25 Сәуір 17:06

Сайын Борбасов: Жастардың басым көпшілігі өндірісте болуы тиіс

сайын
Фото: Ашық дерек көздері

Қазіргі таңда еліміздегі жастардың саны 6 миллионға жуықтапты. Көп елдерде қарттардың саны артып, ол үлкен күрделі мәселеге айналып жатса, біз жастардың қарасы көп елге айналып келеміз. Жастар – жұмысқа қабілетті елдің белсенді бөлігі. Десе де, мәселелері де шаш етектен. Асып-тасып тұрған жастардың күш қуатын жасампаздыққа бағыттай білу қажет. Ол үшін мемлекет жастар саясатын жасайды.  Саяси ғылымдар докторы, профессор Сайын Борбасов NEGE-ге жастар саясаты, кадр мәселелері және волонтерлік жайында сұхбат берді.

– Елімізде жастар саясаты жөнінде не түйгеніңіз бар? 

– Елімізде жастар саясаты бар. Тұжырымдамасы да қабылданған. Бұқаралық ақпарат министрлігіне қарайды.

Шын мәнінде жастар мәселесін бір ғана министрліктің құзырына беруге болмайды. Барлық министрліктер – білім беру, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет, әлеуметтік қамсыздандыру және басқа да министрліктер де ат салысуы қажет. Өйткені, жастар саясаты бір ғана министрлікті қамтымайды. Қоғамдағы жастардың орнына байланысты барлық салаларды қамтуы тиіс.

Қазақстанда жастар көп. Халықтың 40 пайызына жуығы – жастар. 18-35 жас аралығындағы адамдар. Десе де, кешенді саясат жүргізіліп жатыр деп айта алмаймын.

Бірақ ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Рас, көп нәрсе жасалып жатыр. «Болашақ» бағдарламасы бар. Әр университте магистратура оқып жатқан жастарды шетелге жіберіп жатыр. Мемлекет есебінен тегін оқытатын гранттар бөлініп, саны жыл сайын артып келеді. Шамамен, 3-4 мыңға көбейеді. Мұның бәрі – жақсы дүниелер.

Бірақ үлкен олқылықтар бар. Жастарды кітап оқуға бетбұрыс жасау қажет. Бұған кітапханалардың нашарлығы бөгет болып отырғаны да жасырын емес. Кітап оқуды культ жасау – жастарды білім мен өнерге баулудың үлкен есігі. Бәрін интернет арқылы шешеміз деген қате түсінік. Мәселен, бір жас жігіт электродәнекерлеумен айналысады дейік. Ол өзіне қажетті әдебиеттерді оқып, білімін ұдайы жетілдіріп, ісін бүге-шігесіне дейін білуі керек.

Жастардың әлеуметтік мәселелері қалай шешіліп жатыр? Баспана, жұмысқа тұру және басқа да жайттарға қатысты бізде түрлі бағдарлама бар. Бұлар қаншалықты тиімді іске асырылып жатыр?

– «7-20-25» секілді тұрғын үй бағдарламалары бар. Бірақ бұлар жеткіліксіз. Жастардың арасында жұмыссыздық көп. Өйткені, экономика әртараптанбай отыр. Жастардың белгілі бір пайызы жұмысшы мамандықтарын игеріп, жұмыс істер еді. Отбасын асырап, тамаша өмір сүрер еді. Кезінде ауылдағы тракторшы, шопан, даяшылар балаларын Алматыда оқыта алатын еді.

Экономика әртараптанбағандықтан жастардың дені сауда мен қызмет көрсету саласында жүр. Онымен қоғам көтерілмейді. Жастардың басым көпшілігі өндірісте болуы тиіс. Сонда қоғам да жөнделеді.

Жастар саясатының маңызды шешімі – экономиканың әртараптануына тікелей байланысты. Онсыз жастар саясатының тиімділігі артпайды.

Мысал ретінде айта кетсем, бұрын Алматыда мақта-мата комбинаты болды. Бес мыңға жуық қазақ қызы жұмыс істеді. Жатақханасы болды. Жас қыздар мамандық алып шығып, тігінші болып жұмыс істейтін еді.

