана қалған. Мен сол жерде қылмыскерден екі жастың тойында куәға айналдым», – деп жазған Әбенов.
Бәлкім, әлгі оқырманымыз Әбеновтің осы «қылмысын» меңзеген болар?..
Әбеновтің «Жап-жаңа Қазақстаны»
Білетін шығарсыздар, кейіпкеріміз Қызылорда облыстық әкімшілігінде әртүрлі қызметтер атқарған. Соның ең ірілері – облыс әкімі аппаратының жетекшісі және облыс әкімінің орынбасары. «Әбеновтің бір қасиеті, облысқа қандай әкім келсе де, бәрінің тілін табатын» дейді қызылордалық әріптестеріміз. Бұрынғысын қайдам, қазіргі әкіммен майлы ішектей араласатын сияқты. Алайда араласу – мін емес. Мәселе басқада.
Мысалы Мұрат Әбенов Мәжілісте отырып-ақ, бүкіл облыстық баспасөз қызметінің шаруасын жалғыз өзі атқарып жүргендей көрінеді. Өңірде не болып жатқанын қазір көпшілік баспасөз бетінен емес, «жазбагер» депутаттың парақшасынан-ақ оқып алатын болды. Облыста көпір салына ма, көрсететін – Әбенов, тоқаш пісіретін цех салынса, оны да Әбенов өзі аралап жүріп, елге таныстырады. Қауын жинау науқаны басталса да, қауырт жұмыстың арасына «қойып кірген» депутат қарбыз көтерген суретін әлеуметтік желіге салып қояды.
«Кішкентай кезімізде кесек құйып үйренгенбіз. Қолдан құйдық, иледік. Қалыпқа былш еткізіп, илеген дөңгелектерді ұрып, нығыздап сөйтіп кірпіш шығаратын едік. Міне, технология келді...», – деді әнеубір күні басына құрылысшының қызыл каскасын киіп алған Мұрат Әбенов.
Сөйлеп тұрған депутаттың ар жағындағы кадрларға қарап, Қызылордада кірпіш зауыты ашылғанын түсіндік. Бірақ ұға алмаған дүниеміз көп болған соң, кейіпкеріміздің парақшасын ақтардық. Сөйтсек, бұл зауыттың не зауыт екенін Әбенов әлдеқашан айтып тастаған екен. Түсіндіру тәсілі мен жазу стиліне нұқсан келмес үшін бұл жолы да сөйлеу қисыны мен үтір-нүктесіне «залал келтірмеуді» қош көрдік.
«Зауыттың ең басты ерекшелігі – жап жаңа Қазақстанда басқа жерде пайдаланбаған технология - 500 метрға жуық өндірістік ғимаратты дөңгелетіп салған. Соның барлығына бір заманауі , экологиялық таза, газбен жұмыс жасайтын пеш. Ол пеш айналып тұрады. Бір айналғанда 250 мың кіршіш шығарады. Саздан жасалған шикі кірпіш өз орында тұра береді. Артық қозғаудың қажеті жоқ. Өндіріс процесі толық автоматтандырылған. Кірпішке адамның қолы тимейді – барлығы техника...».

Зауыттың озық технологиясы мен депутаттың өзіндік жазу стилі қосылғанда, расымен де, әлемде жоқ өндірістің сұлбасы шығады. Дүниеде болмаған зауыт Қызылордада салынса, ол енді Нәлібаевтың іскерлігі шығар. Бірақ «жап жаңа Қазақстан» тіркесі бұрын-соңды айтылмаған. Сонда бұл не? Әбенов қателесіп айтты ма, әлде әлденені меңзеген түрі ме? Біздіңше, кейіпкеріміз қателескен жоқ. Өйткені Әбеновті тыңдай берсеңіз, Қызылордаға көшкіңіз келеді. Себебі қарыштап даму мен өркендеп өсудің көкесі – осы өңірде. Аймақта айтуға тұратын жетістік азайса, Әбенов саспайды. Қаламын қолына алады да, бір айтқанын екінші мәрте қайталап айта береді. Мәселен осы кірпіш зауыты туралы қазақшасы бар, орысшасы бар, төрт-бес пост жазып тастады. Сонда бұл неден? Халық естімей қалмасын дей ме, әлде Нәлібаев көрмей қалмасын дей ме? Мұның сырын енді «Бес қонақтан» біліңіз.