Үлкен кәсіпорында тәртіп болады. Адам тәртіпке, жұмыстан қалмауға үйренеді. Ұжымды ұятқа қалдырмауға үйренеді. Сапалы жұмыс жасауға дағдыланады. Еңбекпен тәрбиелеу дегеніміз – осы. Ірі кәсіпорындар – жастар үшін үлкен мектеп.

Алматының Розыбакиев көшесінің ортасында жеміс концервісін жабатын комбинаттар болды. Жан-жақтан оған жеміс-жидектер ағылып келетін еді. Жастардың дені сонда істеді. Студент кезімізде өзіміз де күзде жұмыс істеп, ақша табатын едік. Ұйымдасқан, жүйелі еңбек жастарды шынықтырады. Өндірісте тәжірибе алып, еңбегінің жемісін көреді.

Жастар осылай әр салада өндірісте болуы керек. Алматыда үлкен машине жасау зауыты болды. Ол жерде баллистикалық ракета, торпеда және басқа да күрделі техника жасалатын-ды. Оған біздің адамдардың қарым-қабілеті жеткен. Оның ішінде электроника, жарылғыш заттар, құйғыш құралдар, электрлі жабдықтар бар. Біз отыз жылда мұнай инесіне отырып, мұның бәрін ұмыттық.

Президенттік кадр резерві бар. Онда ілкімді жастар аз емес. Бұл кадр резерві өзінің қызметін қаншалықты лайықты атқарып отыр? Көңілден шыға ма?

– Өкінішке қарай, елімізде ғылымға негізделген кадр саясаты жоқ. Кеңес одағы кезіндегі кадр саясатының жақсы жақтарын пайдалану қажет еді деп ойлаймын. Мәселен, ауылда жақсы жұмыс істеп жүрген жасты ауданға, облысқа шақырады. Ол жақта көзге түссе, орталыққа дейін қызметін өсіретін еді. Пысық жастарды тану, олардың резервін жасау керек. Әр әкімшіліктің ішінен жас кадрды реттейтін бөлім болуы шарт. Болашақты бітіріп келген кадрлардың бәрінің бірдей қолынан іс келе ме?

Кадр саясатын жөнге қойған жөн. Қазіргілері – «ескі Қазақстанның» кадрлері. Министрлер де, ректорлар да солар. Он шақты жаңа тұлғаны ғана байқай алдым. Кадрлардың циркуляциясы болуы шарт.

Болмаса, саяси бәсекелестік қажет. Бізде саяси партиялардың аты бар да, заты жоқ. Батыста кадрлар партияның ішінде тәрбиеленіп, циркуляциядан өтеді. Бізде парламент кадр дайындайтын үлкен орталық болуы керек деп білемін. Өйткені, қоғамда болып жатқан үдерістерді біліп, үлкен мектептен өтеді.

Қазір су басқан елдімекенде қол үшін созып жатқан жастар аз емес. Волонтерлік туралы жиі сөз қозғалатын болды. Мемлекет қазір волонтерлерге неге баса назар аударып жүр?

– Қазір табиғи апаттар жиілеп кетті. Волонтерлер көп болғаны жақсы. Волонтерлер ақша алмай, түйткілдерді шешуге ерікті түрде көмектеседі. Су басып жатқан аймақтарға олар бармаса, кім барады?

Адамдар табиғатты, тау мен өзендердің маңын былықтырып тастайды. Оны волонтерлерден басқа ешкім барып, тазаламайды. Үкіметтің қолы жете бермейді. Волонтерлік – әлемдегі бір жақсы құбылыс. Бұл – азаматтық қоғамның сегменті. Азаматтық қоғам дегеніміз – адамдардың азаматтық ниетпен, еркімен жұмыс істеуі. Мәселен, мүгедек адамдарға еріктілер үйін тазалап, дүкеннен керек-жарағын әкеп, көмектесе алады. Әкімшіліктің оған шамасы жете бермейді. Бұған бәленбай мың адам қажет болады.

– Әңгімеңізге көп рахмет.