«Бес қонақ»
Естеріңізде ме, баяғыда ұстаздарымыз кейігенде «Сен өзің Мұрат Әуезовті оқып па едің?» деуші еді ғой, бүгінгі әлеумет қазір «Мұрат Әбеновті оқыдың ба?» дейтін болды. Бір есептен, олары дұрыс. Себебі Мұрат Әбенов Қызылорданың жағымды жаңалықтарын күн қызарғанша халыққа жеткізеді. Яғни, Әбеновті оқығандар Сыр өңірі туралы барлық сырды біледі деген сөз. Дегенмен кейіпкеріміздің оқырмандары білгенмен, былайғы бұқараға белгісіз бір мәселені ескерте кетейік. Әбеновтің жазбаларында жиі бой көрсететін бір адам бар. Ол – Нұрлыбек Нәлібаев.
Әдетте Әбенов жағымды жаңалықтарға қиюын тауып, Нәлібаевты «жапсырып» отырады. Мұны біз достық қарым-қатынастың әсеріне, әкім мен депутатың арасындағы сыйластықтың жөніне жатқызатынбыз. Биыл тамыздың соңында Мұрат Әбенов 60 жасқа толды. Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев депутатты арнайы шақырып, иығына шапан жапты. Бұл бекерден-бекер дейсіз бе?

Бірақ бізге жеткен құпия дереккөз осыған біршама түзету енгізді. Ондағы мәліметке сенсек, Нәлібаев – бітірген шаруасын дабыралатып көрсетуге және сол арқылы өзінің мәртебесін көтеруге құмар адам. «Әдетте мұндай басшылар біткен іс пен тынған шаруаны өзгелердің айтқанын қалайды. Міне, сондықтан иммидждік жұмыстарға депутаттар да жегілген» дейді әлгі дереккөз.
- Оқи отырыңыз: Депутаттар портреті. Ермұрат Бапи. «Аватар»
Қызығы, иммидждік жұмыстардың иіріміне шым батқан Парламенттің бес депутаты аяқастынан «Бес қонақ» аталып кетсе керек. Қалайша? Жоғарыдағы айтушының сөзіне қарағанда, жаңа ашылған өндіріс пе, тұсауы кесілген ғимарат па, әйтеуір біткен бір істің басына Қызылорда облысынан Парламентке барған бес депутат қолтықтасып-жетектесіп, қайта-қайта келе берсе керек. Сондай сәттің бірінде Қызылорданың қутілділеу бір тұрғыны алыстан келгендерге қарап тұрады да, «Бес қонақ» бүгін тағы келген бе?» дейді ғой...
Бірақ біз «Бес қонақтың» ішіндегі бас қонақ кім?» деп сұрамадық. Сұрасақ, кімді көрсетері Сізге де белгілі шығар.
Түйін: Жазу-сызудың азабы мен мехнатын қабырғалы қаламгерлер жақсы білсе керек. Бірақ солардың әрқайсысының жазу машығы әртүрлі. Ортақ нәрсе, тақырыптары – өмір мен адам. Ал Мұрат Әбеновтің «шығармашылығы» ақпараттық жүктемеге шырматылып жатыр. Содан кейін де шығар, «шаршаңқы шабыт» тамға сүйенген қодықты да таң көреді. Біздіңше, кейіпкеріміз бойдағы қабілетін жоғалтып алмас үшін кесек тақырыптарға қорықпай баруы керек. Мәселен өмір, махаббат, қыз, қыз алып қашу...
Соңғысы кейіпкерімізге өте жақын. Өйткені бұл кісі баяғыда «Волгамен» қыз алып қашқандарын жыр қылып жазып, әлеуметтік желідегі жұрттың аузының суын құртқан. Қырық жыл бұрынғы оқиғаны жиырма жыл бұрын айтса да, сол әңгімесі бірқатар БАҚ бетінде әлі күнге дейін сақталып қалыпты. Міне, бұл – шығармашылық. Міне, бұл – өмір. Кем-кетік кімнің бойында жоқ дейсіз. Білместік әркімнің де басынан өтеді. Ал оны шебер жеткізу – жазушыға тән қасиет.
Әйтпесе, жүрдек қаламның сиясына сеніп, «білем-білем» дей беру – қай жақсылық дейсіз...
Сансызбай Нұрбаба.